• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2009

Дағдарысқа қарсы құрылған шеп

6 қаңтар күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Үкімет пен Ұлттық банктің 2008 жылдың қорытындысы туралы есебін тыңдап, биылғы әлеуметтік- экономикалық жағдайды жақсарту мақсатындағы жоспарларды пысықтады.  Кәрім Мәсімовтің Үкімет басшылығына тағайындалғанына бүрсігүні тура екі жыл болады. Оған премьерлік уақытында әлемдік дағдарыстың дүре соққысына төтеп беруге тура келді. Екінші деңгейлі банктердегі қаржы дағдарысы, тұрғын үй құрылысының тұралауға шақ қалуы, ипотекалық нарықтағы ию-қию проблемалар, үлескерлердің мәселесі – осының бәрі мамандығы экономист-заңгер Мәсімов кабинетінің табандылығын, шешімділігін, бір сөзбен айтқанда, алтын сандықтың үстінде отырған Қазақстан халқын айдың күні аманында кіріптар қылмаудың амалын табатын кризис-менеджер болуын талап етті. Талап етеді де. Өйткені сәл шалт қимылдасаң, қақ маңдайды тасқа ұрғызып, дымыңды құртатын дағдарыс өршеленіп тұр. Осыған қарамастан, өткен 2008 жылдың қорытындысы аса жаман бола қойған жоқ. Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Елбасына мағлұмдауынша, қыр астындағы қалған жылда ІЖӨ 3%-ға өсіпті. Әрине, бұл көрсеткіш бұрнағы жылға қарағанда әлдеқайда төмен. (2007 жылдың қорытындысы бойынша, ІЖӨ көрсеткіші 8,5 % болған) Алайда, көптеген экономистердің пікірінше, бұл Қазақстан экономикасының рецессияға мойынсұнбауға әлі де қауқарлы екендігін білдіреді. Бір ғана мысал, «Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы» айдарының аясында украиналық glavred.info интернет басылымында 29 желтоқсан күні еліміздің дағдарысқа төтеп беру әдіс-амалына оң баға беріліпті: «.... АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстан туындаған тізбекті реакция Қазақстаннан капиталдардың біртіндеп кетуіне, банктік жүйе өтімділігінің азаюына, кредит берудің тоқтатылуы қатеріне (оның ішінде ипотекалық), өндірістің құлдырауына және ұлттық валюта – теңгенің құнсыздануына әкеп соқты. Сол кезде елдің өкіметі банк жүйесінің өтімділігін қолдауға бағытталған бірқатар батыл шараларды қолға алды. Тек 2007 жылғы тамыз-қыркүйек айлары ішінде Ұлттық банк коммерциялық банктерге 18 млрд. доллар бөлді. Артық ресурс алғанына қарамастан банктер кредит беруді бәрібір тоқтатты. Оған жауап ретінде Үкімет ипотекалық кредит берудің пайызын 20 пайыздан 16 пайыз деңгейіне төмендетіп, әкімшілік шектеуді енгізді. Құрылыс саласы құтқарылды, экономика жалпы алғанда оң қарқынды сақтады, ал қаржылық-банктік жүйе 2008 жылғы дағдарыстың жаңа соққысына даярлану үшін уақыт ұтты» деп жазылған аталмыш мақалада. «Сырт көз сыншы» демекші, Қазақстан экономикасының дағдарыстың дауылына қоғадай жапырылып қалмай, керісінше, құралай желіне қол-аяғын бауырына алған киіктің лағындай ширыққанын көршілес елдер де көріп отырғандығының дәлелі бұл. Былтыр Республикалық және жергілікті бюджеттердің кірісі 99,5 пайызға орындалды, ал жоспарланған қаржының тоқсан пайыздайы діттеген мақсатына жұмсалды десе болады. Инфляция деңгейі жыл басында Үкімет уәде еткендей 9,5 пайыздан аспады. Ел экономикасына сырттан жалпы есеппен 3 триллион, 299 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Жыл бойына республикада алты қарқынды жоба – Теміртауда металлпрокат шығаратын зауыт, Қарағандыда кремний зауыты, Ақтөбеде тау-кен байыту комбинаты, Оңтүстік Қазақстан облысында мақта-мата өндірісі, Шығыс Қазақстан облысында тантал өндірісі, Солтүстіктен Батысқа қарай электр желісі іске қосылғандығының арқасында 2 мың жарымдай адамды жаңа жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіншілік туды. Шағын және орта бизнестің дамуына 214 млрд. теңге қаржы құйылды. Үлескерлердің мәселесін шешуге үкімет белсене кірісті. Алайда осынау тындырылған істерге қарамастан Үкімет оқпанын толтырып, сақадай сай отыруы тиіс. Келер күннің не дайындап қояры әлі белгісіз. Биылдан бастап еліміз үш жылдық бюджет жоспарымен жұмыс істейді. Мұның бір артықшылығы – үш жылдық кезеңге арналған экономиканы және әлеуметтік саланы дамытудың басым бағыттарын заңнамалық айқындау жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларға өздерінің бизнестерін барынша ауқымды жоспарлауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының жүзеге асуын ұзақ мерзімді бюджеттік жоспарлау сүрлеуден адастырмайды. 2009-2011 жылдарға арналған қазыналық қордың қомақты бөлігі мемлекеттің әлеумет алдындағы міндетін орындауға жұмсалады. Тарата айтсақ, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен студенттік шәкіртақы, базалық зейнетақы мен жәрдемақы қаңтардың 1-інен 25 пайызға өсірілді, келесі жылы да соншалықты артады. Ал 2010 жылға таман 30 пайыз үстемеленеді. Оған қоса «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы үздіксіз жүргізілетін болады. Отырыс барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Елбасын Ұлттық банкпен, Қаржылық бақылау агенттігімен тізе қосып дайындаған дағдарысқа төтеп беру жоспарымен таныстырды. Бағдарламадағы негізгі міндеттердің қатарында макроэкономикалық көрсеткіштерді мейлінше көтеру, қаржылық секторды қалыпты ұстап, жылжымайтын мүлік нарығындағы баға саясатын мүлт жібермей, түйткілді мәселелерді шешу, шағын және орта бизнеске, ауылшаруашылық өндірісіне, индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық жобаларға мемлекеттік қолдауды күшейту, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселелері қамтылған. Мұны жүзеге асыру үшін Мәсімов үкіметі экономикаға 3 триллион теңгедей қосымша қаржы құю керек деп есептейді. Дағдарысқа қарсы шеп құрған алдағы екі жылдың жоспарымен танысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министрге бірқатар мәселелерді мұқияттады. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, ең қажет, қат мамандыққа оқыту, кәсіби біліктілігін арттыру әр өңірдің өндірістік, экономикалық ерекшелігіне қарай жүзеге асырылуын, өзіміздің еңбек ресурсымызды пайдаланып, заңсыз миграцияға бақылау күшейтілуін, сондай-ақ әлеуметтік жәрдемақы тұрмысы төмен отбасылардың барлығына бірдей төленуін қатаң қадағалауды тапсырды. Ал экономика мәселесінде «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасына қатысушылардың өнімдері экспортқа шығаруға лайық болуын қадағалау және кәсіпкерлікті дамытуға тұсау болатын әкімшілік кедергілерді азайту мәселесін айрықша атады. Елбасының Үкімет назарына нақтылай салған тағы бір тапсырмасы – мемлекеттік органдар немесе ұлттық компаниялар жүргізетін кез-келген мемлекеттік сатып алуға алдымен отандық тауар ілігуі тиіс. Әзірге Үкіметтің болашаққа жоспары жүлгесінде еркін ағып тұр, тек іске келгенде жайдаққа сіңіп кетпесін деп тілейміз. Заманауи ғылым жемісі «Алатау» аясында Дәл сол күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы сыртындағы «Алатау IT Cіty» технопаркінде болып, «Ғылым және инновация–2009» көрмесімен танысты. Үш жыл бұрын ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру мен дамыту бағдарламасы қабылданғалы ғылыми ізденіс пен өндіріс арасындағы «алтын көпірдің» арқауы тартыла бастады. «Ұлттық инновациялық қор» АҚ және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдастыруымен өткен биылғы көрмеге алты аймақтағы технопарк, университеттер мен инновациялық жобаларды қаржыландырушы венчурлық қорлар қатысты, 120-ға жуық ғылыми ізденіс өнімдері көрмеге қойылды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы «Алгоритм» технопаркінің конструкторы Евгений Гоменников тау-кендерін сумен атқылап бұзатын помпалы зеңбіректің ерекше түрін құрастырыпты. Зеңбірек ұңғысынан орасан қысыммен атқылаған судың 30-40 дециметр қалыңдықтағы кез-келген тау жынысын қопарып түсіре алатын мүмкіншілігі бар. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университеті өндіріс қалдықтарын залалсыздандыру лабораториясын ұсынды. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультеті ЖЭС-терде қатты отын түрін плазмалық тұтандыру технологиясын ойлап тапқан. Оңтүстік Қазақстан облыстық технопаркі отандық кәсіпкерлерге фосфор қожынан синтетикалық волластанит өндіру әдісін ұсынбақшы. Биылғы көрмедегі «Қазатомпром» ұлттық компаниясының инноациялық өнімі – өткен жылдың соңында ғана Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытынан шығарыла бастаған жоғары конденсаторлы тантал ұнтағы. Ыстыққа, коррозияға төзімді тантал электроникаға, әскери өндіріске, автомобиль, аэроғарыштық техника, рентген аппаратураларының өндірісіне қолданылады. Көрмені аралап шыққан Нұрсұлтан Назарбаев: – Біз шикізатқа кіндігінен байланған экономикадан құтылып, балама бағыт табуымыз керек. Ол, әрине, бүгін тәнті болған инновациялық технологиялардың арқасында мүмкін болады. Бұрынғы зауыттарды жаңғыртып, іске қосқаннан ештеңе ұтпаймыз. Заманауи, ғылыми ізденістің жемістері керек. Технопарктер құрылысын болашақта кеңейте береміз. Қазақстанда жаңалыққа құмар жас ғалымдар, өнертапқыштар бар екеніне сенемін, – деп оң пікір білдірді. Көрмеден кейін қатысушылар алдында Президент пікірін жеткізген Сауда және индустрия министрі Владимир Школьник: – Бүгінде елімізде инновациялық жобаларды жүзеге асырушы 9 технопарк құрылған. «Алатау IT City» сол технопарктердің көшбасшысы болуы тиіс. Бүгінде парктің дамуына кедергі су, газ, Алматыдан тікелей жол салу сынды 3 негізгі мәселе бар. Бұлардың бәрі 2010 жылға дейін шешіледі. Ал технопаркке дербес электр станциясын салу үшін 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Бұған 1-ші кезектегі 100 МВаттық электр станциясы салынады. Сондай-ақ, жүре байқаған кемшілігіміз – «Еркін экономикалық аймақ туралы» заң жобасына және ҚР Президентінің «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақ туралы» Жарлығына өзгерістер енгізу қажет, – деді. Әділбек ЖАПАҚ

3255 рет

көрсетілді

40

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы