• Әдебиет
  • 15 Желтоқсан, 2017

Өмір өрнектері

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалидың 2016 жылы 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ақын 1916 жылы 14 қазанда туған, ал бұл дүниеден өткеніне биыл 20 жыл толып отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша жуырда «Mep-press» баспасынан жарық көрген кітабын «Қиын өткен кызығым-ай!» деп атадық.

1997 жылы жазылған бір өлеңі осылай басталады екен: Досқа – дос, қас біреуге «Бұзығын-ай!..» Дегізіп қиын өткен қызығым-ай!.. Байқасам, бірі қашып, бірі қуған, Өмірдің жазы – түлкі, күзі – құмай. Жасы жетпістен асқанда атам «Жедел толғау» атты шығармасынан кейін тағы бес кітап жазып, бастырып шығарады. 1996 жылы жарық көрген «Жақсыдан – шарапат» атты эссе, очерк, естеліктер жинағындағы кіріспе сөзін атамыз «Қартайдық, қайғы ойладық» деген Абай сөздерімен атапты. Бұнда соңғы жылдары Жазушылар одағының хатшылығына берген шығармашылық есебі және одан кейінгі жылдары атқарған істері туралы мәлімет бар. Бұл кіріспе: «Қартайып қайғы ойлауға үлгерген болсақ, соңғы он жыл ішінде берілген бес кітап соның куәлігі бола алса, бізге соның өзі де артығымен жетіп жатыр» деген сөздермен аяқталған. Осы айтылған бес кітапқа алтыншы кітапты қосу керек. Ол – өзі қайтыс болған соң бір апта кейін аманат, өсиет сөз ретінде қолымызға тиген «Ұлтым дедім – ұлғайдым» деген жыр жинағы. Бұл алты кітаптың екеуі прозалық еңбектері («Жақсыдан – шарапат» және «Ғұмырнама»). «Жедел толғау» 1988 жылы шыққан, ал қалған бесеуі өмі­рінің соңғы бес жылында жарық көрді. «Қиын өткен кызығым-ай!» кітабы ақынның осы бес кітабындағы жырлары мен сырларынан және бұрын басылмаған кейбір қолжазбаларынан құрастырылған. Оған 1989 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа табыс еткен төрт бунақтан құралған ағалық аманаты да қосылды. Республиканың алпыс жылдығына арналған «Өлке шежіресінен өрнек­терді» атам он жылдан кейін, жетпіс жылдық тұсында толықтырып, поэма­ның соңғы редакциясын «Шер толғау» кітабына қосқан. Осы туындысын жаңа кітапқа енгіздік. Атам марқұм малды ауылда туып-өсті де, кейін алты жылдай атты әскерде болып, соғысқа эскадрон командирі дәрежесінде қатысты. Сондықтан жылқы малының ерекшелігін жақсы білетін ақын бұл топтамасын «Адам да – жылқы мінез... Мен жазамын, Осы­дан әркім өзін іздесін деп» бастаған да жылқының он алты түрін («Арғы­мақ», «Жабы», «Қашаған», т.б.) толық суреттеп, аяғында: Күндерім өтті демей жалындаған, Әркімнің осылайша әлін бағам. Беймаза зауқым осы, Заманымда, Арқамнан ер-тұрманым алынбаған, – деп түйін жасаған. Ал енді жаңа кітаптағы сонеттер жайлы сөз қозғасақ, алдымен ата­ның алты жыл аудармашы ре­тінде ең­бектеніп 1978 жылы жеке кітап қы­лып шы­ғарған Шекспирдың сонет­тері еске түседі. Ұлы ақынның сонетте­рінен басқа «Гамлет», «Ричард ІІІ» трагедияларын, «Дуалы түнгі думан» атты комедиясын да қазақ тіліне аударған. Атаның сонеттері өзі айтқандай өмірі аяқталғанша жалғасын тауып отырды. «Алла тағала сексен жылдығымды көзіммен көруге жазса, байғазы делінетін қоржынның бір басында осы кітап та жататын шығар» деген оймен 152 сонеттен құралған топтаманы ең алғаш 1994 жылдың ақпан айында «Шабыт» баспасына табыс еткен екен. Біраз уақыт бекер күткізген бұл баспаның өзі де жабылып қалған сияқты. Ата да уақытты босқа өткізбеген, сондықтан 1995 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген кітаптағы сонеттер саны 175 болыпты. Бұл кітаптан кейін жазылған сонеттері 1997 жылы шыққан «Ұлтым дедім – ұлғайдымға» бұйырыпты. Барлық сонеттердің басы қосылып жеке кітап болып шықпаған соң осы «Қиын өткен қызығым-ай!»-ға 198 сонеті жинақталды. 100 жылдық мерейтойына байланысты былтыр ақынның ұрпағы Атырау қаласының және Исатай ауданының қадірлі қонақтары болды. Облыс және аудан басшыларының ерекше құрметін, атаның кіндік қаны тамған «Ерғали күтірінде» қойған тақта-белгісін, ауылындағы орта мектептің алдында орнатылған кеуде мүсінін (мүсінші Серік Матеньязов), әрқайсысы атамызды өз меншігіндей сезінетін туған ауылының қарапайым адамдарын, ақынның өлеңдерін жатқа айтып тұрған оқушылар мен университет студенттерін көргенде атаның туған жері туралы мына сөздері еске түседі: «Кейде туған ауылым қадір-қасиетінің қайда жүрсем де бойтұмардай болмысы барын сөз етемін. Елге барған сайын оянатын баладан бетер еркелігім және бар. Өз ауылымның қанша бір шарапатты шаранасын жырларым арқылы бесігінен бастап тербеткенімді де еске түсірмей отыра алмаймын. Реті келген жерде «осы ауылда менікі емес отбасы жоқ» деп те қаламын. Оның бәрі түсінікті-ау... Мына кіндік қан тамған жер – бет-бедерінің құдды кітаптай оқылатын, талай оқиғаны көз алдыңа тосып тұра қалатын қасиетін қайтерсің?! Оны көбінше сол жердегі ескі, жаңа ескерткіштер сөйлеп береді...» Ғасырлық тойдың бағдарламасында Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев ұйымдастырған жыр фестивалі өтті. Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңін, бірнеше облыстан келіп фести­вальға қатысқан талантты жас ақын­дардың жалынды жырларын тыңдағанда тағы да атаның бір сонетінен: Әрі батыр, әрі ойшыл ғұлама, Әрі ақын жұртың барда жылама, –деген сөздері еске түседі. Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев алдағы жылдарда да ақынды ұлықтау шаралары жалғасады деген еді. Биылғы жылы Атырау қала­сының №35 мектеп-гимназиясына Хамит Ерғалиев есімі берілгенін және қалада атаның ескерткіші орнатылатынын естігенде қазақ халқымен бірге қуанышқа бөлендік. Мен атаның келіні, кітаптың құрастырушысы ретінде айтарым, мол мұрасын зерделі ұрпаққа кітаптар, дисктер, қажетті файлдар ретінде әзірлеп және осы жаңа кітапты алдымен сол мектепке жеткіземіз. Мәдениет және спорт министрлігіне, «Қазақпарат» баспа корпорациясына осы құнды кітаптың жарық көргеніне шын жүректен алғыс айтамыз.

Алтын ЖАҒЫПАРҚЫЗЫ

16022 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы