• Руханият
  • 14 Шілде, 2010

Сыпыра Тархан

Атақты Сырым Датұлы заманындағы белгілі тарихи тұлғалар қатарында Сыпыра тарханның өзіндік орны бар. Оның ХҮІІІ ғасырдың ІІ жартысындағы қоғамдық-саяси белсенділігін дәлелдейтін құжаттар Орынбор, Санкт-Петербор, Мәскеу мұрағаттарында жеткілікті. Оның біразы 1940 жылдары жарық көрген «Материалы по истории КазССР (1975-1828 гг.)», – М. –Л., АнСССР» деген жинаққа да енді. Оларды белгілі дәрежеде тарихшы М.П.Вяткин де Сырым батырға арналған монографиясында пайдаланды. Кейін академик С.З. Зиманов «Қазақтар арасынан тархандық грамотаға алғашқы ие болғандар қатарында өз заманында белгілі қайраткерлер Жәнібек батыр мен Суфра би болатын» деп бағалайды. Сонымен ХҮІІІ ғасырда барша қазаққа, Ресейге, Хиуа, Бұхараға белгілі болған Сыпыра кім? Оның аты тарихта қалайша қалды? Ата шежіремізге назар салатын болсақ, Сыпыраның Кіші жүздегі 12 ата Байұлының Алаша руынан екендігі анықталады. Х.Мадановтың «Кіші жүз шежіресі», К.Ғ.Ахметовтің «Кіші жүз Алаша руының шежіресі» еңбектерінде тұлғаның Алаша – Ақберлі – Атымыс – Сары – Қожамберлі – Құдайберді – Құдайқұл – Жомарт – Қарабатырдан та­райтындығы анық жазылған. Сонымен бірге Сыпыра ұрпақтары да мүмкіндігін­ше таратылады. Сыпыраның атасы Жомартты жас күнінде сынаған нағашы атасы «Мына Жомарт басшы болуы, әкімқұмар болуы мүмкін» деген тоқтамға келген екен. Атасы Жомарттың туған бауыры Байбарақ батырлығының арқасында Алаша ұраны­на айналған. Мұның өзі Сыпыраның болашақта тегін ұл болмайтындығын көрсетсе керек. Сафар би, біздіңше, Сыпыра би болуы тиіс. Өйткені, кейінгі тарихи оқиғаларда Сафар аты бірде-бір рет аталмайды. Сыпыра би атауы алғаш рет мұрағатта 1786 жылы тамыз айларында түскен. Осы жолы ол Сегізбай, Тұрмамбет, Қаратау, т.б. билермен бірге Симбирск және Уфа генерал-губернаторы О.А.Игельстромға Сырым батырдың Ерәлі сұлтан «тұтқынында» екендігін хабарлады. Бұл хабар кейін расталды да. Оны Есім сұлтанның 1787 жылғы 27 қыркүйектегі хатындағы «Ерәлі сұлтанға барар жолда Сырым кездесті... Оны ұстап алып, өзімізбен ертіп кеттік» деген жолдар айғақтайды. Дегенмен күрес зая кетпеді. Патша үкіметі 1786-1787 жылы қыста Еділ-Жайық аралығына қыстауға көшуге 45400 түтінге рұқсат берді. Соның ішінде беріш Шойтас батырға 7000 түтін, алаша Сыпыра биге 3000 түтін, алаша Медет биге 3000 түтін, Ысық Қаратау биге 10000 түтін басқару жүктелді. Ахун М.Хұсайновтың анықтауынша, аталған рулар 1785 жылға дейін ханды қолдағанымен, ендігі жағдайда Нұралыға қарсы шыққан. Қазақ жағдайын барлап түсінген генерал-губернаторды «Нұралы ханнан қазақ руларының бөлініп кетуі біздің пайдамызға. Сондықтан хан мен Ерәлі сұлтанды шақыртып, Орданы 3-ке бөліп басқарған дұрыс па, әлде ханмен қазақтарды табыстырған тиімді ме?» деген сұрақ мазалай бастады. Оның артынша 1786 жылы көктемде генерал-губернатормен кездесуге келген Нұралы Уфа қаласына жер аударылды. Ханның келіссөзге кетіп, Ресейде ұсталып қалуы ел игілерін ойландырмай қоймады. Мұның артында хандық басқару жүйеге балта шабылғалы тұрғанын олар сезбеді дей алмаймыз. Көп ұзамай Орынборға Кіші жүздегі ең беделді деген 18 адамның – Сы­рымның, Сегізбайдың, Қаракөбектің, Қа­ратаудың, Сыпыраның, Бөдененің, Саржаланың, Атақозының, Айдарбектің, Көккөздің, Басықараның, Жанұзақтың, Қойкелдінің, Нұрмағамбеттің, Дөненнің, Абдулжалелдің, Қарабай сұлтанның хаты келіп жетті. Хатта ханды елге қайтару оның ел тыныштығы үшін аса қажеттігі баса көрсетілді. Қазақтың дәстүрлі бас­қару жүйесін жоюды мақсат тұтқан О.А.Игельстром 1787 жылы 26 қыркүйекте Кіші жүз би, батырларына «Нұралы хан тағдыры сіздердің адалдықтарыңызға байланысты» деген жауап қайтарды. Осының алдында шекаралық сотты құрып (1786 жыл), енді Байұлы, Әлімұлы, Жетіруды бөліп-бөліп басқару жоспарына батыл кірісті. Соның қорытындысында 1787 жылы қыркүйек айында Қобда өзені бо­йында старшындар жиналысы өтіп, 3 расправа құру келісілді. Нәтижесінде жаңа басқаруға келіскен старшындар 39200 түтін атынан қол қойды. Зерттеуші М.П.Вяткин «неге екені белгісіз, Сырым қозғалысына белсене қатысқан бірде-бір старшын қол қоймаған. Онда Қаратау би, Сыпыра би, Бөдене би, Тұрмамбет би, т.б. жоқ. Тіпті Сырым мөрі де жоқ» деп таңданыс білдіреді. Дегенмен расправаға Сырым­ды қолдаған азаматтар да енгізілді. Байұлы расправасына төрағалыққа шеркеш Тұр­мамбет Мұсылманов, заседательдігіне алаша Сыпыра Қарабатыров, беріш Бөдене Байтілеуовтер енгізілді. Сыпыра би өзге де расправа мүшелерімен бірге 1787 жылы 16 қазанда Орынборға келіп ант берген. 1787 жылы Сыпыра би Сырым ар­қылы Түрік елінің саясатымен де танысады. Орыс-түрік соғысының басталуы нәтижесінде өзге де мұсылман елін тартуды көздеген түріктер Бұхараға өз елшісін жіберіп, Сырымға арнайы хат жолдаған. Хат көшірмесі сенімді деген 12 биге жіберілді. Сыпыра биге жолдаған хатта «Ресейлік­тер жеті еуропалық мемлекетпен бірігіп, түрік мемлекетімен соғысуға шықты» делінген. Беделді билерге келген хатпен танысқан патша үкіметі тез арада беделді би, батырларға хат жазып, үйіп-төгіп уәде беріп, олардың бірлігін жоюға бар күшін салды. Уақыт созбай қазақ даласына арнайы Орынбордан діни өкілдер жіберілді. Бұрын патша үкіметі хан, сұлтандармен, 1783 жылдан бастап Сырыммен хат алмаса бастаса, енді іріткі саясатын жалғастырып, 1788 жылдың басынан Сыпыра, Сегіз­бай, Көккөз, Тұрмамбет, Бөдене, табын Жәнібек билермен тікелей байланыс орнатты. Мұндай байланыс бірден өз нәтижесін берді деу қиын. Мұны сезінген Орынбор обер-коменданты, шекаралық сот төрағасы Я.М.Зембулатов 1789 жылы «расправа мен старшындардан еш пайда жоқ» деген қорытындыға келді. Дегенмен билер қазақ руларының негізгі талаптары – жайылымдарды шешу, озбырлықты тоқтату, қашқындарды қайтару, т.б. шешуге өз мүмкіндіктерін пайдалана бастады. Сыпыра би Нұралыханұлы Жанәлімен бірлесіп атаман Д.Донсков арқылы қазақ-орыс қатынасын реттеуге ұмтылды. Өз кезегінде Д.Донсков қазаққа қарсы ашық күш көрсетуді тоқтатпады. 1790 жылдың басында атаман Орал қаласы мен одан төменгі форпостарда 19 қазақты қамауда ұстады. Мәселен, 1790 жылы 22 сәуірде Антонов форпостында Елек өзенінде көшіп жүрген Сыпыра бидің немере бауыры Тоқбура (орыс дерегінде Тукрия – Ә.М.) орыстан қашқан тұтқынды қабылдады деген сылтаумен алаша руынан Бозан Қарабаев, Артықмал Арабашевтың үш айдан астам уақыт қамауда екендігі анықталды. Алтыбас алаша Малқар Верхнеозерный қорғанындағы түрмеде жатып, ауруға шалдыққан. Сырым бастаған билердің талабы бойынша Малқар 13 сәуірде босатылған. Ол турасында Сыпыра би жанындағы молда Әбілқасым Абдусалямов, т.б. арқылы Сырым арнайы хат жолдайды. Күрделі мәселелер 1790 жылы мамыр, маусым айларында өткен қазақ-орыс кездесуінде талқыланды. Орынбор жағынан мүфти М.Хусайнов, қазақтарда Сырым батыр келіссөз жүргізді. Кездесуге Сыпыра би қатыспады. Кездесуден кейін ұзамай Кіші жүзге жаңа хан сайлау мәселесі көтерілді. Сыпыра, Тұрмамбет билер, Әлімұлдарының бас старшыны Мұратбек би бірауыздан Есім сұлтанды 1790 жылы қараша айында хан тағына көтерді. Ноғай старшыны Құрбанғали Забир хан сайлауға 1000-ға тарта қазақ қатысты деп хабарлайды. Сыпы­ра би 1791 жылы 29 мамырдағы хатында Есім сұлтанмен бірге көшіп-қонатындығын, Сырым батырдың Ресеймен жаңа соғысқа дайындалып жатқандығын, жақын арада Ордада күшті бүлік болатындығын атап өтеді. Осы тұста Кіші жүзді барлап қайтқан Нұрмұхамед қожа Орынборға Сыпыра, Қаракөбек, Тіленші, Жаназар, т.б. қол жинап, орыс шекарасына жақындады деп жеткізді. Содан маусым айы басында Сырым батырға екі татар молдасы Файктулин мен Мансуров жіберілді. Олар 9 маусымда Қобда бойындағы Сыпыра би ауылына тоқтап, жоғарыдағы ақпараттың терістігін дәлелдеп, Сырымның шектілер мекенінде екендігін анықтады (2). Міне, осыдан кейін Сыпыра мен Сырымның саяси көзқарастарында алшақтықтардың пайда болғаны байқалады. Сырым орыс үкіметінің саясатына қарсы ашық күресті қолдаса, ақсақалдық жасқа жеткен Сыпыра би Жайық бойынан көшпей, Әбілқа­йыр ұрпақтарымен бірлесе отыра ашық күреспей, бейбіт түрде тыныштықты қалпына келтіруді жақтады. Сыпыра биді түсінген Сырым батыр 1791 жылы маусым айында оны өзіне қосу үшін «егер Сіз Ресеймен сауда-саттық жасасаңыз, ұлысыңызды Жайық бойынан көшірмесеңіз, біздің қаһарымызға тап боласыз. Кейін бізге өкпелемеңіз» деген хат жолдаған. 1792 жылы да Сыпыра би ешқайда жылжымай, Жайық бойында тұрақтады. Ол 1791 жылы қыркүйек айын­да патша үкіметі бекіткен Ерәлі ханмен бірге көшіп-қонатын. Сөйтіп, кезінде Сыр бойында еркіндікке үйренген Ерәлі хан да қартайған шағында шекараға орнығып, Ресей көмегіне сүйене бастады. 1792 жылы қыркүйекте Сырым батыр, Қаракөбек, Тотай, Сегізбай, бауыры Алмұстафа, Сарыалтай, Боранбай Ресейге қарсы соғыс жариялаған тұста Сыпыра би өзге би, батырлардай халқымен ел ортасына көшпей, шекарада қалды. Патша әскерилері Сыпыра, Қаратау ауылдарына орнығып, бір сөзбен айтқанда, беделді билер мен руларын бақылауға алды. Патша шенеуніктері хабарына сенсек, Бөдене, Саржала, Тіленші сияқты ел игілері де Сырым бастаған ашық күресті қолдамаған. Бірақ бұл арада аталған би, батырлардың, олар басқарған алаша, беріш, табын ру­ларының жайылымдары Жайықтың екі беті болғандығын, қазақтың атамекенін тас­тап ешқайда кетпейтінін, өзге ел түсінбеген ішкі ұлттық бірліктің болғандығын отарлау­шылар қайдан ұқсын. Бүгінгі ұлан-ғайыр аумақ тек қана осындай ішкі бірлік арқылы ғана сақталды емес пе?! Сондықтан қиын-қыстау кезінде Жайық бойынан жылжымай, неше бір тепкі, қорлық көрсе де атамекенін тастамай қазақ үнемі сол кездегі шекарадағы бар жаңалықты азаттық туын көтерген Сырымға уақытында жеткізіп отыр­ды емес пе?! ІІ Екатерина Сыпыраның ел ішін­дегі беделін ескеріп, өзіне тарта түсу мақсатында 1793 жылы 28 ақпанда биге тархан атағын беріп, арнайы грамота жол­дады. Патша жарлығында «Адал және шынайы қызметі үшін старшын Сыпыра биге тархандық атақ берілді. Оның атағын сұлтандарға, би, батырларға және барлық қазақ халқына мойындау бұйырылады» делінген. Сыпыраға бірінші дәрежелі тархандық берілген. Осындай атаққа тарихта Жәнібек Шақшақұлы, Сырым Датұлы, Тіленші Бөкенбайұлы, Тама Есенбай Қожабекұлы ғана ие болған. Оның 2-ші дәрежелі тархандықтан ерек­шелігі, әкесінен баласына мұралыққа тархандық құқықтық пәрменділігін пайдалану құқының берілуінде еді. Патша үкіметі шиеленісті жағдайда Сыпыра мен Тіленшіні Сырымға қарсы айдап салуды көздеді. Одан еш нәтиже шықпаған соң патша әскерилері 1793 жылы Сыпыра, Бөдене, Қаратау би ауылдарын тонады. Тонау барысында Сыпыра, Көк­көз билердің ұлдарын, Бөдене бидің інісін казак-орыстар өздерімен бірге ала кетті. Оған шыдамаған 5000 түтін күзде Жайықтан әрі қарай ішкерілеп көшуге мәжбүр болды. Мұның барлығын патша үкіметіне жеткізіп, оны тоқтатуды талап етумен шектелген Ерәлі хан, Сыпыра би, Есім сұлтандар Жайық бойынан жылжымады. 1794 жылы 10 маусымда Ерәлі хан дүние салды. Ерәлі тұсында Ресей ұйымдастырған Хан Кеңесі, Сыпыра би мүше болған расправа өз жұмыстарын жалғастырып, мүмкіндігінше қазақ-орыс талас мәселелерін шешуге талпынды. Сыпыра тархан 1795 жыл 17 қыркүйекте Есім сұлтанды хан тағына көтеруге де қатысты. 1795-1796 жылдардың қысы мен көктемі Жайық бойына жаңа жұт әкелді. Оны көзімен көрген Есім ханның іс жүр­гізушісі Г.Феткуллин «қазақ даласы ұлы қырғынға ұшырады» деп бағалады. Мұн­дай жағдайда Есім де, Сыпыра да өзара барымтадан сақтану үшін бұрынғысынша Жайық бойынан алысқа ұзамады. М.П.Вят­кин жұт әсерінен Сырым мен Есім хан арасында келіссөздер басталды деген қорытындыға келді. Ты­ғырықтан шы­ғар жолды іздестіруге Сыпыра тархан да атсалысса керек. Өйткені жұт алдымен Еділ-Жайық аралығын шарпып, Жайық­тың Самар бетіндегі малды Бұхар бетке көшіруге итермеледі. Оны Сыпыра да, Есім де, Сырым да түсінді. Кездесуге Нұралы ханның жесірі Орын ханым, балалары Жалтыр, Қоңырау, Есенғали сұлтандар атсалысты. Деген­мен Есім ханның шекарадан Қобдада өткен Кеңеске келмеуі ішкі қатынасты реттеуге мүмкіндік бермеді. Бұл арада патша үкіметінің Есімді ел ортасына жібермеу арқылы Сырымды орыс шекарасына келтіруді көздегені бүгін де белгілі. Оның арты жаңа қарсылықтарға ұласты. 1797 жылғы дерек бойынша Ресейге қарсы Сыпыра тарханның немере ағасы Ботпанайұлы Бәйсеу батырдың балалары, алаша руының Жанбаш бөлімі, табын, тама, кете, қызылқұрт рулары көтерілді. Есім хан қарсылық танытқан рулардың бөлімдеріне дейін көрсетіп, Орынборға хабарлады. ХІХ ғасыр зерттеушісі Л.Мейер көп ұзамай Есім ханға қарсы бүкіл қазақ даласы көтерілді деп бағалады. 1797 жылы көктемде Қаратай сұлтан Орынбор экспедициясына жолдаған хатында Есім ханның «орыс үкіметіне адалдығы қазақтардың қатты наразылығын туғызды» деп хабарлайды. Сөйтіп, 1797 жылы 27 наурызда таңсәріде Красноярск форпос­тысы маңында көшіп-қонатын уақ руы қазақтарында болған сәтінде Есім хан өлтірілді. Міне, осыдан кейін ел басқаруда Сыпыра би бар үмітін жас та алғыр Қаратай Нұралыұлына артты. Сыпыра биді беріш Саржала би, Шойтас батыр, ысық Қаратау, шеркеш Тұрмамбет баласы Құлмамбет би, т.б. қолдады. Бірақ патша үкіметі беделді билер ұсынысын тағы елемеді. Таққа 74 жасар Айшуақ сұлтан бекітілді. Араға уақыт сала әскери губернатор Н.Н.Бахметов бұйрығымен Сыпыра бидің бауырлары Құлбек, Жиентөре ауылдары әскери шабуылға ұшырады. Мұның артында орыс отаршылдарының хан мен би, батырлардың беделін біржола түсіріп, аражігін ашып, өзі екі ортада келістіруші қызметін атқарып, қазаққа «қамқоршы» көрініп, елдің басқару жүйесін өзіне ың­ғайлап, айдағанына жүретін, айтқанына көнетін отар ел жасау жоспары жатты. Оны Сыпыра би, басқа да ел басқарған азаматтар түсінбеді дей алмаймыз. Әркім өзінің мүмкіндігінше қимылдады. Сыпыра би де қиын-қыстау жылдары өзіне бағынған алаша руының өмірлік мұраттарын іс жүзіне асыруға ұмтылды. Оның да көздегені – атамекенді сақтау, оны ұрпаққа мәңгілік ету екендігі, біздіңше, айтпаса да түсінікті. Бүгінгі ұрпақ тар жол, тайғақ кешу жылдары елін, жерін, халқын сақтаған Сыпыра билердей азаматтарға мәңгі қарыздар. 1799, 1800 жылдардан бастап Сыпыра би атауы мұрағат деректерінде кездеспе­ді. Біздің есебімізше, нақ осы жылдары би қайтыс болса керек. 1789 жылы 10 мамырдағы О.А.Игельстромға жолдаған хатында полковник Д.Гранкин Сыпыра, Сегізбай, Тұрмамбет, Көккөз билер – бәрі қартайған шағында деп көрсетеді. ХҮІІІ ғасырдың 90-шы жылдарының екінші жартысында Сегізбай да, Тұрмамбет те қайтыс болды. Көккөз туралы да дерек кездеспейді. Сыпыра би ұрпақтары әке жолын жалғастырып, ел басқаруда көзге түсті. Солардың ішінен Қоңыз тархан 1809 жылы Бөкей ханның өтініші бойынша Нарын құмына көшкен. Алаша руы Нарын құмындағы Қамыс-Самарада және теңіз жағалауларында орын тепті. Г.С.Карелин өз жазбасында алашаларды Көлбай, Тоқман, Сары, Қоңырбөрік, Барамық деп таратса, кейін Жәңгір хан Барамық, Көбелай, Шағалақ, Алтыбас, Маямет, Мәлкей, Олжай, Шотқара, Сары, Құдайқұл, Қожағұл, Қарабура бөлімдері бар деп анықтайды. Кейін 1819 жылы маусымдағы патша жарлығы бойынша Қоңыз тархан Бұхар бетке қайта оралды. Қоңыздың баласы Сүлеймен тархан жазда Бұлдырты, Қалдығайты, Жақсыбай өзендеріне тоқтаса, қыста Бұлдырты мен Есентемір мекенін қыстады. Сүлеймен 1838 жылы Хиуа жорығына қатысып, орыс үкіметінен «хорунжий» атағына, Александр лентасына тағылған алтын медальға ие болды. Құпия істер шенеунігі В.М.Лазаревский Сүлейменге 1850 жылы 26 қаңтарда «Сары бөлімінің биі 52 жас­та. Орта бойлы. Ақылды. Ақ түскен қара сақалды, мұртты. Ордадағы атақты Нұралы ханның бірінші ақылшысы, тархан Сыпыраның, одан кем емес белгілі Қоңыздың баласы. Сары бөлімі Жомарт бөлімшесінен. Сауатсыз. Әділ әрі адал адам. Алаша руындағы белгілі шешен. Үлкен ұлы Алдарман (Ығылман болар – Ә.М.) 22 жаста, сауатты, өте ақылды». Сүлейменнің үлкен баласы Ығыл­ман мұрағат деректері бойынша Жомарт ата­ның 17 шаңырағын ертіп, 1860 жылы Жайық­тан өтіп, Қаратөбе жағына орналасқан. Қорыта келгенде, би, тархан Сыпыра Қарабатырұлы – өз заманында ата жолымен ел алдына шығып, халқын соңына ерте білген, мұрағат қорларында ізі сайрап жатқан тарихи тұлға. Оның жұрты үшін сіңірген ісі мен қызметі – ұрпақ үшін әрдайым үлгі. Әбілсейіт МҰҚТАР, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

5528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы