• Әдебиет
  • 15 Қаңтар, 2009

Көзбен көрiп, көңiлге түйгендер

Қазақтың рухани орталықтарының бiрi – Семей өңiрiнде болып қайттық. Ондағы қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң бастығының орынбасары Айдар Төлеубайұлымен жүздесудiң сәтi түстi. Ол кiсiмен бiрге көше бойларындағы жарнамалар, мекемелер мен дүкендердiң маңдайшасындағы жазуларды тексерiп, аядай қаланы жаяу жүрiп аралап шықтық. Бұған дейiн қаладағы дүкендердiң тақтайшасындағы жазулар тек орыс, ағылшын тiлдерiнде жазылыпты. Қалалық тiлдердi дамыту бөлiмiнiң жiгiттерi аймақтағы қазақ тiлiнiң көсегесiн көгертер акция ұйымдастырыпты. Айдар мырза бас болып жiгiттер топ-топқа бөлiнiп алып, көше-көшенi бойлап жүрiп түрлi мекемелерге, дүкендерге арнайы кiрiп, жарнамаларды, маңдайшалардағы жазуларды қазақша жазуды талап етедi. Құлақ асқысы келмегендерге ҚР «Тiлдердi дамыту туралы» заңның 21– бабын алға тартады. Онда мекеме атаулары, құжаттар мемлекеттiк тiлде жазылу мiндеттелген. «Аймар» деген сауда орталығының басшылары тiлдердi дамыту бөлiмi жiгiттерiнiң талабын орындамақ түгiл, өздерiн сотқа бередi. Ондағылар «Бiз сауда орталығының маңдайшасындағы жазуды қалай жазсақ та, өзiмiз бiлемiз. Неге бiздiң еркiмiзден тыс қазақшаны талап етедi?» деп қалалық сотқа шағымданады. Қысқасы, сот үкiмi қазақ тiлi жанашырларының пайдасына шешiледi. Айдар Төлеубайұлы өзi бас болып маңдайшалардағы жазудың қатесiз жазылуын қадағалауда. Мекеме, дүкендердiң сырты ғана емес, iшiндегi жазулардың мемлекеттiк тiлде болуын бақылауға алған екен, ең ақыры сауда белгiлерiнiң де қазақшалануын қатаң қадағалаған. Ойын-сауық отауларының iшiндегi тәртiп ережелерi қазақша жазылған мәтiннен бiр-екi қатенi көзi шалып қалған Айдар ағаның сол заматта ескерту жасағанына куә болдық. Өзге қаладағы тiл бөлiмдерiне үлгi етуге тұрарлық семейлiктердiң мемлекеттiк тiл мерейi үшiн аянбай еңбек етуi көңiлге қуаныш сыйлайды. Сондай-ақ, Семей қаласының мәденит ошақтарын аралап шығудың ретi келдi. Ерекше бiтiмдi Достоевскийдiң мұражайы, хан сарайындай неке сарайы, ұлттық нақышқа құрылған «Достық» мейрамханасы таң-тамаша еттi. Расында «Достық» мейрамханасының iшi киiз үй пошымында салыныпты. Қақ төбесi шаңырақпен, басқұрмен, ал дуалдары керегемен, тiптi көне ескерткiштердегi пертоглифтермен, руникалық жазбаларымен безендiрiлiптi. Тамаша емес пе? Былтырғы жылы Семей өңiрiнен көне кiтаптар табылғаны туралы оқырман қауым хабардар болар. Бұл кiтаптардың иесi Айдар Төлеубайұлының атасы Ақатай ақсақал екен. Ол атасының тар жол, тайғақ кешкен өмiрбаяны мен 66 жыл жер астында жатқан кiтаптар жайын арыдан толғап жыр ғып айтып бердi. Ғалымжан Жақиянов Семей қаласында әкiм болған кезiнде аймақтағы Ленин және оның мүдделестерiнiң ескерткiштерiн бәрiн бiр жерге шоғырландырыпты. Роллан мен Гүлнәз Маралбаевтардың үйiнде қонақта отырғанымызда мынадай бiр қызықты әңгiме естiдiк. Роллан аға: «Немерем Әбусағит «Бiр шалдың басы жоқ...» деп жеңiмнен тартып тоқтатты. «Әуелi кiм туралы айтып жатыр?» деп аң-таң болдым қалдым. Сөйтсем, бiр Ленин ескерткiшiнiң мыстан жасалған басын әлдекiмдер ұрлап кетiптi», – дейдi езуiне күлкi үйiрiлiп. Ұққанымыз, бұрын электр шамының өзiн «Ильич нұры» деп әспеттеген Ленин атаны мүлдем бiлмейтiн толқын өсiп келе жатқан көрiнедi. Бiз аттың басын керi бұрғанда кәрi Ертiс шудалы толқынымен жағаны соққыға алып жатты. Сiрә, қол бұлғап қалғысы келгендей-ау екпiндете түседi. Көргенiм мен бiлгенiм аз болмаса да, қалтарыс құпияларына бойлай алмаған шежiрелi өлкенiң сырына шөлiркеп артқа тағы да бiр рет қимастықпен көз тастадым... А. СЕРIКҰЛЫ

2932 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы