• Әдебиет
  • 15 Қаңтар, 2009

Санаға түскен сары құрт жанды жеп барады...

618sharsheret2Әңгiмеге арқау болған әңгiме. Алматы түбiндегi Тұздыбастау ауылынан шыққан көкала автобус қалаға қарай бiр нәрседен құр қалғандай жүйткiп келедi. Қасымдағы бос орынға бір қыз келiп отырды. Жолдың алыстығын қысқартайын дедi ме, сөмкесiнен кiтапшасын алып, көз жүгiрте бастады. Жетер жерiме жеткенше тағат таппай отырған менiң көзiм сәлден соң көршiмнiң қолындағы кiтапқа түскенi. «Мәңгiлiк» өмiрдi насихаттаған Иеһово куәгерлерiнiң дiни кiтабы екен. Мұндай кiтаптарды бұрындары да көргенмiн. Әлi есiмде, мектеп жасындағы қазақтың бiр қызы Қапшағайда осындай әдебиеттердiң оншақтысын қолына ұстап, үйдi-үйге тегiн таратып жүретiн. Тiрлiгiне кейiп, сол жолы аңғал балаға ақылымды айтқан едiм. Ренжiдi ме, түсiндi ме, жоқ па, бiлмедiм. Әйтеуiр, ол бала содан кейiн бiз жаққа ат iзiн салмай кеткен. Қасымда отырған автобустағы көршiм де өзiмнiң қандасым болып шықты. Тек, әлгiндей оң-солын ажырата алмайтын бала емес, отыздан асқан, ақыл тоқтатқаны байқалады. Iшкi жан дүниемде бiр құйын жүрiп өткендей. Рухыма ауыр тиiп, терiс қарадым. Осыны байқады ма: — «Иеһово куәгерлері» жайлы естiп пе едiңiз? Құдайға сенесiз бе? — деп сұрады. Меңiреу адамдай үндемедiм. Ал, ол болса өзі уланған ағымның артықшылығын асыра мақтап «ақиқат дiндi», «мәңгiлiк өмiрдi» табам деген ниет болса, пәленбай күнi, пәленбай жерде болатын басқосуға келуiмдi өтiндi. Автобустан түсiп бара жатып, ол жердiң телефонын да айтып үлгердi. Қоштасар сәтте осы тiрлiгiне отбасы, әке-шешесi қалай қарайтыны туралы сауал тастадым. Күйеуiнен ажырасқан көрiнедi. Басты себеп: осы дiн туралы көзқарастың екi түрлi болғаны екен. Әке-шеше мен бауырларына «шiрiген жұмыртқа» аталып, жалғыз өзi қалада тұратынын да жасырмады. Осы мәселе кешке үйдегi отбасында үлкен әңгiменiң өзегiне айналды. — Оған таңқалатын несi бар? Көршi үйдегi келiншек те «Иеһово куәгерлерi» ұйымына кiрген. Әр жексенбiде өздерiнiң шiркеулерiне барады. Өзi барғаны аздай, мектеп жасындағы екi қызын да сол жаққа жетектеп жүр, — деп қалды жолдасым. ...Көршiммен осы мәселе төңiрегiнде әңгiмелесудi ниет еткен едiм. Ұзамай оның да ретi келдi. Бөгде дiндегi қандасымызбен сыр — Бiздiң дiнді зерттегіңіз келсе қуаныштымыз. Беймәлiм дүниелерден көзiңiздi ашуға болады, — деп көршi үйдiң келiнi, қандас қарындасым жымиып бiр күлiп алды. — Ал, сұрағыңыз болса, қоя берiңiз! — Өзге ағымға өтуiңiзге итермелеген қандай күш, қандай құдiрет? — Бiрде қызым «Мама, мектептегi қыздар евангелистердiң дiнi бар екен, соған баратын көрiнедi. Мен де барып көрсем бола ма?» — деп келдi үйге. Қызымның Құдайды алғаш iздегенi шығар деп ойладым да рұқсатымды бердiм. Барып жүрдi. Бiр күнi маған «келсiн» дептi. Үйден шыққаным сол едi. Иеһово дiнiн насихаттап жүргендердi кездестiрдiм. Алғашқыда ислам дiнi, мұсылмандық салт-дәстүрлер туралы сұрады. Жалпы, дiннен бiздiң хабарымыз аз ғой. Мардымды ешнәрсе айта алмадым. Содан соң, олар «Дүниеде ислам, христиан деп аталатын дiндер неге соншалықты көп? Ақиқат дiндi қалай табуға болады? Соны бiлгiң келе ме?» деп сұрады. Дiни әдебиеттерiн берiп, қызығушылығың артса, бiзге келiңiз деп, мекен-жайын қағазға жазып, шақырып кеттi. Содан берi үш жыл өтiптi. Әр аптада сабақ өтедi. — Осы жағдайды жолдасыңыз, әкей-шешей бiле ме? — Жолдасыма ашық айттым. Жиналған жерiмiзге ертiп апардым. Сабаққа қатысты, көрдi. Содан соң, менiң ол ағымға кiруiме қарсы болмады. Жетпiстен асқан әкем бар. Көп нәрсе бiлгiсi келедi. Бiр күнi ү йге келдi. Екеумiз құдiрет туралы, дiн туралы көп сөйлестiк. Менiң айтқандарымды ұйып тыңдап, менiң Құдай жолына түскенiме қуанды. — Әкеңiз Сiздiң басқа дiнге кiргенiңiздi сезбеген болар? — Қандай дiн болмасын, Жаратушы бiреу ғана. Әкемнiң алдына «Iнжiлдi» де, «Құранды» да қойдым. Басқа дiнде жүргенiмдi, Құдайды басқа дiн арқылы iздейтiнiмдi ашық айттым. — Жолдасыңыз ол дiндi қабылдаған жоқ па? — Жоқ. Бiрақ, үйде қолы бос болса, бiз әкелген дiни әдебиеттердi оқиды. — Исламның қабылдаған дiнiңiзден қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыз? — Ислам дiнiн жаман дiн деп айтпаймын. Халық арасында уағыз айтып жүрген бiрде бiр молда, дiни адамды көрген жоқпын. Ел-жұрт ислам дiнi туралы аз бiледi. Рухани аш. — Ислам өз дiнiн сатқандарды кәпiрлер дейдi. Шайтан емеспiз, өмiр бар, ажал бар... Олардың ертеңгi күнi жаназасы шығарылмайды, оларға құран оқылмайды, мұсылмандар зиратына жерленбейдi. Осы мәселе Сiздi толғандырмай ма? — Басқа дiндегiлер де көмусiз қалып жатқан жоқ. Өлсем, қара жер маған да табылар. *** Қапшағайдағы жағдай, автобустағы қыз, көршi келiншек... Қаракөз қандастарымыз басқа тамырсыз ағымдардың шырмауында кетiп жатыр. Адасу ма, әлде... Айтар сөз бiтiп қалғандай. Дiни идеологиялық пiкiрлердiң қайшылығы, сана-сезiм күресi түбiнде қазақ пен қазақты қырқыстырып қоятын секiлдi. Қазақ қазаққа «өзге дiнге өт» деп уағыз айтады. Онсыз да руға, жүзе бөлiнiп, iргесi бiрiкпеген қазақ, ендi дiнге бөлiнсе не болмақ?! Ой, санаға кiрген сары құрт түпсiз тұңғиыққа сүйрелейдi. Ата-бабаңда болмаған дiн сатқындығы. Талай аласапыранда дiнiн иман еткен, жалау еткен қазақ үшiн бұдан асқан қасiрет болмас! Миссионерлiк дiни ағымдардың шабуылына тойтарыс бола ма? Ресейдiң Қазақстанға отаршыл саясатын бастамас бұрын қазақ даласында ислам дiнiнен басқа дiн болған емес. Керек десеңіз, исламның өзi екiге бөлiнгенде де қазақ топырағында шииттер болмаған. Алайда, патшалы Ресейдiң сайқал саясаты ислам дiнiн уағыздауға, мешiт салуға қарсылық бiлдiрген. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында шоқынған қазақтардың саны 1,5 мыңға жеткен көрiнедi. (Әрине, олардың бiразы алдап-арбап немесе күштеп шоқындырылған). Оларға оқып, бiлiм алуға, салық төлемеуге жеңiлдiктер берiлген. Осындай миссионерлiк пиғылдың тамыры тереңге жайылғаны соншалық, бүгiнгi күндерi тәуелсiз ел болсақ та басқа дiни ағымдардың шабуылына тосқауыл бола алмай отырмыз. Үстiмiздегi жылдың мәлiметiне сүйенсек, тек Алматы қаласының өзiнде 250 бiрлестiк пен топтар дiни қызмет жасайды екен. Осының iшiнде 34-i ғана ислам дiнiнiң ұйымы да, қалғандары түрлi дiни секталар екен. Олардың үлкен идеологиялық күш екенiн ұмытуға болмайды. Басым көпшiлiгi миссионерлiк бағыт ұстайтыны жасырын емес. Бүгiнгi әңгiмемiзге себеп болған Иеһово куәгерлерi ұйымының саны Алматыда 20-дан асса, жер бетiнде 235-тей екенi, 6 миллиондай адамдарды өз дiни сенiмiне кiргiзгенi ойлануды қажет етедi. Осы қалай? Махмұт Қосмамбетов, «Үш қиян» баспасының директоры: — Дiн туралы заңды өзгертпей болмайды. Дiни ағымдардың iшiнде мемлекет қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн ұйымдар бар. Экспорт-комиссия құрып, олардың жарғысын тексерiп, қайта тiркеу керек. Дiни ағымдардың қызметi үнемi бақылауда тұруы қажет. Белгiлi бiр дiндi тiркеуде ат төбелiндей басы қосылған оншақты адам, бүкiл халықтың атынан сөйлеп, олардың ар-ождан бостандығын саудаға салмағаны жөн. Қандастарымыздың өзге дiнге өтiп жатқанына менiң екi түрлi көзқарасым бар. Оның бiрi — әлеуметтiк мәселенiң толық шешiлмегенiнен ақша-қаржы беретiн дiни ұйымдарға баруға мәжбүр етедi. Екiншi жағдайы — дiнге атүстi қарайды, оның не екенiн толық сезiнбейдi. Мешiттер ұйқыдан оянса... немесе Дiнiмiздiң беделi қайтсе артады? Осы күнi алдыңғы буын, орта буын, кейiнгi буын арасында алшақтық пайда болып, ғасырлар бойы қоғамды ұстап келген мәдени дәстүрлердiң жойылуы жүрiп жатыр. Базбiр миссионерлер қолдарынан келсе жұмыр жердегi тұтас халықтарды бiр дiлге, бiр тiлге, бiр дiнге бағындырғысы келедi. Кришнаит, сатанизм, уахавизм, иудеизмдердi әлде бiреулер, «қуатты қару» ретiнде пайдалана бастады. Солардың бiрi — осы әңгiменiң кiлтi болған Иеһово куәгерлерi («Iнжiлдi» зерттеушiлер) өз уағыздарында «қазiргi уақытша қиындықтар жаратушының әзiрлеген «сыйымен» салыстырғанда ештеңе де емес» деп, адамзатқа әлдебiр қауiптi тақап қояды. Оның алдын алудың бiрден бiр жолы — Иса Мәсiхтiң дiнiне кiру деп жар салумен жүр. «Iзгi хабарымен» де ел-жұртты елiктiрiп барады. Теңiздiң арғы бетiндегi белгiлi бiр алпауыт топтар бас басқармасы бұл дiндi қабылдағандарға, миссионерлер мен оларды уағыз қызметiне тартатындарға қаражатты аяп жатқан жоқ. Жанталаса жұмыс iстеуде. «Iзгi рухтың» шақыруымен шiркеуге қаракөздерiмiз де барып жүр. Қаншама қазақ жастары «Иеһово куәгерлерi» ұйымына кiрiп, әке-шеше, ағайын-туғаннан бөлектенiп, санасын улап жүр. Оларды дiни секталардың апатты апаны магниеттей тартуда. Әрiдегi столыпиндiк, берiдегi голощекиндiк геноцид күл ете алмаған қазақы дiл, тiл, дiнiмiз — аждаһа арбауында. Бетiн аулақ қылсын, дiлiнен, тiлiнен, дiнiнен айрылуы салдарынан қантөгiссiз-ақ жер бетiнен жойылып кеткен ұлттар бар... Көңiлге медет тұтар дүние тәуелсiздiкке қол жеткен жылдар iшiнде халықтың да ниет пейiлi шығар, мешiттер көптеп салынуда. Солай дегенмен де, тым болмаса имандылық шарттарын жас ұрпақ бойына ұялатар деген талай мешiттерiмiз өкiнiшке орай, ұйқыдан әлi оянбаған секiлдi. Имамдардың, дiни уағыз айтушылардың басты мiндетi — имандылық үрдiсiн халықты иландырарлықтай деңгейге көтеру десек, бiраз жерлерде мешiттердi «бөлiсе алмай», одан қалса жылына бiр-ақ рет жиналатын пiтiрге бола «бастары пiспей жататыны» қарын аштырады. Жасыран не бар, халықты дiнге бет бұрғызуға ықпал жасайтын дiн уағызшыларымыздың өздерi қазiргi заманғы саясат, бiлiм, интеллект деңгейiне жетпей жататыны анық. Басқа дiни ағымдардан үлгi алу да пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) исi мұсылманға қалдырған аманатын ұрпақ санасына сiңiруде өзiмiздiң менталитетiмiзге сай самарқау күй кешудемiз. Халық мешiтке бармаса, мешiт адамдары халық арасына барғаны абзал. Мешiт қызметкерлерi белсендiлiк танытса, адасып жүрген қандастарымыздың саны анағұрлым аз болар ма едi деген ой санаңды мазалай бередi... Сиқымбектiң Алтынбайы АЛМАТЫ

4453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы