• Тарих
  • 14 Шілде, 2010

Қызыл террор

014Коммунистік сипаттағы тоталитарлық мемлекеттің негізін қалаған В.И.Ленин мен әкімшілдік-әміршілдік жүйені тікелей қалыптастырған И.В.Сталиннің тұсында 46,6 миллион адам құрбан болыпты. “Ұлы Октябрь” төңкерісінің жетекші-басшысы, кешеге дейін “халықтар көсемі” деп жырлап келген Лениннің тұсында оның 4 миллионы құрбан болған екен де, “халықтардың сүйікті қамқоры” Сталиннің тұсында 42,6 миллион адам қаза болған (“Вопросы истории”, 1994, №5, 40-б). Қиянатқа толы сталиндік ұжымдастыру кезінде жер бетінен 1,5 миллионға жуық қазақ жұтылып кетті. Ал 1930-1932 жылдары 1,5 миллион қазақ өздерінің байырғы атамекенін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Егер 1930 жылы республикада 5 миллион 873 мың адам тұрған болса, 1933 жылы халықтың саны 2 миллион 493 мың ғана болып қалды. Мұндай өте қысқа мерзімде осыншалықты қырғынға ұшыраған халық оған дейін де, одан кейін де адамзат тарихында болған емес. Бәрі де большевиктерден басталды ХІХ ғасырдың соңында Ресейден, Украи­надан, басқа да аймақтардан Қазақстаннан жер алуға дәмелі көптеген қоныс аударушылар ағылып келе бастады. Бұл лек ХХ ғасырдың алғашқы он жылында столыпиндік реформаны іске асыру барысында шырқау шегіне жетті. Жыл сайынғы көшіп келушілер саны 140 мың адамнан асып-жығылып отыр­ды. Қоныс аударушылардың бестен бір бөлігі жат елге сыйысып кете алмай, кейін қайтып, қалғандары жайғасып, иеліктеріне жер алып, қоныстанып жатты. Соңғы деректерге қарағанда, сол кездерде Қазақстанға келгендердің ұзын-ырғасы 1 миллион 200 мыңнан асады. Бұл қоныстандырудың жергілікті халықты орыстандыруды және отарлаудың барлық өлшемдеріне сәйкес олардың иелігіндегі жерді Ресейге түпкілікті бекітіп алу мақсатын көздегені түсінікті. Шындығында да, дәл сол саясатты Кеңес өкіметі одан әрі жалғастырды. Ұжымдастыру кезінде Қазақстанға 250 мың мал-мүлкі алынған бай-кулак жер аударылған еді.

“Саяси қуғын-сүргін” ұғымы Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. ХХ ғасырда елімізге жасалған күштеу әдісі қазақ халқының 1916 жылы отаршылдыққа қарсы шыққан сәтінен басталды. Сол зобалаң жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында “қаптап” кеткен сатқындар туралы көп жазылды. Қоғамдық сананы бүлдіретін халық жаулары – аяусыз күрес жүргізуді талап ететін митингілер өтіп, бірін-бірі аңду, аяқтан шалу тәрізді жағымсыз қылықтар кеңінен етек алды. Мұндай ахуал, сайып келгенде, жаппай тұтқынға алу шарасына ұласты, тіпті іс жүзінде болып көрмеген әртүрлі жасырын “топтар” анықталып, көрер көзге қиянат жасалып жатты. Қазақ халқының бір миллионға жуығын жалмаған 1921-1922 жылғы ашаршылықтың басты себебі осы кезге дейін айтылып та, жазылып та жүрген қуаңшылық та емес, азамат соғысы жылдарында (1918-1920) Кеңес өкіметі экономика саласында жүзеге асырған “соғыс коммунизмі” саясатында жатыр. Бұл саясат малды, басқа азық-түлік түрлерін тартып алу сияқты айқай-шу ұрандары арқылы жүргізілді де, еңбекшілерді материалдық игілігінен жұрдай етті. Голощекин геноциді 1925 жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласында V өлкелік партия конференциясы өтті. Өлкелік комитетінің есепті баяндамасын РКП(б) Орталық Комитеті Қазақстанға арнайы жіберген Ф.Голощекин жасады. Оның партия ұйымы туралы тү­сінігі бұлдырлау шықты. Бар болғаны Қа­зақстандағы партия, Кеңес кадрларының бұдан былайғы азғындануын тоқтату үшін, тоқырау ахуалын сауықтыру үшін ең алдымен бүкіл билікті РКП(б) Орталық Коми­те­ті өз қолына алу керек дегенді барынша нығарлай айтты. “Ауылда шынайы Кеңес өкіметі жоқ, тек байдың үстемдігі мен ру билігі бар” деп ағынан жарылды. Сөйтіп, осы оқтай атылған бір-ақ сөзбен екі қоянды соғып алмақшы болды. Біріншіден, ол автономиялы республика партия ұйымының бұған дейінгі жұмысының бәрін мансұқ етті. Екіншіден, қазақ сахарасына тезірек “Кіші Октябрь” идеясын жүзеге асыруға негіз қалады. Голощекин халықтардың ұлы көсемінің атына арнайы хат та жазды. Көп ұзамай хатқа жауап та берілді. Онда “Тов. Голощекин! Я думаю, что политика, намеченная в настоящей записке является в основном единственно правильно политикой. И.Сталин” делініпті. Өзіне бар билік пен ерік берілгеннен кейін Голощекин ұжымдастыру саясатын халықты қорқытып, үркітумен жүргізе бастады. 1928-1930 жылдары Қазақстанда, әсі­ресе, солтүстіктегі аудандарда егін шық­пай қалды, астық тапшылығы көбейді. Ал 1929-1930 жылдардың қысы да қоғамдық малды қынадай қырып салды. Астық жинау, ет дайындау жөніндегі жоспарлар өсе түспесе азайған жоқ. Мұның бәрі шаруаның тұрмысын күйзелте берді. Дегенмен халық­қа, әсіресе, қазақ халқына ауыл шаруашылы­ғын жаппай ұжымдастыру, көшпелі халықты бірден отырықшыландыру жөніндегі соқыр саясат тым ауыр тиді. Ф.Голощекин қазақ сахарасында “Кіші Октябрьді” жүзеге асыру ниетімен 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды. Қалың ел көшіп келе жатқан жолындағы қонған жеріне күштеп қоныстандырылды. Не суы,не нуы, не баспанасы жоқ шөлде мал түгілі адамдар қырыла бастады. Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқын­дар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырыл­ған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды. Өзегі талған халық, сірә, “Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деген голощекиндік ұранды нақ осы тұста мәтелге айналдырып жіберсе керек. “Бала-шағаларымды аштық апатынан аман алып қаламын ба?” деген үмітпен арып-ашқан қазақтар (олардың панасыз қалған балалары) лек-легімен шұбырып, өнеркәсіп орындарының, поселкелердің, көптеген қалалардың (Алматы, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Семей, Қарсақбай, Қарағанды, Балқаш, Ақмола, Петропавл, т.б.) теміржол стансаларының төңірегінде сеңдей соғылып, сандалып жүрді. Бұл қалалар мен поселкелерден ересектер мен балалардың мәйітін күн сайын қала сыртына алып кетіп жатты. Біздің осы аталған пікірімізді толық қуаттайтын деректерді Т.Рысқұлов пен О.Исаев өз аттарынан Сталинге жазған хат­тарында көптеп келтірді. Олар мыналар: Орталық Қазақстанда 1932 жылы көктемде 10-15 мың адам аштан өлген; ал жаппай қонысынан көшудің нәтижесінде қазақ аудандарында халықтың жартысы да қалмаған. Торғай мен Бетпаққара аудандарында халықтың 20-30%-ы қырылып қалған, ал қалған елдің көбісі қашып кеткен. Қарқаралы ауданындағы халықтың саны 54900 адам болса, сонда 1933 жылдың қараша айында тірі қалғаны 15900 адам, ал аудан орталығында күн сайын 15-20 адам өліп отырған. Қарағандыда 1933 жылы көк­темде аштық пен індеттен 1500-ге дейін қа­зақ қырылған. Балқаш ауданындағы 60 000 адамның 36 000-ы қаза тапқан. Қызыл­ор­да облысындағы ауылдық кеңестердің көпшілігінде тұрған жергілікті халықтың 15-20%-ы ғана аман қалған. Ақтөбе облысы бойынша халық саны 1012500 адам болса, 1932 жылы соның 725 800-і қалған, яғни 29%-ы қырылған. Мұндай қайғы-қасіретке ұшыраған қазақтар басқа облыстар мен аудандарда да орын алды. Қонысынан ауған қазақтардың көбісі өнер­кәсіпті мекендерде сеңдей соғылысып, жұмысқа орналаса алмай жүрді. Оның үстіне олардың түнде түнеп, күндіз бой жылытатын баспанасы да болмады. Сондықтан олар Қазақстанмен көршілес жатқан өлкелер мен республикаларға, атап айтқанда, Батыс Сібірге, Орта Еділге, Орта Азия республикаларына, т.с.с. шалғай жатқан жерлерге қарай бағыт ұстап қоныс аударды. Шекарада атысып-шабысып, қанды қырғынға ұшырап, Қытай, Ауған, Ирак, Иран, Түркия асып кеткені қаншама! Елді қызыл табан­ға ұшыратқанын ақтамақ болған Голощекин 1931 жылғы 7 қыркүйектегі бір сөзінде өзінше мынадай теория ұсыныпты: «Тумысынан өз ауылынан ұзап шықпаған қазақ енді Қазақстанның ішінде бір ауданнан екінші ауданға оп-оңай өтетін болды, орыс, украин колхоздарына араласып, Еділ бойы мен Сібірдегі жұмысқа, шаруашылық құрылысына ауысып жатыр». 1931-1933 жылдардағы ғаламат қырғын қазақ халқының тарихында қалған қайғы-қасірет – ащы шындық. Кейін анықталған ресми деректерге қарағанда, қызыл қырғын кезінде Қазақстанда тұратын және қонысынан ауып көршілес өлкелер мен республикаларға барған қазақтардың өлгендерінің саны 2,3 миллионға жеткен. Бұл 1930 жылы Қазақстанда тұрған бүкіл қазақ халқының санына шаққанда, орта есеппен 52-53% құрайды (“Ақиқат”, 1989, №5, 21-бет). Қазақстанда 1929-1930 жылдары 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе, Созақ, Шемонайха, Бұқтырма, Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Самар, Абыралы, Шыңғыстау, Кәстек, Балқаш, Шұбартау, Маңғыстау және басқа аудандарда шаруа қозғалыстары ерекше қасіретімен әйгілі болды. Бас көтерген халыққа аяусыз жазалау шарасы жүргізілді, 1929-1931 жылдары ірі көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жіберді. Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланды. Байларды, кулактарды және ұлтшыл­дарды құртуға бағытталған Голощекиннің басшылығымен қазақ даласында жүргізіл­ген бұл күштеу саясаты шын мәнінде қазақ шаруаларының қалың бұқарасына күйрете соққы берді. Жергілікті партия, Кеңес және НКВД органдары күш көрсетуді, әскери қысым жасауды саяси үгіт-насихаттан, идеялық тәрбие беруден жоғары қойды. Қалың бұқараға қарсы қолданылған мұндай төтенше шаралар әскери репрессия түрінде белең алып, ал оны ұйымдастырушы Голощекин қанқұйлы диктатор бейнесінде көрініп, қазақ даласын қан қақсатты. “Большевиктендіру”, ұлтшылдарға соқ­қы беру, дінге сенушілермен күрес қыза түсті. Міне, осы тұста Голощекиннің әкім­шілік-әкімгер басшылық әдісіне қарсы шық­қандарға неше түрлі жала жабылды. Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Сейфул­лин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуа­қасов, С.Қожанов, С.Меңдешев сияқты партия, Кеңес қызметкерлерінің, өнер қайрат­кер­лерінің атына ғайбат сөздер айтылып, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және басқалардың соңына шам алып түсушілер көбейді. Ф.Голощекин біраз уақыт бюро мүшесі Смағұл Сәдуақасовқа арқа сүйеп, сенім артып жүрген. Бірақ онысы ұзаққа созылған жоқ. Бет-жүзің бар деуді білмейтін өткір тілді Сәдуақасов тек экономикадағы қателіктерді ғана емес, идеологиялық жұмыстағы, ұлт мәселесіндегі жолсыздықтарды көзге айтудан да жасқанған емес. Ал бұл Голощекинге ұнамады. Ақыры Голощекин оны үш жылдың ішінде әуелі республика астанасы Қызылордадан, ке­шікпей-ақ Қазақстаннан қуып шықты. Өлкелік партия комитетінің тарапынан қазақтың ұлтжанды ұлы Смағұл Сәдуақасов ұлтшылдықтың жетекшісі деп танылды. Халық қамкөңіл болып, қасірет шеккен бұл жылдары өз ұлтының арман-тілек, мұң-мұқтажын арқалаған, сол жолда зорлықшыл жүйеге қарсы шыққан асыл азаматтарымыз болды. Бүгінде халық жадында қастерленіп, есімдері ерлігімен қоса айтылып жүрген олар: Ж.Мыңбаев, С.Асфендияров, Н.Нұрмақов, А.Кенжин, Ж.Сұлтанбеков, А.Әйтиев, З.Төреғожин, М.Саматов, Ы.Мұстамбаев, Ә.Лекеров, А.Қаратілеуов секілді арыстарымыз еді. Әккі отаршы Голощекин қазақтың маңдайалды оқыған азаматтарын коммунистік партияның “сара жолына қарсы”, “ұлтшыл”, “топшыл”, “ауыт­қушыл” деген сияқты айыптар тағып, “халықтың жауына” айналдырды. “Екі тұйғын жабылса – қаздың соры” демекші, Сталин мен Голощекиннің “шұ­ғыл шаралары” жергілікті қазақтардың со­рын қайната түсті. Ұлы нәубет жылдары орны толмас апатқа ұшыраған тұтас бір ха­лық тарихындағы азалы ақиқат осындай. Бұл кезең тарихта “ұлы жұт” деп те аталды. Қазақтың аса ірі трагедиясын таныту үшін “ұлы” сөзінің әдеттен тыс мағынада қолданылып тұрғаны түсінікті. Осылайша қазақ халқы өзінің ата­жұртында отырып өз ана тілінен, ұлттық ерекшелігінен, өз мемлекеттігін сезінуден айырмақшы болған қауіпті қара сызықты алғаш рет аттаған еді. Ел басына қара бұлт төндірген, қазақ халқын қырғынға ұшыратқан, жерінен бездіруге мәжбүр еткен, ұлт араздығын қоздырған, ұлы державалық шовинизмнің отына май құйған Филипп Голощекин Қазақстанды сегіз жыл сергелдеңге салып барып, 1933 жылғы 21 қаңтарда орнынан алынды. Соңғы сөзінде ол өзінің бүкіл сәтсіздігін қазақ коммунистеріне аударуға тырысып бақты. Ол қазақ коммунистерінің бір тобын ешбір тәрбиеге көнбейтін, пайдалануға мүмкін емес ұлтшыл уклонистер қатарына жатқызды. Екінші категориясын – жағдайға қарай бет-пердесін өзгертіп отыратын хамелеонға теңеді. Әл­бетте, үшінші топ – өз қателерін бір ғана Голощекинге бірде-бір ары таза коммунист көре алмаған және осы пиғылмен кетіп бара жатқанын жасырмаған. Мәлім – беймәлім Мырзажан 30-жылдардың қаһарлы да сын сәт­терінде еліміздің болашағының жар­қын болуының жолдарын ойластырып, іздес­тіріп, сол кездегі қазақ халқы тағды­рында терең де жағымды із қалдырған саяси қай­раткерлердің бірі – Левон Исаевич Мир­зоян еді. 1933-1938 жылдар аралығында Қазақ­стан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мирзоянды қазақтар ерекше мейіріммен «Мырзажан» деп атаған. Тарихи деректерге жүгінсек, Л.И.Мирзоян Қазақстанда қоғамдық, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайдың әбден титықтап, тұралап тұрған шақта келген. Л.И.Мирзоян тамаша іскер, қайратты, шебер ұйымдас­ты­рушы, көптеген іргелі, күрделі істердің бастаушысы, қазақ халқының шын жанашыры болған еді. Левон Исаевич Мирзоян 1897 жылы қарашада Әзірбайжанда қарапайым отба­сында дүниеге келді. Жастайынан рево­люциялық қозғалысқа белсене қатыс­қан ол 1917 жылы наурызда большевиктер пар­тиясының мүшесі болды. Содан ол 1917-1920 жылдары Әзірбайжанда, Грузияда, Арменияда Кеңес өкіметін орнатуда белсенділік көрсетті. 1925 жылы Әзірбайжан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып сайланды. Қазақстанға келер алдында 1929 жылдан 1933 жылдың басына дейін Л.Мирзоян Пермь округтік, Орал облыстық (Свердловск) партия комитеттерін басқа­рып, Магнитогорскінің металлургия комбинаты, Челябі трактор зауыты сияқты атақты индустрия алыптарын салуға қатысты. 1933 жылдың ақпанында ВКП(б) Орталық Комитеті Л.И.Мирзоянды Қазақстанға жі­берді. Левон Исаевич Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Осындай ауыр шақта басшылыққа келген Мирзоян аштықты жеңіп, қуғын-сүргінді тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазақстандағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының қарқын алуы, мә­дениеттің көтерілуі де сол кезден басталды. Ауыл шаруашылығы Мал шаруашылығындағы күйреуді тоқ­татып, қалпына келтіру жұмыстарын Л.Мирзоян партия мен үкіметтің бұрын қабылдаған шешімдерін нақты мәнінде жүзеге асырудан бастаған. Шаруашылықтан әбден еңсесі түскен елдің есін жинау үшін оларға несие мал бергізді. «Малсыз отбасы болмасын!» деген ұранды көтерді. 42 мал өсіретін аудандардағы колхозшылар отбасына 150-ге дейін қой мен ешкі, 10 мүйізді ірі қара, 10 жылқы, 5 түйе ұстауға жағдай жасалды. Ал 37 отырықшы-егіншілік аудан­дардағы жеке қожалықтарына 40 басқа дейінгі қой мен ешкі, 5 бас мүйізді ірі қараны жеке пайдалануға рұқсат берілді. 1933 жылдары Қазақстандағы мал басы екі есе арттырылып, 9 миллион 300 мыңға жеткен еді. 1937 жылғы маусымда өткен Қазақстан Компартиясының I съезінде жа­саған баяндамасында Л.Мирзоян өлкеде жалпы алғанда малсыз шаруашылықтардың жойылғандығы жөнінде хабарлады. Босқындарды елге қайтару Халықтың босқынға ұшырауы, әсіресе, көшпелі, жартылай көшпелі қазақ шаруалары өмірінде терең, қасіретті із қалдырғаны белгілі. Өлкелік партия комитетінің 1933 жылғы 9 ақпандағы Л.Мирзоян өткізген алғашқы бюро мәжілісінде-ақ босқындар жағдайы жан-жақты талқыланып, осыған байланысты тиісті қаулы қабылданды. Босқыншылықты тоқтатуға бағытталған шаралар Өлкелік партия комитетінің VІ пленумында (1933 ж. 10-16 шілде) жан-жақты талқыланды. Қазақ­станға 11 мың босқындар қожалықтарын орналастыру көзделді. Соның ішінде Орта Еділден – 2 мың, Төменгі Еділден – 1 мың босқын қожалықтары бар еді. Одан әрі оларды өлкенің әр облыстарында орналастыру жобасы белгіленді. Босқындарды әлеуметтік жағынан қолдау да ескеріліп, 1 миллион 762 мың сом бөлінетін болды. Осылайша Л.Мирзоян бірнеше мыңдаған қазақтардың ата-баба жұртына қайтып оралуына түрткі болды. Қазақ ұлтының мәдениетін өркендету Мирзоян тек елдің экономикасын көтеріп қойған жоқ, сонымен бірге ол ұлттық мәдениетті, ұлттық рухты, тілді де көтерді. Оның қамқоршысы, жанашыры да болды. Бұл мәселелерді республикалық беделді конференциялар мен сессияларда, партиялық пленумдарда бірнеше рет көтерді. Мәселен, 1933 жылы шілдеде болған қазақ өлкелік комитетінің VІ пленумында Л.И.Мирзоян: «...ұлт мәдениеті қандай тетіктерден құра­лады? Ең алдымен, бұған жергілікті тілдегі мектеп кіреді. Олай болса, ауылда, ауданда, қалада мектеп ұйымдастырып, оның жұмысын жолға салу керек. Екіншіден, бұ­ған ұлт баспасы, яғни газет-журнал, көркем әдебиет, оқу құралдарын шығару жұмысы кіреді. Үшіншіден, бұған көркемөнер, яғни ұлт театрын, музыкасын, киносын өркендету кіреді», – деп негізгі бағыттарды нақтылай түсті. Л.И.Мирзоян 1935 жылы маусым айы­ның 16-сы күні Гурьев (қазіргі Атырау) қала­сына келді. Ол Ембі мұнай тресін, мәдениет үйін, балық консерві комбинатын, мұнай кәсіп орындарын, жүзбелі балық зауыттарын аралап жүргенде, көбінесе мәдениет мәсе­лесіне баса назар аударған. Балық консер­ві комбинатының консерві қалбырла­рын жинаған қоймаға дейін аралаған. Сонда консерві сыртындағы қағаз этикеткасын қазақ тілінде жазбағаны үшін комбинат директорына қатаң ескерту жасап, оны тездетіп қазақ тілінде жазуға тапсырма берген. Оның бұған дейін баспасөз қызметкерлерімен, партия ұйым басшыларымен өткізген бір кеңесінде, «Сендер теміржол бойындағы разъездер мен стансалар атауларының, он­дағы ұрандар мен жариялардың қай тілде жазылып тұрғандығын білесіңдер ме?» деп сұрақ қойып, «Мұны тездетіп жөндеу керек, қазақ тілінде жазу керек», – деп нұсқау берді. Бұл екі жағдай Мирзоян қазақ тілін екінші қатарға қоймаған, оған ұсақ-түйек мәселе деп қарамаған, қазақ тілінің қамқоршысы болды деген ұғымды берсе керек. Л.И.Мирзоянның тікелей ұсынысы мен көмегінің арқасында Қазақстан мәдениеті­нің тарихында 1936 жылы елеулі екі оқиға болды. Бірі – қазақ әдебиетінің негізін салу­шы, ақын Сәкен Сейфуллиннің әде­биет май­данында еңбек етуінің 20 жылды­ғы. Сәкен Сейфуллин Қазақстан мәдениет қызметкерлері арасында бірінші болып қазақ әдебиетін дамытудағы зор еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сөй­тіп, қазақ әдебиетінің табыстары да, оның көрнекті қайраткерлері де бүкіл елімізге белгілі бола бастады. Екіншісі – осы жылғы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен көркемөнерінің бірінші онкүндігінің өткізілуі еді. Бұған қазақ мәдениетінің бірнеше жүз өкілдері, жазушылар, әртістер, қоғам қайраткерлерінің қатысқаны белгілі. Осы әйгілі Қазақстан онкүндігін Л.Мирзоян өзі бастап барып, соны биік деңгейде өт­кіз­генше, мәде­ниет қайраткерлерінің әрқай­сысына атақ әпергенше тыным таппады. Қуғын – сүргін құрбаны Мирзоянның Қазақстанда қызмет ет­кен кезеңіне сталиндік қуғын-сүргін тұспа-тұс келді. Көзі көргендердің деректік мәліметтері бойынша Л.Мирзоян қуғын-сүргін құлашын қалайда болса басып, адам шығынын азайтуға тырысқан. Орталық газеттердегі «жау жетті, ел көшті» деген жалған айқай, жылбысқы жалаға тойтарыс та берді. Қазақ әдебиетінің алыптары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов­ті жалақорлардан қорғап бақты. Мұхамеджан Қаратаев былай деп жазады: «Мұхтар Әуезов қайтіп аман қалды дей­сің бе? Мен оның анық-қанығын білмей­мін. Әйтеуір қатты торығып, қалтырап, үрей­мен күнелткені рас. Сәбитті де, Ғабитті де, Мұхтарды да ұстамақшы болып әрекеттенді. Бірақ Мирзоян осы мәселеге орай арнайы Мәскеуге барып, Сталинге жағдайды түсіндіріп: «Егер осы бойымен кете берсе, онда қазақ мәдениетін өркендететін қазақ қалмайды. Өнер атының мүлдем өшіп қалу қаупі тұр. Бұтақсыз, қорғансыз ағаш сияқты болып қалды. Ендігілерін мәдениет үшін, халық үшін аман сақтайық, қолда ұстайық» дегенді естідім. Шындық болуы да мүмкін. Әйтеуір олардың аман қалуына сондай әңгіменің себебі тиген» («Жұлдыз», 1988,№8, 116-бет). Жауыздыққа жол берілген сол бір қиын-қыстау кездерде қазақ қауымының басына төнген зобалаң-зұлматқа қарсы адамдық арымен барынша араша түскен ардагер азамат Л.И.Мирзоян осындай іс-әрекеттері арқылы халыққа қалқан болуға ұмтылып, өзін-өзі оққа байлап, құрбандыққа шал­ған еді... Есесіне Мұхтардай, Сәбиттей, Ғабиттей қазақ халқының біртуар ұлдары аман қалып, елінің болашағы үшін қызмет етуге мүмкіндік алды. Ал армян халқының Мирзояндай асыл ұлы қазақ халқының да ардақты азаматтарының қатарында тарихтың өнегелі беттерінде «Мырзажан» деген ыстық ықыласына толы өшпестей болып алтын әріптермен жазылды. Еліміздің басына қаралы күн туған сол жылдары қолы қанды жендеттердің қатыгез әрекеттеріне қарамай, көпшілікке қан­құй­лы ісімен әйгілі болған Голощекиннің орнына келген, аштықты жеңіп, қуғын-сүргінді тоқтату үшін қолдан келгенінің бәрін жасаған, Қазақстанның іргелі елдер қатарына қосылуына бар күш-жігерін жұмсаған, армян халқының адал ұлы Л.И.Мирзоян сталиндік зұлматтың құрығынан құтыла алмады. 1938 жылы 15 мамыр күні Сталиннен жеделхат келді. Онда былай деген: «Левону Исаевичу Мирзояну. Трехдневный срок сдать дело Скворцову Николай Александровичу. Выехать в распоряжение Политбюро. Сталин». Л.И.Мирзоян Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бірін­ші хатшысы қызметінен босатылып, оған қа­зақ ұлтшылдарымен бірігіп кетті, халық жауларына қосылып, Кеңес өкіметін құртып, құлатуға әрекет жасады, партияға қарсы жұмыс істеді деген негізсіз жала жабылды. Жолда кетіп бара жатқан кезінде арнайы вагоннан әйелі Юлия Федоровна мен екі ба­ласын түсіріп, Мирзоянды тұтқынға алып, Мәскеуге апарып қамады. Сөйтіп, 1939 жылы 26 ақпан күні атып тастады. Міне, қазақтың Мырзажаны, армянның Мир­зояны Левон Исаевичтің қастерлі қыз­меті, қасіретті тағдыры осындай. Қазір бүкіл қазақстандықтар мемлекетіміздің көрнекті қайраткерлерінің бірі, қоғамның ізгі мұраттарын орнықтыру ісіне үлес қосып қана қоймай, осы жолда өз өмірін де құрбан еткен Левон Исаевич Мирзоянның есімін терең құрмет сезіммен әрдайым есте сақтайды. Жаппай жазалау Сонымен жаппай қырып-жоюдың доң­ғалағы ұлан-байтақ еліміздің миллион­даған маңдайалды ұл-қыздарының тағдырын талқандап, ел ішін үрей мен күдікке, қор­қақтық пен сақтыққа, қайғы мен мұңға батырды. 1937 жылдың 27 ақпанынан бастап, айналасы он күнде республика мен облыс басшыларынан 500 адам атылды. Қазақстанның басшы қызметкерлері Ұ.Құлымбетов, С.Нұр­пе­йісов, Ж.Сәдуақасов, Қ.Сарымол­даев, А.Асылбеков, Ғ.Тоғжанов, М.Ғатаулин, А.Досов, Қ.Тәштитов, Х.Нұрмұхамедов, С.Тасболатов және басқалары бірінен соң бірі тұтқындалып жатты. Өз ішінен жау іздеп, екіге бөлінген қазақ зиялылары бірінен-бірі асып, өз бауырын өзі қаралаудан алдына жан салмады. Бұл ұлттың жүрегіне сына қағылған жылдар еді. Отыз жетінші жылғы қазақ халқының маңдайына біткен Алаш азаматтарының алғашқы легі «халық жауы» атанып, ұсталып, тұтқындалып, алды атылып та кеткенімен, жаппай ату отыз сегіздің басында ай бойы жүргізілгені белгілі. Жоғарғы Соттың әскери алқасының дивизия заңгері Горячевтің басқаруымен өткізген көшпелі сессиясының үкімі бойынша 1938 жылы (Қазақстанда) 25 ақпан мен 15 наурыз аралығында «халық жауы» деп атылған адамдарды (арыстарды) төмендегіше тізіп кетуге болады. 25 ақпан күні 39 адам атылған, олардың ішінде Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Жанайдар Сәдуақасов, Нығ­метолла Сырғабеков, Ғаббас Тоғжанов, Зейнолла Төреқожин, Сәкен Сейфуллин, ұлтымыздың ішінде «Құлагер ақын» атанған Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Әзімбай Лекеров, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин бар. Ақпанның 27-сінде денесін оқ тескендердің арасында Зарап Темірбеков, Мұхамедияр Тұңғачин, Телжан Шонанов секілді белгілі азаматтар болған. Жұмабаев Молдағали 28 ақпанда, Жандосов Оразалы, Жаманқұлов Рақымжан, Тә­тімов Мұхаметқали 2 наурызда, Масанчи Магаз, Розыбакиев Абдолла, Жандосов Ораз 3 наурыз күні, Досов Әбілқайыр сегізінде, Беков Орынбек он бірінде атылған. Соңғы 13 наурыз күні 56 адамның өмірі қиылды. Мағжан Жұмабаев олардың бәрінен бұрын 11 ақпанда жеке мерт болған. 27 ақпанда 41 адам, 28 ақпанда 40 адам, 2 наурызда 40 адам, 3 наурызда 38 адам, 5 наурызда 40 адам, 7 наурызда 43 адам, 8 наурызда 41 адам, 9 наурызда 37 адам, 10 наурызда 52 адам, 11 наурыз күні 41 адам атылып, жарық дүниемен қош айтысқан. Бұлардың арасында өзге ұлттардың да көрнекті ұлдары болғанын еске сала кеткен орынды. Жазалау шаралары шырқау шегіне жеткен 1937-1938 жылдары 116885 коммунист жазаға тартылды. Қазақстан ком­мунистерінің жартысы партиядан шы­ға­рылды. Солардың ішінде 9 мың адам, яғни барлық коммунистердің 17 пайызы «халық жауы» деген атаққа ілікті (ҚРПМ, 141-қор, 29-тізбе, 72-іс, 122-бет.). Байқауымызша, жендеттер алғашқы күндерде ұлттың сүт бетіндегі қаймағын сыпырғандай, абырой, беделі биік, ең бір асылдарды оққа байлап, «жол ашып алған» сияқты. Одан кейінгілерін шыбын құрлы көрмей қыра берген. Кейбір зерттеушілердің дерегіне қарағанда, 25 ақпан мен 11 наурыз аралығында 631 адам атылыпты. Анықталған деректерге қарағанда, екі жарым мың боздақ Алматыдан 35 шақырым бұрынғы Диқанбай қыстауы, Жаңалық деген жерде жерленген. «Жерледі» дегеніміз де жай сыпайы сөз ғой. НКВД үйінің астында атқаннан кейін олардың мәйіттерін «қара құзғындарға» тиеп шұңқырларға әкеліп тас­тап, әйтеуір беттерін қалқалайтын. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жұрт­шылық өкілдері іздеп тапқан екінші ортақ қабірі Іле ауданындағы Қарасу ауы­лының жанындағы Қандысай деген жерде жатыр. Мұнда әзірге Алматы қаласындағы бірінші тізім бойынша атылған 19 адамның мүрдесі табылды. Бұл арада әлі де 300-ден астам адамның сүйегі бар деп болжам айтылады. Бірақ төбешіктер тегістеліп, қорымның үстіне саяжайлар салынғандықтан оны дәл анықтау қиын. 1937-1938 жылдары «халық жаулары» деген жаланың құрбаны болған аяулы ер азаматтардың арасында Шахзада Шонанова ату жазасына кесілген жалғыз әйел еді. Шахзада Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында 1903 жылы дүниеге келді. Шахзаданың әкесі Арон Қаратаев белгілі ел азаматы Бақытжан Қаратаевтың інісі болатын. Ол тағдырдың жазуымен екі рет тұрмысқа шыққан екен. 1931 жылы Шахзада энциклопедист-ғалым Телжан Шонановпен бас қосады. Жазықсыз жалалы болған Шахзада Шонанова 1938 жылдың 9 наурызында ері Телжаннан кейін (Телжан 25 ақпанда) Алматы түрмесінде атылды. Отыз жеті мен отыз сегіздің ызғары 1930 жылдан бастап 50-жылдың ортасына дейін, әсіресе, кырқыншы жылдың ойраны, зұлмат заман жазықсыз талай жандарды жылатып, талайлардың өмірін қиғаны белгілі. Жас та, кәрі де сол кездері зәре-құты кетіп, қыл үстінде жүргені мәлім. Ұлы Отан соғысы кезінде «Түркістан легионында» болған қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, қарақалпақ т.б. тұтқындардың кейбіреулері аман-есен еліне қайта оралған соң, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тағы да «халық жауына» айналғандар аз болған жоқ. Осының айғағы ретінде мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайды алсақ артық болмас. Соғыстың аты соғыс. Екі жақтың да соққысын көріп, қаншама боздақ көз жұмды десеңізші? 1943-1947 жылдарда Кеңес Одағының 5,5 миллионға жуық соғыс тұтқындары мен Германияға жұмысқа айдалған азаматтар қайтарылған: солардың 20 пайызы атылды немесе 25 жылға сотталды, 15 пайызы бес-он жылға лагерьге жіберілді, 15 пайызы соғыста кирап қалған қалған аудандарда ауыр жұмысқа салынды, 15-20 пайызы ғана туған жеріне оралды, ал қалғандарының тағдыры белгісіз. Демек, кеңестік соғыс тұтқындары екі тоталитарлық мемлекеттің, екі диктатордың арасында жаншылып, қор­ғансыз мүсәпірлік жағдайға түсірілген. Сталинизмнің соғыстан кейінгі кезеңін­дегі негізгі соққысы интеллигенцияға қарсы бағытталғаны белгілі. Қоғамдағы қалыптас­қан қатал тәртіпті, сталиндік жүйені жаңарту немесе өзгерту әрекеттері зиялылар ортасында ірге тебуі мүмкіндігін сол жылдардағы Кеңес өкіметі басшылары жақсы түсінді. Өмірдегі келеңсіз құбылыстарға терең ой жүгіртіп, оны шынайы таразылай алатын, кез келген оқиғаға сын көзбен қарайтын да осы интеллигенция еді. 1949 жылғы 17 наурызда Б.Кенжебаев­ты, Т.Нұртазинді, Ә.Қоңыратбаевты, Е.Ысмаи­лов­ты айыптаған Қазақстан Жазушылар одағының партия жиналысы болды. Онда С.Омаров, Ж.Саин, С.Мұқанов жоғарыда аталған кісілерді ұлтшылдар ретінде айыптауда белсенділік көрсетті. Сондай-ақ айыптаушылар қатарында Т.Ахтанов, Д.Әбілев, М.Ақынжанов, С.Адамбеков, Т.Жароков және басқалар да болды. Бұл кісілер ол кезде, әрине, өздеріне берілген партиялық тапсырманы орындаған еді. Бұл кезеңде сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин де өткір сыннан тыс қалмады. Оны өзінің «Қобыланды батыр» жырын зерттеуге арналған канди­даттық диссертациясында М.Әуезовтің, Қ.Жұмалиевтің және Ә.Марғұланның пікір­лерін қолдағаны үшін айыптады. Қазақ интеллигенциясын қуғындауға Кенесары Қасымұлының төңірегіндегі айтыстар үлкен рөл атқарды. 1943 жылы маусым айында «Қазақ КСР-і тарихы» жарық көрді. Оны дайындауға соғыс жағдайында Алматыға қоныс аударған А.Панкратова бастаған ресейлік ғылымдар және М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Б.Қенжебаев, Е.Ысмайылов, Е.Бекмаханов тәрізді қазақ зиялылары қатысты. Кітаптың Кенесары қозғалысына байланысты тарауын Е.Бекмаханов жазды. Бұл көтеріліс патшаның отарлау саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қимылы ретінде бағаланды. Тарихшы Е.Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» деген моно­графиялық еңбегіне байланысты 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде Т.Шойынбаевтың, Х.Айдаровтың, А.Яку­нин­нің «За марксистско-ленинское осве­щение вопросов истории Казахстана» деген мақаласы жарық көрді. Е.Бекмаханов тарихты бұрмалаушы ретінде айыптаған бұл мақалада мынадай жолдар бар еді: «...Все исторические данные говорят о том, что движение Кенесары не было ни революционным, ни прогрессивным. Это было реакционное движение, которое тянуло казахский народ назад, к укреплению патриархально-феодальных устоев, к реставрации средневековой ханской власти, к отрыву Казахстана от России и великого русского народа.» Осыдан соң көп кешікпей-ақ Е.Бекмаханов ұзақ мерзімге сотталды. Қаныш Сәтбаев ғалымдарға бағытталған соққыны әлсіретуге тырысып бақты. Ал мұның салдары да ауыр болды. Ол 1952-1955 жылдар аралығында өзі ұйымдастырған және алғашқы президенті болған республикалық Ғылым академиясының басшысы жұмысынан тайдырылды, ақыры ол кісінің М. Әуезов тәрізді Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғаны белгілі. Ия, соғыстан кейінгі интеллигенцияға қарсы сталиндік қуғын-сүргін қоғамда ауыр із қалдырды. Түрмеге қамау, жер аудару, партия қатарынан және қызметтен босату тәрізді жазалаулар тағы да орын алды. Ал мұның өзі әсіресе қазақ интеллигенциясын жалтақ, жасқаншақ, тіптен екіжүзді етіп қалыптастырудың жаңа кезеңіне апарды. Сталинизм осылайша ұлттық интеллигенцияны рухани тұрғыдан тоздырып жіберуге негіз қалап берді. 1997 жылы 31 мамырда қуғын-сүргін құр­бандарының болашақтағы ескерткіші­нің іргетасын қалауға арналған митинг өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кезінде қараусыз қалған, бұзылған, колхоздар­дың қамыс үйлерінің үйіндісінің астында қаныпезерлердің қолымен өлтірілген республикамыздың ең таңдаулы адамдары, яғни заң алдында да еш кінәсі жоқ боздақ­тар жерленген «Жаңалық» елді мекенінің маңында саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткіштерінің іргетасын қалауға бастамашы болды. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қудалаудың құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанда­ғы 1986 жылы 17-18 желтоқсан оқиғала­рына қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығында көзделген шараларды жүзеге асыру бағытында да көптеген іс тындырылды. Бұған 1997 жылдың 31 маусымы Саяси қуғын-сүргін құбандарын еске алу күні болып жариялану айтарлықтай ықпал етті. Жоғарыда атылған заң шыққаннан бері Бас прокуратураның аппараты және облыс прокурорлары 12395 адамның тағдырына қатысты 7693 қылмыстық істі қарап, заңға сәйкес шешім қабылдады. Атап айтқанда, 6943 іс бойынша 11 мыңға жуық қуғын-сүргін құрбандары ақталды. Желтоқсан оқиғаларына қатысушылар­ды ақтау шаралары барысында 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиға бойынша 103 адамның қылмыстық жауапқа тартылғаны анықталды. Осы жұмыс барысында прокуратура органдарына 74 адамнан арыз түсіп, олардың бәрі ақталды. Сонымен бірге Бас прокуратура 49 адамның ісін қарап, ақтау шешімін қабылдады. Қысқасы, тарихи әділеттілікті қалпы­на келтіру – көп күш-жігерді талап ететін шаруа. Дегенмен қиындығы көп осы жұмыс­ты Қазақстан жұтшылығы қызу мақұл­дап отыр, оны болашақ ұрпақтың да лайықты бағалайтыны сөзсіз. ХХ ғасыр, оның уақыты мен кеңістігі аясында өткен қоғамдық өмір – жалпы адам­заттың да, оның ішінде қазақ халқының да өмір тарихы, жүріп өткен жолы. Демек, өткен ғасыр – біздің өмірбаянымыздың, тарихымыздың бір бөлшегі. Ал ешқандай ұлт та, халық та, қоғам да жақсы, яки жаман болсын, өзінің өткен өмірінен, тарихынан ада-күде безе алмайды. Адам баласы да, қоғам да өзінің өткендегі кемшілігін қайталамауға, жақсылығын жалғастыра отырып жетілуге, дамуға ұмтылады, бұл – өмір заңдылығы. Шүкіршілік, жоғарыда айтылғандардың бәрі бүгінде тарихымыз болып артта қалды. Ғасыр соңында бабалар рухы қолдап, Қазақ елі тәуелсіздіктің көк туын көтеріп, өзін әлемге паш етті. Демократиялық жаңғыру мен егемендіктің аясындағы бүкіл іс-тіршілігіміз елдік пен ауызбірліктің, тұрақтылық пен бейбітшіліктің бастауы бола берсін деп тілейік. Рухы мықты елдің келешегі де мықты болады. Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

12606 рет

көрсетілді

122

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы