• Руханият
  • 08 Шілде, 2010

Орыс патшасы «Хан Шатырда» қазақша сөйледі

Қазақ тілінің мәселесіне келгенде көп адам қабырғасы қайыса сөйлеп, қабағы қатуланып, қайғы жұтып, тілінің уытын батырып жатады. Тілімен орақ орып, былай шыға бере орысша сайрап бара жататындарды да көреміз. Биік мінберден туған тіл деп аттандап, немересімен өзге тілде шүлдірлесетін ақсақалдар да бар. «Тіл құрыса – ұлт құриды, жойылады» деп ашық күнде айқайға басатындар да жеткілікті. Қысқасы, қазір қазақ тілі ерінбегеннің ермегі, қолы қышығанның тақырыбы болғаны анық.

Сөз жоқ, ұлтының келешегін ойлайтын әрбір азамат қазақ тілінің ертеңіне елеңдейді. Болашағын бағдарлайды. Туған тілдің төбесіне бұлт төнбегенін қалайды. Қазақ жерін мекен еткен ұлт пен ұлыстың осы тіл арқылы қарым-қатынас жасағанын қалайды. Бірақ олар бір күнде, аяқастынан ештеңенің орнай қалмайтынын көп жағдайда қаперден шығарып алып жата­ды. Айналып келгенде, таяқтың ұшы мемлекет жүргізіп отырған саясатқа тиеді. Сөз тигеннің бәрі мемлекетті кінәлайтын, оған өкпе артатын болып алды. Расында, мемлекет саусақ қимылдатпай отыр ма? Жә, мемлекет атқарып отырған, оның бастамасымен дүниеге келген игі істерді санамаласақ, аламанға шабарымыз хақ. Тізгінді тарта тұрайық.

Жақында Еркін Рақышев атты режис­сердің «Мәңгілік өмір сүргің келсе...» деген фильмі жарық көрді.

Туындының мазмұны мынадай: бір дәрігер-лаборант мәңгілік өмір сүргізетін дәрі ойлап табады. Әлемнің бүкіл ғалымы оны мойындайды. Содан сатылымға шығарылады. Бірақ дәрі сатып алушыға қойылатын бір талап бар. Ол – қазақ тілін білуі міндетті. Қазақ тілін білмесе, дәрі сатылмайды, қартаяды. Сөйтіп, бүкіл әлем қазақ тілінде сайрайды. Африка мен Азияның, Америка мен Ұлыбританияның адамдары қазақша айтысқа шығады. Тіпті Барак Обаманың өзі Америкада қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғанын мәлім етеді. Сайып келгенде, мұның бәрі әлгі лаборанттың түсі болып шығады. Идея жақсы. Дегенмен мына өмірде болмайтын жағдай. Тек түстің шеңберіндегі қиял. Ал шын өмірде әлдебір елдің президенті қазақша сөйлепті дегенді естідіңіз бе? Естімесеңіз, айтайық. Кешегі Астананың тойында, «Хан Шатыр» ойын-сауық кешенінің ашылу салтанатына арналған дастарқан басында Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев таза қазақ тілінде құттықтау жолдады.

– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді мерекеңізбен құт­тықтаймын. Сізге зор денсаулық, үлкен бақыт, қызметіңізге мол табыс тілеймін. Отбасыңыз аман болсын, Қазақстанға ұзақ жылдар басшылық жасай беріңіз.

Ормандай орыстың, қос басты бүркіт сипатындағы алып мемлекеттің қазаққа қалай бұрылғанын қараңыз?! Патшасы қазақ тілінде сөйледі. Бұл – кешегі біз боданында болған мемлекеттің қазаққа, Қазақ мемлеке­тіне, қазақтың тіліне, ұлт көшбасшысына деген құрметі, ілтипаты. Арқардың алшы түсер асығындай болған Медведевтің бұл бастамасы – шала қазаққа да, бала қазаққа да, дана қазақ­қа да үлгі боларлық іс. Әрі-беріден соң осы мемлекетті мекендейтін Дмитрий Анатолийұлының қандастарына да сабақ боларлық үлгі.

Қалай десек те, орыс патшасы «Хан Шатырда» қазақша сөйледі. Орыстың қай патшасы қазақша сөйлеп еді бұған дейін?! Демек, бұл – әлемнің алып мемлекеттері Қазақстанның Азаттығын толық мойындады, Астананың айбарына сүйсінді, Елбасының дана саясатына тәнті болды деген сөз. Қуан, қазақ!

Ержан БАЙТІЛЕС

3952 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы