• Мәдениет
  • 15 Қаңтар, 2009

«Адамдардың ағаттығына кішкене ғана түзету»

Үмбетбай аға тұратын үйдің балконында өзі айтпақшы «Әр кезде әр жақтан ала келген азды-көпті «жәдігерлер» бар. Онда көз қызығатындай қымбат бағалы бәлендей ештеме жоқ: әншейін майда-шүйде, қоқыр-соқыр».  Ондағы заттарды атап айтсақ, Өзбекстандағы Тамдының қызыл құмы, Оңтүстіктің мақтасы, туған жерінің бір уыс жусаны, тарысы, қасиетті Мекке мен Арыстан бабтан жеткен бұлақ сулары («Төсбұлақ», «Күлән құдық») және тұтынудан қалған кешегі Кеңес қоғамы мен басқа елдердің ақшалары, түрлі-түрлі тастар, тиындар… «Тиындар» дегенде алтыннан, күмістен жасалған ежелгі дәуір ақашалары емес, кәдімгі ұсақ теңгелер. Майда-шүйде, қоқыр-соқыр дегенімізбен, моральдық тұрғыдан оның да өзіне шақ әңгімесі бар екен. ¬– Ұзындық өлшемі жағынан жерге жақындау адаммын. Содан ба, әйтеуір, көзіме түспейтіні жоқ. Көзіме түскеннің бәрін, әрине, көтере бермеймін, көтеретін нәрсені көтеремін. Яғни: жолда кесе-көлденең кесек, темір-терсек, ағаш жатса көтеріп, былайырақ апарып тастаймын. Өйткені, адамдар сүрініп, кәріп болуы мүмкін. Оның арғы жағында обал-сауап деген тағы бар. Сосын, нан, әр түрлі құжат, таныс-бейтаныстардың суреттері, тиын-тебен жатса көтеремін. Өмір бойы емес, орта есеппен отыз-қырық жылдан бері жерден көтерген тиындардың өзі бір кішкене шыны ыдысқа толып, екіншісі басталды. Екеуіндегісі де, негізінен, бір тиын, бес тиын, он тиындықтар, – дейді Үмбетбай аға. Ұсақ теңгелер салынған бірінші ыдыстың сыртына «Адамдардың ағаттығына кішкене ғана түзету» деп жазып қойыпты. Қарт ұстаз мың теңге, жүз доллардың жерде жатпайтындығын, жерде жатса, оларды үлкен-кішілер, сөз жоқ, жерден жымыңдап көтеретінін, ал, майда тиындарды адамдар көрсе де, көрмесе де табандарымен таптап өте шығатынын айтады. Байлықтың елесі кезіп жүрген Қазақстанда расында да, «майда-шүйде» тиындарды тіпті қайыршыларға берсең де алмайды. Көбіміз жерде жатса көтеруге арланамыз. Елдің бәрі жағасын ұстап бізге таңғалатындай сезінеміз. Ал аталық алтын басып иіп, жеткен жетістіктеріне бәлсінбей жердегі тиынды алуға Үмбетбай аға неге ерінбейді? – Мырс-мырс күлкіні, «басына көрінгір, осыған не жетпейді екен» деген сықылды күбір-сыбырды аз естігенім жоқ. Балпылдап кімге не деп жатасың. Ішімдегі сөз: «Әңгімені қойыңдар, мен жерден батыр бабаларымыздың арман-мұратын, тәуелсіз мемлекетіміздің, егемендігіміздің, валютасын, елтаңбасын көтердім!» Ал, «патриот» жастар! Қанша жерден «қасық қанымыз қалғанымызша тәуелсіздігіміз үшін күресеміз» деп ұрандатқанымызбен, «кішкене» шалдың жерден елтаңбаны көтерген ерлігінен әдірам қалайық. ¬– Кім не демейді, ит не жемейді: «Ойбай, құдай, өзін дүниедегі ең әйбат адам ретінде көрсету үшін өзге елдің ақшасына шейін шет елге шығып келгендерден сұрап, қағазға жапсыра Берген да, бұл қу» дейтіндер де табылар. Дей берсін, жаман иіс іші жаман адамдардың үстінен шығады. Отбасымда да оқта-текте: «Жерде жатқан тиынды көтерген жаман ырым көрінеді, осы… сен-ақ қоймайды екенсің» деген сықылды кіржиген мұрын, кіртиген қабақпен де қақтығысып қаламын. Жеңіс әзір менің мінезім жағында, – дейді ол. Сатириктің садағының оғы деп қалмаңыз. Қолынан талай шәкірт түлеткен сақа оқытушы оқушының бәрін сатирамен «сабай» бермейды, оларды жаман әдет, жат қылықтан аулақтап, жақсы мінез-құлық қалыптастыру үшін «Әдеп әлеміне» жетелейді. Былтыр «Ана тілі» баспасынан шыққан сол кітап талай жанның кеуіп қалған кенезесіне нәр тамызған болар. Жақсы әдет жан байлығы екенін жүрегімен сезінетін тиын «жинағыш» ағамыздың тағы бір дағдысы ¬– кітап, газет-журналдардан оқыған әдемі ой орамдарын, бұрын естімеген халықтың қанатты сөздерін мүмкіндігінше жадына сақтауға тырысады екен. Орайы келгенде оларды әр жерде айтқан әңгімелеріне, жазған-сызғандарына қатыстырып, үлкен-кішінің құлағына салып отыратын көрінеді. «Біз дастархан басында сұлу сөйлеуді әбден меңгергенбіз. Ал, өмірде сол айтқандарымыздың бірде бірін орындай алмаймыз. Сөзіміз бен ісіміз алшақ. Бұл бақыт емес – сор» дейтін Дулат Исабековтің сәтті жолдары ұқыпты ұстаздың көп қайталайтын «қанатты» сөзі. – Рас қой, – дейді ағамыз. – Әйтпесе жерде шалқасынан жатқан тиындарды еңкейіп көтеруге неге арланамыз? Онда тұрған не бар? Біреудің есіне келмеген нәрсе біреудің есіне келеді, біреу аңғармағанды біреу аңғарады – онда тұрған не данышпандық бар? Дулат дұрыс айтады – «сөзіміз бен ісіміз алшақ». Аулаларда, қоқыс жәшігінің айналасында жататын басылымдардағы әулие-әмбиелердің, би-патшалардың, батырлардың, бұрынғы-соңғы қоғам, мемлекет қайраткерлерінің, т.б бейнелері де Үмбетбай ағаның көп дүниелерінің ішіне «Көрмейін десем көзім бар» деп жинақталыпты. Әр қайсысының астына тауып алған жері мен уақытын, екі ауыз ой толғамын қоса жазады екен. Соның бірі мынау: 25.10.2005 Достық даңғылы. Аялдама . Жартылай бүктелген сарғыш қағаз. Президентіміздің бейнесі бар. Ал, адамдар оның тұсынан, үстінен олай-бұлай өтіп жатыр! Не боп барамыз! – Патша – Алланың жердегі көлеңкесі. Патшаны құрметтесең – Алланың ұлылығын мойындаумен бірдей. (хадистерден) – Парламент сайлауы кезінде шимайланған, жыртылған, табанмен тапталған қағаздардан аяқ алып жүргісіз. Ол неғылған қағаздар? Ол депутаттыққа кандидаттардың бейнелері басылып, бағдарламалары жазылған қағаздар. Бұндай сорақылықты көбіне балаларға жабамыз. Қате! Бұл тәртіпсіздікте «ашық аспан, мөлдір махаббат, мол бақыт» деп, дастархан басында әлгі ағыл-тегіл тілек айтып, сұлу сөйлейтіндердің де қатысы жоқ емес. Дауыс бермесе бермесін – қоғамның мүшесі, ұлттың, халықтың денесінен шыққан азамат, біреудің жары, балалардың әкесі, анасы – беттерін шимайлап, табанмен таптап қорлайтындай олар не істеп қойыпты? Мәселе қайда жатыр! Айтпайын десем сөзім бар! Осылай «Көрмейін десем көзім бар», «Айтпайын десем сөзім бар» деп «Адамдардың ағаттығына кішкене ғана түзету» жасап жүрген ұлағатты ұстаз, сақа журналист, «жатып атар» сатирик Үмбетбай ағамыздың жақсы әдеті қатардағы қарапайым қазақтан «шенеунік» атанып шекірейіп жүргендердің де ұяты болса бетін ду еткізер-ау! Біләл ҚУАНЫШ Алматы. Достық даңғылымен Көктөбеге қарай бұрылатын көшенің қиылысында жатқан бір тиын ақша олай-бұлай өткен сайын көзімді жейтін. Машиналардың толастаған сәтін пайдаланып, бірнеше рет жерден көтермекке әрекет жасағам, онымнан ештеңе шықпады, асфальтпен асфальт болып қатып қалыпты. Менің көзіме түскен оны бұл бір-екі айда қанша адамның табаны, ерсілі- қарсылы ағылған қанша машинаның доңғалағы таптап өтті. Жерден көтеруге мен ақыры бүгін сәтін түсірдім (20.08.2008ж). қалтамдағы үйдің кілтімен әрең шұқып алдым. Сыры кетсе де, сыны кетпеген. өз бояуы, өз сәулесі!...

3289 рет

көрсетілді

50

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы