• Мәдениет
  • 15 Желтоқсан, 2017

Бақ дегеніміз – баптың жемісі

Араға қаншама ғасырларды салып, қисапсыз қиындықтардан өтіп бүгінгі күнге жеттік.Шүкір,жоғымызды түгендей бастадық. Біз, ежелден шыққан тегімізді, қай атаның баласы екендігімізді білуге құштар халықпыз. Егер де біліңкіремей, бүгежектеп жатсақ, көнекөз, көкірегі ояу қарияларымыз қолтығымыздан демеп, дұрыс бағыт сілтеп жіберетін. Бертінде деймін-ау, оным әбестік те шығар, амалсыз мойынсұнған кеңестік идео­ло­гия кезеңінің жетпіс жылы ішінде мүлде мәңгүрт бола жаздадық. Олай демеске болмады, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан аса бай құндылықтарымыздан көз жазып қалдық: әдет-ғұрпымыз, ата салтымыз, ешбір халыққа ұқсамайтын тамаша дәстүріміз құмға сіңген судай көмескі күйді бастан кештік емес пе. Алайда бабалар рухы сөнбепті. Шуақты сәуле таңы 1991 жылдың желтоқсанында туды десем – асыра айтпағаным.Осы күні халықта тарихи сілкініс пайда болды. Алаш зиялылары армандап өткен тәуелсіздік туын желбірету, елдің, жердің тұтастығын сақтаудың негізі қаланды.

Басынан бағы тайған, ғасырлар бойы­на мемлекеттіктен айырылған қазақтың бағы қайта оралды. Зиялы қауым бұрын да мемлекеттік қызметке тартылып, қос тізгінді қолда ұстаған кезі де болды. Бірақ, дербес мемлекетті басқару бұйырмай келді. Қазақ елінің шекарасы айқындалып, тілі мен ділі және діні салтанат құрып, Ата Заңы өмірге келген, Көкбайрағы желбіреген, Әнұраны шырқалған, Елтаңбасы, Ұлттық теңгесі айшықталған күннен бастап «Қазақстан Республикасы» деген Тәуелсіз мемлекетпіз. «Мемлекеттің пайда болуы – Құдайдың ісі, оны сақтап қалу – адамның ісі» деген Аристотельдің данышпандық сөзі біздің елге арналып айтылғандай. Елі сүйген, елін сүйген, кешегі зиялылардың тұяғы Нұрсұлтан есімді Президенті бар елміз. Алла тағаланың құдіретіне шек жоқ қой, берейін десе үйіп-төгіп бере салады. Айымыз оңынан туып, жұлдызымыз жарқырап тұрған шақта бізге келбетті де көркем, жанары от шашқан, халқына деген жүрегі лүпілдеп тұрған Әбішұлы Нұрсұлтан Назарбаевты бергенін көрмейсіз бе. Мақалаға «Бақ дегеніміз – баптың жемісі» деген тақырып қоюды жөн көрдім. Басты кейіпкерім – «Атамұра» корпорациясының президенті, ғалым, қоғам қайраткері Рақым­ғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед. Алла сыйға тартқан күнделікті тіршілік өмірде қақ-соқпен ісі жоқ, өз ісінің шебері, бар ойы мен мақсаты адал болсам, адамдарға жақсылық жасасам, көмектесіп, қол ұшын берсем деп тұратын жандар болады. Сондай шоқтығы биік азаматтардың алғы шебінде менің кейіпкерім де жүр. Әкесі –Әкетайұлы Абрар, анасы – Нүсіпқызы Гүлғасыл. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді екен бұрынғылар. Абыз ата – тамырын тереңге жіберген, Тәңірдің ықыласына бөленген Бақсайыс қожаның бір бұтағы. Егер әріге көз жүгіртер болсақ, Шейқұл Сейіттен бастау алған, есімі аңызға айналған, ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары Сыбан Ақтайлақ бидің шақыртуымен Қаратаудан асып келген Қожа әулетінің сарқыты Құл-Мұхаммедтің бүгінгі дария кеуде, тау мүсінді ұрпағы десе болар бұларды. Рақымғали үлгі-өнегені алыстан іздеген емес. Ол қажетті тәрбиені тұла бойы тұнып тұрған ізгілікке толы, тәлімді де тағылымды бапкер әкеден алды. Рақымғалиға әкесінің «Мал біткен сайын жұмсақ бол, сүтке илеген терідей» деген сөзін зердесіне тоқып алған ұлағатты ақылы оны адастырмай алға сүйрейтін таң Шолпанындай жарық жұлдызы болса, ананың шуақты шапағаты тіршіліктің мөлдір де сарқылмайтын бұлағына айналды. Сондықтан да ол зерделі, адамгершіл, аңғарлы, қарапайым, қамқор, инабатты, жүзінен имандылықтың лебі есіп тұрады. Кітап шығару ісінің маманы, республикаға танымал баспагер. Текті бабаларынан бері жал­ғасып, бойына сіңісті болған тектілік қасиеттері жа­ғалап келіп, соңынан ерген ұрпақтарының бойына дари берсе екен деген тілек тұрады көңілде. Рақымғали – Мақаншының төл баласы. Бүкіл балалық шағы көз алдымызда өтті. Ол жас­тайынан өте еңбекқор, зерек, ат құлағында ойнайтын, ат десе ішкен асын жерге қоятын нағыз шабандоз болып өсті. Рақымғалидың бала кезінде тай жарыстырып, кейіннен аламанда топ жарғанын талай көрдік. Біздің халқымыз ежел­ден-ақ атқұмар, жылқыны жан серігім деп білер жұрт қой. Бірақ қазіргі заманның, әсіресе қалада тұратын жастарды олай деу­ге келе қоймас. Бәлкім, олардың көпшілігін төрт доңғалақты көлікке құмар десек, дұрысырақ болар. Ал Рақымғали көптеген жылдардан бері қала тұрғыны болса да, ауылға келген сайын жылқы баласын жағалап, атпен серуен құрып жүргенін талай мәрте көргенбіз. Оның аң аулап, құс салатын саяткерлігі өз алдына бөлек әңгіме. Жалпы Әбеңнің шаңырағынан Қамбар атаның тұқымы үзілген емес. Мініс аттары кермеде тұрса, бал қымызы жұртқа ортақ. Атқа құмарлық дегеннен еске түседі. Рақымға­лидың ауылға келген бір сәтінде Әбеңнің ат қорасында тұрған, өзі бұрын көрмеген асыл тұқымды сәйгүлікті көріп, екі көзі бал-бұл жанып, жүзі жайнап кеткенін байқа­ға­нымда, оның жылқы баласына сонша құмар екеніне көз жеткіздім. Анасының асыл құрсағынан жарық дүниеге келгеннен осында Мақаншыда ержетті. Ол – бір-біріне селбесіп, сүйеніш, қорғаныш болған он баланың біреуі. Әкесі Әбең ақсақал дөп басып бағалағандай, киелі Мақаншы мекенінде мөлдір суын ішіп, таза ауасын жұтып, мектеп табалдырығын аттап, баспалдақтап өрлеп өскен, жетілген зерделі жас буынымыз болатын. Рақымғали Абрарұлы орта мектепті бітірген соң әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономикалық факультетіне түсіп, осы саладағы алғашқы әлеуметтанушы (социолог) мамандығын иеленгендер қатарында диплом алды. Содан кейін Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді. Оның Президент әкімшілігіне қызметке қабылдануы да жас маманға көрсетілген үлкен сенім болатын. Ол алғашқы қызметіне кіріскен осынау мекемеде қабілетті, іскер маман ретінде төменгі баспалдақтан басталған жұмыстан жауапты қызметтерге дейін көтерілді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 3-4 жылдың ішінде философияның мәдениеттану бөлімі бойынша «Қазақ мәдениеті әлеуметтік құндылықтарының қалыптасуы мен даму бағдарлары» деген тақырыпта университетте өзіне дәріс берген ұстаздарының жетекшілік, ақыл-кеңестерімен философия ғылымының кандидаты атағын ойдағыдай қорғап шықты. Еліміз егемендік алған соң, іле-шала тәуелсіз баспа ретінде 1992 жылы іргесі қаланған «Атамұраның» алғашқы шаңырағын көтерген Рақаңның ағасы Мұхтар екенін жұрттың бәрі біледі. Сол кезден бастап, 3-4 қана қызметкері бар баспаның уығын шаншысып, қолғабыс жасаған Мұхаңның іні-қарындастарының ортасында Рақаң да жүрді. Кезінде сол аз қызметкермен жұмыс бастаған «Атамұра» бас­пасы қазір мыңнан астам кісіні жұмыспен қам­тыған танымал ірі баспа корпорациясына айналса, қара­пайым қызметкер ретінде жұмыс бастаған Ра­қым­ғали бүгінде осы корпорацияның президенті. «Атамұра» өз қызметін бастағалы бері көптеген құнды-құнды жобаларды іске асырыпты. Ең бастысы деп ТМД елдерінде алғашқы болып, қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде еліміздің төл оқулықтарын, «Қазақстан тарихының» 5 томын шығаруды қолға алғанын айтуға болар. Онан соң «Абай», «Мұхтар Әуезов» сынды тұлғалық және «Қарағанды», «Маңғыстау», «Астана» сияқты өлкелік энциклопедиялар мен еліміздің таңдаулы ақын-жазушыларының шығармаларына арналған «Атамұра кітапха­на­сы», балаларға арналған «Атамұраның мектеп кітапханасы» серияларын мақтанышпен айтамыз. Баспадан жарық көрген осынау сүбелі еңбектер Елбасымыздың, Білім және ғылым министрлігінің және шетелдік әртүрлі ұйым­дар тарапынан жоғары бағаланып, Елбасының алғыс хатымен әрі Құрмет дипломымен (Мәдени және гуманитар­лық салалардағы қайы­­рым­дылық демеушілік қызметі үшін), Еліміздегі үздік баспа ретінде 2001 жылы әр жылдар бойы берілетін өз саласының үздігі ретінде шет мемлекеттерінің бағалауымен Женеваның Алтын Жұлдызымен, 2008 жылы Канаданың, 2011 жылы Американың, 2012 жылы Францияның халықаралық дипломдарымен, сондай-ақ сертификаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2008 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Жаратушысы оң қабақ танытқан шығар, бүгінде ел-жұртына, халқына танымал тұлға: ғалым, қоғам қайраткері, беделді меценат. Атына заты сай Рақымғали баламыз тарихта көп айтылатын Атымтай жомарт атанған азамат. Алматыда отырса да, мұқтаж жандарға қолында барын аямайды. Кезінде ағасы Мұхтар С.Сейфуллин атындағы орта мектепке автокөлік сыйласа, Рақымғали ағасының игілік ісін жалғастырып, өзі оқыған Әсет Найманбай атындағы мектепке де автокөлік сыйлады. Спорттың біраз түрінен еліміздің мақтанышы Шалқар Жоламанов сынды палуанға да машина сыйлап қуандырғаны бар. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға жасап жүрген қамқорлығы бір төбе. 2007 жылы Үржар ауданының 80 жылдығына өзі туып-өскен Мақаншы ауылы мен Құл-Мұхаммед әулеті атынан тағы бір жеңіл көлікті сыйға тартқаны жұртшылықтың есінде. Сол сияқты Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепке де қомақты қаржы бөліп, кабинеттерін уақыт талабына сай етіп жабдықтап берді. Рақымғали өздерінің мектепті бітіргендеріне 25 жыл толу құрметіне ауылдағы үш мектептің өте жақсы оқитын оқушылары мен үздік мұғалімдерге әкесі Абрар Әкетайұлы атындағы сыйақы тағайындағаны жадымызда. Әсет Найманбай атындағы мектептің есепшотына 500000 теңге аударды. Жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясының тұрақты да белсенді мүшелері қатарынан «Атамұра» корпорациясын кездестіреміз. Біздің елден шыққан қаламы төселген он бес ақынның жырлары мен басқадай талапты жерлестерінің еңбектері «Атамұра» баспасынан жарық көрді. Олардың арасынан екі рет Жабайыл Бейсенов пен екі рет Айжарық Абылқасымовтың, Күлпән Базарованың және «Алыстан жеткен сарын» кітабы авторының есімдерін кездестіреміз. Осы биыл – 2017 жылдың қыркүйегінде Барқытбел тауының баурайындағы Мақаншы жерінде қазақ даласының аспанын әнімен тербеткен сазгер, ақын Әсет Найманбайұлының 150 жылдық тойы тойланды. Осы дүбірлі тойдың қарсаңында Әсет мұражайының директоры, Қазақстанның мәдениет қайраткері Әбен Разуевтің «Әсетті танып білдік пе?» атты еңбегінің жарық көріп, оқырмандарына жетуіне қолын созған тағы да біздің Рақымғалиымыз. Жомарт азаматтың қамқорлығына біз де кенелдік. Орта жүздегі қалың Қаракерейдің бір тармағы Байыс атаның кенжесі – Байғана руының арман-тілегін қабыл алып, тарихи шығарманы баспадан демеушілік жолмен басып шығарып, оқырмандарды қуанышқа бөледі. Бойында Байғана атаның қаны бар деген жұрттың Рақымғали Абрарұлына алғыстары шексіз. Игі іске бастамашы болып жүрген қайырымды азаматқа қайтіп қана риза болмасқа. Рақымғали нәрлі топырақтан қоректеніп, күтімі келіскен, бапты бәйтеректен өсіп-өнген жемісі іспетті ғой. Олай дейтінім, 2017 жылдың қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысына қарасты елді мекен – Мақан­шы ауылында «Үш тойың – өнеге» дегендейін, Құл-Мұхаммед әулетінде үш бірдей қуанышы қатар келген дүбірлі толағай той өтті. Әкесі Абрар Әкетайұлы тоқсанға, өмірге он бала әкелген анасы Гүлғасыл Нүсіпқызы сексен беске толды. Қос қарияның жұптаса бір шаңырақтың астында өмір сүргендеріне жетпіс жыл. Міне, халқымыздың Жаратушының рақымшылығына бөленген, құт дарыған, бақ қонған деп ерекше құрметпен қарайтын әулеті осы емес пе. Осы жылы Рақымғали Абрарұлы ердің жасы – елуге толады. Танымал баспагерді сөзге тартқанымда: – Абыз әкеміздің тоқсан жылдық торқалы тойын бір жылға ұзартып тойлауымыздың өзіндік сыры бар, – деді. – Әкем өткен жылдың желтоқсанында тоқсанға толған болатын. Бірақ оны кейінге шегерткен де қазыналы қартымыздың өзі. Бірде әкем: – Балам, сендер асығыстық жасамандар. Ақ қар, көк мұз болса мынау, Құдайым өзі сақтасын, апат деген пәле айтпай келеді, Алла «Сақтанғанды сақтаймын» деген. Екіншіден, алда Тәуелсіздік тойы тұр, Тәуелсіздік еліміздің, халқымыздың тойы, мен халықтан үлкен емеспін ғой. Келер жаздағы халықаралық көрмелеріңді де өткізіп алыңдар да, жер аяғы кеңіген күзге таяу бір-ақ той қамына кірісіңдер, – деп ақыл қосқан еді. Біз де осы шешімге тоқтаған болатынбыз. Той күні жақындағанда әкеміз: «Жетім-жесірлерге қолдарыңды созып, батасын алыңдар, – деп бір тоқтады да, – Мақаншыдағы Орталық мешіттің имамы Ұланға жердегі Құдай үйін жөндеуге беріңдер» деп өз қалтасынан 900000 теңге шығарып берді. «Неге 900000 теңге?» деген сауалдың туатыны рас қой. Халқымыз жеті, тоғыз сандарын кие санаған. Тоқсанды толтырған қария осынау киелі санды берік ұстанған болар. Үлкен тойды да 9-қыркүйекке белгілеуі де содан болар. Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, Абрар Әкетайұлының бауыры Қалтай Мұхамеджанов ағасының75 жылдық мерейтойын­да: «Қазақтар көзі ашық, көкірегі ояу, кеудесі қазына, ашық сөйлеп, кесек турайтын, түзу жолды адамды «даңғыл» деген. Әбекеңмен кешеден бергі әңгімеден кейін мен Сізді сондай кең пішілген, кесек жаратылған, дара туған даңғылға ұқсаттым» деген еді. Тағылымды бапкер әкеден туған Рақымғалидың әке алдындағы, ар алдындағы адамдық кішілігі оның тектілік парасаттылығы емес пе деп ой түйдім. Ақ қағаз бетіне түскен жүрекжарды ой-толғауым жаны жайсаң, жомарт азаматтың мерейтойына және Рақымғали өзі басқарып отырған республика көлеміндегі ең беделді, көп баспаның бірі емес, бірегейі – халықтың рухани азығы болып саналатын халықтық мұра –тарихи-тағылымдық кітаптарын шығарып келе жатқан «Атамұра» корпорациясының 25 жылдық атаулы күніне тартуым болсын дедім. Киелі ұрпақтан тараған аға-інілері сияқты адамгершілік пен адалдықты өміріне серік еткен Рақымғали да өмір бойы аялап өтетін қазынаға толы, кесек тұлғалы, түзу жолды даңғылы – Абрардай әкесінің, Тәңірдің өзі сыйлаған бес ұл, бес қызды дүниеге әкелген Гүлғасылдай анасының жолын жалғастыруда. Арманы – Абыз ақсақал әкесіндей дүниеге лайықты ұрпақ әкелу еді. Бүгінде өзі де – әке. Аяулы жары Нарша, балалары Раушан, Дархан, Әлихандар ата жолын, әке жолын қуса игі еді деп тіледік. «Бақ шаппайды, бап шабады» дегеніміз осы шығар.

Аманкелді Бөгісұлы, баспасөз ардагері Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылы

3378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы