• Мәдениет
  • 05 Қаңтар, 2018

Жеті қазынаның бірі...

Биылғы жылымыз күнтізбе бойынша ит жылына сәйкес келіп отыр. Ит қазақ үшін жеті қазынаның бірі болып саналады. Демек, ит жылынан күтер үмітіміз де, жақсылығымыз да мол. Осы орайда оқырман қауым үшін ит жылының ерекшелігі жайында азды-көпті мәлімет бере кетуді жөн көріп отырмыз. Өткен уақыттың күнтізбесіне зер салсақ, 1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006 жылдар ит жылына тұспа-тұс келген екен.

Жұлдызшылар ит жылы туған адамдардың жағымды қасиеттері ретінде ең алдымен қара­пайымдылығын, адалдығы мен шыншылдығын айтады. Бір іске шынайы берілетіндігі, сақтығы да атап өтіледі. Бұл жылы дүниеге келгендер ой-өрісі жағынан да мықты болады екен. Олар әділеттілік жолын ұстанады. Кез келген жағдайда сенім артуға болады. Ит жылы туғандарды көбіне-көп материалдық байлық қызықтыра бермейді екен. Сүйікті мамандықтарының қатарында ұстаздық, дәрігерлік, қазылық пен адвокат, ғалым, зерттеуші бірінші кезекте аталады. Ит жылы қандай атақты адамдар дүниеге келді дейтін болсақ, әлем елдерінде Цицерон, Уинстон Черчилль, Ги де Мопассан, Виктор Гюго, Михаил Лермонтов тәрізді тұлғалар бар. Ал қазақ халқының аяулы перзенттерінің ішінде Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Роза Бағланова, Сафуан Шаймерденов, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Оспанхан Әубәкіров және т.б. тұлғалар дәл осы жылы дүние есігін ашқан екен. Қазақы ит қазақтың жанын, тілін, ділін түсінеді. Сондықтан болар, талай ақын-жазушылардың шығармаларына да арқау болған. Иә, ит жеті қазынаның бірі. Қазақта «Ит үрген жерде ауыл бар», «Ел жатпай ит тынбас», «Иттің де тәңірі бар», «Жақсы ит малға серік», «Ауылға жақындағанда ит озады», «Елсізде ит те жолдас» дегендей мақал-мәтелдер молынан кездеседі. Ит қазақтың өмірімен, тіршілігімен, шаруашылығымен біте қайнасып кеткен. Аңшылар аңға шыққанда жанына құмай тазыларын ертіп жүреді. Жас балаларға ата-аналары күшік алып береді. Итке ат таңдаудың өзіне де қазақ жауапты қарайды. Иттің аты дұрыс қойылса, оның өмірі де дұрыс болып, үйге құт, шаңыраққа ырыс болатынын меңзейді. Өзге де түркі халықтары сияқты қазақтардың да итке деген қарым-қатынасы ерекше. Иттің қадір-қасиетін жақсы сезінеді. Ит туралы әртүрлі аңыз-әңгімелер де жоқ емес. Мұның барлығы халықтың ит туралы, оның жан-дүниесі туралы жиған-терген білімдерінің мол екенін байқатады. Ит жылы еліміз үшін ырыс пен құт жылы болғай!

Бағдагүл Балаубаева

2881 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы