• Әдебиет
  • 22 Ақпан, 2018

Қарлығашы Қиғаштың...

Ауданымыздың түлегі, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Гүлзада Ниетқалиева аудан әкімдігінің арнайы шақыртуымен ауданымызда болып, рухани жаңғыру аясында жұртшылықпен кездесу өткізді. 

Ақынды ауылдастары құшақ жайып қарсы алып, зор ілтипат көрсетті. Сыр менен жырға толы кеш­терде Гүлзада Ниетқалиева­ның өлеңдері оқылып, өмірінен, шы­ғармашылығынан қойылымдар көрсетіліп, ол әдеби-сазды бағдар­ламаларға ұласты. Гүлзада ақынмен бірге оның достары, шығар­ма­шы­лық тығыз байланыстағы адамдар, ағайын-туыстары болды. Олардың ішінде белгілі өнер қайраткерлері, сазгер-әншілер Сәуле Жанпейісова, Гүлмайдан Сүндетова, Х­анзада С­ахипова, өнертанушы Алма ­Андарбаева, ғылым кандидаты, ­до­цент Рысхан Тоқбергенова, ­Атырау облыс­тық зертхана басшысы, вете­ринария ғылымының кандидаты Айжан Дәулетиярова бар. Ақын қыз «Көптоғай» өңірінің түлегі. Көркі көз жауын алатын шұрайлы аймақтан ақын қыздың шығуы заңдылық сияқты. Әкесі ­Рахмет Ниетқалиев кездесуде: «Кішкентай кезінен қиялшыл болып өсті. Өз дегені болмаса айтқанға иіле қоюы қиын еді. Осы маңдағы көлге жападан-жалғыз аққулардың таранғанын, шомылғанын, ұшқанын көремін деп кетіп қалушы еді» деп естелігімен бөлісті. Көптоғайлықтар бұл кешті «Қарлығашы Қиғаштың» деп атапты. Ол Гүлзаданың әкесі, ұстаз әрі ақын Рахмет Ниетқалиевтың М.Уәлиевпен бірлесіп жазған «Көптоғайым» әнімен ұстаз Мөлдір Оспанқызының орын­дауында ашылды. Ағыл-тегіл тілектерге кезек берілді. Ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы, тарих пәнінен сабақ берген ұстазы Қайыржан Өтепов шәкіртінің өте жақсы оқығанын айтты. Осы «Көптоғайдан» үш бірдей Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты шыққанын, ­Арман есімді ауыл баласының бүгіндері Қызылқоға ­ауданында әкім екендігін, сондай-ақ бүгінгі кеш кейіпкері ақын Гүлзаданы айрықша мақтан тұтатындықтарын әңгімеледі. Алма Андарбаева «Әкем қоңыр домбыраны әлемге танытса, біздің Гүлзада қазақ өлеңін Лондон жерінде асқақтатты» деді. Белгілі әншілер Гүлмайдан Сүндетова шара иесінің сөзіне жазылған «Астанам – әнім», ­«Атырауым – мекенім», Ханзада ­Сахипова «Жан әке» әнін орындады. Ал Сәуле Жанпейісова Илья Жақановтың әйгілі «Еділ мен Жайығын» шырқады. Құрбысы, аудан­дық білім бөлімінің меңгерушісі Гүлфара Құбаева ­Ганюшкин ­мектеп интер­натындағы бірге қызмет істеген күндерінен әсерлі естеліктер өре білді. Әсіресе осы мектепке алғаш келген қазақтың ­аяулы ақын Фариза Оңғарсыновамен болған Гүлзаданың жүздесуі, жарқын келешегіне жол ашқандай. Ақынмен болған қауышу әсерлі өтті. Балғын балалар жерлес ақын апаларының өлеңдерін оқыды. Округ әкімі Сағындық Мұратов, С.Мұқанов мектебінің директоры Күнсұлу Сүйінова «Естелік хат», сыйлықтар табыстады. Мұндай әсерлі кездесу кеші К­иров ауылдық округінде және аудан орталығында жалғасты.

Таңатар Дәрелұлы

Атырау облысы Құрманғазы ауданы

1928 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы