• Тарих
  • 16 Маусым, 2010

Бейбіт күнге ештеңе жетпейді

Мен Ұлы Отан соғысына кеткен әкесін көрмей өскен көп перзенттердің бірімін. Әлі күнге дейін осыны ойласам жүрегім сыздайды. Анамның, туысқандарымның айтуымен ғана жүзін елестететін әкемді үнемі сағынамын, ол майданға екінші рет аттанғанда мен іште қалған екенмін. Алайда әкеме байланысты әңгімелерді құныға тыңдап өстім. Біздің бала кезіміздегі жұрттың негізгі әңгімесі соғыс туралы болатын. «Соғысқа бардым» деген адамның бәрінен үлкен балалық сағынышпен: «Менің папамды көрдіңіз бе?» деп сұраушы едім. Әңгімелерді тыңдай отырып, үнемі «Әкем қай жақтан келіп қалар екен?» деп елеңдеп отыратынмын. Қайран менің әкем! 1942 жылдың шілде айы екен. Соғыс салмағына амалсыз көнген жұртшылық бұл кезде елге ауырып немесе жараланып бір солдат оралса, оны қуана қарсы алады және ауыл болып тойлайды екен. Бір күні біреулер Нәжімеден қартқа (бұл кісі менің туған нағашым, атақты ақын Жұмекен Нәжімеденовтің атасы болады): «Дүйсен қарттың үлкен ұлы, Нәжімеден қарттың күйеу баласы, майданға 1941 жылы алынған Зинел өкпесіне суық тигендіктен ақ билет алып, елге оралыпты. Ганюшкинде жүрген көрінеді, көлік болмағандықтан Қошалаққа жете алмай жүр, ажары өте жүдеу» деген хабарды жеткізеді. Ол кезде аудан орталығынан елге пошта таситындар Түсіпқали, Ораз деген азаматтар екен. Нәжекең «Әншейінде көліктерімен күтетін бұлар неге өздерімен бірге ала келмеді екен?!» деп, ренжіп отырғанда үйіне Ораз келе қалыпты. Сонда оған ақсақал: «Менің толып тұрған көлігім бар дейсіңдер ме, сүйінші сұрап, хабарын айтпайсыңдар ма, өңшең бықсыған немелер... Сабыржаным болса – соғыста, Зинел де балам емес пе?!» деп ұрсыпты. Осыдан кейін бір жұмадай уақыттан соң Дүйсеннің немере іні­сі Халел аға Бисенғалиұлы Са­риев өзі жаяулап жүріп, әкемді аты­на мін­гізіп, Нәжекең үйіне жеткізеді. Ке­йіннен Халел ағамыз айтып отыратын, Нәжімеден қарт күйеу бала­сының аман келгеніне қатты қуаныпты: «Міне, туған деген осы ғой. Бәрекелді, Халелжан, қонақ бол, кетпейсің!» деп қой сойып, қол қу­сырып, қонақ қылады. «Ақша жоқ қой, сүйіншіңе мал атадым» депті қуанышында шек болмаған ақсақал. Сол жарқын жанды Халел ағамыз бақилық болғанша мұғалім болып жұмыс жасады, балалары қазір сол ауылда тұрады. Осы Қошалақтан майданға кет­кен адамдардың елге аман орал­ған­дары бар, оралмағандары бар – бәрі де «Боздақтар» кітабының бірінші томында жазылған екен, солардың бірі – айтылып отырған, майданнан ауырып қайтқан солдат – Зинел Дүйсенов менің әкем болатын. Ауылға келген соң әкем тез сауығып, ұжымшардағы бұрынғы есепшілік жұмысына қайта кіреді, жан аямай еңбек етеді. Ақ билет алған солдаттың майдан талабымен жүретін жұмысы мен отбасынан басқа нені ойлауға мұршасы болды дейсің?! Осы жерде әкемнің соғыстан бұрынғы еленген еңбегі туралы да айтқан жөн болмақ. Ол 4 сынып қана оқыған екен, кейін Орал қаласындағы есепшілердің үш айлық курсын бітірген. ТОЗ-да, «Жаңа тұрмыс» ұжымшарында бас есепші болып еңбек етеді. Жұртшылықтың пікіріне қарағанда, әкем өз мамандығын жетік меңгерген аудандағы екі есепшінің бірі болғанға саяды. Бұған мына бір құжат куә болғандай. 1940 жылы КСРО-ның Жер шаруашылығы халық комиссариаты жанындағы қазылар алқасы 1939 жылдың қорытындысы бойынша ұжымшарлардағы есепке алу мен есептеу ісіне және есеп беру науқанына баға берген екен, оған қазылар алқасының төрағасы, комиссариаттағы алқаның мүшесі Чувиков қол қойған, 1941 жылғы 14 қаңтарда берілген (реттік нөмірі 412-03) куәлік менің әкеме де тапсырылған. Онда куәліктің «Гурьев облысының Теңіз ауданында­ғы «Жаңа тұрмыс» ұжымшарының есепшісі, ұжымдық шаруашылық есебі қызметкерлерінің социалистік жарысының озаты Зинел Дүй­сеновке» қазылар алқасының 1940 жылғы 26 қарашадағы қау­лысымен берілгендігі тайға таңба басқандай жазылыпты. Бұл аса қымбат құжатты мен ертеректе, 1980 жылы Алматы­дағы нағашы ағам, атақты ақын Жұмекен Нәжімеденовтің үйінде бол­ғанымда оның кітапханасынан тап­қан едім. Әкем туралы айтатындар үнемі жылы лебіздерін білдіруші еді. Мұса атамыз соғыстан бұрын жыл­қышы болып еңбек еткен. 1953-1954 жылдары менің анам Мүлкима (Мүлік) Нәжімеденқызы Дүйсенова сол кісіге көмекші болды. Бір жыл қысы-жазы бірге отырғанымызда от­басын­дағылардың әңгімесі ылғи да менің әкем мен Меңдіғали атам туралы болатын. Мұса атамыз: «Зинел халыққа жақсы еді ғой, еңбеккүнімізді әділ және дұрыс есептейтін. Ол кезде ұжымшар адамдарға ақша бермейтін, мал, астық, шай, шекер, бидай, жүгері беретін. Міне, осыларды Зинелдің адалдығы арқасында мезгілінде және толық алып отыратынбыз. Зинел жігіттің жайсаңы еді ғой, мінезге бай жігіт болатын», – дейтін. «Күлгенде көзінен жас ағатын», – деп дауысы жіңішке және ащы естілетін атам шиқылдап күліп алушы еді. «Аты өшкір соғыс кімді жалмамады?!» деп ұзақ уһілейтін. Дүйсен атамыз оқымаған, бірақ ақылды, ісіне мығым, ауқатты адам болыпты. Арғы атасы Естай сияқты жылқы малын көп ұстапты, аздаған сиыры да болған, ал қой мен түйені ұстамапты. Жұмысқа арымайтын, қол қызметіне күшті, күрек пен ораққа шаршауды білмейді екен. Анам маған үнемі: «Сенің еңбекқорлығың – әкеңе, шаршамайтындығың атаңа тартқан» дейтін. Дүйсен атам сонымен бірге батыс аймаққа белгілі солақай домбырашы болыпты, оның дарынды шәкірттерінің бірі – құда баласы, айтулы дүлдүл ақын Жұмекен Нәжімеденов. Менің әкемнен басқа балаларының бәрі домбыра тартып, ән салыпты. Әкем мен шешем 1938 жылдың 9 ақпанында отау құрады. Дүйсекең «соңында басқа балалар бар ғой» деп, Зинелге енші беріп, бөлек шығарады. Әкемнің өзінің меншікті төл малы – үйірлі торы айғыры болыпты. Жылқысының ішінде жұртқа «Зинелдің сұр биесі» атанған желгіш, жүрісі өте тыныш жылқысы болған. «Шелек толтырып, сүт алып мінем, жай жүрмей, шауып отырам, сонда сүт төгілмек түгілі, шайқалмайтын да еді», – деп еске алатын марқұм анам. Әке-шешем үйленген жылы сұр бие құлындайды, оған «Бүркіт» деген ат қояды. Анам әкемнің өте балажан бол­ғандығын әңгімелейтін. Үлкен қызы Марусяның әкем екінші рет майданға кеткенде төрт жасқа толуына бір-екі ай қалған екен. «Соңғы аттанары­ның алдында Марусяны кеудесіне мінгізіп алып, ойнататын, көзінен аққан жас құлағына, одан жастыққа суша төгілгенін көрдім, – деді анам Мүлкима. – Үй-ішінде өзін сабырлы ұстайтын, өте жуас еді, маған осы мінезімен қадірлі болып өтті ғой». Әкем аттанарында анама: «Ма­русяның маңдайына шерте көрме. Ішіңдегі екінші бала ұл болса, той-садақаңды жасап жіберерсің. Қыз балам да көп емес, өзім аман оралсам он қызым болса да өзім асыраймын ғой», – депті. Ұлды аңсаумен кетіпті. Сонда мен құрсақтағы бар-жоғы бір жа­рым айдағы бала екенмін. «Кешегі қан майданның қаһар­мандары Бауыржан, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты аға-апалардай болып жетілу, өсу біздің жастарымыздың басты, негізгі мақсаты болсын» демекпін. Мен де әкем сияқты адал­дық пен әділеттілікті әрқашан бірінші орынға қойып келемін және солай бола береді де! Қорыта айтсам: Әрқашан төбемізде күн сөнбегей, Жел тұрып, төбемізге бұлт төнбегей. Сақталып тіршіліктің тыныштығы, Сәбилер озбырлыққа еш көнбегей. Маржан ЗИНЕЛҚЫЗЫ, ардагер ұстаз

3067 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы