• Мәдениет
  • 14 Қыркүйек, 2017

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «ЭКСПО» беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді

Қыркүйектің 10 жұл­дызында «ЭКСПО – 2017» халық­аралық көр­месі салтанатты түрде жабылды. Астана үш ай бойы «Болашақтың энергиясы» ұғымымен тербеліп, Көрме тақырыбына сай тамсандырды. ЭКСПО деп оянып, ЭКСПО деп күн батырған «ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы, көрме жұмысына тікелей қатысқан жауапты органдар өкілдері халықаралық көрнекі шараны ойдағыдай тиянақты ақтады. Әу баста күмәнмен қарағандар сәтті ұйымдастырылған ЭКСПО шараларына еріксіз қол соқты. Солай деу керек. Тоқсан күн бойы дүниежүзілік халықаралық көрмелер тарихына алтын әріппен жазылатын Астана көрмесін тамашалаушылар көп болды. Төрткүл дүниеден 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым Көрме жұмысына қатысып, 4 миллионнан астам адам ЭКСПО қызықтарын, ғылым жетістіктері мен әр халықтың мәдениет-дәстүрін, спорттық шаралар мен өнер жұлдыздарының өнерін тамашалады.

ЭКСПО-ның жабылу салтанатын көруге жиналған халықта есеп жоқ, жаңа қа­лашықта аяқ басар жер қалмағандай әсер берді. Мерекелік отшашулар, энергия көздерінің болмысын білдіретін көріністер, көңілді әуендер архитектуралық соңғы үлгіде салынған әсем ғимараттармен астасып, астаналықтар мен келген қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Тіпті табиғаттың тосын мінез танытып, жел соғып, жаңбыр жаууы да оларға бөгет бола алмады. «ЭКСПО – 2017» көрмесін салта­натты жағдайда Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаев жапты. Ол көрменің табысты өткенін мақтаныш сезіммен атап өтті. «Бұл тәуелсіз Қазақстанның абы­ройын асқақтатқан айрықша жетіс­тік­тердің бірі болды. Бұл көрме ­Қазақ­станның әлемге танылуы мен турис­тер үшін танымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі қонақтарға халқымыздың қонақжайлығын көрсете алдық. Біз болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық» деді Елбасы. Көрмеге 180 мемлекеттен қонақ­тар келгенін, әрбір 6-шы қонақ шетел­дік екенін айта келіп, ол «Қазақ­стан­­­ның «Нұр Әлем» павильо­ны­ның жұрт­шылықты ерекше қызық­тырға­нына тоқталды. «Нұр Әлемге» 1 миллион 300 мың адам келген.

«Дүниежүзі көз тіккен ­ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы ЭКСПО-ны өткізу­дегі Астананың және еліміздің аймақтарының күш-жігерін, көрменің ұйымдастырылуы арқылы ел экономикасында қозғалыс болғанын атап айтты. Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам ­кәсіпо­рын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Әсіресе, көрме туристік салаға ерекше серпін беріп, туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есеге артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есеге өсті. Жаз бойы елордалықтар мен қала қонақтары көрме аясында өткен мәдени және халықаралық шаралардың куәсі болды. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жеткен түрлі мәдениеттің әуені мен нақышы көрменің сәнін келтірді. Әсіресе өңірлерден келген өнерпаздар ұлттық ән-күйден шашу шашып, астана абыройын асқақтатуға барын салды. Көрме өткізілген 3 ай уақытта 33 мың әртіс Астанада өнер көрсетіп, көрмеге 180 елдің меймандары келіп қайтқан. 4,5 мың ерікті еңбек етіп, қонақтар 100 млн фотосурет түсірген. Көрме аумағында 88 ұсыныс жасалып, жас отбасылар жаңа өмір бастаған. Өз кезегінде ғалымдар 153 өнер туындысын таныстырған. Жалпы ЭКСПО аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілген. Әлемдегі беделді саяси ұйымдардың бірі – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті де халықаралық көрмемен тұспа-тұс келді. Көрнекті қайраткерлер жиналған келелі жиында ислам әлеміндегі ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелері талқыланды. Саммит еліміздің Еуразия өңіріндегі қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі оң имиджін нығайта түскенін тағы бір рет мойындатты. Н.Назарбаев ЭКСПО планетамыз­дың интеллектуалды әлеуетін тоғыс­тырғанын, болашақтың энергиясына байланысты 140 ғылыми жаңалық көрсетілгенін, ал Қазақстанның ғылыми ортасына үлкен ықпалын тигізетінін, энергетикалық саясаттың ғаламдық проблемалары ортаға салынып талқыланғанын, ­ЭКСПО еліміздің жасыл технология идеясын дамыту бағытында екенін тағы да дәлелдей түскенін атап көрсетті. «ЭКСПО – 2017» инновациялық дамуымыз үшін мол тәжірибе қалдырды. Көрме инфрақұрылымы, ғимараттар болашақта да пайдаға асып, қызмет ете беретін болады. «Нұр Әлем» мен тағы бірқатар павильондар сақталып, ­ЭКСПО жетістіктерін көрсететін мұражайға айналады. ЭКСПО инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану жоспары жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвес­тиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс. Технология мен инвестицияны дамыту жөнінде құрылатын орталық «жасыл технологияны» ғаламдық деңгейде тұрақты дамытуға ықпал етеді, ал IT- стартап халықаралық технопаркі әлемдік ІТ-кәсіпкерлері мен инвесторларының ісін алға бастыратын алаңға айналады. – ЭКСПО көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтар­дың жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Нұрсұлтан ­Назарбаев. Бұған ешқандай күмән болмақ емес. ЭКСПО қалашығы Астананың ең көрікті аудандарының біріне айналды. Айналасы 2-3 жылдың ішінде ол қанатын жайып, елорда аумағын кеңіте түскен қазіргі заманғы әдемі үйлер мен әсем ғимараттар, саябақтар мен гүлзарлар, ескерткіштер бой түзеген көрнекі орын ретінде баршаның назарын аударды. Елбасы Халықаралық көрме бю­росының басшысына, Көрмені өткізу идеясын қолдаған Қазақстан халқына, оны жүзеге асырған құрылысшылар мен инженерлерге, менеджерлерге, серіктестерге, еріктілерге, Көрмені басқарған компания мен оның басшысы А.Есімовке ризашылығын білдірді. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысып, еңбек етті. Бұл орайда көптеген мемлекеттер мен компаниялар және халықаралық ұйымдар да өз үлестерін қосқанын айта кету керек. Бір сөзбен айтқанда, Астанада өткен ­ЭКСПО халықаралық көрмесіне қол ұшын тигізіп, қолғабыс берген баршаға Елбасы алғысын айтты. Салтанатты шарада сахнадағы алып экрандардан ЭКСПО көрмелерінің тарихы көрсетілді. Онда адамзат баласының жеткен жетістіктері, атап айтқанда, автокөліктен бастап, қолымыздағы смартфондарға дейінгі үздік технологиялардың тарихынан сыр шертілді. Көркем қойылымда күн және жел күшімен бірге, су астындағы балдырлардан да энергия өндірудің технологиясы айшықталған. Сондай-ақ ХХІ ғасырдың креативті жобасы – болашақтың вакуумды пойызының жобасы таныстырылды. Сағатына 1300 шақырыммен жүретін келешек көлігінің жобасының авторы – атақты америкалық өнертапқыш Илон Маск. Қазіргі уақытта оны іске асыру жобасы қолға алынуда. Бұл пойыз болашақта Алматы мен Астана аралығын 45 ­минутта жүріп өтеді. Шарада әр адамның қадамынан, өсімдіктерден өндірілетін энергияның жобалары таныстырылды. Ұйымдастырушылар қойылым арқылы қарапайым гүлдің смартфонды қуаттай алатынын көр­сеткен. Терезедегі гүл үйдің көркіне ай­налып қана қоймай, шаңыраққа жарық бере алады. Экологиялық таза энергиялар қоршаған орта арқылы арнайы қоймаға жиналып, халыққа қызмет етпек. Осыдан кейін бейбіт өмір мен халықтар достығы үшін салтанатқа қатысушылар бір-бірімен қол ұстасып, «Адам қуаты» атты көрініске қатысты. Олардың арасында ЭКСПО-ның жабылу салтанатына келген мемлекет басшылары, халықаралық Көрме бюросының өкілдері, шетелдік өзге қонақтар да болды. Мың жарым адам тізбектеліп энергиялық қуаттың әлеуетін білдіргендей әсерлі сәт болды бұл. Ең соңғы жас ұлан баспалдақпен жоғары өрлеген сайын аяғының асты сәулеленіп, «Нұр Әлем» сферасына қолын тигізгенде алып шар жарқ етіп, жайнап сала берді. Адам бірлігінің қуатынан жер шары нәр алады, жер шары гүлденеді деген символикалық мән әркімнің жүрегіне ұмытылмастай әсер бергені аян. Шардың өн бойы­мен бірдей бейбітшілік құсы – ақ көгершіннің қанат қаққан бейнесі бұл әсерімізді тіпті тереңдете түскендей. Ал Нұрғиса Тілендиевтің көп дауыспен жоғары нотада орындалған «Құстар» әні халықаралық үлкен шарамен қоштасу ғана емес, «ЭКСПО – 2017» көрмесінің Әнұраны тәрізді болып, жиналған қауымды ризашылыққа бөледі. «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Халықаралық көрмелер бюросының туын бюро президенті Стин Кристенсенге салтанатты жағдайда табыстады. Осылай тоқсан күн дүбірлеткен Астана Көрмесі тарих қойнауына кетті. Астана жұртшылығы түннің бір уағына дейін ұмытылмастай әсерге бөлеген көріністер мен қойылымдарды тамашалап, әуелеген ән мен ырғақты би құшағында көрмемен қоштасты.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

3371 рет

көрсетілді

80

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы