• Тарих
  • 05 Тамыз, 2010

Ел болашағы – демографиялық дүмпуде

Елдің демографиялық ахуалын мемлекеттің саяси және экономикалық даму қарқынынан ажыратып қарау мүмкін емес. Демографиялық және адами даму мәселелері Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. Президент Қазақстан халқына биылғы Жолдауында «Адам - елдің ең басты байлығы» деп атап өтті. Жақында «Жер халқы» қоры адамзат саны 6 миллиард 890 миллионға жеттi деп мәлiмет таратқан. Статистикалық мәлiмет бойынша, әр секунд сайын жер бетiнде үш нәресте дүние есiгiн ашады екен. Жыл сайын адамзат саны 80 миллионға артып келедi. Осы қарқынмен өсу жалғаса берсе, 2060 жылдарға қарай жер бетiнде 9 миллиардтан астам адам өмiр сүрмек. Жер халқының жалпы саны көбейiп жатса да, көптеген елдерде адам ресурстарының жетiспеушiлiгi, халықтың қар­таюы байқалады. Дамыған мем­лекеттердiң барлығында дерлiк адам басының кемуi тiркелiп отыр. 2000 жылғы дерек бойынша, 64 мемлекетте туу көрсеткiшi халықтың көбейiп отыруына қажеттi деңгейден түсiп кеткен. Ал дамушы мемлекеттерде, керiсiнше, туу артып келедi, ең кедей мемлекеттерге жататын африкалық елдер туудың басымдығы бойынша алға түспек. Жанымыздағы Ресейдiң өзi демографиялық дағдарысқа қа­тысты дабыл қағып жатыр. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан берi орыс мемлекетiнiң халқы жыл сайын азайып келедi. Ресей мемлекеттiк комитетiнiң болжамы бойынша, алдағы уақытта Ресей халқы 2010 жылы 138,7 миллионға, 2020 жылы – 131,2 миллионға, ал 2050 жылы – 93,8 миллионға дейiн азаймақ. Ендi ресейлiктер адам басының санын 2011 жылға қарай 143 миллион деңгейiнде сақтап тұруға жанталасып әрекет етуде. Бiрақ сарапшылардың айтуынша, бұл мақсаттың орындалуы екiталай. Өйткенi, жыл сайын Ресей халқы 700-750 мыңға азайып келе жатқаны – даусыз шындық. Ең бастысы, Ресей халқының құрамында кәрiлердiң саны басым, жастар аз. Ендеше, өлiмнiң артып, туудың азаюы да – табиғи жайт. Ресей тууды көбейту үшiн «Ана капиталы» атты ұлттық жоба жасады. Биылдан бастап мемлекет тарапынан берiлетiн «жөргекпұл» көлемi 307 мың рубльге дейiн көбейтiлдi. Сондай-ақ көпбалалы отбасы құндылықтарын насихаттау жаппай қолға алынып, Мәскеудiң өзiнде көпбалалы отбасыларға арнап коттедждер салынып жатыр. Тағы бiр көршiмiз Қытайдағы демографиялық келеңсiздiктiң сипаты басқаша. Мұнда некеге тұруға қабiлеттi ерлердiң саны әйелдерге қарағанда 8 миллионға көп екен. Сарапшылардың есептеуінше, 2020 жылы 20-45 жастағы ерлердiң саны осы жастағы әйелдерге қарағанда 30 миллионға артық болмақ. Бiр шаршы шақырымға 140 адамнан келетiн мемлекет өз азаматтарының шет елдерге шығуына мүдделiлiк танытатыны түсiнiктi. Ендеше, алдағы уақытта Қытайдың «адам экспорты» көршi мемлекеттердегi әлеуметтiк-демографиялық жағдайға елеулi әсерiн тигiзедi деген сөз. Қазiрдiң өзiнде Ресейдiң Қиыр Шығыс облысында қытай ұлты өкiлдерi санының күрт артуы демографиялық келеңсiздiк туғызып отыр. Германияда адам саны кемуi­нiң басты себебi – әлеуметтiк факторда. Қоғамдағы әйел ро­лiнiң өзгеруi бала тууды саналы түрде шектеуге жеткiзген. Германия статистикалық мекемесiнiң деректерiне жүгiнсек, 35 жасқа дейiнгi немiс қыз-келiншектерiнiң 40 пайызы бала сүюдiң не екенiн бiлмейдi. Немiс ұлтының өмiр сүру ұзақтығы ерлерде – 78 жасқа, әйелдерде – 84 жасқа дейiн ұзарғанымен, туудың азаюы немiс ұлтын қартайтуда. Қазiрдiң өзiнде әр немiс зейнеткерi үшiн жұмыс iстейтiн үш адам әлеуметтiк сақтандыру төлемiн жасайды. Ал 20 жылдан соң бiр немiс зейнеткерiне шаққанда екi жұмыскер келетiн болады. Түптiң түбiнде туудың азаюы Германияның өнеркәсiбiн тұралатып, экономика өсiмiн тежеуi мүмкiн. Жапониядағы адам саны қа­­зіргі қарқынмен кеми берсе, кейбiр болжамжар бойынша 100 жылдан соң қазiргi 127 миллион жапондықтан бар-жоғы 40 мил­лион қалуы ғажап емес. Сондықтан да бұл елде адам­дарға бала сүю­дің отбасылық бақыттың ажырамас бөлiгi екенiн ұғындыратын әлеуметтiк мекеме құру қажеттiгi айтыла бастады. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрса да, осы жерге иелік ететін халықтың орналасу тығыздығы 2010 жыл дерегіне сәйкес, 1 шаршы шақырымға 6 адамнан ғана келеді. Халық санының аздығы елдің болашақ дамуына кері ықпалын тигізуі мүмкін. Сондықтан да алдағы уақытта Қазақстан басшылығы халық санын арттырудың жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырып келеді. Адам санының кемуi ең алдымен мемлекетте еңбек ресурстарының азаюына әкеледi. Бұл түптiң түбiнде ел дамуына әсер ететiн фактор. Өйткенi, демография заңдылығы бойынша, саннан сапа шығады. Ендеше, «жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» тууы үшiн де ең әуелi, осы елдi, жердi сүйетiн, қадiрлейтiн адам саны артуы қажет. Демографиялық көрсеткішті жақсарту үшін мемлекет тарапынан көптеген шаралар атқарылу­да. Қазақстан Үкіметі тарапынан жасалып жатқан шаралар белгілі бір деңгейде жемісін беріп үлгерді. Ресми статистика бойынша, 2003 жылдан бастап елімізде бала туу саны артқан. Елбасы атап өткендей, «Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан бұл жұмыстардың нә­тижесі айқын. Жыл сайын бала туудың көбеюі халықтың санының артуына ықпал етуде», – деді Президент. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың 5 нау­рызында Астанада өткен Қазақ­стан әйелдерінің V форумында сөйлеген сөзінде ана мен балаға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар жайында айтып өтті. Елбасы 2008 жылы бала тууға орай берілетін жәдемақының 2 есеге, ал бала күтіміне берілетін жәремақы 1,6 есеге өскенін атап өтті. 2008 жылы бұл жәрдемақыларды 140 мыңдай отбасы алып тұрған. Сол жылы 182 мыңнан астам көпбалалы отбасыларға тиесілі әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалған. Қазақстанда 2008 жылдан бас­тап ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Соң­ғы жылдары еліміздегі ана өлімі екі есеге азайып, бала туу көрсеткіші бір жарым есеге өсті. Ал адамдардың өмір сүру жасы 65 жастан 68 жасқа дейін ұзарған. Президенттің тапсырмасы бойынша, биылдан бастап төр­тінші және одан кейінгі бала туыл­ғанда берілетін бір реттік жәр­демақы көлемі 50 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін өсірі­ліп, 68 000 теңгеден асатын болды. Ал 2011 жылы бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақы көлемі орта есеппен 20 пайызға артады. Биылғы жылдан бастап кәме­леттік жасқа толмаған мүгедек балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайын­далмақ. 2010 жылдан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атақтарын алу тәртібі өзгертілді. Енді жеті баланы тәрбиелеген ана омырауына «Алтын алқаны» тақса, алты баланың анасын «Күміс алқамен» қуанта аламыз. Ең бастысы, бұл атақтарға ие болған аналар мемлекеттен ай сайын 8000 теңге жердемақы алатын болады. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен 30 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев отбасы инс­титутының беделін кө­теру мен беріктігін ны­ғайту­ды, адами құндылықтарды жаңғыр­ту қажеттігін үнемі айтып жүр. «Біз көптеген отбасылар ұстанатын ізгі салт-дәстүрлерді сақтауға, оларды насихаттауға және жас отбасыларға қолдау көрсетуге тиіспіз» деді Елбасы. «Отбасылық құндылықтарды насихаттау, неке мен отбасы бейнесіне басымдық беру, көпбалалы болуды уағыздау қажет. Меніңше, табысты отбасылардың көпбалалы болуы қалыпты жағдайға айналуы қажет. Ғасырлар бойы барлық халықтарда осылай қалыптасып келген. Адамның байлығы оның балаларының көптігімен есептелген». Президент жетім балаларды асырап алғысы келетін отбасыларға мемлекет қолдау көрсету қажеттігін де айтып өтті. Мамыр айында мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев­тың төрағалығымен өт­кен Қа­зақстан Республикасы Қа­уіпсіздік Кеңесінің кезек­ті оты­рысында да еліміздегі демо­графия­лық саясатты белсенді және мақсатты түрде жүргізу керектігі айтылды. Бала тууды ынталандыру, мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелерде орын тапшылығын жою, өлім-жітімді, әсіресе ана мен бала өлімін азайту, отбасы мен неке институтын нығайту, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, көші-қон саясатын тиімді жүргізу – осы саладағы басым бағыттар. Он жылдан бері Қа­зақстан Республикасы Президенті жа­нында әйелдер істері мен от­ба­сы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істеп келеді. Осы комис­сияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, елімізде үш және одан көп баласы бар отбасылар қатарын арттыру, 2020 жылға дейін ана өлімін 100 адамға шаққанда 15-ке дейін, ал бала өлімін 1000 балаға шаққанда 12-ге дейін азайту, әйелдер мен ерлер арасында өмір сүру ұзақтығын 10,5 жылдан (2008 жылғы көрсеткіш) 8 жылға (2020 жыл межесі) дейін қысқарту, отбасылық жәрдемақылар кө­лемін айтарлықтай ұлғайту, жас отбасыларға арнап мемле­кеттік тұрғын үй саясатын қалыптастыру, Қазақстанда мүгедектердің статусын халық­аралық стандарттар мен ережелерге сәйкестендіру, мигра­циялық үдерістерді қолдау, отандастарды көбірек оралту - 2010-2020 жылдар аралығында демографиялық саясаттың басым бағыттары болмақ. Республикалық деңгейде ғана емес, аймақтарда да демографиялық көрсеткішті жақсартуға деген тың бастамалар қолға алынып жатқаны сүйіндіреді. 2009 жыл Маңғыстау облысында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының бастамасымен және облыстық әкімшілігінің қолдауымен «Ана мен бала жылы» деп жарияланған. Осы жыл ішінде көптеген шаруалар атқарылып, аймақ халқының әлеуметтік ахуалы біршама жақсартылған. Мысалы, облыс бойынша 13 медицина нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, 60 орындық Ақтау қалалық перзентханасы және облыстық балалар ауруханасына қарасты 60 орындық корпус іске қосылды. Осындай игі шараларды басқа аймақтарға үлгі ету, «Ана мен бала» жылын республикалық деңгейде өткізу - кезең талабы. Тарихшы мамандардың есеп­теуінше, егер ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін, соғыс пен аштық болмағанда, Қазақстандағы қа­зақ ұлтының саны бүгінде 50 миллионға жетуі әбден мүмкін еді. Қазіргі таңда мемлекеттік саясат алдағы онжылдықта халық санын 20 миллионға жеткізудің барлық мүмкіндігін қарастырып отыр. Қазақстанда 2009 жылы өт­кізілген соңғы (тәуелсіздік алғалы бері екінші рет өт­кізген) халық санағының қо­рытындысына сәйкес, елімізде 16 004 800 адам тұрады. Халық санағының қо­рытындысы көрсеткендей, соңғы он жылда Қазақстандағы адам саны көбейіп келеді. 1999 жылғы санақ қорытындыларымен салыс­тыр­ғанда, республика халқының саны 1 022 900 адамға немесе 6,8 пайызға артқан. Оған еуропа­лық этностардың эмиграциясы да, қазақ ұлтының санының көбеюі де әсер етіп отыр. Қазақ ұлтының үлесі 63,1 пайыз немесе 10,1 млн. адам. Қазақстанда ең көп ұлт қазақ (10,1 млн.) және орыс (3,8 млн.) ұлты өкілдері. Демографиялық көр­сеткіште қазақ ұлты­ның санының артуына мемлекеттік көші-қон саясаты да біршама әсер етті. Шетелдегі қазақтарды тарихи отанына оралту бағдарламасы аясында тәуелсіздік алған уақыттан бері 1 миллионға жуық оралман Қазақстанға келген. Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл сайын 100 мың қазақты тарихи отанына оралту көзделген. Алдағы 30 жылда осы бағдарлама аясында 3 млн.-ға жуық адам Қазақстанға келуі керек. Алдағы уақытта еуропалық этностардың эмиграциясы толас­тауы екіталай. Ресейдегі «Отандастар» бағдарламасы аясын­да Қазақстаннан 1 млн.-ға жуық адам Ресейге қоныс аударуы мүм­кін, бұл еліміздегі орыс ұлты­ның төрттен бір бөлігі. Қазақстан­нан қоныс аударатындар санын азайтудың бірден-бір жолы - елде жұмыс істеуге қолайлы экономикалық жағдай жасау мен қоғамда саяси тұрақтылық­ты сақтау екені белгілі. Соңғы жылдардағы Қазақстандағы эко­номикалық өсім миграциялық үдерістің реттелуіне мүмкіндік берді. Өйткені, Қазақстандағы жақсы тұрмыс пен қолайлы саяси-әлеуметтік ахуал осы елде тұрақтап қалуға және оған адалдықты сақтауға септігін тигізуде. Демографиялық саясат қоғамның дамуымен тонның ішкі бауындай астасып жатқан үдеріс. Халық­тың өсімі – ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың бірден-бір жолы. 2008 жылы 29 мамырда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақтілді басылымдардың бас редакторларына берген сұх­ба­тын­да демографиялық саясатқа орай өз пікірін білдіріп өтті: «Біз жұ­мыс күшін сырттан әкелмес үшін, яғни, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмес үшін, біз ха­лық санын арттыруға күш салуымыз керек. Қазірдің өзінде біз шетелдерден жұмысшыларды шақыруға мәжбүрміз. Қазақ жерінде қаншама заңды да, заңсыз мигранттар жүр. Осының бәрін мемлекет қатаң қадағалауда ұстауы керек». «Біз Қазақстандағы демогра­фиялық және тұтастай алғанда адами даму мәселелеріне жал­пыұлттық мәселе деп қарауымыз керек» деді Елбасы. «Ұлттық қауіпсіздіктің ба­сым бағыттарының бірі ре­тінде мықты демографиялық және миграциялық саясат қа­лыптастыруымыз керек. Егер біздің мемлекеттік органдар бұл мәселеге бұрынғысынша салғырт қараса, біз ХХІ ғасырда Ресейдің ізін қуып, «демографиялық дағ­дарысқа» ұшыраймыз. Бұл елде халық саны сыртқы миграцияның әсерінен ғана емес, табиғи тұрғыда азайып бара жатыр. Бұл дереу қолға алынуы керек шаруа». 1997 жылы айтылған сөздерден қазір оң нәтиже бар. Дегенмен, алдағы уақытта да демографиялық даму мемлекеттік саясаттың басты назарында болуы керек. Гүлбиғаш Омарова, журналист

6711 рет

көрсетілді

22

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы