• Мәдениет
  • 05 Қаңтар, 2018

АСҚАҚТАЙ БЕР, АСТАНА!

1997 жылдың 10 желтоқсанында асқар Алатаудан  кең көсілген Арқаға қарай ұлы көш бет түзеген. Ұлы деп аузымызды толтырып айтуға толық негіз бар. Бұл жай көш-керуеннің бірі емес-тін. Жаңа да жұлдыздай жарқыраған нұрлы мақсат-мұраттарды көздеп жолға шыққан, армандары асқақ адамдар легі болатын. Адамдар деп отырғанымыз – халық. Қазақ халқы. Талай жыл, мүмкін талай ғасыр деп айтуға болар, аңсап, сарғайып қол жеткізген Тәуелсіздік ұлтымыздың санасын дүр  сілкіндірді. Иықтан еңсені басып, бел жазуға мүмкіндік бермеген зілбатпан жүк түскендей  болды. Бой да, ой да сергіді. 

Алдымен еске түскені елорда жайы еді. Қандай мемлекетте болмасын астананың алар орны ерекше. Ол – елдің басты белгісі, нышаны іспетті. Сырт жұрт ел астанасына қарап ел халқының жағдайына, хал-ахуалына баға береді. Қаладағы ғимараттар, көшелер, тіпті тазалықтың өзі де ой түйіп, тон пішуге түрткі бола алады. Қазақ елі жаңа кезеңнің, бет­бұрысты сәттің алдында тұрған. Енді бәрі де жаңаша болуға тиіс. Бұрынғы, таптаурын ізбен жүруге бол­майтынын уақыттың өзі қалап отыр. Олай болса астананы да өзгертудің сын сағаты келгендей. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай ойлады. Бұл бір күнде не бір сәтте келе салған ой емес-тін. Көп толғанған, саралаған. Халықтың алғашқы кезде күмәндана қарағанымен кейін түсінетінін, ризашылық танытатынын іші сезген. Қанша дегенмен Алматы шет елмен арадағы шекараға таяу. Әрине, ондай күннен аулақ, шеттегі көрші жаулық ниет танытып, бері қарай ұмтыла қалса астанаңыз алдымен жұтылайын деп тұр. Мұны бір деп қоялық. Терістігімізде қандастарымыздың саны тіпті аз. Олардың қатарын көбейту керек. Бұл – екі. Астананың елдің орталығында асқақтап тұрғаны да мерей емес пе?! Мұны үш дейік. «Бәрін айт та, бірін айт» деген. ­Алматымыз секілді тағы бір сәулетті қала қатарға қосылып жатса – оның несі ерсі? Бәрі де дұрыс-ау. Алайда ескеретін, көңіл тоқтатын бір жайт бар. Ол – жаңа Қазақстанның өмірге келгендігі. Бұл – тәуелсіз, дербес, егемен Қазақстан. Сондықтан да жаңа Қазақстанға жаңа астана, жаңа елорда лайық. Қазақ басшысының он ойланып, мың толғанғандағы маңдай тірегені осы тұжырым еді. Тәуелсіздікті иемденгенімізге үш жыл да толмаған уақытта, 1994 жылдың 6 шілдесінде респуб­ликаның Жоғарғы Кеңесі астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Елбасының өзі былайша еске алады: «1994 жыл болатын. Кеңес Одағы ыдырап, күйреген тұс. Мемлекетте зейнетақыға, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы ретінде төлейтін ақша қалмаған еді, милицияның өзіне жалақы бірнеше айға дейін кешігіп жататын. Міне, осы тұста мен астананы Ақмолаға көшіру керек дедім. Өйткені жаңа мемлекетте жаңа тірек керек болды, жаңа өсім нүктесі болуы тиіс еді. Ең ақыры бір нәрсені бастан-аяқ жаңадан бастау қажет болды. Ол 6 шілде күні болатын. Мен туған күнім екеніне қарамастан Парламентке келдім, өйткені менің ұсынысыммен ешкім де келіспеген, тіпті ондай ұсынысты қабылдамайтын да еді. Парламент сессиясында сөз сұрап, өзімнің туған күнімде қаулы қабылдауды өтініп, осы іске қатысты жобаны алға тарттым. Сонда бір сыйлы депутаттардың бірі сөз алды: «Тіпті егерде біз шешім қабылдаған күннің өзінде бұның бәрін салуға шамамен 30-40 жыл немесе одан да көп уақыт кетеді. Ал бүгін оның туған күні екен. Көтеріңкі, жақсы көңіл-күймен үйіне қайтсын, осы қаулыны қабылдайық» деді. Осылайша, менің туған күнімде тарихи шешім қабылданды да кетті». Арада үш жыл өткенде, яғни 1997 жылы Қазақстан Президенті елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім шығарды. Осыдан былай қарай Ақмола, астана тіркестері елдің аузынан түспейтін болды. Елордаға қатысты мемлекет тарапынан жаңа шешімдер, қаулылар бірінен соң бірі жарық көре бастады. Уақыт билігінің талабы солай еді. Президент 1997 жылдың 20 қазанында Қазақстанның астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жария етті. 1997 жылдың 8 қарашасында еліміздің Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмолаға жеткізілді. 1998 жылы ­6 ­мамырда Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Осы жылдың 10 маусымында жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Төрткүл әлемге Қазақ елінің жаңа, жас елордасы – Астана таныстырылды. Осыдан кейін біраз уақыт Елорда күні ретінде 10 маусым тойланып жүрді. Дегенмен, Астана күнін тек елордалықтардың ғана атап өтуі көңілге қона қоймайтын. Өйткені Астана – бүкіл елдің қуанышы, халықтың шынайы ықылас-пейілімен, жүрек лүпілімен бой көтерген шаһар. Міне, сол себепті де қала күніне халықтық, елдік маңыз берудің мәні зор. Нәтижесінде Астана күні ретінде қаланың елорда атанып, алғашқы шешім қабылданған 6 шілде бекітілді. 2008 жылдан бастап осы күн елімізде мемлекеттік мереке болып тойланып келеді. Биыл еліміздің жан-жүрегі, арман қала, ару қала Астанамыздың 20 жылдығын атап өтпекпіз. Бұл шын мәнінде ұлы той. Қазір Астана төрткүл әлемге танымал шаһарға айналды. Ел ішіндегіні айтпағанда маңызды халықаралық басқосулар Астанамызда өтіп жүр. Олар – ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті, ИЫҰ-ның конференциясы, Әлемдік діндер басшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, ­«ЭКСПО – 2017», Сирия ісіне байланысты Астана процесі... Осылай жалғаса береді. Көріп отырғаныңыздай, Астана тек елімізге қатысты мәсе­лелерді ғана емес, әлемдік дең­гейдегі өзекті түйіндерді тарқа­татын орталыққа айналып отыр. Бұған қалай сүйсінбеске! Қазіргі таңда Астананың мәртебесі тым биік. «Астананың көзқарасы», «Астананың шешімі» деген бұл Қазақстанның көзқарасы, Қазақстанның шешімі екенін былайғы жұрт жақсы білетін болды. Сөйтіп, Астана елдің, Елбасының бір атауы ретінде де жаһанға мәлім болып отыр. Астананың тартымдылығы неде? Бірін­шіден, бұл бүгінгі заман талабына сай бой көтеріп келе жатқан қала. Еуразияның нақ кіндігінде орын тепкен. Сондықтан шаһарда сәулет өнерінің еуропалық та, шығыстық та үлгілерін кездестіре аласыз. Тағы бір себеп – елдегі бейбіт жағдай. Қазақстан саясатының басты ұстанымы – бейбітшілік, тыныштық. Мұны да сырт көз бағалап, сенім артады. Астананың ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атануы да жайдан-жай емес. Сөзіміздің басында елорданың Алматыдан Ақмолаға қөшірілгендігі жөнінде айтқанбыз. Бүгінде көзіміздің анық жеткені, өзгелердің де мойындап отырғаны – елорда бір қаладан бір қалаға көшіріліп қана қойған жоқ, жаңадан салынды, жаңадан бой көтерді. Шамалы ғана уақытта анау-мынау емес, бір қаланы, онда да елдің астанасын тұрғызып тастағанымыз қандай мықтылық! Бұған қалай шаттанбассың, қалай кеуде кермессің! «Астана» сөзінің парсы тілінен аударған­дағы бір мағынасы – «босаға» екен. Қазақ ертеден, әлім­сақтан босағаны қасиет тұтқан. Босағамыз берік болсын. Астанамыз жылдар жылжыған сайын мерейі тасып, асқақтап, көркіне көрік қоса бергей!

Нұрперзент ДОМБАЙ

5374 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы