• Тұлға
  • 01 Ақпан, 2018

Атаулы көмектің артықшылығы көп

Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Біз 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік. Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 процентінен 50 процентіне дейін көтерілді. Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады. Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтіледі» деп атап өткен болатын. Осы тұрғыда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі Әлеуметтік көмек департа­менті директоры­ның орынбасары Айнұр Әбдіғақарқызы ӘБДІРАХМАНОВАМЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Айнұр Әбдіғақарқызы, Елбасы өз Жолдауында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көшкеніміз жайлы айтып өтті. Аталған жүйенің қолда­ныстағы тәсілден ерекшелігі неде? Оның мақсат-мүддесі жайында кеңірек тоқта­лып кетсеңіз? – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа форматтағы ­атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген болатын. Жаңа форматтағы атаулы әлеу­меттік көмек табысы аз отбасылар үшін қолданыстағы үш әлеуметтік төлемдерді біріктіретін бірыңғай жәрдемақы болып есептеледі. Оның құрамына: жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен отбасылардың әрбір мүшесіне ұсынылатын атаулы әлеуметтік көмектің ескі форматы; отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болатын отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына тағайындалатын жәрдемақы кіреді. Төрт немесе одан да көп балалары бар отбасыларға табысына қарамастан ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Айта кетейік, арнаулы мемлекеттік жәр­демақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайын­далған отбасылар үшін бұл төлем оны алуға құқықтың жойылуына дейін, яғни балалардың кәмелетке толуы­на дейін сақталады. Осылайша, жаңа форматтағы атау­лы әлеуметтік көмек көрсетілген үш төлемнің орнына тағайындалады және оның мөлшері көрсетілген үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болып отыр. Жаңа жүйенің ерекшеліктеріне тоқталсақ, біріншіден, кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтерілді. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көтерілуін (24 459 теңгеден 28 284 теңгеге дейін) есепке ала отырып, кедейлік шегінің артуы әлеуметтік қолдау мөлшерлерінің өсуін білдіреді. Екіншіден, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі шартсыз және шартты ақшалай көмек қарастырылады. Үшіншіден, жүгіну және төлемдердің жаңа түрлерін тағайындау процессі оңтайландырылады. Жаңа шарттарға сәйкес жоғарыда көрсетіл­ген қолданыстағы әлеуметтік жәрдемақы­ларды тағайындау үшін үш құжаттар пакетін ұсынудың орнына бір құжаттар пакетін жинап, Халықты жұмыспен қамту орталығына (ауылдық жерде – ауылдық округ әкіміне) жүгіну жеткілікті. – Шартсыз және шартты ақшалай көмек деген қандай көмек? Оқыр­мандарға түсінікті болуы үшін қара­пайым тілмен жеткізсек? – Шартсыз ақшалай көмек құра­мында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедектер немесе қария зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартыла алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғыз басты ана) ұсынылады. Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарт жасасу және барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен, құрамында кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға ұсынылады. Атап айтқанда: атаулы әлеуметтік көмекті төлеу (ақшалай түрдегі жәрдемақы) – ай сайынғы негізде немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға әлеуметтік келісімшарт жасасу шартымен 6 айға тағайындалатын біржолғы төлем түрінде; келесі шараларды қолдану арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу: жұмыс берушілермен ұсынылған бос жұмыс орындарына жіберу арқылы жасалады. Сонымен қатар оқуға, тұратын жерді жалдауға, жол жүруге, бір реттік ыстық тамаққа шығындарды толтырумен бірге, оқуға жіберу және мемлекет есебінен стипендия төлеу арқылы; еңбекақыны мемлекет есебінен төлеп, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу; өз ісін ашуға немесе оны кеңейтуге микрокредит ұсыну ар­қылы беріледі. Қажеттілік болған жағдайда мүгедектерді оңалту шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер, медициналық қызметтер, тұрғын үй коммуналдық қыз­мет­терді төлеуге көмек кіретін әлеумет­тік қызметтер пакетін ұсыну және тағы басқалар ұйымдастырылады. – Көп балалы немесе жалғыз басты аналарға қандай көмек көрсетіледі? – Жоғарыда атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы шартты және шартсыз ақшалай көмек ретінде екі түрге бөлінетінін атап өттік. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарына жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен (күнкөріс деңгейінің 50%-нан) төмен болатын жеті жасқа дейінгі балаға қараушы аналар да жатқызылған. Мұндай азаматтарға атаулы әлеумет­тік көмектің шартсыз түрі тоқсан сайын тағайындалатын болады. – Осы жерде тағы бір сұрақ туындап отыр. Мүгедек жанға төленетін жәрдемақы немесе ата-анасымен бірге тұратын жұмыссыз жас отбасының әке-шешесінің зейнетақысы табыс көзіне санала ма? Ал ағайын-туысының үйінде тіркеуде тұратын адамның табысы қалай есептеледі? – «Мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмек туралы» Қазақстан Республи­касының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын айқындау барысында отбасы мүшелері ретінде бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін және бір елді мекенде тіркелген отбасы мүшелерінің алып жүрген тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмектен есептеледі. Сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шара­ларына қатысу шеңберіндегі мемле­кеттік қолдау шараларынан басқа, ақша­лай немесе заттай нысанда алын­ған табыстардың барлық түрлерін отбасының жиынтық табысына енгізу көзделген. Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі WhatsApp мессенджерін іске қосты. Оның нөмірі: +7 700 101 1414. Еліміз­дің азаматтары өздерін толғандырып жүрген зейнетақы, жәрдемақы, мүгедектікті тағайындау, көп балалы отбасын қолдау, көші-қон, еңбек қатынастары және т.б. мәселелерге қатысты сауалдарына аталған нөмірге хабарласып, жауап ала алады. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Бағдагүл Балаубаева

2161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы