• Руханият
  • 03 Маусым, 2010

Ұлтты ұйыстырған бабалар ескерткіші Астанада бой көтерді

d0b1d0b0d0b1d0b0d0bbd0b0d180

Оқырмандарымыздың есінде болар, осыдан 4-5 ай бұрын газетімізде Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы қос ханымыз Керей мен Жәнібектің ескерткіштері тұғырына қайта қонатыны жайлы құлағдар еткен едік. Сол әңгімемізде өз зауыттарымызда құйылатын ескерткіштер ер үстінде отырған Керей ханның ту тігетін жерді қолымен нұсқап тұрған, ал Жәнібек ханның сол жерге туды қадап тұрған композициясы негізінде жасалатынын, осы композиция арқылы мүсіншілеріміз қазақ халқының Өзбек ұлысы тарқағаннан кейін бөлек ту тігіп, тұңғыш хандық құрған тарихи сәтін бейнелейтінін де айтқан болатынбыз. Міне, күні кеше күллі қазақ баласы үшін ақ түйенің қарны жарылды. Апта басын айшықты жаңалықпен, барша Алаш жұртына қуанышты хабармен бастадық.

Елбасының өзі келіп, Қа­зақстан Республикасы Тұң­­ғыш Президенті Мұражайы ал­дын­дағы саябақта орнатыл­ған қос бабамыздың монумен­тал­ды мүсін­дік-көркем ком­позициясын сал­танатты жағ­дайда ашып берді. – Бүгін асқақ Астанамыз тағы бір тағылымы мол сәулет-көрінісімен толыға түсті. Біз Елордамыздың төрінде ұлы­сы­мызды заманында ұйыстырған Керей мен Жәнібектің еңселі ескерткішін ашып отырмыз. Бұл – тұғырлы та­рихымызға, біздің қазақы елдік дәстүрімізге, мызғымас мем­лекетімізге ар­налған мәң­­гілік белгі, – деп сөз бас­таған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Керей мен Жәнібек хандар «Қазақ» деп аталатын хандықтың алғашқы қадасын қадағанын, Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың ортасында бой көтерген Қазақ ордасы уақыт өте келе ұлан-ғайыр далаға иелік еткенін тілге тиек етті. Алаш жұртының алғаш­қы қос хандарына арналған бұл ескерткіштің бас қаламыз Астанада бой көтеруінің астарында да үлкен мән бар. Себебі бүгін­де тәуелсіздігіміздің бой­тұмары­на, еліміздің рәмізіне айнал­ған асқақ Астананың алғашқы кірпіші осында қаланған-ды. Алғашқы Ақор­да­мыз Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Прези­дентінің Мұражайы­ның орнында орналасып, маңайы­на маңызды мекемелер орын тепкен еді.

Ескерткіште еркіндік алып, жаңа орданың іргесін тіккен хандарымыз ұлыстың байрағын мығым ұстап тұрғаны көрініс тапқан. «Бұл – Сүйінбай ақын айтқандай, «Бөрілі байрақ көтерген даңқты бабалардың мәңгі ел орнату аңсарының мәнісі. Расында, Керей мен Жәнібек тіккен сол киелі ту жығылған жоқ. Ол Қазақстанның тәуелсіздік алуы­мен бірге аспан астында қалықтаған қырандай шырқау биікке көтеріле түсті. Сондықтан да тәуелсіздігіміздің көк байрағын берік ұстап, елдігімізді көзіміздің қарашығындай қорғауға тиіспіз», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Бүгінде егемен еліміз айдай әлемге танылған айбынды мемлекетке айналды. Берекелі бірлігі, мерекелі тірлігімен ұштасқан Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Еліміз Батыстың беделді ұйымына жетекшілік етіп, халқымыз бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. Ұлы бабаларымызды ұлықтау ұлыстың ұйысына айналған іргелі ұлт ретінде өркен жайған ауқымды шара болып табылады. Тарихи танымымен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Кешегімізге көрсетілген құрмет келе­шегіміздің жарқын болуына жол ашады. Сондықтан өскелең ұрпақ өткенін танып, болашағын бағамдау үшін мұндай ескерткіштер ел ордасында әрқашан да қажет. Ендеше, ұлы хандарымызға арналған еңселі ескерткіш құтты болсын! Астанамыздың абыройы асқақтай берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! – деп барша Алаш жұртына құттықтау жолдады Елбасы. Бұл Елордамызда Керей мен Жәнібек хандарға жасалып отырған құр­меттің алғашқысы емес. Астананың сол жағалауында олардың атын иеленген үлкен көшелер бар. Елбасының өзі тарихпен астарласып жатқан бұндай дүниелерге ерекше көңіл бөліп келеді. Астана алғаш ел ордасы атанған кезде Есілдің жағасынан азаттық жолында шейіт болған Кенесары ханның ескерткіші орнатылды. Астананың 10 жылдығында Елорданың бас алаңында зәулім «Қазақ елі» монументі тұрғызылды. Астана көшелеріне ұлы тұлғаларымыз бен тарихи қалаларымыздың аттары берілді. Осының бәрі біздің ата-баба аманатына адалдығымыз бен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі екендігі сөзсіз. Осы жерде қазақ хандығының іргесін қалап, тұңғыш қазығын қаққан хандарға ескерткіш ашу да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы екенін айта кеткен жөн. Арнайы жарияланған конкурсқа ұсынылған 10 жобаның арасынан астаналық жас мүсінші Ринат Әбенов­тің жоба-эскизі үздік деп танылып, комиссияның барлық талаптарына сай келген-ді. Автор ұлы хандардың сыртқы пішіндерін, олардың ұлттық сипатқа сай келбеттерін барынша нақты бейнелеген. Сонымен қатар тарихи тұлғалардың қару-жарақ ерекшеліктері мен киім үлгілерінің де сол дәуірге сай келуіне баса назар аударыпты. Ескерткіштің ұшар басына дейінгі жалпы биіктігі – 12 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы – 16,20 тонна. Жәнібек ханның тік тұрғандағы бойы – 5,25 метр болса, плитімен есептегендегі биіктігі – 5,45 метр екен. Ал Керей ханның мүсінінің биіктігі – 4 метр. Мүсіндерді «Көркем-құйма комбинаты» МКК-ның тапсырысы бойынша «КазХудФонд» ЖШС дайындаған. Атадан балаға аманат ретінде қалатын мүсін-композицияларының бал бүл­дір­шіндеріміздің төл мерекесінде салтанат құруы жас ұрпаққа жасалған кереметтей сый болды. Балғын балдырғандарымыз ұлы бабаларымызды қадірлеп, қасиетін жете түсінетіні сөзсіз. Ал ескерткіштердің еңселі Елордада бой тіктеуін қазақ жұр­тының рухы асқақтауы десек, жаңылыс болмас. Олай болса, ұлыларын ұлықтаған Алаш жұртына қуаныш оң болсын!

Қойшығара Салғарин, тарихшы-ғалым: – Бүгінгі ескерткіштің құндылығы – біздің өткенімізді өгейсіту ғана емес, сол өткенімізден үлгі алатын, соның ісін әрі қарай жалғай алатын, ұлысын ұлықтай алатын ұрпақтың өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Бес ғасырдан кейін ескерткіштерін орнатып отырған мына біздердің тегімізді білетіндігімізді, елдігіміздің тарихын білетіндігімізді білдіреді. Сыртқы саясатқа келгенде біздің кешегі Кеңес Одағы құлағаннан кейін пайда болмағанымызды, одан бұрын іргесі қаланған өзіндік ел болғанымызды айғақтайды. Тарихтың бір тегеріш уақытында 260 жыл бодандықта болғанымыз болмаса, баяғыдан келе жатқан өзіндік дәстүрі, салты, өзіндік заң-законы бар үлкен іргелі ел екендігіміздің белгісі. Сонымен бірге ескерткіште Керей мен Жәнібектің кемеліне келіп шалқыған хандар емес, жаңа орнатқан ер-тоқымға отырып алып, екеуінің қолын сілтеп, бірден іске араласып кетейін деп тұрғандай әсер беретін бейнесі бар. Тіпті қазақылық пішін де, қазақылық кескін де, қазақы отырыс та бар. Ал жерге қадалған тудың символы «Міне, туымызды тіктік, бұл – мәңгілік, біз бұны құлатпаймыз» дегенді білдіріп тұр. Төлен Әбдік, жазушы: – Халық жер бетінде қалу үшін, өзінің мәдениетін жасау үшін ұлт болу керек. Бүгінгі адамзат әлемінде ықпал жасап отырған, саясат жасап отырған кім? Ол – жетілген, кемелденген ұлттар. Ендеше, біз де сол жетілген, кемелденген жақсы ұлт болуымыз керек. Ол үшін ұлттық сана қалыптасу керек. Ұлттық санаға ықпал ететін тарихи тұлғалар болады. Соның ең ұшар басында тұрған, менің ойымша, Керей мен Жәнібек. Бұл кісілер қазақ мемлекетінің негізін салды. Егер, күні бүгінге дейін біз бодандықтың қоршауында жүріп, талай қиындықты бас­тан кешіп, егемендігімізді алдық десек, ол осы екі бабамыздың арқасында. Осылар тіккен мына ту жығылған жоқ. Біз де, бізден кейінгі ұрпақ та осы екі бабамыздың еңбегін ұмытуға тиіс емес. Осыны ұмытпасақ, сонда нағыз ұлт болғанымыз. Бұл кісілердің тарихи бейнесі сақталмаған. Мүсінші қалай бейнелеймін десе де өз еркі. Ал мына Керейдің ескерткішінде керемет бір кеңдік, дархандық білінеді. Жәнібектің түрінде жауынгерлік рух басым секілді. Екеуі де қараған бетте адамның көзін тартады. Екеуінде де үлкен бір текті кейіп бар. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

7705 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы