• Ақпарат
  • 15 Қаңтар, 2009

ҚАЗ ҰУ-дің АТЫНА АЙТЫЛҒАН КЕЗ-КЕЛГЕН СЫН КӨҢІЛІМЕ АУЫР ТИЕДІ

Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. 55 жаста, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі. Еңбек жолын университетте бастап, қатардағы ассисенттен профессорға, кафедра меңгерушісі, университеттің проректоры, партия комитетінің хатшысы қызметіне дейінгі сатылардан өткен. ҚР ғылым, техника және бiлiм саласындағы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты (1994), ҚР ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер (1998). 2001-2005 жылдар аралығында ҚР білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Үкiметiнiң қоғамдық-мәдени даму бөлiмiнiң меңгерушісі. 2005-2008 жылдар аралығында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі, 2005 жылғы ҚР Президенті сайлауында Елбасы штабының жетекшісі. 2008 жылдың сәуір айынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, ҚР ҰҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор. — Бақытжан Тұрсынұлы! Ұлттық университет Сізге қай кезде де жақын. Өзіңіздің өсіп-өнген ордаңыз. Сіз үшін қазір бұл оқу орнында қай мәселені алдыңғы кезекте жүзеге асырған маңызды болып отыр? — Білім және ғылым вице-министрі болып қызмет істеп жүрген кезімде шетелге шығып, студенттерге кредиттік білім беру жүйесімен жан-жақты таныстым. Сол кезде біз осыны енгізу керектігін айттық. Бірақ біраз уақыт бойы ол тек сөз жүзінде ғана қалды. Тәжірибеге енбеді. Ректорлық қызметке келген соң, мамыр айында елді жинап, өзімнің жоспарларымды айттым. Ең алдымен қандай шаруаларды іске асыру керектігі жөнінде ой бөлістік. Соның бірі осы кредиттік жүйеге көшу мәселесі болатын. Биылғы оқу жылынан бастап жаңа жүйені қабылдадық. Мұның талаптары бойынша, студент өзі ізденіп, оқуы керек. Мысалы, университет ауласындағы алаңда отырып-ақ әрбір студент ноутбугін (қолкомпьютерін) пайдаланып, сымсыз байланыс Wi-Fi арқылы ұстаздың лекциясымен таныса алады, семинар сұрақтарын алып, даярлана алады. Қажет болса, оқытушыға сауал қояды. Қысқасы, он үш шақырым көлеміндегі оптоволоконды байланыс торабы жүргізілді. Профессордың лекциясының мәтіні, семинар сабақтарының жоспары, емтихан мен сынақтарды тапсыру кестесі – бәрі де компьютерде тұр. Студент содан керегін өзі алады. Ол студенттің ата-анасы да баласының сабаққа келіп-кетуі, қай сабақты игеріп, қай сабақтан сүрініп жүргені туралы мәліметке оп-оңай қол жеткізеді. Бәрі алдында тұр. Ал ректор болса әр оқытушының сайтына кіре алады. Әр студенттің оқу үлгерімін қадағалауға да мүмкіндігі бар. Бұл бір жаңалық. Екіншіден, ғылыми-зерттеу институттарының жұмыс жүйесін басқаша құрып жатырмыз. Бұл сала сәл басқа арнаға бағыт алып кетіпті. Басқа университеттерден біздің тағы бір ерекшелігіміз мынау. Қазақстанда дәл мынадай Алатаудың әсем бөктерінде жүз гектар жерді алып жатқан бізден басқа оқу орны жоқ. Қаз ҰУдің қалашығы деген ол біреу-ақ. Баршаға белгілі «КазГУ-град» мерейлі мекен ретінде талайдың тағдырымен етене байланысты ұғымға әлдеқашан айналып кеткен. Бұл — келешек үшін ертерек ойластырылған жоба. Оқу ғимараты, жатақхана, тамақтану орны, студенттер сарайы, почта, телеграф, бәрі бір қалашықта орын тепкен. Жаңа оқу ғимараттары, жатақханалар, кітапхана, бассейн салынып жатыр. Сонымен қатар үш мың машинаға арналған жерасты автотұрақ салуды бастамақшымыз. Көлік әл-Фараби даңғылы жағынан жер асты жолымен кіреді. Әйтпесе, қазір машиналардың қай жерде тұрғанын қараңыз. Тіпті біразы көгалдың үстіне шығып кеткен. Студенттер дәріс үстінде сабақты емес, жолда тұрған қымбат көлігін ойлап отырады. Осы мәселені шешкіміз келеді. Сонда ұстаздар да, шәкірттер де Қаз ҰУ қалашығында жаяу жүреді. Ал Тимириязов көшесі жағынан жаңа талапқа сай ректорат салмақпыз. — Сіз дүние жүзінің көптеген елдерінде болдыңыз. Әсіресе, әлемнің қай оқу орны сізді ерекше қайран қалдырды? Біздің ұлттық универсиетіміз олардан не үйренер еді? Әлде оларға біздің үйретеріміз бар ма? — Университетті ашқан кезде сол кездегі зиялылар бұл мәселесінің маңыздылығын жете түсінген. Жалпы, алғаш университет атауымен оқу орны Қазақстанда 1928 жылы ашылғаны – тарихи айғақ. Бірақ екі жылдан соң мұның нағыз университет емес, педагог кадрларды даярлайтын институт дәрежесінде екендігі түсінікті болды да ол есімі бәрімізге белгілі ҚазПИ-ге айналды. Араға 6 жыл салып, нағыз университет – КазГУ 1934 жылы ашылған. Негізінде университет, атының өзі айтып тұрғандай, универсалды, яғни, әмбебап оқу орны болуы керек. Онда білім беру жүйесіне қоса алдыңғы қатарлы ғылымды зерттейтін лабораториялар болуы шарт әрі ол жан-жақты саланы қамтуы қажет. Керек десеңіз, мұндай оқу орны мәдениет пен тарихтың орталығы саналғаны жөн. Шынын айтар болсақ, қазір әлемдік тәжірибе бойынша біз көп елдің алдында келе жатырмыз. Өздеріңізге белгілі, елімізде тоғыз ұлттық университет құрылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол кездің өзінде-ақ көрегенділік танытып, бұл істі ертерек қолға алды. Соның жемісті нәтижесі бүгінгі күні еліміздің білім беру саласына өз игілігін тигізді. Ресей осыған енді ғана бағыт алып келе жатыр. Ғылымы дамыған ел болса да, көрші ел федеральдық университет дегенді енді ғана құра бастады. Бұл біздегі ұлттық университет ұғымына жақындайды. Ресей де енді ғылыми-зерттеу университеттерін құру керектігін айтып отыр. Мен қараша айының аяғында университет қауымын жинап, осы жөнінде мәселе көтердім. Біз де ғылыми зерттеумен терең айналысатын оқу орны болуымыз керек. Мысалы, азуын айға білеген Америка университеттерінің бес-ақ пайызы зерттеу университеттері болып саналады. Менің ең бір таң қалған оқу орным — Йель университеті. Қазір АҚШ университеттерінің рейтингі бойынша осы Йель университеті алдыңғы орында тұрады. Стэнфорд университеті де шоқтығы биік оқу орны. Осы екі университет нағыз ғылыми-зерттеу университеттері ретінде танылған. Бұл білім мен ғылым ордаларында студенттер екінші курстан бастап ғылыми жұмыспен айналысады. Осы талап тұрғысынан алсақ, біздің университеттегі магистранттар мен докторанттар ғылыми-зерттеу жұмысымен кәдімгідей ақы алып, айналысуы керек. Біздің университетті бірте-бірте сол зерттеу институттарының қатарына қосқанымыз жөн. Гарвард, Оксфорд, Йель, Стэнфорд, Токио университеті секілді іргелі ғылыми-зерттеу оқу орындарының тәжірибесін үйренгеннен ұтылмаймыз. Өркениет көшіне ұмтыла бергеніміз дұрыс қой. Көршіміз Ресей де «Біз отыз зерттеу институтын құрамыз» деп алдына үлкен мақсат қойып отыр. Оқу орнындағы зерттеулердің маңыздылығына қарай ғалымдардың еңбегіне ақы төленеді. Қазақстанда мұндай үлгіге дайындығы мен мүмкіндігі жағынан біздің университет қана жақын деп ойлаймын. — Басқалардың бізден үлгі алатын жақтары... — Бар ондай. Біздің көрсететін үлгіміз де жоқ емес. Азия даму банкін білесіз. Солардың зерттеуі бойынша, Қазақстандағы 160 оқу орнының 159-ының ғылыми-зерттеуге бөлінген қаражаты мен Қаз ҰУ-дің осы мақсатқа жұмсалатын қаржысы тең екен. Демек, Қаз ҰУ-дің өзі бір төбе, қалғандары бір төбе. «Ертөстігім бір төбе, сегіз ұлым бір төбе» деген сияқты. ҚазҰУ-де жиырма шақты ғылыми-зерттеу институты, халықаралық ғылыми орталық, технопарк бар. Жалпы, біздің университеттің ерекшелігі неде? Таяуда ашылған кейбір оқу орындары кафедраны құра салады да, біз кафедра болдық деп күпініп отырады. Ал біздің кафедралардың жөні бөлек. Алдының жетпіс бес жылдық тарихы бар. Бәрінің де дәстүрі, ғылыми мектебі қалыптасқан. Тек студенттерге білім беріп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға да лайықталып құрылған. Алдыңғы қатарлы ғылым болмаса, кафедраң кафедра болмайды. Соғыс кезінде Мәскеу, Ленинград, Киевтің әйгілі ғалымдары, ішінде майталман академиктер де бар, осында қоныс аударылған. Сол елдің ғылыми-зерттеу институттарының бірқатары бізге көшірілген. Осының арқасында бірнеше саланың ғылыми мектебі орнықты, білікті мамандары даярланды. Ұлттық университетіміз іргелене түсті. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үзбей, бірнеше мәрте университет ұжымымен кездесіп, пікір алмасуы, алдымызға жаңа міндеттер қоюы, қалашықты өзі аралап көріп, нақты көмек беруінің арқасында қара шаңырағымыз серпінді даму жолына түсті. Ендеше, ғылым мен білімнің негізділігі және дәстүрдің қалыптасуы жағынан біз әлемнің бірқатар оқу орындарына үлгі бола алатынымыз анық. — Ректор болып келгелі оқу орнына бірқатар жаңа проректорларды тағайындадыңыз. Бірақ олардың есімі көпшілікке таныс емес. Кейбірінің ғылыми дәрежесі де жоқ көрінеді. Сіз олардың қандай қасиеттерін бағалап отырсыз? Кейбіреуін тағайындаған соң көп ұзамай қайта ауыстырдыңыз. Мұның себебі неде? Жалпы, соншама бай тәжірибеңізге қарамастан кадр таңдауда қателесетін кезіңіз бола ма? — Қателеспейтін адам болмайды ғой. Бірақ адамның тағдырына келгенде жаңсақ басуға әсте болмайды. Әр адамның артында оның өзінің ғана емес, отбасының да тағдыры тұрады. Сондықтан мен әр кадрды ауыстырғанда өте жауапкершілікпен қараймын. Мысалы, белгілі ғалымдар Жанғара Дәдебаев пен Намазалы Омашев көп уақыт бойы университет проректорлары болып қызмет істеді. Өз өтініштері бойынша екеуінің де қызметі ауысты. Бәлкім, олар үшін мен қойған талаптар биіктеу болған шығар. Мүмкін, денсаулық жағдайы мәжбүрлеген болар. Бірақ елге белгілі осы екі ғалыммен де талай жылдан бері қарым-қатынасым жақсы. Сондықтан бұл қызмет ауысуы олармен аралас-құраластығыма сызат түсіреді деп ойламаймын. Менің шешіміме олар түсіністікпен қарады. Кредиттік жүйені жүзеге асыру үшін компьютердің құлағында ойнайтын, шетелде тәжірибеден өткен, бұрын да оқу саласы бойынша проректор болып істеген Мұрат Орынхановтың тәжірибесі қажет болды. Оның сырт елдерге барып, тілді де, технологияны да игеруіне жағдай жасағанбыз. Сонымен қатар бірқатар жастарды басшылық қызметке тарттым. Социология ғылымдарының докторы, әлі қырыққа толмаған жас ғалым Шолпан Жаманбалаеваны жақында тілдер және тәрбие жұмысы бойынша проректор етіп тағайындадым. Жас адам жастардың тілін түсінеді. Оның үстіне ол басқа оқу орнында бірнеше жыл проректор болған. Жастардың өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға көп үлесін қосады деп үміт артып отырмын. Ғылым саласын басқаруға Сібірдің ғылыми мектебінен өткен, білікті математик-ғалым Нұрлан Темірбеков келді. Нұрлан нақты ғылыммен айналысқан соң, оның еңбектері әлемнің біраз елдеріне танымал. Еуразия ұлттық университетінде Уәлібай Өмірбаев деген аса талантты математик бар. Оның да әлемге аты мәшһүр. Даму мәселелерімен айналысатын проректор қызметіне менеджмент саласын жақсы білетін маман Нұрлан Ыбырайымды тарттым. Кейде сырттан тәжірибелі кадр әкелгеннің де пайдасы бар. Оқу орнының өзі ішінде деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, декан, проректор болып сатылап өскен адамның көзқарасы бәрібір сол университет көлемінде қалып қояды. Қанша дегенмен, мемлекеттік деңгейде, тіпті халықаралық көлемде жұмыс істеп қайтқан жастардың ой-танымы кеңдеу болатындығы жаңалық емес. — Сіз ғой үлкен қызметтердің бірқатарын атқарған кісісіз. Биліктің биік буындарында болдыңыз. Шаруаның көзін тауып, істі тез бітіруге үйренгенсіз. Ал енді жаңағы көмекшілеріңіз сізге ілесе алып жүр ме? — Маған осыдан бірнеше жыл бұрын академик Зейнолла Қабдоловтың: «Әй, осы сіздің екпініңізге елдің бәрі бірдей ілесе алмайды-ау. Жұрттың бәрін өзімдей екпінді, жылдам деп ойлайсыз. Бірақ олай емес қой! Жаппай сөйтер болса, бәрі де шарықтап кетпес пе еді», — дегені бар. Мен үшін аса қадірлі сол ардақты ағамыз айтқандай, бүтін бітіміміз, яғни болмыс-бітіміміз осындай болғандықтан талапты қазір де қаттырақ қойып жатырмыз. Оны университет ғалымдары толық түсінеді деп ойлаймын. Қазір өздері де соған бейімделе бастағандай. Ең бастысы, ел түсінсе, алға қойған міндеттердің іске асуы қиын емес. Жалпы, маған Зейнолла ағаның ықыласы көп түсті. Бірде мынадай жағдай болды. Желтоқсаннан соң мені Ө.А. Жолдасбековтың шәкірті ретінде талқыға салып, партиядан шығармақ болды. Сондай бір жиында Зекең: «Бұл Бақытжанды партиядан шығармау керек. Қайта оған орден беру керек» дегенде орталық комитеттен келіп отырған лауазымды кісілердің өзі сасып қалды. Сол жиында маған орден берілмесе де, менің партиядан шығуым туралы мәселенің кейінге қалуымен аяқталды. Кейін уақыттың тынысы өзгеріп, ұмытылып кетті. Сөйткен Зекең ғой... Сол кісі айтқандай, ілескені ілесер, ілеспегені үйренер, көрерміз... — Оқу орнының профессорлық және оқытушылық құрамы арасында «Сағат азайып, жұмыс қиындап, қағаз көбейіп кетті» деген қоғамдық пікір бар және оны Сіздің келуіңізбен байланыстырады. Бұның себебі неде? Қайта Сіздің бай тәжірибеңіз жұмысты жеңілдетуге көмектесуі керек емес пе? — Ең бастысы, сағат азайды дегенге тек қуану керек. Біздің оқытушылардың педагогикалық жүктемесі — жеті жүз сағат. Мен қазір оны тіпті алты жүзге дейін жеткізу мақсатын алға қойып отырмын. Жүз сағатты не үшін қысқартамыз? Оқытушы бірыңғай білім берумен айналыспай, ғылымға да көңіл бөлуі керек. Шығармашылыққа уақыт мол болғаны жөн. Келе сала оқытушылардың жалақысын көтердім. Қағаз көбейді дегеніңізге орай айтарым мынау. Біз 2008 жылдың қараша айында француз «Bureau Veritas certification» сертификация органының аккредитациясынан табысты өтіп, өзіміздің Сапа Менеджменті Жүйесіне сәйкестігіміз туралы қайта мәлімдедік. Ол дегеніміз басқарудың тиімді болуына мүмкіндік туды деген сөз. Өйткені бекітілген өлшемдерге сай әрі нақты белгі-нышандар көмегімен тексеруге болатын қызметті ғана тиімді басқаруға болады. Сол сертификаттау органының талаптарына сай оқу жылы басында біраз қағаз толтыруымыз керек болғандығы рас. Келешектегі жұмысты оңайлату үшін істеп жатырмыз мұны. Бұдан өмір бойы қағаздың астында қаламыз деген ұғым тумауға тиіс. Жұрттың жаңа нәрсенің қай-қайсысына да әдепкіде жатсына қарайтыны заңды құбылыс. Қазір біраз уақыт өтті, жұмыс біршама жүйеге түсті. Енді қағазбастылық азая бастайтын болады. Әйтседе, қағаз атаулыны жуық арада түп-тұқиянымен жойып жіберу тіпті де мүмкін емес. Солай бола тұрса да келе-келе барлық құжат айналымының тек қана электронды нұсқасын пайдаланатын боламыз. Келешекте қағаз аса қажет болмай қалуы да ғажап емес. — Ғылыми атақтар мен ғылыми дәреже берудің жаңа жүйесіне қалай қарайсыз? Сіздің өмір бойы ізденіп алған докторлық дәрежеңізді тоғыз жыл үзбей оқыған кез-келген жас иелене алады... Бұл қоғамда көпе-көрнеу әділетсіздік тудырмай ма? — Біз маман даярлаудың әлемде мойындалған және дамыған жолына түстік. Ресей болса, «Бізге ешқандай бакалавр, магистр, PhD қажет емес!» деп он жыл жүрді. Көршіміз енді ғана дүние жүзінің бәрі таныған үш сатылы жүйеге көшкелі жатыр. Бұл деген Ресей осы жағынан бізден кемінде он бес жыл артта қалып қойды деген сөз. Кезінде Елбасымыз осы жүйені тізеге салып отырып, жедел енгізуге белді бекем буып еді. Қазір сол шешімнің мәнін енді түсініп, тіпті пайдасын көріп жатырмыз. Сол кезде бастап кетпегенімізде бүгінде қатты қиналар едік. Әрине, маманның сапасы туралы әңгіме өз алдына бір бөлек. Бірақ біз қалай болғанда да әлемнің әбден қалыптасқан білім жүйесіне қосыла алдық. Бакалавр төрт жыл оқиды, екі жыл оқитын магистр сол білімді тереңдете түседі. Философия докторының бірі бізде, екіншісі шет елде, екі ғылыми жетекшісі болады. Олардың саны аса көп болмайды. Дегенмен, бір нәрсені айта кеткен жөн. Дамыған елдерде магистрлер мен докторларды ұлттық мәртебесі бар университеттерде ғана дайындайды. Ал енді докторларды кез-келген облыс орталығында дайындауға мүмкіндік берсек, әрине, мұндай дәреженің ешқандай құны қалмайды. «Бұрынғы докторларымыз бен бұрынғы кандидаттарымыз бұлардан әлдеқайда мықты еді» деген де пікір бар. Менің өзім де сол бұрынғы кандидат пен бұрынғы доктордың бірімін. Бірақ әлемдегі барша жұрт мойындаған білім жүйесіне қосылғаннан кейін оның талаптарын да қабылдағанымыз жөн. Бұрынғыдай жиырма-отыз жыл ғылыммен айналысып, алпысқа жуықтағанда докторлық жұмысын қорғап, шаршап-шалдығу болмайды енді. Зейнет жасына жақындаған адамның ғылымды дамытуға қаншалықты құлқы болады? Ғылымға не береді олар? Сондықтан, біз дұрыс жүйеге көштік деп білемін. — Сынға қалай қарайсыз? Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жататын сындарға... — Жалпы, сынды кім жақсы көруші еді?! Бірақ жұмысыма пайдасы тиетін, дұрыс айтылған сын болса, қабылдаймын. Шынымды айтсам, ауырлау қабылдаймын. Дегенмен, сын жұмысты жетілдіруге көмегін тигізеді. — Өзіңізге ғана емес, мысалы, университетіңізге сын айтылса дегенім ғой... — Әсіресе, университеттің атына айтылған сындарды тіпті ауыр қабылдаймын. Соны қайтсем жөндеймін, қайтіп түзеймін деп мазам кетеді. — Интернет жүйесіндегі өзіңіз туралы, қызметіңіз, мекемеңіз туралы пікірлерге құлақ түресіз бе? — Құлақ түрем. Интернетті күні-түні қараймын. Онда да неше түрлі пікірлер айтылып жатады. Бірақ ондағы сындарға жеңілдеу қараймын. Себебі, кейде артық кетіп қалады. Негізсіз кінәлайды адамды. Сөйтіп, интернет өзін төмендетіп алады. Сондықтан ондағы жазбаларды көп көңілге ала бермеймін. Ал беделді басылымдар Қаз ҰУ-ді сынамақ былай тұрсын, атайтын жерде атамай кетсе, кәдімгідей қиналып қалатыным рас. «Бізді неғып тастап кеткен? Бұлар не, Қаз ҰУ-ді бітірмеген бе?!», — деп қапаланамын. — Қатардағы бір студенттің Сізге кіріп, шаруасын айтып шығуы мүмкін бе? Егер мүмкін болса, бұл қалай жүзеге асады? — Мен кері байланыстың маңыздылығын жете түсінемін. Ол жоғары оқу орны басшылығының жұмыс тиімділігінің маңызды шарты болып табылады. Кері байланысты қалыптастыру әрқашанда студенттер мен қызметкерлердің тыныс-тіршілігін бақылап, оларға көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Ашық әрі бірлесіп жұмыс жасау - менің қызметімнің маңызды қағидаларының бірі. Мен ректорлыққа келе сала Студенттер сарайында екі рет кездесу өткіздім. Студенттермен емін-еркін әңгімеге жол аштым. «Сауалдарың болса, тікелей маған жолдаңдар», — дедім оларға. Маған екі айдың ішінде студенттерден электронды пошта арқылы жазбаша 300-дей сұрақ келді. Мен бір де біреуін қалдырмай, жауап қайтардым. Онымен қоймай, студенттер мен ұстаздар олардың сауалдары мен өтініштеріне менің назар салатынымды біліп жүрсін деп келген хаттар мен оның жауаптарын қажетті деген құпиялықты сақтай отырып, мысалы, жолдаушылардың атын көрсетпей, кітапша етіп шығарып, факультеттер мен жатақханаларға таратып бердік. Дүйсенбі күні сағат үштен бастап жеке қабылдауға жазылған кісілердің бәріне де алдыма кіріп-шығуға мүмкіндік беремін. Соның ішінде студенттер де жетіп артылады. Мысалы, бір студент: «Мен университет қалашығында сән салонын ашайын деп едім, соған бөлме беріңіз», — деді. Ұсынысын зерттеп, бастамасын қолдау жөнінде экономикалық және өндірістік мәселелер жөніндегі проректорыма тапсырма бердім. Мен Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың жанында жүріп үлкен өмір мектебінен өттім, мемлекеттік қызметтің абыройлы жауапкершілігін терең сезіндім. Оның алдында ұзақ жыл бойы Өмірбек Жолдасбековтың қасында болғанда да бір ұққаным – алдыңа келген адамның пікіріне зейін қойып, мән беру қажет. Ол алдымен деканның орынбасарына, деканға, проректорға кіріп шықты ғой. Мәселе шешілмеген соң ең соңғы есікке маңдай тіреп, маған келіп отыр. Сондықтан оның мәселесіне мен бей-жай қарай алмаймын. Және мүмкіндігіне қарай шешуге тырысамын. — Қаз ҰУ-дің бұрынғы ректоры, әйгілі академик Өмірбек Жолдасбековтің есімін атап қалдыңыз. Өзіңізге әрі аға, әрі ұстаз болған сол азаматтың қай ісін айрықша бағалайсыз? Оның жолын қалай жалғастырмақ ойыңыз бар? — Ол кісінің ең бір ерекше қасиеті — айтқанын орындаушы еді. Алдына келген адамға бір-ақ жауап айтатын. Не «бар», не «жоқ». Қабылдауынан шыққан адам нақты айқындалып, бір ойлы болып шығады. Не үмітін үзіп, не қуанып бара жатады. Бір күні мен оған былай дедім. «Өмірбек Арысланұлы, сөйтіп кесіп айтуға бола ма екен? Алдыңызға бір келген адамға ең болмаса, «көрейік» деп айтсаңыз қайтеді?»,- деймін ғой. Жас емеспіз бе?! Осыдан жиырма бес — отыз был бұрынғы уақыт қой... Сонда Өмекең: «Бақытжан, мен бұл мәселенің шешілмейтінін біліп тұрмын ғой. Ол кісі үміттеніп, бір айдан келіп, теріс жауап алса, оның реніші тіпті қатты болады. Бүйтетіні болғанда баяғыда бірден айта салмады ма екен дейді. Ал қазір айтсаң, сәл қапаланады да, ұмытып кетеді. Жұртты әуре-сарсаңға түсіріп не қажеті бар?» деуші еді. Өмекеңнің ұлтқа деген көзқарасы қандай еді?! Азаматтығы өте биік болатын. Сондықтан ол кісінің жақсы қасиеттерінің бәрін үлгі етіп, өз қызметімде үнемі бағдар ретінде ұстанып отырамын. — «Ана тілі» газетінің оқырмандарын ұлттық университеттегі тіл мәселесі қалай жүзеге асып жатқаны қызықтыратыны белгілі... Тіл жөніндегі проректорыңыздың тілге қаншалықты жаны ашиды? — «Нұр Отан» партиясында басшылық қызметте жүргенімде өздеріңіздің әріптестеріңіз осы тілге қатысты сауалды маған көп қоятын. Бірде солардың бірі: «Нұр Отан» қазақ тілін қолдай ма, қолдамай ма?», — деді. Мен айттым: «Сізге бір сұрақ қояйын. Аналарыңды сүйесіңдер ме, сүймейсіңдер ме?». Әр қазаққа «Қазақ тілін қалай көресің?» дегендей сұрақ қою дұрыс емес деп ойлаймын. Ал университеттегі тіл мәселесі тұрғысынан бұл сұрақ өте дұрыс... — Осы саладағы бұрынғы проректорлар тіл жанашырларына өте танымал еді дегенім ғой... — Түсініп отырмын. Тіл мәселесімен жоғарыда айтып кеткенімдей жаңа проректор айналысады. Оған қарасты тілді дамыту бөлімі бар. Ілеспе аударма бөлмесін аштық. Бірақ бұған арқа сүйей бермей, қазақша үйрену керектігін қайта-қайта еске салып жатырмыз. Төрт жарым мың қызметкері, он сегіз мың студенті бар университетте тіл игеруге жағдай туғызу басты міндетіміз болып саналады. Бұл салада жұмыстың жүйелі жүретініне өз басым сенімдімін. Қаз ҰУ-дің барлық сала бойынша үнемі алда тұрғаны секілді мемлекеттік тілді игеру жағынан да біз алдымызға жан салмауымыз керек. Әңгімелескен, Бауыржан Омарұлы

4279 рет

көрсетілді

100

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы