• Әдебиет
  • 06 Сәуір, 2017

Маңғыстау облысы

Айдарлы – қорым. Бейнеу ауданында орналасқан. Атауға негіз болған айдар сөзінің негізгі мағынасы «төбедегі тұлым шаш», географиялық мағынасы – «шошақ болып үйілген тасты төбе, шоқыда орналасқан қорым». Айдарлықарабай – құдық. Бейнеу ­ауданында орналасқан. Татар гидронимиясында бай: «өзен, құрғақ өзен» мағынасын береді (Ф.Г.Гарипова, 26). Мағынасы: «жалды үлкен құрғақ арнадағы құдық». Айназарәулие – қорым. Түпқараған ауданында орналасқан. Адайдың ­Тобыш – Бәубек руынан шыққан, өзінің мергендігімен де, қасиетімен да аты аңызға айналған Айназар әулие жерленген қорым. Айназардың айдаһарды өлтіруі, перілерді жеңуі туралы аңыздар ел аузында сақталған. Айпан – тау, қоныс. Ақтау жотасының солтүстігінде орналасқан. Оңтүстік-батысқа қарай доғаша иілген таудың ұзындығы – 5 шақырым. Ай (зат есім) және үндіирандық пан (ман) – тау деген сөзінің бірігуінен жасалған десек (қараңыз: Маңғыстау), мағынасы: «ай пішініндегі тау». Айрақты, Жаманайрықты – тау. Батыс Үстірт кемерінің (шыңының) қиыр солтүстік-батысында және Өліқолтық сорының түйіскен жерінде орналасқан. Абсолютті биіктігі 148 метр. Айрақты атауын Е.Қойшыбаев айрық (екіге айрылған) сөзімен байланыстыра қарастырады (Е.Койчубаев, 19). Біздің пікірімізше, көнетүркі тілінде (оғыз) айрақ «арқар» (Туркменско-русский словарь, 34) + -лы (бір нәрсенің бар екенін білдіретін) туынды сын есім тудыратын жұрнақ – «арқарлы», яғни арқары көп тауға қатысты айтылып, атау Айрақты болып қалыптасқан. Айрантақыр – алқап, мұнай кені. Маңғыстау ауданында орналасқан. Кен орны 1989 жылы ашылған. Айран (зат есім) және тақыр (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Айрантақыр топониміндегі «айран» салыстырмалы түрде жердің тұздылық дәрежесін көрсететін термин болып табылады. Тақыр – «басқа өңірде шөп шықпайтын қу медиен жердің баламасы ретінде айтылатын бұл сөз Маңғыстауда қардың еріген суы, не жауыннан түскен су іркілетін ризық көзі ретінде жақсы реуіште айтылады. Сонда атаудың мағынасы: «жауын, қар суы ұзақ жататын, табаны шөп өспейтін саз, тұзды шұңғыл ой түбіндегі тегістік» (Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева, 208). Айтыман – төбе, құдық. Қарабауыр жонының солтүстігінде, Үстірт жазығын­да орналасқан. Абсолютті биіктігі 257 метр. Руы Құнанорыс Батырбекұлы Айтымен (1752-1834) атаның қоныс еткен қонысы. Айтыманащы – тұз, құдық. Үстірт­тің Батыс Кемерінде, Қарын­жа­рық құмының солтүстік бөлігінде орна­ласқан. Руы Құнанорыс Батырбекұлы Айтымен атаның ащы сулы құдығы. Айтыман күмбезі – сәулет өнер ескерткіші. Үстірттің оңтүстік-шығыс жағында орналасқан. 1897-1998 жылдары Айтманұлы Жарылқасын деген азаматтың әкесі мен өзіне арнап салдырған күмбезі. Айыртау – тау. Маңғыстау ауданында орналасқан. Айыр (зат есім) және тау (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Мағынасы: «екіге айырылған немесе екі бөлек тау». Айыршағыл – құдық, төбе. Қарақұмның оңтүстік бөлігінде орналасқан. Айыр (зат есім) және шағыл (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Шағыл – құм, қиыршық тас құм. Атаудың топонимдік мағынасы: «екі бөлек, екі салалы қиыршық тасты төбедегі құдық». Ақәулие – қорым. Мұнайлы ауданында орналасқан. Ақ (зат есім) және әулие (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Ақ сөзі – «киелі, қасиетті» деген мағыналарда қолданылып, «киелі әулие немесе қасиетті әулие адам жерленген қорым» деген мән береді. Ақбұлақ – бұлақ. Маңғыстау, Қа­рақия, Бейнеу аудандарында орна­ласқан. Ақ (сын есім) және бұлақ (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Мағы­насы: «таза, мөлдір сулы тұщы бұлақ». Ақбұтақ – төбе. Кендірлі-Қиясай Үс­тіртінің солтүстік бөлігінде орналас­қан. Абсолютті биіктігі 151 метр. Ақ (сын есім) және бұтақ (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Мағынасы: «ақ сілем» деген мәнді береді. Ақдомалақтөбе – төбе. Маңғыстау ауданында орналасқан. Ақ (сын есім), домалақ (сын есім) және төбе (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалып, жота, төбенің сыртқы формасы мен ондағы ақ тас, кварцтардың түстеріне қарай аталған. Ақеспе – құдық, қыстау. Маңғыстау ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және еспе (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Еспе деп Маңғыстауда «сай бойындағы көзі қайраңнан шығатын тайыз құдықтарды айтады» (Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева, 190). Сонда атаудың мағынасы: «сай бойындағы суы таза, мөлдір, тайыз құдық». Ақжал – жота. Маңғыстау ауданында орналсқан. Ақ (сын есім) және жал (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Жал дегеніміз – ұзына бойы енсіз келген көлбеу қырат, жер бедерінің бір түрі, қырқа сілемі, жон-жота, адыр (ҚӘТС, 621). Мағынасы: жал түсінің ақтығына, топырағының алыстан ағарып көрінуіне байланысты қойылған. Ақжар – ескі қоныс. Бейнеу ауданында орналасқан. Ақ (сын есім) және жар (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Жар дегеніміз – өзеннің опырылып, мүжіліп құлаған тік жағасы (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 6 том, 65). Бұл атау да «жардың тасы мен топырағының ақ түсіне, алыстан қарағанда ағарып көрінуіне» байланысты қойылған. Ақжарбұлақ – бұлақ. Үстірттің солтүс­тік бөлігінде, Маңсуалмас қонысында, Бейнеу ауданында орналасқан. Ақ (сын есім), жар (зат есім) және бұлақ (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Мағынасы: «тасы, топырағы ақ түсті, алыстан қарағанда ағарып көрінетін жардан ағып жатқан бұлаққа» байланысты қойылған.

«Маңғыстау облысының топонимиясы» кітабы бойынша әзірлеген өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

20233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы