• Білім және ғылым
  • 16 Наурыз, 2018

Жақсылықтың жыршысы

Ел мен елді әдебиеті мен мәдениеті жақындатады. Түбі бір түркі әлемі зобалаң жылдарды бастан кешіргенімен, түпкі туыстық тамырынан бөлінген жоқ. Түркі әлеміне ортақ әдеби мұра­ла­рымыз бен жауһар жәдігерлеріміз халық жадынан өшпеді. Осындай ортақ тұлғаларымыздың бірі – ұлы ойшыл, ақын, сөз зергері Юнус Эмре еді. 

Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің ілімін жалғастырушы ретінде танылған көрнекті ақын тек Түркия ғана емес, күллі түркі әлемінің де рухани толысуына барынша үлес қосты. Мұны айтып отырған себебіміз, жуырда Ұлттық кітапханада Юнус Эмренің «Жырлар» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітаптың алғы сөзін жазған Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы: «...Түркі әлеміндегі сопылық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі Юнус Эмре жырлары елшілігіміздің қызметкері, аудармашы Мәлік Отарбаевтың жетек­шілігімен көне түрік тілінен қазақ тіліне тәржімаланды. Енді, міне, осы құнды жәдігер «Ан Арыс» баспасынан жарық көріп, қазақ оқырмандарының қолына тигелі отыр. Бір атап өтерлік жайт, сопылық ілімінің көшбасшысы саналатын ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің жолын жалғастырушы рухани шәкірттерінің бірінен саналатын Юнус Эмре жырлары қазақ оқырмандарына толыққанды тұрғыда тұңғыш рет жол тартпақ» дейді. Анкарадан арнайы келген жазушы, аудармашы Мәлік Отарбаев Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы екі елдің рухани құндылықтарын насихаттауға үлкен дем беріп отырғанын, сондай-ақ аталған еңбекті жолма-жол аударма жасау барысында Юнус Эмре тілінің қазақ тіліне өте жақын екенін байқағанын тілге тиек етті. «Ақын жырларының қазақ тіліндегі көркем аудармасын ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жасады. Кей өлеңді бір ай бойы аударған күндеріміз болды. Юнус Эмрені орыс тілінен немесе қазіргі түрік тілінен емес, ақынның өзі жырларын жазған түпнұсқа тілден аударып отырмыз. Түпнұсқадан аударғанымыз жеңіл. Аударма барысында қазір түрік ағайындардың қолданбайтын сөздерін кездестірдік. Мәселен, Юнус Эмре «қашан?» деп жазады. Оны қазіргі түрік ағайындар қолданбайды, «не заман?» деп сұрайды. Ол біздің кәдімгі «қашан» деген сөз» деді М.Отарбаев. Шара барысында қоғам қайраткер­лері Смағұл Елубаев, Ғаббас Қабышұлы, Рафаэль Ниязбек, Айгүл Ісмақова, Бақытжан Сатершинов, ұйғыр халқының жазушысы Ахметжан Ашири, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз, Юнус Эмренің туған топырағынан келген түрік жазушысы Мұстафа Өзчелик және т.б. сөз сөйлеп, Юнус Эмренің исламдық көркем мінездің жыршысы, оның философиясындағы ең маңызды ұғымдардың бірі – адамды сүю, яғни достық пен береке-бірлікті, ынтымақты насихаттау екендігіне тоқталды.

Бағдагүл Балаубаева

1838 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы