• Ақпарат
  • 25 Мамыр, 2017

«ЭКСПО– 2017» көрмесіне барады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен  өткен селекторлық мәжілісте Елордада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі барысында Оңтүстік Қазақстан облысының күндері жоғарғы денгейде ұйымдастырылуы тиіс екенін айтты. 

«Әлем назары ауатын ауқымды шараның көркін қыздыруда оңтүстік өнерпаздары жаңаша бағытта, ешкімді қайталамайтын қазіргі заманға лайық туындыларымен ерекшеленуі керек. Іс-шара жоспары бекітіліп, кешенді дайындық қажет. Ел абыройын асқақтатар тұста қай салада болмасын аянып қалмауға тиістіміз» деді Жансейіт Қансейітұлы. Жиын барысында баяндама жасаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжанов шара аясында Оңтүстік Қазақстан облысынан 610 адамнан құралған 17 шығармашыл ұжым өнерлерін көпшілікке ұсынатынын жеткізді. Оның ішінде жергілікті 22 қолөнер шебері де бар. – Мәдени шара барысында «Қазыналы Оңтүстік» атты қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі, концерттік бағдар­ла­малар, өңірімізде түсірілген анимациялық фильмдер мен көркем фильмдер жұрт ­назарына ұсынылады. Сондай-ақ Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма және орыс драма, қуыршақ, әзіл-сықақ және сатира театрлары мен «Оңтүстік-Цирктің» қойылымдары Астана жұртшылығы мен көрме қонақтарының көзқуанышына айналады, – деді Мәдениет басқармасының басшысы. Оңтүстіктің мәдени күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен кестеге сәйкес өткізілетін болады. Мерекелік концертте Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі, «Қазына» және «Тұмар» би ұжымдары өнер көрсетеді деп күтілуде. Сонымен қатар облыстық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, хоры, жеке солистері, балет труппасы, «Биг-бенд» эстрадалық джаз ансамбльдері көпшілікке өз өнерлерін таныстырмақ. Бұдан бөлек, ЭКСПО қалашығының ­амфитеатрында «Нұрын шашқан – Оңтүстік» атты Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылады. Ал Астанадағы «Қазанат» ипподромында бой көтеретін этноауылда облысымыздың атынан бірнеше киіз үй тігілетін болады. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған 10185 іс-шара өткізіледі. Оның ішінде облыстық басқармалар тарапынан 1361, ал аудан-қалалардан 8800-ге жуық мерекелік шара ұйымдастыру жоспарда бар. Жалпы бүгінде Оңтүстік Қазақстан аймағында туризмді дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Облыс әкімі жуырда бұл мәселеге де назар аударған еді. Ол еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің 80 пайыздан астамы Оңтүстік жерінде орналасқанын айтты. Осы бағытты дамыту үшін үш басымдыққа көңіл бөлінбек. Біріншісі, туристік инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде серпінді жобаларды жүзеге асыру. Олар: Түркістан, Шардара, Сарыағаш, Қасқасу кешендері. Екіншісі, қызмет көрсету сапасын арттыру болса, үшінші басымдық өңірдің туристік әлеуетін насихаттау және жарнамалау. Аймақта «Қасқасу» тау-шаңғы курорты, «Сарыағаш» жаңа курорт қалашығы, Түркістан мен Отырарда тарихи-танымдық туризм кешені, ал Шардарада жағажай туризмі дамытылатын болады. Нәтижесінде, 2021 жылы ішкі туризм көлемін 220 000 адамға және кіру туризмінің көлемін 20 000 адамға арттыру жоспарлануда. Сонымен бірге облыста туризм индустрия­сының дамуына Елбасы ұсынған «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Мәдени-географиялық белдеу» жобаларын жүзеге асыру шаралары үлкен үлес қосқалы отыр. Нақты айтқанда, «Ханқорған», «Сайрам», «Ескі шаһар, Шымкент», «Күлтөбе», «Көне Түркістан», «Оқсыз» арнайы бағыттары ашылған жағдайда көптеген жұмыс орындары ашылып, салық көбейіп, туристік сауда түрлері дамиды.

Нұрбақ ЕДІГЕ Шымкент

7294 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы