• Әдебиет
  • 08 Қаңтар, 2009

Қазақтың өрлiгi қайда?

d0bcd0b5d0bdd0b8d0bcd0b5d0bd-d0bad0b0d0b7d0b0d185d188d0b0-d181d0bed0b9d0bbd0b5d181Автобуста отырғанбыз. Бiр қазақ әйелi артында отырған әйелге орысша сампылдап, бiрдеңелердi айтып жатыр. Аузы аузына жұқпайды. Көлiкте адам қарасы аса көп емес. Содан ба жаңағы әйелдiң сөзi құлаққа түрпiдей тиедi. Қоғамдық көлiкте емес, үйiнде отырғандай. Тым ерсi. Әйелдiң әңгiмесiн тыңдап, ара-кiдiк үн қатып отырған құрбысы да қазаққа ұқсайды. Жүзi қоңыр, шашы қара, көзi қара дегендей. Осыны сездi ме, әлде көршiсiнiң дөрекi қылығы ұнамады ма жанындағы жолаушы: — Өздерiң қазақсыңдар, неге қазақша сөйлемейсiңдер, — дедi зiлсiз, ақырын ғана. Оның бұл ескертпесi көлiкте отырған бар қазақтың ойын дөп басты. — Ол қазақ емес, — деп сампылдақ әйел шап ете қалды. Демек, қазақ болмағасын орысша сөйлеп отырған болды ғой. Жарайды ол қазақ болмай-ақ қойсын (мұнысы ендi шындыққа келмейдi). Алайда, мына сауал әрқайсымызды мазалауы тиiс секiлдi. «Өз елiмде, өз жерiмде тұрып жатырмын. Неге мен орысша жалпақтай беруiм керек. Қайта ол қазақша сөйлеуге тырысуы керек емес пе?». Сiрә, көбiмiзде әлгiндей ой жоқ. Құлдық сана денемiздi әбден жаулап алған. Түк түсiнбейсiң. Жалтақпыз ба, көңiлшекпiз бе? Бабаларымызда бар айбын, өрлiк қайда кеткен? Бөлiнген жақсы емес Аурухана маңындағы дәмханада жап-жас жiгiт қызмет көрсетiп тұр. Қарт кiсi келiп нан сұрады. — Қандайы керек, — дедi анау орысшалап. — Сен қазақ емессiң бе? Неге қазақша сөйлемейсiң? — дедi қария ренiш бiлдiрiп. — Мен қазақ емеспiн, — дедi анау тағы да орысшасынан танбай. Қарт жiгiттiң өтiрiк айтып тұрғанын бiлдi. — Шырағым, орысшаң тасып бара жатса Ресейге барып тұр. Қазақтың жерiнде қазақша бiлуге мiндеттiсiң, — дедi шал нығарлай сөйлеп. Осы көрiнiстердi көрiп тұрып, жүрегiң сыздайды. Бiр қазақ бiр қазақты ренжiтедi. Тiл үшiн. Қандай өкiнiштi! Бiреуi «Қазақша сөйле» дейдi. Екiншiсi сөйлегiсi келмейдi. Осының аяғы жақсылыққа апармайды, сiрә. Бұлай бола берсе қазақ пен қазақ тiл үшiн қырқысатын шығар. Мемлекеттiң де ойланатын, сiлкiнетiн кезi келдi. Қазақ пен қазақты бұлай екiге бөлуге болмайды. Ұлтты ұйытатын, бiрiктiретiн — тiл, өз тiлiмiз. «Дайындығымыз» күштi Алматының да, Қарағандының да, Шымкенттiң де, Қазақстанның өзге де қалаларының көшелерiнде қаптаған шетелдiк сөздер. Көбiсiне түсiнбейсiң. Мақтап тұр ма, боқтап тұр ма... Осы жазуларды қазақша, ресмилеп айтқанда мемлекеттiк тiлде де жазуға болады. Неге екенiн, жазғымыз келмейдi. Қазақша жазсақ көштен қалып қоятындаймыз. Бұл іс-әрекетiмiз өз перзентiнен безiнген анаға ұқсайды. Немесе туған анасынан жерiнген сәби iспеттi. Өзiмiздiкiн менсiнбейтiн ауруға ұшырадық. Өзгенiкi ғаламат, ғажап болып көрiнедi. «Өзiмiз» емес, басқа болғымыз келедi. Сонда не болғанымыз? Бойыңды қорқыныш билейдi. Жазулардың денi ағылшын тiлiнде. Былай қарағанда бiздiң елде бiрде бiр ағылшын тұрмайды. Сонда бұл не тыраштану? Бiздiң бұл тiрлiгiмiз әлдекiмдердiң, ағылшын тiлiнде сөйлейтiн әлдебiреулердiң жерiмiздi басып алуына дайындық жасап жатқан әрекетке ұқсайды. Намысқа тырыс, тырыспа осылай демеске шараң жоқ. Күйiнесiң ғой, ендi. Ұрымтал сәт Автобус iшi. Келесi қандай аялдама екенi хабарланып жатыр. — Келесi аялдама Гагарин көшесi, — дедi дауыс қазақша. Осыдан кейiн: — Следующая остановка проспект Гагарина, — дедi дауыс орысшалап. Өткен ғасырдың сексенiншi, тоқсаныншы жылдары екi тiлдiң осылай қатар жүргенi аса таңдандыра қоймайтын. Солай болу тиiс секiлдi көрiнетiн. Қазiр басқаша. Қазақша айтылғанды қайтадан орысшаға аударып жатқаны жүрекке жылы әсер етпейдi. Ерсiлеу, томпақтау естiледi. Демек, не нәрсенiң де шегi бар. Не нәрсенiң де пiсiлiп, жетiлетiн сәтi бар. Орыс тiлiнiң шегiнiп, қазақ тiлiне жол беретiн уақыты келген екен. Қазақ тiлiнiң өз жерiнде, өз топырағында өз үнiн, өз даусын танытар сағаты туыпты. Ендi не iстемек керек? Осы жағдайды пайдалану керек. Ырғалып-жырғалып жүрген жараспайды. Мемлекеттiк тiлге басымдық берiп, тiл өрiсiн кеңейте түскен абзал. Бiреуге — ермек Мемлекеттiк тiл дегенде бiз көбiнесе бюджеттiк ұйымдар мен мекемелердегi қазақ тiлiнiң жағдайын сөз етемiз. Ал, жеке компаниялардағы, серiктестiктердегi, фирмалардағы тiл жағдайы назардан тыс қалып жатады. Бейнебiр оларға мемлекеттiк тiл қатысты еместей. Әлгi құрылымдарда iс қағаздары екi тiлде (қазақша, орысша) жүретiндей көрiнедi. Бұл көзбояушылық қана. Негiзiнен бұйрықтар, шешiмдер орыс тiлiнде шығарылады. Аудармашы оларды қазақшаға аударады. Бiр қарағанда құда да тыныш, құдағи да тыныш. Жеке компаниялардағы жиналыс-жиындар бiр-ақ тiлде өтедi. Орыс тiлiнде. Қазақша сөйлеуге құқық жоқ. Онда сол компания жетекшiсiне, оның жандайшаптарына жеккөрiнiштi боласың. Арадағы келiсiм шарт үзiлуi мүмкiн. Ол дегенiңiз қызметтен айрылу, жұмыссыз қалу. Жеке компания басшылары көбiне өзге ұлт өкiлдерi болып келетiнi белгiлi жайт қой. Солай. Мемлекеттiк тiлге байланысты талап баршыға ортақ болмай тұр. Кейбiреулерге ол баланың ермегi секiлдi түкке тұрғысыз, жай нәрсе. Онда мән бар Фамилиямыздағы «-ов», «-ев» қосымшаларының ешқандай мағынасы жоқтығы айтылудайын-ақ айтылуда. Бiрақ бiразымыз әлi селк етпеймiз. «Онда тұрған не бар екен» деген жауап алдыңнан шыға бередi. Онда көп мән бар. Бiрiншiден, ол аффикстер басқаларға, орыстарға ғана тән. Француздар, немiстер, жапондар, қытайлар... әкесiнiң не атасының есiмi жанында түсiнiксiз ов, евтi жалғамайды. Екiншiден, ов, евтен айрылсаңыз мұныңыз өзгелерге айбын, айбат. «Қазақ деген де халық екен, ел екен» деген секiлдi ой тастайды. Ұят, атақ... Мемлекеттiк тiлде жөндi сөйлей алмай министр болуға, әкiм не депутат болуға ұмтылу ұят. Олар халықпен жұмыс iстейдi ғой. Халықтың денi қазақ тiлдi. Бiрақ, мұндай сана қайдан болсын... Атақ, тақ дегендер ойлануға мұрша бермес. Өзiмiз керi кеткен соң... Газет тiгiндiлерiн қарап отырып орыс басылымында 2005 жылғы ақпанда шыққан бiр мақала көзге түстi. Тiл жөнiнде болғаннан кейiн назар аударуға тура келдi. Оның үстiне авторы да сырттай таныс едi. Кезiнде бiр министрлiкте министрдiң орынбасары болған, экономика ғылымының кандидаты. Қазақ. Бiр-екi жыл бұрын дүние салды. Мақаланы оқып отырып қарның ашиды. Кеңес заманының адамы ғой. Орыс тiлiн ардақтайды, көкке көтередi. Тiптi, қазақша аударылған кейбiр реттi сөздерге наразылық бiлдiредi. «Министерство финансов переведено как «Қаржы министрлiгi». «Қаржы» по казахский «деньги» или «средство». А «финансы», международный термин, отражает не только деньги, но и систему их формирования, распределения и использования. Слово «транспорт» — международный термин, переведено как «көлiк». «Көлiк» же по-казахски означает домашнее животное (лошадь, верблюд, осел, бык), которое используется для верховый езды или тягловая сила». Ағамыз тағы бiр жерiнде былай дейдi: «Как бы ни бесновались наши некоторые ярые патриоты, стремящиеся всех казахов заставить говорить только по-казахский, у них ничего не получится. Казахский народ давно стал двуязычным, и не случайно в советское время казахи назвали русский язык вторым родным языком». Халық атынан сөйлеуге бұл кiсiге кiм ұлықсат бердi екен? Осы жазылғандардан байқалатыны тiлге келгенде өзiмiзде, қазақтың өз iшiнде бiрлiк, тұтастық жоқ екен. Тiлiмiздiң еңсе көтере алмауының бiр кiлтипаны осында да жатыр-ау. Нұрперзент Домбай

5895 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы