• Тіл
  • 13 Сәуір, 2017

Туған тілдің туы биікте тұруы тиіс

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымының докторы, профессор

Бүгінгі таңда жер шарын мекендеген халықтардың шамамен 70 пайызы екі не одан да көп тілдерді әртүрлі деңгейде меңгерген. Шет тілін үйрену барысында адам басқа бір ұлттың сөзін, сөйлем құрау тәсілдерін меңгеру арқылы оның ойлау жүйесіне еніп, рухани әлеміне қадам басады, жаңа бір халықтың ұлттық болмысын ашады. Шет тілінде сөйлеу арқылы сол ұлтша ойлайды. Ең бастысы, басқа тілдерді білу адам мен адамды, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жақындастыра түседі.

Соңғы кездегі зерттеулерге сүйенетін болсақ, бірнеше тіл білетіндердің басқаларға қарағанда ұқыпты әрі ойын тез жинақтап айтуға қабілетті бола­ды. Оның басты себебі адам бір тілден екінші тілге ойлауға көшкенде, оның миы ақпараттарды шапшаң реттеп, ең маңыздыларын тез іріктеп алуға машықтанады екен (Кирилл Стасевич. Иностранный язык помогает думать на любом возрасте. «Наука и жизнь», 2014, №7). Сондықтан да көп тілділік мәселесіне ғылыми тұрғыдан келіп, оның жақсы жақтарын да, теріс тұстарын да әрдайым ескеріп отырған жөн. Осы мәселені арнайы зерттеген ғалымдар қостілділіктің жас баланың ойлау қабілетінің дамуына кері әсерін тигізетінін анықтаған. Ойлау барысында екі тілдің бір-біріне кедергі келтіріп, тежеу тудыратындығы, сөйтіп, баланың ойлау жүйесінің қалыптасуына айтарлықтай кері әсер ететіндігін алға тартады. Қостілділіктің бір жақты жүруі тіл үйренуді түрлі жолдармен мәжбүрлеп енгізу арқылы жүзеге асып, орны толмас зиян шектіреді. Профессор З.Ахметжанова басқа тілдің басымдығындағы қостілділік ана тілін қолдану аясын тарылтуға алып келіп, мұның аяғы ұлттық сана-сезімінің қа­лып­тасуына кедергі жасайтындығын айтады. Бала психологиясын, тілі мен дүние­та­нымының қалыптасуын біршама зерттеген еңбектерімен танымал болып, бала дамуының когнитивтік теориясын жасаған швейцариялық атақты психолог әрі философ Ж.Пиаже бала 6-7 жасында өзінің қай ұлтқа жататындығы жайлы алғаш рет естіп, хабардар бола бастайды; 8-9 жасында өзінің, ата-анасының қай ұлттан екендігін, ана тілін, туған жерін білетін болады; 10-11 жасында ол өзін сол ұлттың өкілі ретінде толық сезініп, тарихының, мәдениетінің өзгешеліктерін айыра алады, яғни оның ұлттық сана-сезімі, болмысы толық қалыптасады деп жазады. Демек, бала 10-11 жасында белгілі бір ұлттың өкілі болып қалыптасады екен. Ал бұл кезде баланы басқа тілде тәрбиелеу – оны көзбе-көз басқа ұлтқа қарай итеру болып шығатындығы ешбір дәлелді қажет етпесі анық. А.Байтұрсынұлының осыдан бір ғасыр бұрын шырылдап тұрып айтқан мына бір ойлары әрдайым есте болуы керек: ­­­­­­­«...әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдык пікір, суық қолдан тыныш боларға керек... Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек... Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағ­рапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы» (Бастауыш мектеп. «Қазақ», 1914, №61); «Әуелі біз елді түзеуді бала окыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстықта, билікте, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» (Қазақша оку жайынан. «Қазақ», 1913, №14»); «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» (Оқыту жайынан «Қазақ», 1913, №63). Ұлт қамын, халық келешегін ойлаған әрбір азаматтың есінде жүрер, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, өміршең ойлар «мені ұмытпа, ұмытсаң, күнің қараң болар» дегендей, шырылдап тұр. Орыс тілінің өктемдігінен құтыла алмай жатқанда, аренаға әлемдік ауқым­да жүріп жатқан жаһанданудың негізгі қозғаушы күші ағылшын тілі шықты. Білім-ғылымның, халықаралық қатынас­тар­дың негізгі тіліне айналып, әлем халықтарының жартысына жуығы қолдана бастаған ағылшын тілінің қарқыны тіпті қатты. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей, ағылшын тілі төрден орын алуға тырысуда. Қазақстанда да «үш тұғырлы тіл» саясаты жүргізілуде. Айтарымыз, ағылшын тіліне ешкімнің қарсылығы жоқ. Бар гәп осы «үш тұғырлы» тіл саясатын жүзеге асырудың жолдарында болып отыр. «Үш тұғырлы» тілге Елбасының берген «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің – біріншісі. Негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп, қадап айтқан түсініктемесін есімізден шығармайық. Азамат ретінде ой-санасы, дүниета­ны­мы әлі қалыптаса қоймаған жастарға жарқ-жұрқ еткен түрлі тәсілдермен әсер ету оңай. Сондықтан да қазіргі Батыс түпкі мақсаттарына жету үшін бар­лық күшті жастарды өздеріне қаратуға салып жатыр. Ағылшын тілінде жүріп жатқан жаһанданудың негізгі ақпарат­тық бағыты жастардың сана-сезіміне әсер етіп, оларды ана тілінен, ұлттық құндылықтарынан ажыратып, дүние­танымын өзгерту арқылы ұлтсыз­дан­дыруға бар күшін салуда. Сол себепті де бүгінгі таңда еліміздің ертеңі саналатын жастар тәрбиесі шешуші мәселенің бірі бо­лып отыр. Біз бүгінгі жас ұрпағымызды заманға лайықты ұлттық рух бағытында тәр­биелей алсақ, ертеңіміз жарқын болмақ. Жаһанданудың басты міндеттерінің бірі – ана тілінен, сол себепті де ұлттық тамырынан ажырап қалған мәңгүрттерді, ұлтынан жеріген, өздерін ұлттан жоғары санайтын космополиттерді, ешқандай ұлтқа жатпайтын, жатса да оны білмейтін, бойында көптеген ұлттардың қаны, болмысы бар «жаңа адамды» тәрбиелеп шығару. Қазір Батыстың бүкіл ақпарат құралдары, білім, тәрбие беру жүйелері осы мақсатқа жұмылдырылған.

Біздіңше, балаға шет тілін балабақша түгілі бастауыш сыныптарда да оқытуға болмайды. Өйткені А.Байтұрсынұлы ескерткендей, «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз».

Өкінішке орай, жаһанданудың осы сияқты тереңірек ойлануды қажет ететін тұстарының байыбына бара бермей, жылтырап тұрған сыртқы жағына, алғашқы әсеріне малданып, жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарының қармағына түсіп қалып жатқан жағдайлар да жиі кездеседі. Біздіңше, балаға шет тілін балабақша түгілі бастауыш сыныптарда да оқытуға болмайды. Өйткені А.Байтұрсынұлы ескерткендей, «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз». Кеңестік кезеңдегі және одан кейін­гі дәуір­дегі тіл саясатын зерттеген В.М.Алпатовтың анықтауынша, жас баланың сөйлеу тілі, сол арқылы ойлау жүйесі ата-бабалардан келе жатқан тұқым қуалаушылық арқылы ана сүтінің уызымен қалыптасады. Жалпы адамның ойлау қабілеті сол ұлттың тілі арқылы ғана алғашқы мүшелде, яғни 13 жасқа дейін қалыптасады. Жас баланың бойындағы ген арқылы тұқым қуалап келе жатқан ойлау жүйесін сол негізде ана тілі арқылы ары қарай жалғастырса, ол баланың ойлау қабілеті тез жетіледі. Ал енді ойлау жүйесі әлі қалыптаса қоймаған жас балаға өзінің бойында бар ген арқылы келе жатқан ойлау жүйесіне сәйкес келмейтін тілді оқытса, ол баланың бұрыннан тұқымында келе жатқан ойлау жүйесі бұзылып, жаңа тілге негізделген жаңа ойлау жүйесі пайда бола бастайды. Сондықтан да А.Бай­тұрсынұлының «Бала ең алдымен, өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт», «әр бала өзінің ана тілінде 4 сынып­қа дейін оқуы керек, содан кейін барып, басқа тілдерді оқуына болады» екен­­ді­гін қадап тұрып айтып кеткенін бар­лық уақытта да естен шығармаған абзал. Сөз бен ойдың, сөйлеу мен ойлау­­дың, сол сияқты ойлаудың өз кезе­гін­де адам­ның тәнімен, жанымен тығыз бай­ланыстылығы адамның тіл мәде­ниетін жетілдіріп, тән сұлулығы, жан сұлу­лығы жарасқан, жан-жақты жетілген жарасымдылықты қамтамасыз етеді. Ғалымдар кей адамдардың дұрыс сөйлей алмауы, не болмаса, кекештенуі сияқты кемшіліктерді оның ойлау жүйесіндегі, не болмаса, психикасындағы ақаулармен, яғни денсаулығымен тікелей байланыстырады. Адамның қай тілде сөйлеуі, қай тілде ойлауы сияқты әдетте байқала бермейтін нәрселердің өзі ғасырлар бойы белгілі бір ұлтқа жатып, белгілі бір тілде сөйлеген адамдардың сыртқы бет әлпетінен ­бастап, бүкіл физиологиялық құрылымын қалыптастырып, денсаулығына, мінез құлқына, жалпы адами болмысына әсер ететіндігін көпшілік қауым біле бермеуі мүмкін. Өз тілін жетік білмейтін, оның үстіне басқа да бірнеше тілдерде қатар сөйлейтін адамдардың ойлау жүйесінің бір бағытта жүрмей, үзіліп қала беретіндігі, соның салдарынан өз ойын дұрыстап жеткізе алмай, бірді айтып, бірге кетіп сөйлейтіндігі бүгінгі қазақ қоғамында үйреншікті жағдайға айналып отыр. Қазақ тілінің өзге тілдерден ерек­шелігі дауысты дыбыспен басталған сөз – дауысты дыбыспен ғана, дауыссыз дыбыспен басталған сөз – дауыссыз д­ыбыспен ғана аяқталады. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сөздің бұлай ­айтылуы денсаулыққа аса пайдалы. Әсіресе қазақша сөйлеу кезінде асқазан мен бүй­рекке мүлде салмақ түспейді. Сондай-ақ қазақша сөйлегенде ауыздың тек астыңғы жағы ғана қимылдап, қозғалатындықтан адамның бет-жүзін әжім ерте торламайды (профессор Несібелі Жәкенқызы). Ал енді екі тіл қатар оқытылғанда, екі тілде қатар сөйлегенде, екі тілдегі ойлау жүйесі де қатар жұмыс істеп, бір-біріне кедергі жасайды. Қазақша сөйлеп тұрған адамның кей кездерде орыс тілін араластырып жіберетіндігі – осы екі тілдік ойлау жүйесінің қатар келіп, бір-біріне кедергі келтіретіндігінің нақты көрінісі. Екі тілдік ойлау жүйесі жұмыс барысында бір-біріне кедергі келтіріп, нәтижесінде адамның ой­лау қабілетінің дамуына айтарлықтай нұқ­сан келтіретіндігін ғалымдар айтып жүр. Сонымен, бүгінгі күндері Қа­зақ­­стан­­­ның білім беру жүйесінде жүзеге асы­ры­лып жатқан «қостілділік», «үш тұғыр­лы тіл» дегендеріміз - байқамаса, яғни ғы­лыми негізде жүргізбесе, тікелей ұлттық тілдің жойылуына, оның артында тұрған ұлт­сыздыққа, ұлттың жойылуына алып бара­тын қаупі бар екендігі әрдайым есте болғаны жөн. «Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Досың да, әріптесің де, жолдасың да көп болады. Алайда қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тілдің туы қашанда биік болуы қажет» дейді Елбасы Н.Назарбаев. Сондықтан да Елбасымыздың «Оқу жүйесіндегі жаңа реформаны халықтың ойымен санаспай, пікірін тыңдамай қабылдай салды. Мұндай өзгерістер оқушылардың білім деңгейін көтеру үшін қажет. Барлық тараптың пікірі қаралуы тиіс. Ойланбай жасалған тәжірибелер қажет емес, бізді ешкім қуып бара жатқан жоқ» деп, ескертуіне тура келді. Біздің басты мақсатымыз әлемнің кез келген елінде қызмет істей алатын әлемдік ауқымдағы азаматтарды дайындау емес, керісінше, еліміздің ертеңіне адал еңбек ететін жан-жақты білімді, парасатты ұлттық мамандар дайындау екендігін естен шығармайық.

19271 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы