• Ақпарат
  • 07 Желтоқсан, 2017

Жұртына үлгі жүз есім

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалпыхалықтық дауыс беру арқылы анықталған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен жүздесті.  Ежелден еркіндікті аңсаған Қазақ елінің тәуелсіздік алып, әлем елдерімен терезесі тең ғұмыр кешкеніне ширек ғасырдың жүзі болды. Бүгінде Қазақстан Респуб­ликасы – өзіндік даму жолы мен бағыт-бағдары бекем, дүние жүзіне танымал дербес мемлекет. Осы жылдары қазақстандық қоғамның  қол жеткізген жетістіктері елімізді жаңа деңгейге көтерді. Бұл ең алдымен ел тұрғындарының ерен еңбегі мен болашаққа сенімінің арқасында қол жеткен табыс екені аян.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын қолға алуды тап­сыруының басты себебі де осы, яғни ел дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды дәріптеу болатын. Қазақстанның 100 жаңа есімін анықтау бірнеше айға созылды және іріктеу барысында азаматтың іскерлік, адамгершілік, жалпы тұлғалық қабілетіне баса назар аударылды. Жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы бойынша мәдениет, руханият, ғылым, спорт және басқа салаларда табысқа жеткен тұлғалар жоба жеңімпаздары атанды. Олардың қатарында қайырымдылығымен аты шыққан, ерен еңбегімен көзге түскен жандар және түрлі тағдыр иелері бар. Жалпы, есімі ел жадында болуға лайық деп ұсынылған адамдардың саны 2 мыңнан асып түскен болатын. Арнайы жұмыс тобы олардың ішінен 300 адамды іріктеп алды. Сол 300-дің ішіндегі ең үздіктерін ел халқы онлайн дауыс беру арқылы таңдады. Президент күніне орай өткен жүздесуде Мемлекет басшысы: – Қадірлі достар! Бүгінгі кездесуге келгендеріңіз үшін, қатысып отырғандарыңыз үшін мен өте қуаныштымын! Мен үшін екі туған күн бар. Біріншісі, өздеріңіз білетіндей, өз туған күнім – 6 шілде. Екінші туған күнім – 1 желтоқсан. Бұл – Қазақ елі бүкіл халық болып тұңғыш рет Қазақстан халқы Президентін сайлаған кез. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет 90 пайыздан астам дауысқа ие болдым. Содан бері 26 жыл өтті. Сол кезең мен қазіргі кезең екі бөлек дәуір. 26 жылда көп дүние өзгерді. 26 жыл бұрын өмірге келген бала қазір 26 жаста. Бұл еңбекке араласатын ең жақсы кезең. Бүгінде әлем алға қарыштап барады. Қазір елдер мен елдердің, халықтар мен халықтардың, адамдардың арасында бәсекелестік орнаған дәуір. Сол үшін үнемі ағысқа қарсы жүзгендей алға ұмтылу керек. Тоқтап қалсаң, толқын артқа сүйреп әкетеді. Басқа дамыған елдермен бір қатарда болғымыз келсе, біз санамызды да жаңғыртуымыз керек. Қазір елімізде жастардың дамуына барлық жағдай жасалған. Тың идея­ларды жүзеге асырып, танылуына толық мүмкіндік бар.

Тек осы сәтті ұтымды пайдалану қажет. Өйткені жалындап тұрған жас буынның уақыт көшінен қалып қоймауы өте маңызды. Сана жаңғырмаса, адам ешқандай жетістікке жетпейді, – деді. Президент өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарының бірі – қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жобасына да тоқталып, бұл үдерістің басты мақсатын атап өтті. – Бүгінде ғылым мен мәдениетке қатысты ақпараттың 70 пайыздан астамы ағылшын тілінде таралады. Біз үш тілде білім беруге көшетінімізді жарияладық. 2020 жылға қарай мектеп бітірушілер ағылшын тілін біліп шығады. Яғни ол балалар латын әліпбиін біледі деген сөз. Жастарымыз қазірдің өзінде ағылшын тілін жақсы меңгеріп алды. Заманға сай болу, болашақтың көшіне ілесу біздің қоғам үшін керек. Латын қарпіне көшу дамып келе жатқан ортақ ақпарат әлеміне енуімізге мүмкіндік береді, – деді Елбасы. Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Жаңа гуманитарлық білім» және «Туған жер» жобалары­ның іске асырылу барысы туралы айтып өтті. – Егер біз қазақ тілінің дамуы туралы айтар болсақ, ұлттың тілін жаңғыртқымыз келсе, әлемнің үздік білімін ана тілімізде алуымыз керек. Экономикаға қатысты іргелі еңбектерді, әлемнің ұлы философтарының, ойшылдарының кітаптарын қазақ тілінде оқуымыз керек. Классик жазушылардың шығармаларын қазақ тілінде оқи алуға мүмкіндік жасалуға тиіс. Гуманитарлық жаңғыруға осы кітаптарды аударудың да ықпалы зор болады. «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы аясында үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару мәселесі қарастырылған. «Туған жер» жобасы бойынша мынаны айтуға болады. Патриотизм, Отанды сүю туған отбасы мен туып-өскен өңіріңнен бас­талады. Біз кіші Отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды сүйеміз. Қазір еліміздің меценаттары туған жеріне барып, балабақша, мектептер мен ауруханалар салып жатыр. Жалпы алғанда, осы бағытта 720-дан астам жоба іске асты, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы «Қазақстан­ның киелі жерлерінің географиясы» жобасының халқымыз үшін мәні зор екенін айтып, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының міндеттерін атап өтті. – Біз әлемдегі киелі жерлер мен олардың тарихы туралы жақсы білеміз. Ал Қазақстанда ондай жерлер жоқ па? Қазіргі кезде осындай киелі 100 орынды анықтау жөнінде міндет қойылды. Олар туристік орынға айналатын болады. Біздің мәдениетіміз бүкіл әлемге танылуға тиіс. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы біздің мәдени байлығымызды дүниежүзіне танытуы керек, – деді ол. Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті. – Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шың­дап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Үздік шыққан жүздіктің қата­рын­да жас композитор, пианист, халықаралық конкурстардың лауреаты Рахат-Би Әбдісағин де бар. Жасы 18-ден енді асқан бозбала Бах, Гайдн, Моцарттан бастап қазіргі классиктерге дейінгі әлемдік классика жауһарлары жинақталған Дүниежүзілік қор қоржынына туындылары енген жалғыз қазақстандық композитор. Еуропаның, Азия мен Американың танымал әншілері, камералық ансамбльдері мен симфониялық оркестрлері Рахат-Бидің шығармаларын орындайды. Елбасымен кездесу кезінде Рахат-Би Әбдісағин өзінің 13 жасында жазған туындысын пианиномен орындап берді. Мемлекет басшысы: – Мен кешкілік Моцартты тың­дағанды ұнатамын. Енді сені де тыңдайтын боламын. Шығарма­шы­лық табыс тілеймін, қазақтың атын әлемге таныта бер! – деп батасын берді. Қазақстанды шет мемлекеттерге танытып жүрген жандардың бірі – Ернұр Рысмағамбетов. Физик ғалым 11-сыныпта оқып жүріп Кембридж университетінен оқуға шақырту алған. Калифорния технология институтын, Лон­дон Колледж университетін бітір­ген, Нью-Йоркте «JP Morgan Chase» инвес­тициялық банкінде тағылым­да­мадан өткен. NASA-да жұмыс істеп, ғарышқа SpaceX ұшу аппаратын жіберуге атсалысқан қазақ баласы қазір жас ғалымдарды дайын­даумен шұғылданып жүр. Ернұр­дың шәкірттері 5 жыл ішінде халықаралық білім сайыстарында 6 алтын, 15 күміс, 3 қола медаль жеңіп алғаны оның болашағының зор екенін байқатады. – Мен қоғамға бұдан да зор үлес қосқым келеді. 2009 жылдан бастап мектеп оқушыларын физика пәні бойынша дүниежүзілік олимпиадаларға дайындай бастадым. Мексикаға барып 2 алтын медаль, Тайландтан 3 алтын медаль алдық. Біздің еліміз әлемнің ең үздік 10 мемлекетінің қатарынан көрінді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жолым болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу мәртебесін иеленгенім үшін қуаныштымын, – деді Ернұр Рысмағамбетов. Тағдырдың соққысына мойы­май, бойына біткен дарынын ұштап жүрген дара тұлғалардың бірі – Саида Қалықова. 9 жасында көру қабілетінен айырылса да, өмір мен өнерге деген құлшынысы алға жетелеген Саида бүгінде Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, бірқатар музыкалық шығармалардың авторы. Бұған дейін халықаралық байқауларда лауреат атанған. Осы кеште сахнаға көтерілген Саида Елбасы мен қатысушыларға арнап өзінің шығармасын орындап берді. Қайсар қызға тәнті болып, өнеріне қол соққан Елбасы: – Рахмет, Саида. Осы жолыңнан айныма. Сен қанша адамдарға, жастарға үлгі-өнеге боласың, адам­ның мүмкіндігі шексіз екенін көрсе­те­сің. Бақытты бол. Ұзақ ғұмыр тілей­мін. Әлі талай шығармаларды дү­ниеге әкеліп, бізді қуантатыныңа сенімдімін! – деді. «Амазон», «Гугл», «Майкрасофт» сынды алып компанияларда жұмыс істейтін жастар да осы кешке қатысу мүмкіндігін алды. Бірнеше стартап жобалардың авторы, жас өнертапқыш Санжар Мырзағалым елімізді бәсекеге қабілетті елдердің санатына қосуға сүбелі үлес қосып жүрген азамат десек артық айтпаймыз. Бүгінде жасы 23-тен енді асқан бозбала Елбасының алдында сөйлеген сөзінде: – Мен біздің тарихымызды, жолымызды әйгілі Стив Джобстың тарихына ұқсатамын. Стив Джобс өзінің стартап идеясын жүзеге асыруды гаражда бастаса, біз өзіміздікін университеттің жертөлесінде бас­тадық. Осыдан үш жыл бұрын «Экосоки» деп аталатын электр қуатын үнемдейтін интеллектуалды жүйені ойлап таптық. Жалпы Қазақстанда электр қуатын дұрыс қолданатын болсақ, онда 5 млрд киловатт сағатқа жуық үнемдеуге мүмкіндік алар едік. Ал бұл 70 млрд теңге тұтынушының қалтасында қалады деген сөз. Сонымен қатар ол экологияға да жақсы әсерін тигізеді, – деді. Ғалым, Назарбаев Университе­тінің оқытушысы, биология магистрі, Халықаралық қатерлі ісікке қарсы күрес ұйымы грантының иегері Зарина Сауытбаева рак жасушаларының дамуын, қатерлі ісіктің диагностикасын, оған қарсы күрес жолдарын терең зерттеп жүрген жандардың бірі. Манчестер университетін бітіріп, Базель, Бостон қалаларындағы медицина мектептерінде тағылымдамадан өткен ол бүгінде студенттерді бәсекеге қабілетті маман, өз саласының білгірі ретінде қалыптастыруға еңбек етуде. Зарина Сауытбаева өзінің онкология саласындағы жетістіктері туралы: – Оқу барысында біздің зерттеу тобымыз қатерлі ісіктің пайда болуы­на әкеліп соқтыратын ақуыз түрін анықтады. Дипломды осы тақырып төңірегінде қорғадым. Кезекті демалыс кезінде Қостанайдағы онко­логиялық диспансерде тәжірибе жинақтадым. Ол оңай болған жоқ, талай ұйқысыз түндерді өткіздік, кейбір тәжірибеміздің нәтижесі сәтсіз болды. Бірақ соған қарамастан алған бағытымыздан айныған жоқпыз. Себебі дәл қазір орындалмаған нәрсе ертең жүзеге асуы мүмкін екенін біз түсіндік, – дейді ол. Жас ғалымның әңгімесін тың­даған Мемлекет басшысы: – Қазір онкологиялық аурулар мәселесін әлем ғалымдары шешуге тырысып жатыр. Мен медицина саласын үнемі бақылап отырамын. Оған көп қаржы бөлініп, ғалымдарымыз осы жұмыспен шұғылдануда. Мамандар 2040 жылға дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын дәрі ойлап табуға уәде етті, ал Қазақстанда оны барлығынан бұрын шешу мүмкіндігі туып отыр. Қазір менің тапсырмаммен арнайы онкологиялық орталық құрылуда. Меніңше, сен осы орталықтың басшысы болуға лайықсың, – деп жігерлендіре сөйледі. Қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттап жүрген кәсіпкер Баһаргүл Төлегенқызы осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдан қоныс аударып келген. «100 есім» жобасының жеңімпазы атанған қолөнер шебері «Ең бастысы – адал еңбек, Отанға деген адалдық, елді сүю. Рухани жаңғырудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. 20 жылдан бері қазақ халқының байырғы өнерін жаңғыртып, жаңа заман үлгісінде түрлендіруге атсалыстық. Елбасының қабылдауында болу – мен үшін үлкен мәртебе» дейді. Ұлы істер ұмытылмауы тиіс. Халық­тың ыстық ықыласына, таң­дауына ие болған 100 есім елдің есінде қалуға әбден лайық екені анық. Елбасы жобаға қатысушылардың бірқатарының жеткен жетістігімен танысып, қазақстандықтардың тұл­ғалық тұрғыдан дамуына ықпал ететінін атап көрсетті. Оларға жылы лебізін білдіріп, баршасына жарқын болашақ тіледі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткеніндей, «ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана емес». Тәуелсіздік жылдарында тың жетістіктерге жеткен бүгінгі замандастарымыздың табысқа жету тарихы көпшілікке үлгі, жастарға өнеге боларлықтай. Елбасы өз мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп атап көрсетті. Президент «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының үш басты бағытын да белгілеп берді, олар – ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дарды қоғамға таныту, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру және «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. «Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс» деді Елбасы. Сонымен «100 жаңа есім» жобасы алдыға қойылған мақсат үдесінен толығымен шықты деуге негіз бар. Тәуелсіз Қазақстан тарихына есімдері жазылған талантты да талапты тұлғалардың өзгеге көрсетер ұлағаты зор. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс тапты. Алдағы уақытта оларды ұрпаққа ұлықтап, ізгілікті істерін кеңінен насихаттау міндеті тұр. Алқалы басқосу соңында Нұрсұлтан Назарбаев: – Сіздер бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның келбетісіздер. Елімізді жарқын болашаққа бастайтын жас­тардың алдыңғы шебінде сіз­дер тұрсыздар! Бүгінгі кездесуге қатысқаным үшін мен өте қуаныш­тымын. Сіздердің әрқайсысыңыз туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Баршаңызды шын жүректен құт­тық­таймын. Жастарымыз мақсат-мұратқа жету үшін үнемі алға ұмтылуға тиіс, – деп сөзін түйіндеді.

Дина Имамбаева

8434 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы