• Тіл
  • 08 Қаңтар, 2009

Кеше – Гусарка, бүгін – Домбыралы

Жер атаулары қоғам, адам өмірімен, халықтың тілі және тарихымен, оның ғасырлардан келе жатқан мәдениеті, діні, саяси тірлігімен етене, тығыз байланысты. Жер-суға, елді мекенге ат беру үрдісі – өзінің ұлттық және тілдік ерекшелігі бар, үздіксіз жүріп жататын халық шығармашылығының басты бір үдерісі. Қазақтың географиялық атаулары өте мәнерлі де сарынды. Топонимдер ұдайы толығып, жаңарып отырады, олар өткен қоғамның сұраныстарына қызмет етті, қазіргі қоғамға да жан-жақты қызмет етуде, сонымен бірге тарихтың жалғастырғыш құралы ретінде, болашақ ұрпақтарға да қызмет етпек. Қазақ елінің көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ономастика жүйесі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап түбегейлі өзгерістерге ұшырады және патша үкіметінің отаршылдық мүдделеріне, кейіннен кеңес жүйесінің тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болды. Отаршылдық пен тоталитарлық режимдердің идеологтары ономастиканы қоғамның тарихи – мәдени санасына әсер етудің саяси құралына айналдырды. Нәтижесінде қазақ ономастикасының өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігіне, әсіресе оның топонимикалық жүйелеріне орасан зиян келтірілді. Мәселен, Ақмола облысы аумағындағы Андреевка, Борисовка, Виноградовка, Ждановка, Ерофеевка, Мариновка, Третьяковка, Николаевка, Сергеевка, Калиновка, Родионовка сияқты атаулардың қазақ жеріне қандай қатысы бар деген ой еріксіз мазалайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әкімшілік-аумақтық бірліктерді ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау және тарихи географиялық атауларды қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Саяси тұрғыдан алғанда, тарихи атауларды қалпына келтіру егемендік алған еліміздің ұлттық идеологиясының қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Осы саяси маңызды шараны жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысында көптеген игілікті жұмыстар атқарылуда. Бұл әсіресе, облысымызда тілдерді дамыту басқармасы құрылғаннан бері, яғни 2004 жылдың екінші жартысынан бастап, қарқынды қолға алынды. Бұған тіл басқармасының жүйелі өңірлік семинар, әр аудан орталығында ауылдық округ әкімдерін жинап, заң тетіктерін түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізуге бағытталған практикалық сабақтар өткізуінің де көп септігі тиді деп айтуға болады. Осындай игілікті істердің нәтижесінде 2004 жылы 4 ауыл, 2005 жылы 6 ауыл, 1 кент, 3 ауылдық округ, барлығы 10 елді мекен, 2006 жылы 9 ауыл, 2 ауылдық округ, 2 орта мектеп, 1 су қоймасы, барлығы 14 нысан, 2007 жылы 25 ауыл, 6 ауылдық округ, барлығы 31 елді мекен қайта аталды. Биылғы жылдың өзінде 10 ауыл, 4 ауылдық округ қайта аталып, облыстық әділет департаментінде тіркелді. Осы жылдар аралығында атаулары өзгертілген елді мекендерге ежелгі тарихи атаулары қайтарылып, нысандарға халқымыздың белгілі тұлғаларының есімдері берілді, олар: Ақбұлақ, Сарыкөл, Қараөткел, Айнакөл, Байсуат, Тастыөзек, Бестоғай, Күншалған, Тоқтамыс, Олжабай батыр, Қабанбай батыр, Иманжүсіп Құтпанұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Есмағанбет Ысмайылов және басқалары бар. Ал ежелгі тарихи атаулары табылмаған жағдайда сол елді мекен тұрғындарының тілектеріне сәйкес географиялық ерекшеліктеріне лайықталып алынған атаулар да қойылуда. Мәселен, Зеренді ауданының Подлесное селосы – Бәйтерек ауылы, Водопьяновка селосы – Ақадыр ауылы, Аршалы ауданының Нововладимировка селосы – Бұлақсай ауылы, Бұланды ауданының Белоцерковка селосы – Аққайың ауылы және т.б.атаулар. Бұл істе әсіресе, Астана-Көкшетау бағытындағы республикалық маңызы бар автожол бойында орналасқан елді мекендерге баса назар аударылуда. Соның нәтижесінде 2005 жылдан бастап аталмыш жол бойындағы 18 ауылдың 11-інің тарихи атаулары қалпына келтірілді. Атап өтсек: Ақкөл ауданындағы Гусарка селосы – Домбыралы ауылы, Трудовое селосы – Еңбек ауылы, Бұланды ауданындағы Богдановка селосы – Алакөл ауылы, Даниловка селосы – Алтынды ауылы, Еңбекшілдер ауданындағы Сосновка селосы – Қарағай ауылы, Шортанды ауданындағы Елизаветинка селосы – Бозайғыр ауылы, Барышевка селосы – Мықтыкөл ауылы, Щучье ауданындағы Дорофеевка селосы – Ақылбай ауылы, Черноярка селосы – Қаражар ауылы, Климовка селосы – Атамекен ауылы, Боровое кенті – Бурабай кенті болып өзгерді. Қалған елді мекендердің атауларының өзгеруі уақыт еншісінде. Әрбір ұсыныс облыстық ономастика комиссиясының қарауына енгізілмес бұрын жан-жақты зерттеліп, сарапталады. Бір-екі мысал келтіре кетейін. Жоғарыда аталған Ақкөл ауданындағы Гусарка селосының ежелгі тарихи атауы Домбыралы екендігі Ақкөл аудандық мұрағат бөлімінен табылған облыс аумағындағы елді мекендердің ежелгі атаулары көрсетілген «Азиялық Ресейдің оңтүстік шекаралық сызығы картасында» (генерал-майор Большевтің редакторлығымен 1894 жылы шыққан) жазылғандығы анықталды. Сондай-ақ, Домбыралы атауын белгілі қаламгер Жайық Бектұровтың «Енеден ерте айрылған төл секілді» (Алматы, Қазақстан, 2002) кітабынан да ұшырастыруға болады. Ал Шортанды ауданындағы Елизаветинка селосының тарихи атауы –Бозайғыр екендігі 1914 жылы Омбы қаласында жазылған Омбы епархиясының анықтамалық кітабынан табылды. Онда былай деп жазылған: «Акмолинской области и /по – уличному – «Бозайгир»/ Елизаветинской волости, расположено при озере Боз-Айгир, в степной безлесной местности»... Ерейментау ауданындағы Ильинка селосының атауы Бестоғай екендігі тарихи деректерге байланысты аталды. ХVІІІ ғасырдан бастап Сілеті өзенінің сол жақ бөлігінде Арғын-Керей руының қазақтары қоныстанған. Ал 1930 жылдары өзен жағалауынан 18 км қашықтықта қазақтың бес ауылы мекендеген. Ауыл аттары сол ауылға басшылық еткен адам аттарымен (Байымбет, Молдабай, Базыл қажы, Байсары, Боранкүл) аталған. Сол бес ауылдың аймағын аққайың тоғайлары қоршап жатқандықтан және бес ауылдың басын қосып, бір тұтасқан ел құру мақсатында, 1920 жылы аталмыш ауыл ақсақалдарының ұйғаруымен «Бестоғай ауылдық кеңесі» деп атауды жөн санаған. Бұл атау 1961 жылға дейін сақталған. Кейіннен, 1961 жылы үкімет басындағылар халықтың келісімінсіз Бестоғай ауылдық кеңесін – «Фрунзе селолық советі», ал оның орталығын «Ильинка» деп атап кеткен. Ақмола облыстық мәслихаты мен Ақмола облысы әкімдігінің 2007 жылғы 3 қазандағы № 4С-2-9 шешімі және № А-10/325 қаулысымен Ильинка селосы өзінің тарихи атауы Бестоғаймен қайта қауышты. Келтіре берсек, мұндай мысалдар өте көп. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 480 қаулысымен Аршалы ауданындағы Вячеслав су қоймасы – Астана су қоймасы деп аталып, Бұланды ауданы орталығындағы №1 Макин қазақ орта мектебіне Балуан Шолақтың есімі, Щучье ауданындағы Мәдениет орта мектебіне белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың есімі берілді. Сондай-ақ облыстық филармонияға Үкілі Ыбырай есімін, Ақмола облысы дене тәрбиесі мен спорт басқармасының облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ есімін, Бұланды ауданындағы Карамышевка орта мектебіне Социалистік Еңбек Ері Қайыржан Ескендіровтың есімін, Целиноград ауданы Жалғызқұдық ауылындағы № 24 Жалғызқұдық орта мектебіне белгілі қайраткер Рақымжан Дүйсенбаевтың есімін беру, Ерейментау ауданы Күншалған ауылындағы Ленин орта мектебін Күншалған орта мектебі, яғни 3 орта, 1 спорт мектебі және филармонияны қайта атау туралы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын күтіп отырмыз. Өткен кезеңде әртүрлі субъективті жағдайлардың әсерімен негізсіз өзгертілген тарихи-географиялық топонимдерді қалпына келтіру ісі ғалымдардың ғылыми-талдамалық еңбектерінсіз жүзеге аспайтыны белгілі. Сол себепті біз бұл жауапты да маңызды іске алдағы уақытта қаламыздағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университет және басқа жоғары оқу орындарының ғалымдарын тартпақпыз. Халқымыздың «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» дегеніндей, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақтың кең байтақ даласындағы әрбір елді мекен, әрбір нысан ұлттық ерекшелігімізге сәйкес аталуына баршамыз атсалысайық дегім келеді. Айгүл Дүзелбайқызы, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы

4118 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы