• Тіл
  • 15 Қаңтар, 2009

Кiмгi өкпелеймiз?

Қолымызға Мағжан Жұмабаевтың тiлге байланысты бiр дүниесi түстi. Ұлт үшiн тiлдiң қаншалықты орны бар екендiгi соқырға таяқ ұстатқандай нақпа-нақ, шегелеп айтылыпты: «Тiлсiз ұлт, тiлiнен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшiн бiрiншi шарт – тiлi болу. Ұлттың тiлi кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетедi. Ұлтқа тiлiнен қымбат нәрсе болмасқа тиiстi». Қазақтың тағы бiр көрнектi ақыны, қайраткер-ағартушы Ғұмар Қараш та екi сөйлеммен-ақ тiлдiң мән-мағынасын ашып көрсеткен екен. «Тiл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтiндей өлген, жоғалған ұлт болады» дейдi ол. Қатардағы қайсыбiреулер емес әлгiндей ғасырда бiр туар ұлт перзенттерi ағынан жарыла, жүрек сырын ақтарып жатса да сол сөздердi елемейтiнiмiз, назарда ұстамайтынымыз қандай өкiнiштi. Даналарымыздың айтқандарын көңiлге түйiп, одан қорытынды шығара бiлгенде тiлiмiз қазiргiдей мүшкiл хал кешпес едi. Бiр қарағанда мемлекетке кiнә артуға негiз жоқ та секiлдi. Бұл бағытта заңын да, қаулысын да шығарып жатыр. Тәуелсiздiктiң төңiрегiнен бастайықшы. 1989 жылы «Қазақстан Республикасындағы Тiлдер туралы» арнайы заң қабылданды. Осы заңда «Қазақ тiлi – ҚазКСР-нiң мемлекеттiк тiлi болып табылады» деп атап көрсетiлдi. Аталған заңның қабылдануына орай жыл сайын 22 қыркүйекте Тiл мерекесi тойланып жүр. 1996 жылы Президент шешiмiмен мақұлданған «Қазақстан Республикасының Тiл тұжырымдамасы» да салмақты құжаттардың бiрi болып табылады. 1997 жылы тұңғыш кәсiби Парламент қабылдаған «Тiл туралы» Заң ел өмiрiндегi ерекше оқиға едi. 2001 жылы Елбасының жарлығымен бекiтiлген «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» да маңызды құжаттардың санатында. Осының алдындағы республика Үкiметiнiң «Мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулысы мен «Тiл туралы» Заңның орындалуына бақылау жасаудың тәртiбi туралы Ережесiн ерiккеннiң ермегi деп айта алмайсыз. Алайда, соған қарамастан қазақ тiлiнiң бүгiнгi қолданысына көңiлiң толмайды. Қарның ашады. Халыққа жөн-жоба, бағыт-бағдар сiлтейтiн, үлгi-өнеге көрсететiн Парламент пен Үкiмет де орысша шүлдiрлеуiнен бiр танар емес. Етпетiнен түскен түскен тiлiмiз белiн жаза алмай жатқанда «Үш тұғырлы тiл» дегендi шығардық. Баяғыда «Қос тiл – қос қанатың» деген болатын. Соның өзiне үрке қарайтынбыз. Сондағы ой орыс тiлiн жек көру, оны бөтен санау емес. Құдiреттi де қасиеттi қазақ тiлiнiң жанына әлдебiрдеңенi қосақтап, өз биiгiнен, өз тұғырынан аласартпасақ деген ниет. Қазақ тiлi – бiз үшiн, қазақтар үшiн ол нұр сәулесiн төңiрегiне шашырай төгiп тұрған Алтын Күн. Көкте күн бiреу ғана. Тағы бiр күн шығуы мүмкiн емес. Бiз өз тiлiмiздiң орнын осылай түсiнемiз. Әрине, қазiргi заманда орыс тiлiнiң де, ағылшын тiлiнiң де қажет екендiгiне ешкiм дау келтiре алмайды. Қазiргi қазаққа бұл екi тiлдi үйренбе десең де үйренер едi. Өйткенi – керек. Сондықтан да бұл екi тiлдi тұғырға қондырмай-ақ арқадан қағып, жылылық танытсаң да жаныңнан ұзай қоймайды. Тұғырға лайықтысы – өз тiлiмiз, қазақ тiлi. Тұғырды айтасыз босағадан шыға алмай дiңкесi құрып тұрған жақ па бұ тiлдiң. Өзiмiз де қызықпыз. «Қайда барсаң да орыс тiлi. Қазақ тiлiне жол бермейдi» деймiз. Елiмiдiң басты заңы – Ата заңымызды қарайық: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп мен мұндалатып жазып қойдық емес пе? Осыдан кейiн кiмге өкпелеймiз? Уақытында осылай айту керек болған шығар. Бүгiнде бұлай деу жараспайды. Әлгi тiркестi алып тастамай қазақ тiлiнiң көсегесi көгермейдi. Олай етпесек тiлiмiз жөнiнде айтып жүргенiмiз бос әңгiме болып шығады. Осы жылдың басында Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң төрағасы Ербол Шаймерден баспасөз арқылы көпшiлiкке жақсы хабар жеткiздi. Елiмiзде 10 облыс – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Оңтүстiк Қазақстан және Алматы мен Астана қалалары мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге толық көшiптi. Төрт облыс – Ақмола, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары өткен жылы бұл iстi қолға алған. Яғни, бұл облыстар да көшiп жатыр. Ендiгi мiндет осы маңызды шаруаның анық-қанықтылығына бақылау жасап отыру болса керек. Адам үмiтсiз өмiр сүре алмайды. Алдан қуаныштар, жетiстiктер күтемiз. Елбасымыз сөйлеген сөздерiнде басқа да өткiр мәселелермен қатар мемлекеттiк тiл жайын да назардан тыс қалдырмайды. Соған қуандық. Тәуелсiздiктiң 17 жылдығына байланысты сөйлеген сөзiнде «Мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiнде жұмыстар жүйелi жүргiзiлуде. Менiң бастамым бойынша «Мемлекеттiк тiлдi дамыту» Президенттiк қоры құрылып, қазiрдiң өзiнде бiрқатар жаңа жобаларды жүзеге асыра бастады. Мемлекеттiк тiлдi оқыту жөнiнде өңiрлiк орталықтар жұмыс жасап жатыр. Жаңа сөздiктер шығарылды және бiрқатар компьютерлiк бағдарламалар жасалды» дедi. Мемлекет басшысының Жаңа жылдық құттықтауында тiл мәселесiн сөз етуi мiндеттi болып көрiнбес. Бiрақ, онда да ұмыт қалдырмады. Қазақшасында мемлекеттiк тiлдiң дамуына айрықша көңiл бөлiнiп, оған бөлiнген қаржы ұлғайып жатқандығы айтылса, орысша сөзiнде де мемлекет қазақ тiлiн – мемлекеттiк тiлдi дамыта беретiндiгiн айтты. Осының бәрi – жақсылық нышаны. Жыл келгенде жаңалық күтетiн әдетiмiз. Жаңа жылда тiлiмiзге бiр серпiн берсек оның әлi босаң қанаты қатая түсер ме едi... Нұрперзент Домбай

3074 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы