- Әдебиет
- 21 Қыркүйек, 2017
Қызғаныш оты сөнгенде...
Ғарифолла Есім, академик, жазушы
Ойлаймын, жазушы Дүкенбай Досжан туралы жүрекжарды сөздер енді айтыла бастар. Ол бақи ғұмырға аттанды. Адам тірі жүргенде жақсы, жылы, инабатты сөз айтуға қимайтынымыз бар емес пе? Оны қысқаша пенделік деп атаймыз. Пенделік жалған ғұмыр санасы. Өлім мәңгілік санасы. Дүниеден өткен адам қайтып келмейді, ол жалған сөзін қабылдамайды. Енді қаламгер туралы айтсақ, өзіміздің санамызға күзетші боп айтпақпыз. Мүмкіндігінше әділ сөздер айтылмақ. Қаламгерлер арасында өршіп тұратын қызғаныш оты сөне бастаған шығар. Дүкенбай туралы ниетімізді білдірейін.
*** Дүкенбай қаламгер ретінде нені нысанаға алып жазса да, өзіне тән стильдік мәнерінен бір жаңылмайды. Бұл шын таланттар үшін заңдылық, мысалы, телегей-теңіз көркем туындылар қалдырған Бальзактың кез келген шығармасын оқысаң да одан Бальзакты бірден танисың, сол сияқты жазушының қай шығармасында болмасын Дүкенбай «менмұндалап» тұрады. Олай болса, оның басты-басты қаламгерлік қасиеттері не деген сұраққа жауап іздесек, мен мынандай жайларды атап өткенді жөн көремін. Дүкенбай Досжан жүре-жүре жазушы болмаған, ол жазушылық қасиетін тумысынан ала келген. Сол Жаратушыдан келген қасиетті бүгінде ол жайып салып отыр. Жазушылық төл, тума қасиет болса, ол жарыққа шығып, көрінбей қалуы екі талай іс. «Жазмыштың жазуы» деген өмірбаянында өзі айтқандай бозбала Дүкенбай бойындағы қасиетіне өріс болатын жағдайға тап болды, елде қалмай халқымыздың рухани астанасы Алматыға келді. Мұнда өзі сияқты екі өкпелерін қолға алып, жазушы болам деп келгендер Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, т.б. жүр. Өткен өмірге өкпе артуға болмас, оның үстіне елуінші жылдар қолына қалам ұстағандарға шабыт беретін мезгіл еді. Осы кезде жастар қауырт білім мен өнерге араласа бастады. Елуінші жылдар «Хрущев жылымығы», яғни алпысыншы жылдарға ұласты. Бұл кездерде ақын, жазушыларға қоғамнан сұраныс туып, халыққа тың шығармалар қажет болды, сол рухани қажеттілікке Дүкенбай Досжан өнері де дөп келді, бәлкім сонсын да болар, ол өндіріп жазды. Дүкенбай қаламы жүйрік жазушы, бірақ ол заманда жазушыны өлшеп-пішіп қоятын – социалистік реализм тәсілі болатын. Ал Дүкенбайдың болса, аяқ-сирағы социалистік реализмнен асып шығып жататын. Ол көркем шығарма шындықтың көшірмесі деп қарамаған. Шындықты қаз-қалпына түсіру үшін жазушының қажеті шамалы, ол ғылымның ісі. Шындықты тұп-тура айтып беретін немесе айтқысы келетін психологтар мен социологтар, тіптен тарихшылар бар. Жазушы айтқысы келген шындық пен өмір шындығы сәйкес келе бермейді, себебі жазушы болмыстың көркем әлемін бейнелей отырып жасайды, ал нақтылы өмір шындығы ол өткінші, ол тұрмыстық шындық. Жазушы өмірдің көркем шындығын жасаушы. Міне, осы тұста жазушылықтың шын құпиясы ашылмақ. Тұрмыстық шындықты жазуға машықтанып та жазушы атануға болады және ондайлар әдетте көптеу болады, әрі олар шулылау, айғайшылдау және дөрекілеу келеді. Күнделікті тұрмыстан шаршаған адам енді көркем шындықта өмір сүргісі келеді, міне, осы кезде нағыз әдебиет керек, нағыз жазушы керек, сондай қаламгер еді – Дүкенбай Досжан. *** Жазушының көп жазуы немесе аз жазуы да мәселе. Әдетте тым көп жазғандарды графоман деп айтып жатады. Ол нағыз әдебиеттің көлеңкесіне жататын рухани жұтаң көрініс. Графомандар не болса соны жаза беретіндер, шимайшылар. Ондай «өнерді» уақыт қабылдамайды. Ал шынымен көп жазатын нағыз жазушылар да болған, әлі де бар, соның ішінде мысалға Мұхтар Әуезовті алсақ жеткілікті. Қазір оның елу томдық толық шығармалар жинағы жарыққа шығып жатыр. Мұны қалайша түсіндіреміз, менің ойымша, мұндай қаламгерлер өздерін тек жазушылыққа ғана арнаған майталмандар, олардың жазушылық кәсіби деңгейлері кең әрі биік болады. Сөз өнері – құдіретті. Сол құдіреттің құлы болып қызмет ететін, осындай қаламгерлерге адамзат бас иеді. Француз жазушысы Бальзак заманында, Наполеон әлемді қылышпен жауласа, мен қаламмен «жаулап» алам деп биік мақсат қойған екен, сонысы орындалды. Мұхтар Әуезов те әлемге қаламымен танылды, ерінбей-жалықпай, күн-түн демей шығармашылық толғаныста болды, сөйтіп, әлемді өзіне қаратты, өзін құндылық ретінде бағалайтындай еңбек етті. Осы ұстаздарындай үнемі шығармашылық толғаныста жүріп, өзін ұмыттырмай, жиі-жиі сан алуан тақырыпқа көптеген шығармалар жазып жүрген, көп жазатын, көп жазса да, жұртты өзінің шығармалары арқылы ізгілік ниетке шақырушы қаламгер еді – Дүкенбай Досжан. *** Дүкенбай тарихтың насихатшысы, оның нысанасы – Ұлттық Намыс. Осы идея оны қилы-қилы тарихи тақырыптарға өзек етті. Ол істері сәтті болды. «Құм жұтқан қалалар» (1967), «Құмда қалған кемелер» (1987) үшін М.Әуезов сыйлығын алды, «Құм кітабы» (1996) – Мемлекеттік сыйлық алған, одан өзге «Жібек жолы», «Абай айнасы», т.б. шығармалары бар. Тарихи тақырыпқа Дүкенбайдың қатарластарынан бармағандары жоқтың қасы. Оның мәдени-тарихи себебі болатын. Кеңестік заманда тарих идеология құралына айналып кеткенде, тарих беттерін ақтара бастаған қаламгер болды. Бұл істе Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, т.б. іргелі қаламгерлер бой көрсетті. Осы қатардан Дүкенбай да өз орнын тапты. Әдебиеттің тарихпен айналысуы ежелден бар дәстүр, себебі тарихшылар болған істерді саралап бергенімен, жеке адамның жан қиналысы, оның қуанышы мен қайғысы жазылмайды. Тарихтағы болған оқиғалардың психологиялық болмысы жазушылардың үлесіндегі іс. Осы міндетті Дүкен айта қаларлықтай орындап келді. Тарихи сана – негізінде халқымыздың ел болуға деген ниетінен көрінбек, бірақ тақырыбы тарих болғанымен, жазушы бәрібір көркем шығарма жазуға міндетті, осы биік мұратты атқаруда шеберлік танытқан қаламгер еді – Дүкенбай Досжан. *** Жазушыға өзі өмір сүріп отырған заманды бейнелеуден ауыр іс жоқ. Бүгінгі күн тарихқа өтпей не демексің. Оның тарихқа айналуын тоссаң, өмір үрдісінен қалып қоймақсың. Өмірді дәл, сол күйінде бейнелесең, оның ертеңгісі туралы не айтпақсың. Мәселе, сонда, жазушы бүгінгі күнді баяндай отыра, оның ертеңгісін айта алуында. «Ине ұшындағы өмір» деп аталатын хикая бүгінгі өмірге арналған. Басты кейіпкер осы заманның бел баласы, оқуға зерек, шет елден оқыған, тәп-тәуір қызметте, мұның бар жетістігін өмірлерінің мәніне айналдырған әке-шешесі бар. Тек өмір сүру керек. Алайда сол, құрғыр өмір тоқтағалы, шам сөнгелі, үміт түнекке айналғалы тұр. Өркениетті деп аталатын мәдени-тарихи заман ағысымен келген дерт Айбарға кесел болып жабысты, оны енді уысынан шығарар емес. Автор хикаяны «Ине ұшындағы өмір» деп турасынан қойған, себебі дерт ине ұшымен келіп отыр. Инемен енген дерт өмірдің мәнін жойды. Айбарды шешімі жоқ іске салды, ол түпсіз тереңге түсті, енді одан шығу жоқ. Адамның экзиценциясы туралы француздардың мен білетін Жан Поль Сартр, Альбер Камю сияқты қаламгерлері адамды айдаладағы қораға қамап тастап, онымен бірге қайғырып, міне, өмір дегеніміз осы деген сияқты философия ұсынушы еді. Олар адамның бұл өмірге бөгделігін алға тарта беретін. Дүкенбай шығармасында бөгделіктің физикалық халы, яғни жұқпалы дертке қатысты жағы баяндалған, себебі қазақ қоғамында адамның өмірге бөгделігін айту құнарлы тақырып емес, ұлттық дүниетаным да «жалған ғұмыр» деген ұғым көбірек әсерлі. Бұл жерде ғұмырдың жалғандығы да сөз болмаған, мәселе адамның тағдырдың қорасына қамалуында. Тағдыр ешқайда ерік бермейтін Айбар үшін түрме болды, одан қашып шығудың бір-ақ жолы бар, ол өз өмірін өзі қиюы керек. Түрме-тағдырдан қашып шығудың жалғыз жолы осы. Автор бұл халды былай суреттейді: «Қала орталығындағы аядай екі бөлмелі пәтеріне баяғы Айбар емес, құр сүлдер енді. Есігін ашып сүлесоқ қана орындыққа отырды. Балбал тасқа айналып қанша ошарылғаны жадында жоқ. Есік жанындағы көк телефон дамылсыз безілдейді. Телефон құлағына қол созбады. Тағы ызыңдады. Ұйқысынан шошып оянған кісіге ұқсап ытырыла түрегеліп, бара сап телефон сымын жұлып алды, екінші ұшы қабырғадан босамап еді. Аяғымен басып тұрып шіреніп қап, бырт үзді. Жалма-жан орындықты аспалы шамның астына туралап қойды. Орындыққа шығып, әлгі сымның бір ұшын аспалы шамның ілгегіне мықтап байлады, келесі ұшын дұзақ қып иіп мойнына салды. Ойланып жатпастан оң аяғымен астындағы орындықты қағып жіберді. Жанарының оты жарқ еткендей сезіліп, дүние төңкерілгеннен төңкеріліп, асылып қалды» (Дүкенбай Досжан. Үш тағдыр. Алматы «Қасиет», 2005. 226 б.) Жазушы СПИД деп аталатын жұқпалы ауруға душар болған адамның психикасын шебер суреттеген, кей-кейде тіптен ол маман дәрігерге ұқсап кетеді. Осы мәселені жете жазу үшін, оның көп ізденгені білініп тұр. Кейбір жерлерде осы дерттің анатомиясын жазушының толық бейнелегенінен жан түршігеді. Ойлаймын, бұл шығарманы ВИЧ қаупінен сақтандыру мақсатында, әсіресе жастарға арнайы оқытса деген тілегімді де қоса айтқым келеді. Жазушы былай дейді: «Иммуножетіспеушілік вирусы әлемдік гармонияға қайшы әрекеттен жанартау секілді жаңадан туған, адамзатты жоюға ұмтылған ұлы әміршінің сұсты назары» (Ол да сонда, 225 б.). Мүмкін, мүмкін бұл адамзаттың шеттен тыс жайылған нәпсісінің өтеуіне жіберілген жаза да болар, бәлкім. Емі жоқ дерт туралы осылай айтпағанда не деуге болады. Маған хикаяның эпилогі әсерлі көрінді. Айбар «Болашақ» бағдарламасымен Кембридж университетін тәмамдап елге оралған – маман, оның сүйген адамы Жансая. Ару қыз білімді, белгілі отбасының перзенті. Осы аяулы бойжеткен Айбардың дертке ұшырауына себепші болған, мүмкін оны қасақана ұйымдастырған Жұма дегенге тұрмысқа шығады. Мұның сырын жазушы ашпаған, бірақ оқырманға ой тастаған. Әлемдегі пәктік, тазалық және оған қоса дерт дегендер не? Өмірдегі сау адам кім? Айықпас дерттен жанын қиған Айбар ма, әлде жымысқы Жұмамен тұрмыс құрып отырған Жансая ма? Бұл жалған тіршіліктің тиянағы неде? Міне, осы сауалдарды заманымызға қарата айтып, оны баяндап әрі сұраққа айналдырып отырған қаламгер еді – Дүкенбай Досжан. *** «Пайғамбардың өлімі» деп аталатын хикаясы – философиялық шығарма. Өлім деген тірі адамға түсініксіз жаратылыс құпиясы. Ал пайғамбар өлімі, тіптен ауыр мәселе. Бұл шығармада басты кейіпкер өз заманындағы Мырқы мырза. Ол хикая барысында неше түрлі әлеуметтік түрлі түске еніп отырады. Жазушы уақыт дегенді алып тастап, адамды отқа да, суға да салып көреді. Уақытты секіртіп отыру дәстүрін америкалық қаламгер Уильям Фолкнерден кездестіріп ем. Осы тәсілді жазушы шебер қолданған. Бар мәселе адамның күнәсінда. Ол жөнінде Дүкенбай Досжан мынандай уәж айтады: «Тіфә-тіфә! Тіл-аузым тасқа! Қапелімде не ойлап кеттім осы? Жалғанда жұмыр басты, екі аяқты пендені күнәһар ететін ойы мен қиялы білем. Күнәлі іске әуелі ой бастайды. Жасасам қайтеді?.. Нем кетеді?.. Ешкім біліп болжамайды!.. деумен кісінің әуелі ниеті бұзылады, ойы арамданады. Ойы бұзылған кісі дүниеде айнығыш, айнып жүріп шалыс басады, күпірлік қылады, күнәға батады. Қарап отырып қиялдап кетіп, Алла тағала мен момындар арасын алалаған, ажыратқан маңдайдағы қос жанар дей жаздағанымды қарашы!» (Ол да сонда, 101 б.). Мырқы белгілі бір уақыт ішінде өмір сүрген кейіпкер емес, ол Сервантестің Дон-Кихоты сияқты идея-кейіпкер. Оның ғұмыры екі ғасырға созылып жатыр. Ол басында бетіне жан келмеген, жел тимеген жақсы кісі, Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздік алғанда, елде нарықтық қатынастар үрдісі өршігенде, жұрдай боп тоналып, далада қаңғып қалады. Енді ол мүсәпір – Мырқы, сонда да арманы бар, ол Меккеге қажылыққа бару. Ол адам ретінде өзінің қай заманда өмір сүргенін де білмейді, істі болғанда одан судья: « – Жасыңыз нешеде? – деп сұрады, – сөзіңізге, ісіңізге, мінезіңізге қараса өте көп жасаған адам секілдісіз, ал түріңіз алпысты алқымдаған. – Шырағым, өзім де солай ойлаймын. Баз бірде жатып алып қиялдап кетсем 19 ғасырда өмір сүрген адам секілдімін, баяғы жазушы Әуезов жазған Құнанбай қажы, Алшынбай би, Шөже ақын, Ботов көпесті көріп-біліп, солармен кәдімгідей айтысып-тартысып, тіресіп өткен байбатша боламын. Ал осынау жүрісіме, тұрмысыма ой жүгіртсем 21 ғасырдың кілең беті жылтыр, бөксесі шымыр салдақыларын төңіректеп сасай теке секілді әл-дәрменін алдырған мүсәпір мүскін сорлымын. Осы жағдайды өзім де түкпірлеп түсіне бермеймін; білгіш тәуіпке, тамыршы көріпкелге көрінсем-ақ деймін...» (ол да сонда, 140 б.) Жағдай түсініксіз. Иә, бұл өмірде түсінікті не бар? Өмір түсінікті дейтіндер өмір туралы ойлана қоймайтын Абай айтқан қайғысыз асаулар. Байқап қарасақ, мына қат-қабат дүние Мырқының түсінігіне сияр емес, оның бар мүмкіндігі тек тірі болу. Мырқы тірі өлік, бірақ жазушының баян еткісі келген жай ол емес. Мәселе пайғамбардың өлімінде. Пайғамбар ол да адам, оның өлімі түсінікті, өзекті жанға бір өлім – деген Тағдыр жазуы баршаға ортақ. Жазушы мәселені тереңдетіп адамдардың бір-біріне ниеттері бұзылса, пайғамбардың рухы өлмек дейді. Онда жағдай ауырлап, ақырзаман нышаны көрінбек, сондықтан жарық дүниеге келген жанның жыламағаны керек. Ол қиынның қиыны. Адамзаттың алпарысып шеше алмай келе жатқан ісі. Бүгінде қауіп бары анық, ол жазушы айтқандай, адамдар пайғамбардың рухын өлтіріп алмаулары керек, сол үшін ізгіліктің үстем болуы, қараңғы үйдегі шамның жарығы сияқты қажеттілік. Ол үшін не істемекпіз деп, оқырманға жазушы сұрау салған. Күнәһар болудан сақтану қажет. Мәселе – күнәда. Иә, солай да шығар. Мен күнә деген мәселеге келгенде, оны күнә және кінә деп ажыратам. Күнә Жаратушы алдындағы – айып болса, кінә адамдарға жасалатын қиянат. Әрине, адамға қиянат жасау да күнәға бастайтын әрекет. Алайда адамдар Алласына құлшылық етпестен бұрын, алдымен адамдарға адал болғаны жөн. Меккеге барып Мырқы сияқты күнәдан арылу қажет пе, әлде сол Меккеге жеткенге дейін адамдарға жақсылық жасау қажет пе екен? Кім білсін, мүмкін Меккеге барып, қажы атанғаннан дұрыс болар бәлкім, бірақ өмір ағысына қарамай мейлінше ар мен ұятты сақтау одан да биік іс пе деп ойлаймын, жазушымен бірге, себебі осы ой хикая өрісінен аңғарылып қалады. Жазушы пайғамбардың өлімі туралы былай дейді: «Жер бетінде жақсы адамдар таусылған күні, адамдар бір-біріне жақсылық жасаудан, бір-біріне қол ұшын беруден, жүрек жылуын бөлісуден әбден жалығып туа жат бола бастаған кезде пайғамбар ғалейкіссаламның рухы өледі дейді. Қасиетті кітапта осылай жазылған» (Ол да сонда, 157 б.). Хикаяны да осы ойға құрған – жазушылығын ойшылдықпен құнарландырған қаламгер еді – Дүкенбай Досжан. *** Сөз соңында айтарым: Алғашқы шығармасынан бүгінге дейін қаламгер Дүкенбай Досжанның тыныш таппай, үнемі ізденіс, толғаныс үстінде келе жатқан бір кейіпкері бар, ол жазушының нақ өзі. Жазушы не туралы жазбасын, ол өзін-өзі жазумен болады. Бірақ жалғанның шамы сөнді. Ол мәңгілікке аттанып кетті. Соңынан мол мұра қалдырды. Дүкенбай айтты деген сөздер қалды. Әр жағдайға байланысты көрінген қылық, мінездері тірілер есінде сақталды. Дүкенбай жазушылық өнерге адал еді. Ол туғызған көркем шындық игілік, ізгілікке толы, Дүкенбай Досжан осындай қадірлі замандасымыз еді. Иманы жолдас болсын!
2092 рет
көрсетілді2
пікір