• Әдебиет
  • 21 Қыркүйек, 2017

Тоғыз торап

Тоқа! Түсінемін. Өткен ғасырдың бесінші онжылдығында өмірге келгендер өз кезегімізбен алпысты алқымдап алдық. Аз да емес, бұл көп те емес. Жас та емеспіз, қарт та емеспіз. Мұқағали ақын: «Қуанып кейде қаламын, Қуарып кейде қаламын. Жастықтың жықпай жалауын, Отыздан асып барамын» дейді. Отыз және алпыс. Екі есе! Жапон ғалымдарының пайымынша, қазір қарттық сексеннен кейін ғана басталатын көрінеді. Рас болар, жазиралы Жаркенттің күйеу баласы Асанәлі абыз өзінің сексен жылдық мерей­тойында: «Жоспар жетеді, жұмыс та көп, мақсат та айқын. Әрекет тоқтамайды, әлі жаспыз ғой» дегені есте. Сол Жаркенттің төл тумасы аудандық су шаруашылығының бастығы, ескі дос Тоқтарбай Керімқұловтың алпыс жасқа толуына байланысты лебіз білдіру керек екенімді түсінемін. Сенесіз бе, екі айдан асты, жаза алмай қойдым. Жұматай Сабыржанұлы деген от ауызды, орақ тілді әріптес ағамыз кезінде – «Жақсы жаза алмай жүрмін. Нашар жазуға намыстанамын. Сондай дағдарысқа душар болуыма байланысты мені жұмыстан босатуыңызды сұраймын» деп бас­тығына өтініш жазыпты. Ал мен қайт­пекпін? Ақ сөйлегім келетіні анық, көңі­лім де кіршіксіз, ниетім де аппақ таза, бірақ дағдарысыма таңданысым бар. Керегемдегі сағаттың тырсылы, кеудемдегі жүрегімнің дүрсіліне қосылып, «Жаз-дың-ба, жаз-дың-дың» деп тоқтаусыз уақыттың дыбысын еске салғандай болып тұр. Не жазайын? Хат жазсам қайтеді?! Бәрекелді, хатқа бәрі сияды.

Тоқа! Алаштың ардақты ақыны, ­ха­лық­ара­лық Абай сыйлығының тұңғыш иегері Ғалым Жайлыбай сен туралы «Бауыр» деген өлең жазды. Мен сол өлеңді тұтас қалпында есіңе қайта салғанды жөн санадым. Аға таптым, дос таптым, көңілі ерен, Жеті өзеннің қалықтап көгіменен Өмір-өлең екенін ерте ұқтырды, Бесігіңді тербеткен Қоңырөлең. Сендей болса, дүние-ай мұқым қазақ, Бағым ғажап болар ед, құтым ғажап. Жігіттер аз қазақта Тоқтарбайдай, Тоқтарбайдай аз және бүтін қазақ. Сен толғасаң кей кезде сүлейлердей, Қайғы көрмей жүрерміз, үрейге ермей. Дүниесі түп-түгел жан секілді, Су иесі киелі Сүлеймендей. Жан екенсің ары аппақ, таза иманы, Жүрегімде тербеттім нәзирәні, Жаға таптым, жігіттер қамқа тонға, Аға таптым Жаркенттен жазиралы. Тоқа, сен ақылыңмен өзің шыққан биіктіктен ешқашан төмендемеген доссың. Мына фәни жалғанда өзіңдей азаматтар көбірек болса, бәлкім, ­Фариза ақын: Асау ғасыр, іріні үгіп демің, Бара жатса, сөнердей үміттерің Мен тілеймін күңшіл мен өсектерден, Сақтағай деп қазақтың жігіттерін, – деген өлең шумағын жазбас па еді, кім білсін... Біз алпыстағылар мен сол алпыс­ты алқынбай ауыздықтағандармыз. Кеше ғана армандарымыз асыл еді, болашағымызға үмітпен, жан-жағымызға сеніммен қарайтындар едік. Ал бүгін... Өткеніміз – күмән, жетпегіміз – тұман. Ептілер байлыққа кенеліп, тексіздер төрге шықты. Ұяты бар деген азаматтардың өзі көңілжықпастық жолмен жүріп, солардың сорақы ойын тәртібін қабылдауға көшті. Өтірік айту өнерге айналды. Өтірікшінің өтірігіне бәріміз де өтірік сенетін мінез пайда бола бастады. Қоғамдық формацияның ауысуымен бірге ақылымыз да ауысып жатқан мына заманда Тоқа, сен сияқты өзгермейтін көзкөргендер аса қажет болып тұр. Міне, бұл бәлкім, басты торап болуы да мүмкін. Өмір сүрудің бағасын, қадір-қасиетін өзіңдей сезініп білетіндер ғана қазақ деген феноменнің психологиясын ашуға, өмір салтын, философиясын түсінуге қауқарлы. Жаркент өңірінің алдындағы абырой-беделің, үлкенмен де, кішімен де, қасқамен де, басқамен де тіл табысып, араласа білу өнерің осының айқын айғағы. Осы ретте көптен көңілімде жүрген бір сауалым бар. Ол өзің тоқтап ат байлаған тағы бір тамаша торап туралы. «ЖУСАН» достық одақтарыңның осы атауының авторы кім? Жалайыр, ұйғыр, суан, албан, найман руларының бас әріптерінен жасақталған достық клубтарыңда бір дүнген де бар екен ғой. «ЖУСАННЫҢ» авиатурасын түсінген сол дүнген: «Мен қайда қалдым сонда?» деп қайырылғанда: «Саспа, ұлы орыс халқының жазба тәртібіне сүйене қалсаң болды, бәрі өз орнына түсе қалады». Бұдан-былай «ЖУСАН» емес, «ДЖУСАН» болып, сен алдыға шығасың» деп, тапқырлық танытыпсыңдар. Сол рас па? Отбасыларыңмен арқа-жарқа араласып, елді таңғалдырған сендердің осы достық клубтарың менің есіме еліміздегі Халықтар ­Ассамблеясын түсіреді де тұрады. Тоқа, сен құрметтің келерінде – қиын, кетерінде – құйын екенін, ыза – желіп келсе, ашу – ­шауып шығады деген Ескелді бидің өсиеттерін ерте түсініп, түйсініп қана қоймай, оны ешуақытта естен шығармаған, әрі ұмытпай ұстанған замандасымызсың. Осыны барлық қызметтестерің де, қатар жүрген азаматтар да, туған-туыс аралас жегжаттарың да бәрі біледі, әрі түсінеді. Оған сенімдімін. Бұл да сенің бір байланса қайта шайылмайтын торабың іспетті. Сөз түсінетін, сол сөзге тоқтаған қазақ екенімізге нұқсан келетіндей сәттер де болып тұрады. Ондайда өзің сияқты шын сыйластарға қарай тартып кетеміз. Жаркент жайсаңдарының әзіл-қалжыңдарын тыңдап, Әділшайық марқұмның тапқыр танымдарын еске алып, езу тартып, масайрап қала­ты­нымызды қалай айтпайық. Ермек Әбілмәжінұлының жымиып қойып, тереңнен тартар табиғатын, Жанболат Байжанов достың не айтса да, үтір-нүктесін түгел тәптіштеп, ұмытпай түгендейтін мінезін, ағынан жарылған Азаттың аңғарымпаздығын, аузын ашса жүрегі көрінетін Серік Ақсубаев ініміздің ашық әңгімелерін, Төлебай замандастың Зибаш-ау, қасыңның қара қиғашы-ау дейтін ақындығын нағыз фольклор демей көр. Ал Кәрім құданың Жаркентте жуырда жолыққандағы әзілін айтсаңшы. Бақытгүл қызымыздың мейрамханасында қонақ күткен кеш есіңде ме? Жақсы отырдық, арқа-жарқа әңгімелестік, немерелер де мәз-мейрам, біз де жадырап, үйге бірге қайттық. Ертеңгісін ұйқыдан оянып, Кәрім құдамен амандасып жатырмыз. Қалай, Кәреке, туған топырағыңызда жақсы демалдыңыз ба, деймін ғой баяғы, ойда түк жоқ. Кәрім күрсінгендей сыңай танытып, терең демалды да, түнімен ұйықтай алмадым, көзімді жұмсам болды, әбден толған екі рюмка не жеткізбейді, не ұзамайды, алдымда жорғалап жүрді де қойды. Көзімді ашсам болды, ана екеуінен айырыламын да қаламын ғой деп ойлап, бірақ жете алмай, ұстай алмай ұйықтамадым, көзім ілінбей қойды. Кеше сол екеуі болғанда, қатып қалатын едім дегенде бір-ақ түсіндім. Күлем десең өзің біл. Міне, Тоқа, бұл да сенің байыппен байлаған торабыңның бірі болса керек. «Адам баласының миындағы Алланың коды – сөз» дейді Серік Ақсұңқарұлы шайыр. Қазақтың қара сөзді қадірлеп, кепиетінен қорқатыны да бәлкім сондықтан шығар. Сенің танысып қалғандарыңмен табысып кететінің тегін емес. Ол екінің бірінің қолынан келмейді. Не нәрсенің де төркінін түсініп, тарихына үңіліп, таныммен таразылай алатын қабілетің кез келген мінберге шыға қалсаң, кез келген аудиторияны тыңдатар шешендігің, ел-жұртыңның алдында жүйрік атқа мінген көсемдігің, той-томалақта Дәнеш әнін тамылжыта шырқайтының, отбасыңда хан көтерген кішкентай Ханкелді бастаған немерелеріңе ардақты ата, балаларыңа қамқор әке, жарыңа сенімді сүйеу бола білер қарымың, ең бастысы қарапайымдылығың Тоқтарбайдың тұрлаулы – тұрақты торабы деп аталары даусыз. Қашанда жүйесін табар жүйелі сөзіңе әбден риза болған бір сәтте журналистикаға келсең, бізді жұмыссыз қалдырар ма едің деп, түсінгенімді жасыра алмап едім. Ал Жәкең, Жанболат тартылған табақтағы етті сен асықпай жапырақтап, біркелкі, бір ет, бір май етіп әдемі турай бастасаң болды, мамандығы ғой деп, білім алған кәсібіңнің зоотехник екенін еске ­салып, күліп, күлдіріп отырады. ­Партия, совет қызметтерінде де, сен тура сол өзің ет тураған өткір пышақтай болғаның көпке мәлім. Есіңде ме, Жанболат Байжанов екеуміз де сондай бір тойдың идеологиясы мен мәдени шараларының бір шетінде жүрдік. Азат Машуров марқұм кеңшар басшысы, сен сондағы партия ұйымының жетекшісісің, шаруашылықтың 60 жылдығын атап өткенде, колхозшылардың да, жан-жақтан тойға келген меймандардың да, аудан, облыс қала берді респуб­лика басшылығының да көңілінен шыққан сауапты да, жауапты іс-әркеттеріңді көзімізбен көрдік, жас парторгтың іс-қимылына түйсіндік, сүйсіндік. Одан кейін өзің кеңшар басқардың. Ешкімді жерге қаратқан жоқсың. Қорыққа да қамқоршы болдың, ешкім ренжіген жоқ. ­Аудан әкімдігінің аппарат басшысы қызметін атқардың. Үш-төрт жыл бұрын өңірдің су шаруашылығының тізгіні қолға тиіп еді, «Су патшасы – Сүлеймен», атандың да кеттің. Еу­ропада испандықтардан барып үйренгеніңді, шекараның арғы бетіндегі көршілеріңмен су бөліс­кеніңді, асау Өсек аңғарын бағындырып, су үнемдеп, аудан бойын­ша оны пайдалануды тәртіпке салуды жолға қойғаныңды қазіргі әріпестерің жыр қылып айтып жүр. Қай жерге қызметке барсаң да, жұмысты жандандырып жіберетініңді білетін кәсіпкер Серік ініміз: «Әттең, бос аудан болмай тұр. Әйтпесе Тоқтарбай әбден піскен дайын әкім» деп әзілдесе де, билікке наз айтса да, шындықтың жүзін жарқыратып тұрған жоқ па?! Міне, осының бәрі кеше ел басқарған марқасқалардың өмір тәжірибесінен, дала академиясының даусыз сабақтарынан алған дәрістің нәтижесі екеніне сенімдімін. ­Молдахан Сағынбаевтың жастық жалыны мен комсомолдық нұсқауы, өзіңді «комиссар» деп еркелете атаған Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Никитич Головацкийдің, аудан басшысы болған Әділшайық Ыбырайымолдаев пен кеңшар төрағалары Сүлеймен Көшкіновтің, Азат Машуров пен ­Ыбырайымжан Қожахметовтың, Асылмұрат Тұрғанбеков, Ғалым Тұрғанбаев пен Шаймұрат Келдібековтің өмір мектептерінен өтіп, ақ баталарын алғандығыңның нәтижелі жемісі ­десем келісетініңді білемін, Тоқа. Тоғыз тораптың Тоқаңды байлаған төбе ­торабы бәлкім осы болар. Бірді айтып бірге кетті деме, ендігі айтарым еркін ойдың қайырмасы деп ұқ. Менің мінезіме ­байланысты болса керек, бірде сен неден, кімнен сескенесің деп сұрадың. О жолы күлістік те қойдық. Бүгін соның жауабын тыңда. Баяғыда бір білімді ұстаз: «Мен шын достарымнан қаймығамын» депті. Өйткені олардың ары таза. Сол тазалыққа дақ түсіріп аламын ба деп қорқамын деген екен. Сендей досым барына шүкір айтып, мен де осы ұстаздың тұжырымының соңына қолымды қоямын. Тәуелсіздік ұғымы кең ғой. Соны адами тұрғыдан алайықшы. Сол мағынадан қарағанда қазір шын достыққа тәуелдімін, сен сияқты адал замандастарыма тәуелді болғым келеді. Тап-таза арларына дақ түсіріп алмас үшін тәуелді болғым келеді. Тоқа, тағы бір тоқтаған торабың болсын, алпыстың биігінен қарап тұрып, жауабы беймәлім, осы қарапайым сұрақтарыма зер салып, үңіліп көрші және бұл ашық хаттағы сауалдарға жауап қайтару міндет емес, тек қаперіңде болсын. Мен білсем, бұл мерейтой тек Тоқтарбайдың ғана тойы емес, ел-жұрттың, жазиралы Жаркенттің тойы. Ендеше, бәріміз бай-қуатты болайық!

Нұр тілеумен Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі АЛМАТЫ

2483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы