• Ақпарат
  • 13 Шілде, 2017

Әріптестік байланыс нығая түспек

Тілектестік көңіл

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті.Нұрсұлтан Назарбаев Ф.-В.Штайнмайердің Германия Президенті ретінде Қазақстанға алғашқы сапармен келіп отырғанын атап өтіп, оған «ЭКСПО– 2017» көрмесін аралап көруге қызығушылық танытқаны үшін ризашылық білдірді. – Мен Сізді еліңіздің Президенті лауазымына сайлануыңызбен құттықтаудың осындай мүмкіндігі туындағанына қуаныштымын. Сіз дүниежүзіне белгілі әрі көпшілік құрметтейтін саясаткерсіз. Германия халқы өзіңіздей беделді Президентке ие болды. Біз бір-бірімізді көптен бері білеміз. Сізбен ынтымақтастықта болып, жүздесу әрдайым көңіл қуантады. Сіз сыртқы істер министрі лауазымында болған кезде біз ауқымды түрлі мәселелерді талқылаған едік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Германия әлемдегі ең ірі экономикасы бар ел екенін айтып, елдеріміз жақсы әріптес болып отырғанына тоқталды. – Қазір ынтымақтастығымыздың жаңа бағдарламалары бар. Қазақстан осы қарым-қатынастарды барлық бағыттар бойынша дамытуға мүдделі. Сіздің сапарыңыз аясында Іскерлік кеңес өтуде. Елдеріміздің бизнес-құрылымдары арасында 20-ға жуық келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.Германия Федеративтік Республикасының Президенті Ф.-В.Штайнмайер Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін бүкіл Германия делегациясы атынан алғыс айтты. – Сізге қонақжайлық танытып, Германияға және жеке өзіме қатысты айтқан жылы лебізіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Президент ретінде сайланғаннан кейін мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Осы сапарымның өзіндік ерекшелігі де бар. Биыл біздің мемлекеттер арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 25 жыл толып отыр, – деді Ф.-В.Штайнмайер. Германия Президенті екі ел арасындағы ынтымақтастық оң қарқын алып отырғанына назар аударды. – Ширек ғасырда экономикадағы, мәдениеттегі және саясаттағы өзара қарым-қатынасымыз нығайып, тереңдей түсті. Осы іскерлік қатынастардың артқанының бірден-бір көрсеткіші ретінде Германия ұйымдары мен компанияларының «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесіне белсенді түрде атсалысуын айтуға болады. Осы орайда, көрмедегі ­Германия күнінің менің сапарыммен тұспа-тұс келгеніне өте қуаныштымын, – деді ­­­Ф.-В.Штайнмайер. Германия Президенті болашақтың энергетикалық мәселесіне арналған халықаралық көрме тақырыбының өзектілігін де атап өтті.

Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы

Қазіргі кезде ақпараттық дәуірде өмір сүріп отырған әлем елдерінің алдында киберқауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр. Компьютерлік, ақпараттық-желілік соғыстың басты ерекшелігі – онда шекара жоқ. Бірақ оның зардабы көп. Әсіресе мемлекеттік деңгейдегі кибер қауіп-қатер қоғам мүддесіне, ұлттық қауіпсіздікке, елдің тәуелсіздігі мен дербестігіне қатер төндіреді. Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы осы тақырыпқа арналды және оған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев төрағалық етті. Отырыста киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мен терроризмнің алдын алу жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстан Президенті қазіргі кезде цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталып, бұл ретте кибер қауіп-қатерге және ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалануға қарсы тұру қажеттігін атап өтті. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар адам өмірі мен мемлекеттің барлық саласында кездеседі. Сондықтан мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда цифрлық технологияларды дамыту мақсатын қойдым. Оның пайдасы зор, бірақ оны енгізумен бірге кибершабуылдар жасау қаупі де туындайды. Сол себептен Қазақстан оған дайын болуға тиіс» деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысу­шылар назарын еліміздегі және әлемдегі террористік топтардың деструктивті әрекеттерінің салдарына аударып, оларға қарсы тиімді жұмыстар жүргізуді жолға қою қажеттігін айтты. Отырыс соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Нақты тапсырма берді

Елбасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің негізгі мақсаты озық ғылыми-техникалық жетістіктер негізінде Қазақстан әскері үшін қару-жарақ жасау, аэроғарыш қызметін дамыту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету екеніне назар аударды. Б.Атамқұлов Қазақстан Президентін атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен осы саладағы ортамерзімді перспективадағы ­жоспарлар жөнінде хабардар етті. «Министрлік Сіздің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауыңызды жоспарлы түрде іске асырып келеді. Нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Сондай-ақ қорғаныс кешені мен өнімді экспорттау кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту жөнінде жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік қорғаныс тапсырысы әзірленіп, іске асырыла бастады» деді Б.Атамқұлов. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен аэроғарыш қызметін одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Дина Имамбаева

744 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы