• Мәдениет
  • 15 Ақпан, 2018

Сайыс қызған шақ

Пхенчхан олимпиадасының алғашқы күні Қазақстан құрамасының спортшылары үшін сәтсіз басталды. Трамплиннен секіру (90 м) сынында Сергей Ткаченко іріктеуден өте алмады. 18 жастағы қазақстандық спортшы 51-ші орыннан көрінді. Оның алдындағы 50 спортшы іріктеу кезеңінен өтті. Сергей Ткаченко үшін әзірге жарыс аяқталған жоқ. Отандасымыз 16 ақпан күні алып трамплин (125 м) сынында бақ сынайтын болады. 

Олимпиадада қазақстандық жан­күйер­лер шорт-трекшілер мен ­биат­лоншылардан үміт күтті. Әйелдер ара­сындағы 7,5 шақырымдық спринт жары­сында Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Галина Вишневская жүлдеге таласатындардың қатарында болған. Галина спринттік жарыста бірінші ату кезеңінде бес нысананың екеуіне тигізе алмай екі айып айналымын жүгіріп біраз уақыт жоғалтып алды. Ал екінші ату кезеңінде бес нысананың барлығына дәл тигізді. Бірақ алғашқы екі қателіктің кесірінен ол спринттік жарысты тек 30-нәтижемен аяқтады. Спринттік жарысқа қатысқан қа­зақстандық биатлоншылар Дарья Климина, Ольга Полторанина, Алина Райкова елулікке де ене алған жоқ. Үшеуі де ату кезінде екі-үш қате жіберді. Шорт-тректен Қазақстан құрамасы­ның мүшесі Нұрберген Жұмағазиев 1500 метрлік жарыстың финалына шыға алмады. Іріктеу сынында өз тобында екінші келе жатқан ол мәреге екі-үш айналым қалғанда мұзға шалынып құлап, жарысты ерте аяқтады. Осы қашықтықта сынға түскен тағы бір қазақстандық ­Денис Никиша да финалға өте алмады. 5000 мың метрлік эстафета жарысында да команда капитаны Абзал Әіжғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша және Еркебұлан Шамуханов төртінші орынмен жүлдегерлер қатырына енбей қалды. Дегенмен алда әлі 500, 1000 метр­де жекелей сайыстар болады. Бұл сында спортшыларымыздан жүлде күтеміз. Тағы бір отандасымыз Қазақстан спортының тарихында шана спортынан олимпиадаға алғаш рет қатысқан 19 жастағы Никита Копыренко да іріктеуде төмен нәтиже көрсетіп, финалдық сайыстан үмітін үзді. Қазақстандық биотлоншы Галина Вишневская 10 шақырымға із қуу жарысында да сәтті өнер көрсете алмады. Ол бар-жоғы 20-шы орыннан көрінді. Бұл сында неміс қызы Лаура Дальмайер топ жарды. Жарыс жолына Қазақстаннан екі спортшы шықты. Ату кезінде Галина бір рет қана қателескенмен, уақыт көрсеткіші 33:05,9 минутқа тең келіп, 20-шы орынға тұрақтады. Шаңғыдан әйелдер арасындағы 7,5+7,5 шақырымдық скиатлон (шаң­ғымен классикалық әдіспен жүгіру+коньки әдісімен жүгіру) жарысында Анна Шевченко 36-шы орын, Елена Коломина 54-ші орынмен шектелді. Қазақстандық фристайлшы ­Дмитрий Рейхерд та фристайлдың ­могул сайысы бойынша екінші финалдық кезеңде өз жаттығуын сәтті орындай алмай жарыс жолынан шығып қалды. Cекіру кезінде қателесіп, төрешілер тарапынан бар болғаны 58,64 ұпайға ие болды. Бұл сайыс түрінен Павел ­Колмаков та жарыс жолына шыққан болатын. Ол екінші финалдық кезеңде 76,10 ұпай жинап 7-орын алды. Жүлделі орынға таласу мүмкіндігін бір орын ғана бөлді. Пхенчхан Олимпиадасында ­ерлер арасында шаңғы спорты ­бойынша спринтерлік сайыстардың іріктеу кезеңінде қазақстандық шаңғышы ­Алексей Полторанин ерлер арасында 13-ші орынмен, ал шаңғы жарысы ­бойынша әйелдер арасында спринтерлік сайыстың іріктеу кезеңдерінде отандасымыз Анна Шевченко 27-ші орынмен ширек финал­ға жолдама алған. Дегенмен, ширек финалда шаңғышымыз Анна ­Шевченко 6-орынды місе тұтып, жартылай финалға қол жеткізе алмады. Ал ­Алексей ­Полторанин классикалық спринттік сайыста финалға жетпей сүрінді. Ол классикалық спринттік сайыстың ­ширек финалында төртінші орынға табан тіреді. Алайда финалға тек бірінші және екінші орындарға қол жеткізген спортшылар шығатын болғандықтан, бұл көрсеткіш Полтораниннің финалға шығуына жеткіліксіз болды. Коньки спортынан сынға түскен Федор Мезенцев пен Денис Кузин де 1500 метрге жүгіруден жарысты жүлдесіз аяқтады. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы дүбірлі дода нақ қызған шағында. Қазақстан құрамасы жалпы­ко­мандалық есепте 19-шы орында келеді. Көш басында 5 бірдей ­алтыны бар Германия құрамасы. Үздік үштікте ­Нидерланд пен АҚШ спортшылары. Қысқы ойындар 25 ақпанға дейін жалғасатынын ескерсек үздіктер арасында алғашқы орындарға талас тартысты болмақ.

Әбілмансұр ЖАСАН

2076 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы