• Мәдениет
  • 13 Сәуір, 2017

«Сәулем» емес, «шәулім» шығар...

Қазақтың халық әндері ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жібін үзбей жалғасып келе жатқан асыл қазынамыз. Тарихы қағазға түспеген халқымыз өткен өмірін жан дүниесі арқылы әуенмен әрлеген, әнмен кестелеген, жүрекпен зерделеген. Сыры да, сыны да кетпеген сиқырлы әуендер ұлы даланың рухани шежіресі іспетті, кешеден бүгінге ұласқан бабалар аманатындай.

Аманатқа адалдық сонау сақ, ғұн заманынан бері қарай сыбызғы мен сырнайдың, қобыз бен шаңқобыздың, домбыраның тілінде сөйлеген ұлы дала киесіне құрмет көрсету, пір тұту деп түсінген жөн. Алайда, кейде осы тура жолдан адасып жүретініміз бар. Бір халық әнінің мәтінін екіншісіне қосып айта беруден әншілеріміз еш сөкеттік көрмейтін сияқты. Ойын-тойларда қара өлең шумақтарын түрлі әуенге салып айтуға болатын шығар, ал миллиондар көретін көгілдір экраннан көрермен санасына бұлайша әсер етуге, жұртты шатастыруға бола ма? Құрғақ қасық ауыз жыртпасын, бірер мысал келтірейік. Халық әні «Екі жиренде»: «Көзімнің жанарындай сәулем едің, Көңілімнің қуанышты дәурені едің. Ойымнан жатсам-тұрсам бір кетпейсің, Басымды не сиқырмен әуреледің» деген шумақ бар. Ежелден ел аузында осылай айтылады. Соны кейінгі жылдары әншілер «Аққұмның» мәтініне қосып айтады. Біреулер «Аққұмды» халық әні дейді, енді біреулер Ахмет Байтұрсыновтың әні дейді. Әлі бір нақты тоқтамға келген жоқ. Мәтін екі әнде қатар қолданылып жүр. Ары қарай. Жұртшылықтың құлағына майдай жағатын халық әні «Бекзатым-ай» былайша өріледі: «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң. Кішкентайдан бірге өскен құрбым едің, Ойнаймын енді кіммен сен кеткен соң». Әуен жақсы, халықтың ішінен қайнап шыққан нағыз әуезді ән. Ал мәтін тағы да алақаныңды жаюға себепші болады. Дәл осы сөздер Біржанның «Он екі звот» дейтін әнінде бар. Бұған не деуге болады? Кезінде Иманжүсіптің «Сармойын» әні «Қыз Жібек» операсында Бекежанның ариясы болып айтылып жүрді. «Жапалақ жалпылдайды жар басында, Немене жоқтың күні бар қасында. Дос болып қас болғаннан сақта құдай, Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген тіркестер жүрек қылын қозғайтын әдемі әнмен біте құйылып кеткен дүние еді. Енді осы мәтін Рамазан Стамғазиев айтатын «Қапездің әнінде» қайталанып жүр. Сонда бұл шумақтарды кімге тиесілі дейміз? Дәл осындай бірдей тіркес Ақан серінің «Майдақоңыры» мен «Нияздың әнінде» бар. «Жүйрік ат, жаксы әйел, ер қайраты, Жігіттің болып өстім бозтайлағы...» деп келетін өлең жолдары кімдікі? Кімге сенеміз? Ара-жігі ажыратылмаған осындай ортақ мәтіндері бар әндерден әлі де көптеп мысал келтіруге болар еді. Бірақ мақсат ол емес, мақсат – өнер зерттеушілерінің көңілін аудару, талас тудыратын жағдайларға нүкте қоюға шақыру. Ешкімге таңсық емес, қазір тіпті халық композиторларының әндерін бұзып айтатын әншілер бар. Олар әнді өзінше әрлеп, құлаққа сіңісті болып қалған әуенді бұрмалағаны былай тұрсын, өлең шумақтарын ауыстырып, басын аяғына, аяғын басына келтіріп жібереді. Әннің авторы барын ұмытып кетеді. Әнші өнер алдындағы, халық алдындағы жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. Рас, халық әндерінің әуені мен мәтінін сақтау туралы аз айтылып жүрген жоқ. Газет-журналдарда, талай мақалалар басылып, көгілдір экраннан хабарлар беріліп жүр. Тек оның сабақтастығы, нәтижелілігі ескерілмейді. Осыдан бірер жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасында Ақан серінің «Қараторғай» әнін талдаған тамаша хабар өтті. Соған қатысқан өнер зерттеушілері мен әншілер «Қараторғай» – Ақан сері қолында ұстаған қыран құстың аты екенін, әннің осы құсқа арналғанын ортаға салды. Сәл кейінірек Астанада қазақ дәстүрінің білгірі, ақын, марқұм Нұрғожа Ораз да осы ойды айтты. «Келеді Қараторғай қанат қағып, Астына қанатының маржан тағып. Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің, Айрылдым қапияда сенен неғып» дейтін ғажайып әнді радиодан, телеарнадан естіп жүрміз. «Ақан серінің қыран бүркіті қанат-құйрығы сұйылып, әбден қартаяды. Бір күні оның қолынан ұшып шыққан Қараторғай қайтып жерге қона алмай, тасқа соғылып өледі. Қазақ «құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады» дейді ғой. Құйрықсыз қыран қайтіп қонсын? Бұл «Ақансерінің қатты қайғырып, сол кезде шығарған әні. Ал енді «Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің» деп, әншілер «Қараторғайды» адамға теңеп айтып жүр. Ол дұрыс емес. Сосын, «бірге өскен» емес, «қолда өскен» болуы керек. Балапан кезінен баптаған құсын солай айтқан жөн болар» деп ақсақал ұтымды ойын білдірген. Көңілімізге түйіп алып едік. Содан бері бірнеше жыл өтті. Бірақ жөнге келген ештеңені байқамадық. Әлде эфирден бұрын таспаға жазылған әндер беріліп жүр ме? Осы жерде мына бір мәселеге назар аударса деген ой келеді. Жоғарыдағы шумақтың үшінші жолын «Қолда өскен кішкентайдан сәулем едің» деп айтар болсақ, тағы да келіңкіремейді. Ендеше, «сәулем» сөзінің орнына «шәулім» сөзі сұранып тұр. «Қолда өскен кішкентайдан шәулім едің». Қисынға келетіні, жөні осы болар. «Шәулі» Қазақстанның кей аймақтарында бүркіттің балапаны мағынасында айтылады. Ал «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігінде» еркек бүркіт деп көрсетілген. Қалай десек те бүркіттің атауы. Шығыс Қазақстан облысының Аякөз ауданы, Үржар аудандары аумағында «Ақшәулі», «Қоңыршәулі» деген тау жоталары бар. Осы орайда әннің екінші шумағындағы «Ертістің арғы жағы бір терең сай» дейтін тіркестегі «Ертіс» сөзінің орнында «Есіл» болуы мүмкін-ау деген ой келеді маған. Себебі Ақан серінің жүрген жері, өскен ортасы Есіл өзенінің маңайы ғой. Ертіс сәл қашықтау жерде. Негізі осылай сияқты. Бірақ бұл жұртты адастыру үшін айтылып отырған жоқ, менің жеке пікірім, түйсігім. Бір сөзбен, ән – халықтың болмысы. Оның әуен-мәтіні, әр сөзі жауһармен тең. Сол жарқырап тұрған жауһарымыз білместікпен көмескіленбесе екен.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

2314 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы