• Мәдениет
  • 14 Қыркүйек, 2017

Аналар кеңесі – ұлағат мектебі

Алматы облысы Талғар қаласында ақ жаулықты аналардың басқосуы өтті. Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайната, баласын ойната жүріп, еңбектің  бел ортасынан табылатын әйелдердің тындырымды іс-әрекеттері көпке үлгі. Келелі жиынды ұйымдастыруға Қазақстан халқы ­Ассамблеясы жанындағы облыстық аналар кеңесі мұрындық болды. Форумға барлық аудандардың аналар кеңесі мүшелері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, «Әжелер шуағы» ансамблі мен «Жас Отан» жастар қанатының қызметкерлері қатысып, мазмұны терең әңгіме өрбітті.

Аналар кеңесі форумының салтанатты ашылуымен аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы құттықтады. Форум жұмысының модераторы облыс­тық аналар кеңесінің төрайымы Жамал ­Бай­мәдиева күн тәртібінде қаралатын негізгі тақырыптарды тарқата келіп, әйелдердің еңбекқорлығы, ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны жайлы пікір алмасуға шақырды. Түгін тартса майы шығатын Талғар ауданында тіршілік жасап отырған аналардың істері ілгері басып, ел экономикасының өрлеуіне өзіндік үлестерін қосып отырғандығын айрықша атап өтті. Жиында аудандық әйелдер көшбас­шысы мектебінің жетекшісі Нәйля Үмбетованың «Гендерлік саясатты іске асыру бағытындағы әйелдердің бизнесте алар орны» тақыры­бында жасаған баяндамасы көптің қызығу­шы­лығын тудырды. Бұдан кейін аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мәрия Сихымбаева «Достықтың алтын тамыры – халықтар бірлігінде» атты баяндамасын оқыды. Аналар кеңесі қазақстандық патрио­тизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау міндетін мақсат тұтты. Бұл күнде аудан халқының 51 пайызын әйелдер құрайды. Талғар қаласы мен 10 ауылдық округте аналар кеңесі құрылып, 50-ге тарта мүшесі айтылған мәселелер төңірегінде жұмыс жүргізіп келеді. Аудандарда демографиялық өсімге атсалысып отырған алтын құрсақты аналар аз емес. Оған аудан бойынша 66 «Алтын алқа», 225 «Күміс алқа» иегерлерінің бары дәлел. Форум жұмысын қорытындылаған ­Жамал Қасымбекқызы Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті бір Жолдауында: «Қоғамның өркениетті деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді» деп тұжырымдауында үлкен мән жатқандығын жеткізді. Ақ жаулықты аналар басқосуында Талғар аудандық этномәдени бірлестіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Достық блогы» атты театрландырылыған көрініс те форумға қатысушы аналардың көңілін серпілтті.

Ұлбосын ИСАБЕК Талғар

2796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы