• Әдебиет
  • 06 Сәуір, 2017

Ұлттық аты-жөн: А.Байтұрсынұлынан С.Батырша-ұлына дейін

Біз еліміз үшін, ұрпағымыз үшін аса жауапты кезеңді бастан өткерудеміз. Мұны біріміз біліп, біріміз аңғармай жүрген жайымыз да бар. Қазақтың дәстүрлі өмірінде елге, халыққа, салт-санаға, дінге, ділге жауапты тұлғалар, тіпті қоғамдық лауазым-қызметтер болатын. Елді ел еткен де – солар-тын. Өкінішке қарай, біз сол жүйеден көз жазып қалдық. Оның себебін де білеміз. Басында отаршылдық, кейінгі большевиктік-коммунистік кезең орыс жұртынан бастап, азаттығы үшін ғасырлар бойы арпалысқан және арпалысып жатқан ұлттар мен ұлыстарды тарихи жолынан адастырып жіберді. Біз бұл жерде «орыс жұрты», «ұлыс» дегенді орнымен қолданып отырмыз. Біріншісі түсінікті (солтүстіктің жергілікті тұрғыны «Біз кімбіз? Кім болдық?» деп, ХХІ ғасырда қаңыраған деревняларына қарап зарлайды), екіншісі – ешқашан да ұлыс «народность» болмайды (әдейі қате аударылған), ол – бір кездегі мемлекеттер, хандықтар немесе олардың жұрнағы. Ресейдің бір ғалымы жазып еді: «Уралаған сауатсыз большевиктер Орталық Азияны жаулап, бағындырып, «бұларға мәдениет әкелеміз» деп өзеурегенде, осында мыңдаған жылдық мәдениеттің бары ойларына да кіріп шықпады...» деп.

Бардан айырылудың көкесін көрдік. Басқа ел туралы айтпай-ақ қоялық. Өзімізге баға беріп көрейікші. Мысалы, айтуға ауыз бармайтын бір көргенсіздік болды делік. Осыған кім жауап береді? Ешкім де! Үкімет халықтың (адамның) өзі кінәлі дейді, халық үкіметке сілтейді. Күні кеше, тіпті бүгін де біраз жұрт атала жегендей дін тұрғысынан миы шайқалып қалғанда, алақандай ауылдағы ақсақалдардан «Осы 200 үйлі шағын жұрт исламның 2-3 бағытын ұстанады екен. Бұл қалай? Неге ие болмадыңыздар?» деп сұра­ғанда, күмілжіп жауап бере алмаған... Сәуегей демей-ақ қойыңыздар, дәл осы жағдай Ресей деревня­сының, Қырғызстан айылының, Өзбекстан қышылағының басында бар деп сенім­мен айта аламыз. Әрине, бірінде аз, бірінде көп. Бұл – «батпандап кірген ауру мысқалдап шығадының» кері. Дәстүрлі қазақ ауылында төтенше бір оқиға болса, оған ең бірінші жауап беретін – ақсақалдар, ел ағалары еді. «Тон жағасыз болмас, ел ағасыз болмас» – осы пәлсападан туған. Ретіне қарап төренің де, бидің де, имамның да өз орны, өз мәртебесі болды. Жау шапқанда – батыр айқындалды, сөз сайысында – шешен анықталды. ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы патшалық Ресей осы табиғи таңдауды астан-кестен еткісі келсе де, береке халықтың жанында, жүрегінде ұзақ уақыт сақталып қалды. «Намысты шүберекке түйіп сақтадық» деген осы. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты ұлт рухын серпілткен жыр жинағында былай дейді: Біз сонша сатып алған құл емеспіз, Әркімді төбемізге шығаратын. «Болады әбігер заман» деген осы. Байқасаң, Алаш ұлы, азаматым! Жалпы ұлтқа қатысты дүниеде ұсақ-түйек деген болмайды. Соның бірі әрі бірегейі – ұлттық аты-жөн. Бұл – әрбір ұлтты тілімен, ділімен бөлек етіп жаратқандай, Алланың айрықша бір нығметі. Қасиетті Құран-Кәрімде: «Ей, адамдар, расында біз сендерді бір еркек (Адам) және бір әйелден (Хауа) жараттық және де бір-бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар мен ру-тайпалар етіп қойдық» делінген («Хужрат» сүресі, 3-аят). Осы ең ұлық кітапта әр ұлт-милләттің өзіндік жолы туралы да хабар берілген: «Сендерден әрбір ұлт үшін (жеке) шариғат және жол жасап қойдық. Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір үммет жасар еді» («Маида» сүресі, 18-аят). Олай болса, Жаратқанның хақ жолын бұрмалаушылармен текетіресу – әділеттік, биік азаматтық екенін аңғарамыз. Алаш ­зиялылары нағыз осы жолдағы қайраткерлер еді. Біріншіден, олар түрлі ұлт өкілдерінен құралған пікірлестерімен бірге патшалық Ресейді түзетуді, адамзаттың демократия (халық билігі) көшіне ілестіруді армандады. Екіншіден, туған халқының құқын, намысын, қабілетін, білігін қалпына келтіріп, әлем ­дамуына үлес қосқысы келді. Үшіншіден, ұлт тілін, мәдениетін, дәстүрін қайталанбас құбылыс ретінде бағалап, «ақиретке дейін қазақ қазақ болып жасамақ», «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деді. Бұл – кереметтей гуманизм жолы еді. Адамның аты-жөні мен сол адамдар құрайтын ұлттың негізгі ұғымдарының атауын параллель (салыстырып) қарауға болады. Сол тұстағы қолданыстағы бірнеше сөз-ұғымдарға назар аударалық: алаш, жұрт, ұлт, азамат, мұсылман, әділет, ар-ұят, білім, ағарту, тәрбие, үме, қалып, ақ жүрек, көркем мінез, т.б. Газет-журналдың, ұйымдардың ныспысына қараңыз: «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ», «Ұран», «Сары Арқа», «Жас азамат», «Абай», «Талап», «Жанар», «Еркін дала», «Үміт», «Ынтымақ», «Ерік», «Қызмет», т.б. Әрбірі араб, парсы тілінен басқа бірнеше Еуропа тілін меңгерген Алаш зиялылары демократия, прогресс, культура, цивилизация, дума, манифест, декрет, т.б. сөздердің мәнін де, көкейкестілігін де білетін. Бірақ басылым атын да, ұйым атын да олай қоймады. Дәл сол сияқты мұсылмандықтың мәнісін, араб тілін біле тұра қазақ түсінігімен алла, иншалла, Әбдірахман, Сейіт, Садуақас, т.б. деп жазды (аллаһ, иншаллаһ, Абдурахман, Сайд, Саад бин Вакас деген жоқ). Ұлттық аты-жөнді рәсімдеу туралы да ерте ойланды. Бұл туралы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде ойлы мақалалар жариялады. Осы ретте мына жайтты ескерген жөн. Біріншіден, қазақ халқының этногенездік құрылымына сәйкес, көші-қон, орнығу мен орналасу рулық-тайпалық жүйеде жүрді. «Жеті ата» қағидаты ұлт бірлігі мен ел тұтастығын сақтады. Сондықтан дәстүрлі фамилия ру және әулет атымен белгіленді. Мысалы, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Кете Жүсіп, Құланаян Құлманбет. Екіншіден, әкесі мен атасының атымен айтылатын жүйе де орнықты. Мысалы, Құнанбайдың Ыбырайы (Ибрагимі-Абайы), Шораяқтың ­Омары, Ақбайдың Жақыбы, т.б. ХХ ғасыр басында өмірде де, қызметте де, білімде де Ресей әкімшілік жүйесі орнағандықтан, билік жүйесінің түрлі құрылымымен араласқан зиялылар ресми (рәсми) Абай Кунанбаев, Алихан Букейханов, Ахмет Байтурсунов, Мир-Якуб Дулатов, ­Мустафа Чокаев, Смагул Садвокасов, т.б. болуына тура келді. Үстем тіл нені болсын өз заңдылығымен жазары сөзсіз. Сондықтан бұл – әлді мен әлсіз күресінің бір сипаты еді. Дей тұрғанымен, Алаш ұлт деп, ұлттың тілі, дәстүрі, мәдениеті, саясаты, тағдыры деп жаңғырды, оянды. Сондықтан тіл – қарым-қатынастың ғана құралы емес, ағарту мен ғылымның, парасат пен дамудың кілті болатыны айқындалды. Еліктеу мен солықтау аяқталған соң, намысты зиялылар ер азаматтар фамилиясының соңын – «ұлы», әйел балалары фа­ми­лия­сының соңын – «қызы» сөзімен жазды. Мысалы, Бөкейхан – Әле­­кеңнің төртінші атасы, соған қарамай «Әли­хан Бөкейханұлы» деп жазылды. Яғни «ұлы» бүгінгідей «отчество» орнына жүрген жоқ. Таңбалануда «Бөкейхан ұлы» деп бөлек жазыл­ғанын да, «Бөкейхан-ұлы» деп сызық­шамен (дефис) жазылғанын да байқаймыз. Ұлт ұстазы, Алаш қозғалысының басында тұрған тұлға, 1920-1921 жылдары Қазақстанның №1 Халық ағарту министрі (комиссары) болған қайраткер Ахмет Байтұрсынұлы аты-жөнді біріздендіру бағытын ұстанды. 1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өтті (орысша «Первый съезд казахских ученых»). Бұған Мәскеуден арнайы келген Ә.Н.Бөкейхан да қатысты. Жиын қаулысында кітап шығарғанда, мақала жазғанда, құжат рәсімдегенде «фамилия қосымшасы» ретінде «-ұлы, -қызы» деп жазу міндеттелді. Бұл ұстаным көрші парсы, араб, түркі, шығыс халықтарының жүйесіне сәйкес келетін. Арабтар әкесінің атына «ибн немесе бен», қазақша «ұлы», парсы, дари тілдерінде «заде»-ні (қазақша «ұлы» дегенге сәйкеседі) қосады. Ал османлы түріктері «Мұстафа оғлы» дейтін, Түркия республикасын құрған соң олардың көбі еуропалық үлгіге көшті. Білімпаздар съезі де түркі дүниесіндегі жолды нұсқады: Абай Құнанбайұлы, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Міржақып Дулатұлы, т.б. ХХ ғасыр басындағы қазақ саяси күресінен сыр шертетін Сәкен Сейфол­лаұлының «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарын оқып көріңіздер. Ұлт қайраткерлері фамилиясының бәрін «ұлы» деп жазады. Міне, сол кездегі таным-түсінік. Алаш зиялылары 99 пайыз атылғаннан кейін, яғни 40-жылдары «ов»-сыз жүрген екі-ақ қазақ болды. Бірі – халық батыры ­Бауыржан Момышұлы, екіншісі – академик Әлкей Марғұлан. Әлекең үндемей-ақ көп іс тындырды. Біздің білетініміз – ұлт ұранына, намысына айналған Бауыржан. Ұлттық аты-жөндегі «Момышұлы феномені» арнайы зерттеуді талап етеді. Біріншіден, Алаш жолына, қағидатына адалдығы (бұл туралы мәлімет күнделігінен молынан табылды). Екіншіден, «ұлы»-ны алып үндемей қалмай, халыққа қозғау салып жүргені. Орыс аудиториясына ба­ғыт­талған мына бір сөзіне назар аударалық: Пойми, мои хорошие, «Улы» – это не форма, Не редкость. «Улы» – не «ев» и не «ов», Приспешников ваших. «Улы» – это символ непримеримости. [жолма-жол аудармасы: Айналайындар, түсініңдер, «Ұлы» – жай пішін немесе Таңсық бірдеңе емес. «Ұлы» – басшұлғығыштардың «ев»-і де, «ов»-ы да емес. «Ұлы» – бағынбаудың рәмізі]. Кеңес тұсында Момышұлы үлгісімен дәстүрлі фамилияны сақтап, «ұлы» деген қосымшаны жалғаған үш адам болды: Шона Смаханұлы (1924-1988), Балғабек Қыдырбекұлы (1929-1995), Сайлау Батырша-ұлы (1942 жылы туған). Соңғы азаматтың фамилиясын қазіргі қазақ тілінің тыныс белгі ережесін бұзып, сызықша (дефис) арқылы жаздық. Мінезді, қағидатшыл Сәкең «құжатымда осылай, оны бұзуға хақыңыз жоқ» деп талап ететінін ескердік. С.Батырша-ұлы туралы 2016 жылы «Фолиант» (Астана) баспасынан шыққан «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты эссе-диалогте (авторы М.Алмасбекұлы) ұлттық аты-жөніне қатысты біраз дерек бар. 1905 жылы туған, кейін «Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы» атанған, республика басшысы Д.А.Қонаевтың қабылдауында болған әкесі Батырша Қалдыбекұлы 1948 жылы баласын 1-сыныпқа бергенде, мектеп журналына «Сайлау Батырша-ұлы» деп рәсімдетіпті. Мұны Сәкең эсседе былай түсіндіреді: «Көкемнің ұлтқа, елге деген намысы ұстап, фамилиямды бірден «Батырша-ұлы» деп жаздырды... Әкемнің намысшыл әрі көзі ашық, көрегендігі арқасында мен Бауыржан ағадан кейін қазақтың дәстүрлі аты-жөнін сақтап, сол үлгіні жалғастырдым». Осы жерде сұрақ туады: перзентіне «ұлы» деп фамилия берген Батырша Қалдыбекұлы күшті ме, жоқ әлде жастай фамилиясындағы «ұлы» қосымшасын бойына, ойына сіңіріп, соған сай болған Сайлау Батырша-ұлы күшті ме? Мәселенің мәнісіне терең бойласақ, әке Батырша да, бала Сайлау да – ұлт дәстүрін жалғастырған, жауапкершілікті сезінген азаматтар. Мына сәйкестік жайдан-жай болмаса керек. Батырша Қалдыбекұлы – жәдит медресесінде (Шаян) Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралы» оқулығынан дәріс алған шәкірт. Бұл еңбек 1912 жылы шықса, Батыршаның мектеп-медереседе оқыған шағымен сәйкес келеді. Оның үстіне, С.Батырша-ұлы естелігіне қарағанда, әкесі имандылық жолында болған және баласының араб тілі мамандығын таңдауына әсер еткен. Үйдегі тәрбие Сайлау мырзаның ұлт тарихының ұмытылған қабатына ұмтылуына, ел намысын қорғауына түрткі болған. Осы орайда Бауыржан Момышұлы құбылысы – таңдауды негіздеуші, тәуекелді жандандырушы. Қай жағығынан алсақ та. Біріншіден, ел ішінде тараған батыр туралы аңыздарда ол шынайы ұлт жоғын жоқтаушы болып көрінеді. Осы жолда ешкімнен, ешнәрседен тайсалмайды. Айтқандайын, сол ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары өкімет дінге біршама еркіндік бергенін естен шығармалық. Екіншіден, халық батырының «ұлы» фамилиясы қаһармандығының куәлігіндей көрінді. Сонымен бірге С.Батырша-ұлын толған­дыр­ған, серпілткен бір факторды ұмытпалық. Ол – оқыған қаласы мен университеті. Ташкент – Алаш зиялылары топтасқан, шоғырланған қала. Тіпті оның «қазақ астанасына үміткер шаһар» болғаны да белгілі. Алаштың «Алаш», «Ақ жол» газеті мен «Сана», «Сәуле» журналдары осында шықты, «Талап» ұйымы осында құрылды. 1922 жылы Түркістан зиялысы ­А.Бай­тұрсынұлын Ташкентке алдыртып, лайықты мерейтойын өткізді. С.Батырша-ұлы оқып жүрген жыл­дары қала да, Орта Азия университеті де Алаш жаңғырығына тұнып тұрған еді. Ұлт қай­раткерлері бәтеңкесінің ізі өше қойған жоқ-ты. Алаш атылғаннан кейін халықтың рухани жаңғыруының өзіндік кезеңдері бар. Бірі – ІІ дүниежүзілік соғыс уақытындағы қазақ батырлығы (бұған келесі шепте Алаш атымен газет-журнал шығарып, жыр жазған тұтқындар еңбегі де кіреді). Екіншісі – кеңестік жылымықтан кейін бүтін кеңес халқы секілді қазақ ұлтының да серпілуі. С.Батырша-ұлының азаматтық қалыптасуы осы шамаға сәйкес келеді. Мысалы, әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби құбылысы. Бұл тұлғаны ақын Мағжанның «Түркістан» өлеңінен кейін туған жері, кіндіктес жұрты ұмыта бастаған. Арада отыз жылдан кейін данышпан Ақжан Машани дабыл қақты. Тіпті Сирияға арнайы барып, моласын ­тауып қайтты. Қазақстан ғылымының, әсіресе философиясының фарабитану арнасы ашылды. Құдайдың құдіретімен С.Батырша-ұлының араб тіліне мамандануы және 1963 жылы оқуға Сирияға баруы осы құбылыспен ұштасып жатыр. Мына сәйкестікті қараңыз: Сәкең Сирияға барып, білік-білімін жетілдіріп жүргенде, сондағы оқытушылар оған «Мұхтар» деп ат қойыпты. Дипломат оны «сайлау, сайланған» сөздерінің баламасы ретінде түсіндіреді. Ал енді біз большевиктердің басып алуына байланысты Ташкенттен бас сауғалап барып 1917 жылы 27 қарашада Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясын түпнұсқада «Түркістан мұхтарияты» деп аталғанын білеміз бе? Атау да, есім де – ниет. Сайлау – «таңдау» ұғымы секілді демократияның бөлшегі. Мұхтар – «таңдаулы» деген мағынамен бірге «еркіндік», «азаттық» мәнін береді. Ендеше осы арқылы да С.Батырша-ұлының тағдырына ұлт тәуелсіздігі үдерісінің басы-қасында жүру бұйырыпты. Ал біз «Мұхтармен» көбіне-көп М.Әуезовті байланыстырамыз. Мұқаңның да Алашпен, Түркістанмен, Ташкентпен, Орта Азия университетімен, тіпті «ұлы» ұғымымен (фамилия) ұштасатын тұсы аз емес. Тағы сұрақ қоямыз: Сайлау Батырша-ұлы әйгілі аты-жөнінен таяқ жеді ме, мақтау естіді ме? Әлбетте, мың өліп, мың тірілген халқынан тек мақтау естіді. Неге? Миллиондаған қандастары аты-жөннің осы нұсқасын қаласа да, қоюға батылы жетпейтін. «Неге менің балам басқалардан бөлек болуы керек? Ұлт қамын мен ғана жеуім керек пе?». Ой осы болатын. Тіпті 60-жылдары мемлекетаралық келісіммен Қытайдан бері өткен қандастарымыз (оралмандардың 1-толқыны) фамилияларын тездетіп орыстандырып («ов» жалғап) алуға асықты. Оны айтасыз, ҚХР-да жүріп фамилиясына «ов»-ты жалғап алғандарды естіп, таңғалғанымыз бар... Ноқтаға басы сыймаған Бәукең «ұлы» фамилиясы үшін безбүйрек советтен талай теперіш көргені секілді, С.Батырша-ұлын да ресми билік, дипломатия саласы маңдайынан иіскей қоймаған. Эсседе жазылғандай, Қазақстан компартиясының 2-хатшысы О.С.Мирошхин «мұндай фамилиямен Орталық комитетке алмаймыз» десе, республика коммунистерінің ­идеология хатшысы С.Н.Имашев «бос орын жоқ» деп, жақындатқысы келмеген... Бірақ соған қарамай С.Батырша-ұлы өз біліміне сүйеніп талабынан қайтпады. Талай жауапты қызметтің ішінде өзі қалаған дипломатияның көрігінен де өтті, Өкілетті және Төтенше Елші де болды. Осылардың арасында 1991 жылы қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясы сессиясында қазақ халқының тәуелсіздікке деген ынта-ықыласын ашық жария етуі бүгінде аңыз ретінде айтылады. Дипломаттың пікірі ТАСС телеграф агенттігі арқылы әлемге тарағанда, санасы «кеңестік комплекстен» арылмағандар селт етіп шошығанын білеміз. Сәкеңнің және бір батыл қадамы 1993 жылы Өзбекстанға Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі болғанда байқалды. Бұл – әлемге тарыдай шашылған ұлтымыздың (диаспора) жинақтала бастаған кезі. С.Батырша-ұлы өзбек еліндегі талантты қазақ азаматтарын туған Отанына шұғыл тартып, қағидатты шараларды жүзеге асырады. Өзбекстан республикасына еңбек сіңірген архитектор-дизайнер, Қазақстанның Елтаңбасының авторы ­Жандарбек Мәлібекұлына ҚР азаматтығын беріп, тарихи отанына алып келеді. Талай тарихи тұлғаларымыздың, сондай-ақ ­Н.Ә.Назарбаевтың бейнесін сомдаған Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты суретші Әбдімәлік Бұқарбаевқа да азаматтық әперіп, елге алдырды. «Ұлы» фамилиясы өмірлік ұстанымын анықтаған қайраткер, дипломат, ғалым Сайлау Батырша-ұлының азаматтық тұлғасы туралы көп айтуға болады. Бір тағылым еске түсіп отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек ері Әбіш Кекілбаев қазақша жазғандарына «Кекілбайұлы», орысша жазғандарына «Кекилбаев» деп қол қойып жүреді. Бірде С.Батырша-ұлы Әбекеңнен: «Сіз бір мезгілде екі фамилия алып жүрсіз, сонда қайсысы тура?» деп сұрайды. Жазушы: «Әй, бауырым-ай, несін айтасыз? Ақыры сіздің жолыңызға түстік қой» деп жауап қайырады. Сонымен, С.Батырша-ұлының ұлттық аты-жөнге байланысты еңбегін, жалпы тұлғалық қасиетін былайша тұжырымдаймыз: 1. Ол – сонау 1964 жылы Шетелмен байланыс және достық қоғамының жауапты хатшысынан 1990 жылы ҚазКСР Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына дейін, тәуелсіздік тұсындағы барлық дипломатиялық қызметінде ұлт мүддесін бір сәт те ұмытпаған азамат. 2. Ол – 2002 жылдан бері барша ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің профессоры ретінде дипломатия теориясын тәжірибемен ұштастырып жүрген білікті маман, осы салада қазақ тіліндегі тұңғыш рет жазылған «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынас» атты оқулықтың авторы. 3. Ол – елдің ана тілін, ата дәстүрін, төл мәдениетін, тағылымды тарихын жеке үлгісімен қорғап, сақтап, дамытып жүрген отаншыл тұлға. Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы. Міне, осы бағалар А.Байтұрсынұлынан басталып, Б.Момышұлымен өркенделіп, ­С.Батырша-ұлымен жалғасатын ұлттық аты-жөн қадірін білу жолындағы қағидаттың өміршеңдігін айқындай түседі. Бүгін Тәуелсіздік мұғдарында ­А.Бай­тұр­­сынұлының ақ жолына түсіп, аты-жө­ніне саналы түрде «- ұлы, - қызы» деген дәс­түрлі қосымшаны алған азаматтарымыздың ұстанымын – отан­шылдық сана-сезімі көтерілгені деп білеміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор

17104 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы