• Тіл
  • 15 Қаңтар, 2009

ҚҰСМІЛИЯ

Елде жоқ есімнің иесі Семей қалалық мәденит және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Құсмілия Нұрқасым. Ол кісі өз есімі туралы әңгімесін былайша өрбітті: – Иә, «жаралғанда жабысқан» осы есімді алғаш естіген адам «ой, алла-ай, осындай да ат болады екен-ау!» деп, таңданарына сөз жоқ. Кейбіреулер «өте сирек кездесетін есім екен» десе, «мен өзім де сирек кездесетін экземплярмын» деп қалжыңдайтыным бар. Өз атымның қалай қойылғанын айту үшін біраз шегініс жасауға тура келеді. Әрине, атымды әкем Жырғалы қойған. Жырғалы 1898 жылы қазырғы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында туған. Әкем Тарғыбатайға (жергілікті жұрт Тарбағатайды осылай атайды) аты шыға бастаған жас әнші Құсмілиямен кездесіп, көп қызық дәурендерін бірге өткіз. Әділбектің Құсмілиясы, жас мөлшері менің әкеммен қарайлас болу керек, Үш Құлыстайға жасынан аты мәлім әнші, сол өлкедегі Әсеттен кейінгі белгілі өнерпаз тұлғалардың бірі екен. Әсіресе, оның даңқы «Гауһартас» әнімен шыққан. 1932 жылы қазақ елі жаппай аштан қырылып, бір бөлігі Қытайға қашып жатқанда, менің әкем Жырғалы Кеңес үкіметіне қашып өтеді. Себебі, соның алдында Шәуешекте дүнгендер ұйымдастырған ғазауатқа қатысып, құйрығына қалжуыр байланады. Жалғыз Жырғалы емес, бес жүз үй дүнгене, жүзге тарта қазақ жігіттері, оның ішінде мен білетін бүгінгі жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың әкесі Құдакелді де бар, бүгінгі Бақты кеденінен бері өтеді... Менің шешем Шарипа сұлу сағағынан үзілейін деп отырған ару болыпты. Жырғалының сол бесінші әйелінен 1949 жылы мен туамын. Жастық шақтағы өзі ерекше ұнатқан әнші жігіт Әділбектің Құсмілиясының атын әнші болсын деп маған қояды... Жырғалының бәленбай әйелінен туған түгенбай баласының ішіндегі әншісі – мен. Әділбектің Құсмілиясы 1962 жылы «соңғы көшпен» Қазақстанға өтеді. Бұрынғы Мақаншы ауданының «Жарбұлақ» совхозында шопан болып істейді. Менің әкем бір-екі рет іздеп барады, ол кісі бір рет біздің ауылға келеді. Қазір Мақаншы өңірінде Әділбектің Құсмілиясының ұрпақтары бар. Естуімше, бір қызы әнші, «Гауһартасты» келістіріп салатын көрінеді. Жалпы Сегізсерінің «Гауһартасы» ер адам айтатын ән ғой, тек Бибігүл апамыз жеріне жеткізіп айтқан соң, ешкім ол әнді батылы барып айта бермесе керек. Иә, мен де бұл әнді айтамын, ешкім жоқта, жалғыз өзім, әкемді сағынғанда... Осы әнмен олардың бүкіл ғұмырын елестетемін. «Құсмілия» деген есім мынандай түбірлерден тұрады, олардың мағыналары мынандай деп білгішсінуден аулақпын. Тек бірінші буындағы «құс» сөзі қанаты бар ұшатын құс емес, көне араб тілінде «көркем, сұлу» дегенді білдіретін болу керек. Әзірлеген А.ӘУБӘКІР

4133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы