• Руханият
  • 25 Мамыр, 2017

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

27-мамыр – қасиетті Рамазан  айының бірінші күні!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын! Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. ­Қа­сиетті айда адам баласы көбірек жақ­сылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүм­кіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан. Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген. Қадірлі жамағат! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай. Ендеше, рақым айы – рамазан құтты болсын! Ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!

3860 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы