• Ақпарат
  • 15 Желтоқсан, 2017

Бірлігі күшті жұрт озады

 Тәуелсіздік – аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынды еншілеген, кең-байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, кейінгі ұрпақтарына мирас етіп кеткен ата-бабаларымыздың орындалған арманы дейміз. Сонда олар неге ұмтылды? Әрине, тәуелсіз Қазақ елі болуға,  қазақ болып жаралған соң, қазақ ұлты болып қалуға, ана тілімізді, ата салт-дәстүрімізді сақтауға. 

Киелі атамекенімізге көз аларт­қан жау халқымыздың басына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманын орнатып, «Елім-айлатып» еңіретіп, етегін жасқа толтырған XVIII ғасырда тарих сахнасына атақты Абылай бабамыз шығып, Алатау мен Алтайдың арасын ежелгі дұшпаннан арылтып, көршілес Қытай мен Ресей империяларының ешқайсысына бағынбай, дербес саясат жүргізуге тырысқаны мәлім. Алайда, ел аузындағы аңызда айтылғанындай, сол ұлы ханымыздың да көкейінде үш асыл арманы кеткен көрінеді. Олар – қаны көп төгілген халқымыз үшін бейбітшілік заман орнату, отырықшылыққа көшіп, қала салу, үш жүзге бөлінген елдің басын біріктіру екен. Абылай хан армандары еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды. «Ұлылық жайлы армандаңыздар, тек ұлы армандар ғана адамдардың жан-жүрегін баурай алады!» деген екен Рим императоры болған атақты философ Марк Аврелий. Сонау экономикалық қиындықтар қыспаққа алып, бірнеше облысты біріктіріп, ірілендіруге тура келген, зейнеткерлердің зейнетақылары мен бюджеттік мекемелер қызмет­кер­лерінің еңбекақыларын уақтылы төлеу әлі де қиынға соғып тұрған 1997 жылы «Қазақстан – 2030» Стратегиясын қабылдап, елімізді дүниежүзіндегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосу мақсатын алға қойған Елбасымыз баршамызды өзінің осындай арманшылдығымен қайран қалдырған. Халқымыз сол асқақ арманға жету жолында жұдырықтай жұмылған, тас түйін кейіпке еніп, сын сәтте сенім артқан көшбасшысы – Тұңғыш Прези­дентіміздің соңынан еш іркіл­мей ілесе еріп, өтпелі кезеңнің өткел­дерінен сүрінбей өткен. Елбасы 2001 жылы Ұлттық қор құру туралы шешімін жария етіп: «Алдымызда әлі талай қиын кезеңдер кезігеді. Сондай сын шақта бұл қор еліміздің Тәуелсіздігін сақтауға қызмет ететін болады» дегені де есімізде. Сол кездегі сынампаздардың: «Ұлттық қордың қажеті жоқ. Мұнай мен басқа да шикізатты сатудан түскен басы артық қаржыны елдегі әрбір жан басына шаққанда 17 мың теңгеден таратып берген жөн» деген мағынадағы, әсіресе, кезектесіп келген президенттік және парламенттік сайлаулар қарсаңында ерекше екпін түсіре айтқан қызыл сөзі де жадымызда. Бірақ дана халқымыз ондай арзан уәдеге алданған емес. Елбасы да оған елең етпей, алған бетінен қайтпаған. Ақыры сол Ұлттық қордан бөлінген мол қаржының арқасында 2007 жылы басталған әлемдік қаржы дағдарысының зардабын халқымыз еш сезінбей, ауыл да, қала да жаңарып, алдымызға қойған, бір кезде қол жетпес армандай көрінген асқар мақсатымыз орындалып, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кірдік.

Осыған орай Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айқындап берген жаңа да айбынды мақсатымыз – әлемдегі ең мықты дамыған отыз мемлекеттің бірі атанып, Мәңгілік Ел болу. Біздің ұрпақтың ұлы арманы осы. Тәуелсіздік – сол ұлы арманымыздың жүзеге асуының кепілі. Президентіміз биыл «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жариялап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің нақты жолдарын айқындап берді. Ал оның іргетасы, басты қозғаушы күші ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген аталы сөзі біздің баршамызды терең ойландыруға тиісті. Бұл ретте сонау өткен ғасырдың басында ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «иман деген не нәрсе екенін білмей, қарын деген сөзді ғана жаттаған» деп сынаған Батысқа еліктеуіміздің аяғы неге әкеліп соғып отырғанын қазір бәріміз де көріп, біліп отырмыз. Шындығын айтсақ, асылымызды жасыққа айырбастай жаздауға шақ қалдық. Рухани құлдырап, ұлт ретінде құрудың қаупі төнгенгендігін де анық сезіндік. Үлкенді-кішілі сахналардан, телерадио арналардан әлемдік және ұлттық өнердің жауһарлары шеттетіліп, олардың орнын арзан күлкіге құрылған шоу-бағдарламалар және ұлы Абай айтып кеткен, құр бақырған айғай әндер жаулап алды. Ал халқымыздың шын асыл өнерінің құ­діреті керемет екендігін Димаш Құдайбер­ген­нің мысалынан білуге болады. Ол орындаған ата-бабаларымыздан мирас болған дәстүрлі әндерімізге көршілес қытай елі ғана емес, кәрі құрлық – Еуропа да орындарынан тік тұрып қол соққандығы – соның айғағы. Демек, алдағы уақытта ұлттық өнерімізді қайтадан өркендетуге баса ден қойғанымыз абзал болмақ. Әлбетте, мәдениет саласындағы жаңғыру ұлттық өнерімізді ұлықтаумен, еліміздегі мәдениет ошақтарының жұмысын жандандырумен және тұрғындарға мәдени қызмет көрсету аясын кеңейтумен ғана шектелмеуге тиісті. Бұл орайда халқымыздың мәдени талғамын және жалпы мәдениеттілік деңгейін көтерудің маңызы зор екендігін естен шығармау қажет. Жасыратыны жоқ, қазір халқымыз мәнсіз-мағынасыз әнсымақтарға, сәнсіз-сиықсыз билерге, халық әндері мен атақты композиторларымыздың тамаша туындыларының әнін де, сөзін де өздерінше «заманауиландырып» бұрмалап, қадірін кетіріп, құнын түсірушілікке көздерін де, құлақтарын да үйретіп, «тобырлық мәдениет» дейтін келеңсіз құбылыстың тұңғиығына біртіндеп батып бара жатқан сияқты. Ал адамға рухани азық болатын, асқақ адамгершілікке үндейтін классикалық туындылардың тыңдармандары мен көрермендерінің қатары жылдан-жылға сиреп барады десек, жаңылыспаспыз. Сондықтан да халқымыздың бойында биік мәдени талғам қалыптастыруға мәдениет пен өнер ошақтарында ғана емес, балабақша мен мектептен бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі білім ұйымдарында да жете назар аударып, кешенді шараларды қолға алғанымыз жөн. Осы игі істен бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде, әсіресе теледидар мен радио шет қалмай, белсене атсалысуы қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз мақа­ласында атап көрсеткен прагматизм мәселелеріне – ысырапшылдық пен астам­шылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу, ұстамдылық, қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік, білім алу, саламатты өмір салтын ұстану, кәсіби тұрғыдан жетілу мәселелеріне басымдық беруді шынайы мәдениеттілік белгісі ретінде кеңінен дәріптеуіміз қажет. Бұған қоса, халқымыздың үлкенді сыйлау, ата-ананы ардақтау, бауыр­малдық, қайырымдылық, кешірімділік, аталы сөзге тоқтау, жетімін жылатпау, жесірін қаңғыртпау сияқты ата салт-дәстүрлерін жаңа заманға сай жаңғырта жалғастыру да ұлттық кодымызды сақтау бағытында атқаратын маңызды міндетіміз болып табылады. Біз өзге ұлттармен терезесі тең, қай жағынан болсын бәсекеге қабілетті һәм білімді, іскер, еңбекқор, парасатты, намысты, иманды, бауырмал қазақ болып қалуға тиіспіз. Өз басым Елбасымыздың елорданы Алматыдан бұрынғы Ақмолаға – бүгінгі Астанаға көшіргендігін еліміздің ішкі саясатындағы азаматтық ерлікке пара-пар, кемеңгерлік шешімі деп білемін. Тұңғыш Президентіміздің одан кейінгі тіл тағдыры мен ел тағдыры үшін аса маңызды бастамасы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру болғалы тұр. Бұл да – тарихи таңдау. Түбі бір түркі жұрты (Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан) әлемдік өркениет биігіне жетудің бір жолы ретінде латын әліпбиіне көшкен заманда Қазақстанның да көштен қалып қоюының еш қисыны жоқ. Латыншаға көшу ана тіліміздің одан әрі дамуына және өрісі кеңеюіне қолайлы мүмкіндік берері, сондай-ақ қазіргі ақпараттық технологиялар заманының талабына барынша сай келетіндіктен, еліміздің әлемнің ең мықты отыз мемлекетінің қатарына қосылуына да септігін тигізері анық. Көршілес Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан автономиялы республикасының бірінші Президенті Минтимер Шаймиев те өз кезінде татар тілін латыншаға көшіру туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда 2002 жылы РФ мемлекеттік думасы Ресей мемлекетінде барлық тіл тек кириллица әліпбиі бойынша дамытылуға тиістігі туралы заң қабылдауына байланысты Татарстанның латын әліпбиін қолдануына тыйым салынған еді. Бауырлас татар ағайындар жете алмаған арманға біз, қазақтар, Тәуелсіздіктің арқасында жетіп отырғанымызды түсіне де, бағалай да білгеніміз жөн. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» жобасы да саналы азаматтарды селт еткізіп, кіндік қандары тамған алтын бесік – ауылдары жайлы толғанысқа түсіргендігі анық. Әрине, бұл істе көп нәрсе жергілікті атқарушы органдарға байланысты. Осы ретте бір ескеретін жайт – урбанизация процесіне байланысты көптеген ауылдардың тұрғындарының елеулі бөлігі, әсіресе, жастар жағы қалаларға көшіп кеткені мәлім. Олардың араларынан шыққан мықты кәсіпкерлер мен әр салада айтарлықтай табысқа жеткен азаматтардың қазір атақоныстарында ат басын тірейтін үйлері, яғни жақындары жоқ. Көбісінің туған ауылдарына бармағанына бірнеше жылдың жүзі болған. Сондықтан ауыл әкімдері әуелі олардың өздері оқыған мектептерімен байланыс орнатуына ұйытқы болуы керек сияқты. Мәселен, ауыл мектебі түлектерінің форумын неге өткізбеске?! Мұндай алқалы жиында өмірде жақсы жетістікке жеткен ағалары мен әпкелерін көріп, олардың айтқан сөздерін тыңдап, туған жерге деген перзенттік сағыныштарын сезінген оқушылар да айрықша ғибрат алары анық. ...Мен 1992 жылы «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бұрынғы Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі болып істеп жүргенімде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті басқармасы арқылы 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылған белгілі революционер-большевик Әбілқайыр Досовтың жеке ісін алдырып оқып, «Қан тамған қолжазбалар» атты көлемді мақала жазғанмын («Егеменді Қазақстан», 1992 жылғы 10 сәуір). Сол қолжазбаларында Әбілқайыр Досов 1933 жылы Мәскеуде, сауда академиясында оқитын Әлкей Өтекиннің үйлену тойында Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің бұрынғы Төрағасы Нығмет Нұрмақов: «Бірігу туралы ой әркезде менің идеям болды. Бірақ кейбір тұлғалардың кінәсінен кешігіп қалдық. Сол үшін күллі қазақ халқы шеккен зардап аз емес. Әйткенмен, ештен де кеш жақсы. Ең алдымен, біз өзімізді күйзеліске ұшыраған қазақ халқының мұң-мүддесі біріктіретіндігін есте ұстауымыз шарт. Ал өзгесі – екінші кезектегі мәселе» дей келіп, «Тек қана біздің қырсығымыздан зардап шеккен қазақ халқы үшін» деп тост көтертті» деп жазған екен. Нұрмақовтың сол сөзі кімге болса да ой саларлықтай сөз, тарихи тағылым емес пе?! Арманда кеткен Абылай хан да, Алаш қайрат­керлері де бізге ең бастысы – ел бірлігі екендігін айтып, аманаттап кетті. Ел бірлігі – Тәуелсіздігіміздің берік тірегі екендігін есімізден ешқашан шығармауға тиіспіз.

Кәрібай МҰСЫРМАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның құрметті журналисі

1694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы