• Әдебиет
  • 22 Ақпан, 2018

Қос жинақтың тұсаукесері

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің ұйымдастыруымен «Көркем сөз өнері» және «Орысша-қазақша заңнама сөздік» атты қос кітаптың тұсаукесері өтті. 

«Көркем сөз өнері» – әдебиеттану, әдебиет теориясы саласындағы түркі тіліндегі тұңғыш туынды. Еңбекте автор поэзияның көркемдік заңдылықтарын, жеке сөздің өлең құрылысындағы рөлін анықтаған. Трактатта өлеңнің түрлері, уәзіндері, әрбір сөздің терминдік мәні әрбір әріптің сөз құраудағы міндеті пысықталып отырады. Сонымен қатар бұл еңбекте сөйлем, сөз, әріптердің бір-бірімен байланысы талданады. Шейх Ахмет Құдайдад Тарази өз тұжырымдарын түркі, парсы және араб тіліндегі өлең жолдарымен қуаттап отырады. Шығарма түркі тілінде жазылғанымен аталған үш тілдің тарихи байланыстарына зер салуға мол мүмкіндік береді. Бұл еңбектің шығуына оны тауып, қазақ жеріне алып келген әдебиеттанушы қаламгер Кеңесбек Демеш және онымен бірлесіп аударма жасаған шығыстанушы ғалым Ислам ­Жеменей айрықша еңбек сіңірді. Аталған шығарманың толық ­аудармасы алғаш рет жарияланып отыр. Туынды бес тараудан тұрады. Кешті журналистика факульте­тінің деканы Сағатбек Медеубекұлы жүргізіп отырды. Кеш барысында филология ғылымының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, «Абайтану» институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жаңғара Дәдебаев, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы және т.б. сөз сөйлеп, жаңа жинақтағы көңіл аударар тұстарды ортаға салды. Белгілі аудармашы, әдебиет­танушы, публицист, қоғам қайраткері Кеңесбек Демеш «Заңнама тілі» деп аталатын жобасына – кітаптар топтамасына ресми ісқағаздарында жиі қолданылып жүрген термин сөздер мен сөз тіркестерінің жинағын, заңнама терминдерінің түсіндірме сөздігін, сондай-ақ автордың ­занама тіліне, көркем сөз өнеріне қатысты мақалаларын, эсселері мен ­аудармаларын біріктіру көзделген. Аталмыш еңбекте сөздікті пайдалану барысында ескеретін бірқатар жайттар жайлы жазылған. Сөздік нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеумен айналысатын мамандарға, заңгерлерге, ау­дармашыларға, ғалымдарға, ­сту­денттерге, сонымен қатар жалпы көпшілік оқырманға арналған. Шара соңында К.Демеш кешке қатысушыларға алғысын білдіріп, журналистика факультетінің алдағы уақытта да зор табыстарға жете бе­руіне тілектестігін жеткізді.

Әбілмансұр ЖАСАН

16463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы