• Руханият
  • 05 Тамыз, 2010

Шет жұрттағы ағайын тарихымызды түгендеуге мүдделі

Тағдырдың тәлкегімен тарыдай шашылған қазақтардың үлкен бір бөлігінің көршілес қытай жерінде тұратындығы белгілі. Мен сол Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжін қаласында болып, ондағы қандастарымыздың жағдайымен тереңірек танысып қайту мүмкіндігіне ие болдым.

Мен онда Бейжін Орталық Ұлттар университетінің азшылық ұлттар тіл-әдебиеті институты және тарих институтының шақыртуымен ғы­лыми іс-сапармен болып қайттым. Бейжін Орталық Ұлттар университеті 1956 жылы құрылған. Университет Бейжін қаласының ортасында қалашық ретінде орналасқан. Қазір оның құрамында 22 институт жұмыс істейді. Солардың ішінде аз ұлттар тіл-әдебиеті және тарих инс­титуттары да бар. Аз ұлттар тіл-әдебиет институтының құрамына 5 азшылық ұлттардың тіл-әдебиеті факультеттері кіреді. Олар: қазақ, ұйғыр, тибет, моңғол және кәріс тіл-әдебиеті факультеттері. Бұрын қазақ тіл-әдебиеті басқа факультеттің құрамында болса, 2004 жылдың көктемінде жеке факультет болып құрылған. Онда қазақ тілі және әдебиеті кафедралары жұмыс істейді. Оларда да мамандар даярлау ісі біздегідей үш сатылы: бакалаврлар, магистрлар және философия докторы (Рһ.D). Қазақ тілі мен әдебиеті фа­культетінің деканы және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, қытай азаматы Жаң Диң Жиң деген қазақ тілінің маманы болса, факультет­тің партия ұйымының хатшысы және қазақ әдебиеті кафедрасы­ның меңгерушісі Мұхтар деген қазақ жігіті. Бейжін Орталық Ұлттар университетінің азшылық ұлттар тіл-әдебиеті институтын бітірген қазақ жастары астанадағы Ұлттар баспасында, Халық радиосында және басқа да әр түрлі мекемелерде еңбек етіп жүр. Бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде 200-ге жуық қазақтың ұл-қыздары қытай және ана тілдерінде білім алуда. Бакалаврятта студенттер тегін оқытылады. Бәрі де жатақханамен қамтамасыз етілген. Алаңсыз білім алуларына барлық жағдай жасалған. Іс-сапар «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасының екінші кезеңін іске асыруға қатысты іргелі ғылыми зерттеу жобасы аясында жасалынды. Бағдарламаның екінші кезеңін іске асырудың басты бағыттарының бірі, оның нәтижелерін халықара­лық деңгейде насихаттау екендігін Елбасының атап айтқандығы белгі­лі. Соған орай мен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тарихи маңызы» атты тақырыпта баяндама жасап, қазақ тіл-әдебиеті факультетінің оқытушылары мен студеттеріне Қазақстанның тарих ғылымының қазіргі жағдайы ту­ралы дәріс оқыдым. Сонымен қатар Бейжін қаласындағы халық ра­диосының Шалқар есімді тілшісіне сұхбат бердім. Іс-сапар аясында Азшылық ұлттар тіл-әдебиет институтының қа­зақ тілі мен әдебиеті факультетінің, Тарих институтының және Ұлттар баспасының қазақ бөлімінің басшыларымен кездесулер өткізілді. Кездесулерде мен тәуелсіз Қазақстан Республикасы туралы және өзім еңбек ететін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті туралы айттым. Қазақстанның биыл ЕҚЫҰ-ға басшылық жасайтындығын және оның маңызын айтып, ҚазҰУ-да соңғы жылдары болып жатқан өзгерістер туралы, былтыр университетіміз өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өткендігін, ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі келіп еліміздегі білім және ғылым болашағы туралы дәріс оқығандығын баяндадым. Олар үлкен қызығушылық танытып, елімізде болып жатқан істерге қатысты көптеген сұрақтар қойды. Бейжінде қазақ жастарын қазақ тілінде оқытып қана қоймай, сонымен қатар қазақ тілінде кітаптар шығару ісіне де ерекше көңіл бөлінеді екен. Мысалы, Әлімжан атты бауырымыз басқаратын Ұлттар баспасының қазақ бөлімі ұзақ жылдар бойы қазақ тілінде кітаптар шығарумен айналысып келеді. Олардың жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу ісінде ұлан-ғайыр істер атқарып отырғандығына көзіміз жетті. Мысалы, олар 3-4 және 5-6 жастағы сәбилерге арналған «Ана­ның көңілі балада» атты және әр түрлі сыныптардағы мектеп оқушыларына арналған «Кел, балалар оқылық» атты сериямен көркем безендірілген кітапшалар шығарып, бала бақшалар мен мектептерге тегін таратады. Бөлім жетекшісі Әлімжан тек өткен жылдың өзінде «Кел, балалар оқылық» атты сериямен шыққан кітапшаларды 200 мектепке тегін таратқандығын айтты. Бөлім меңгерушісінің орынбасары Бақытбектің айтуынша қазақ жастарының арасында көркем әдебиетке, поэзияға деген қызығушылық өте жоғары. Жалпы Жұңго мемлекетінің тәрбие мәселесіне аса маңызды мемлекеттік іс ретінде қарайтындығына да көзіміз анық жетті. Мысалы, мен сол мемлекетте болған он күннің ішінде 66 арна бойынша жұмыс істеп тұрған теледидардан біздегідей күндіз-түні тоқтаусыз көрсетіліп жатқан бірде-бір жан түршігерлік бейбастықты, тек айуандарға ғана тән көргенсіздікті байқағаным жоқ. Көрсететіндері негізінен балаларға, жастарға ар­налған фильмдер, тарихи фильм­дер, консерттер, спорт ойындары, ел өмірі т. б. танымдық және тәрбиелік қойылымдар. Соларға қарап отырып, «теледидардан әлемнің бар қоқысын үйіп-төгіп, бар сұмдықты көрсетуге жол беріп қойған біздің мақсатымыз не өзі?» деп те ойлайсың. Тіпті біздің телеарналар анда-санда болса да бір тұшынып көретін айтысты да көрсетуді қойды. Ұлттар баспасы балалар әдебиетімен қатар көркем туындылар, ғылыми еңбектер, энциклопедиялар т.б. кітаптар шығарумен айналысады. Бұл орайда қазақ тарихына арналған еңбектердің алар орны ерекше. Мысалы, «Қытай жазбаларындағы қазақ тарихының деректері» атты 6 томдық кітаптың екі томы қазақ тілінде жарық көрген. Үшіншісі жақында шығады. Қалғандары баспаға дайындалуда. Қазақ тілі мен әдебиеті фа­культетінің және тарих институты­ның басшыларымен болған кездесулерде екі жақты байланыс орнату туралы көп әңгіме болды. Олар қазақ тілі мен әдебиетін оқыту ісінде студенттер мен магистрлар алмасу, оқытушылар арасында тәжірибе алмасу қажеттігіне ерекше көңіл бөлді. Тарих институтының деканы Цаң Миң мырза әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде Қа­зақ тарихы пәнін оқытуда, «Қытай жазбаларындағы қазақ тарихының деректерін» бірігіп зерттеу арқылы ғылыми айналымға тартуда, Қытай қазақтарының тарихын бірігіп зерттеу мәселелерінде көмек күтетіндерін айтты. Мен өз кезегімде олардың өтінішін университет басшылығына жеткізуге уәде бердім және елге оралысымен ол уәдемді орындадым. Іс-сапар барысында мен Қытай астанасында еңбек етіп жүрген ба­уырларымыздың әлеуметтік жағ­дайларымен де таныстым. Менің түйгенім: біріншіден, олардың бәрі дерлік өздері қызмет етіп жүрген мекемелерінің маңында тұрады, екіншіден, өнімді жұмыс істеулеріне барлық жағдай жасалынған. Мысалы, Ұлттар университетінің оқытушы-профессорлары ғылыми атақ-дәрежелеріне қарай 8 мың юаньнан (170 мың теңге) 10 мың юаньға дейін (220 мың теңге) айлық жалақы алады. Сонымен қатар олардың әр қайсысы екі компьютермен (біреуін жұмыс орнында, екіншісін үйінде пайдалануы үшін) және бір ноубукпен қамтамасыз етілген. Үшіншіден, дайындаған кітаптарын мемлекет тегін шығарады және қомақты қаламақы төлейді. Тарихшы ретінде іс-сапар кезінде менің төрт нәрсеге көзім анық жетті деп айта аламын. Бірінші, қазақ тарихының жазба деректерінің аса мол қоры қытай жазбаларында сақтаулы тұр. Кезінде Қойшығара Салғараұлы ағамыз әкелген, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жеткізілген және бізде де жарияланған «Қытай жазбаларындағы қазақ тарихының деректері» – мол қазынаның азғана бір бөлігі екендігінде шүбә жоқ. Көпте­ген деректеріміз жарияланғанымен әлі қытай тілінен аударылмаған. Ал Қы­тай мұрағаттарында қаншама де­рек­теріміздің жатқандығы белгісіз. Демек, бұл бағытта атқарылар істер әлі алда. Екінші, танымды тарих жазу үшін қазақ тарихшыларының, Қа­зақстанның тарих ғылымының деңгейін теориялық деңгейге көтеру қажет. Онсыз жүйелі де объективті төл тарихымыздың жазылуы, оның танымдық мәнінің ашылуы мүмкін емес. Ол үшін кеңестік жүйеден қалған Қазақстанның тарих ғылымын да, тарихшы мамандар даярлау ісін де түбегейлі қайта құру қажет. Үшінші, Қазақстанның тарих ғылымының негізгі зерттеу объектісі қазіргідей Отан тарихы (Қазақстан республикасының тарихы) емес Қазақ тарихы болуы керектігіне көзім толық жетті. Соңғы 4-5 жылдың көлімінде мен БАҚ арқылы Қазақстанның тарих ғылымының өзінің негізгі зерттеу объектісін Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) деп алуының үлкен методологиялық қателік екендігін, оның 4 миллионнан астам шет елдердегі қандастарымызды тарихтан тыс қалдыратындығын айтып жүрмін. Бірақ, оған құлақ асқан адам болған жоқ. Қазақстанның тарих ғылымы сол баяғысынша қазақ тарихын зерттеп жазу ісімен емес ғылыми атақ-дәрежелер тарату ісімен айналысуда. Төртінші, қазақ тарихы ең алдымен қазақтың өзіне керек. Сондықтан ортақ тари­хымыз үшін бірігіп күресу мақ­са­тында Халықаралық Қазақ та­рихы қоғамдық бірлестігін құру қажет. Қытайдағы бауырларымыз оны толық қолдайтындықтарын білдірді. Ондай қауымдастықтың құрылуы бірнеше мемлекетте тұрып жатқан барлық қандастарымыздың мүддесіне сай келеді деп ойлаймын. Өйткені бәріміздің тамырымыз бір, тағдырымыз да, тілімізде де, дініміз де, демек, тарихымыз да ортақ. Ортақ тарихымызды ұлт болып ұйымдасып, бірлесіп тану да ортақ іс болу керек. Қамбар Атабаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі, т. ғ. д., профессор

3405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы