• Білім және ғылым
  • 16 Наурыз, 2018

Ұстаз жолы – өнеге

Бүгінгі таңда елімізде сапалы білім беру, білікті мамандар даярлау ісіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Елбасы биылғы Жолдауында атап өткендей, адами капитал – бұл жаңғыру негізі. Ал ұстаздар қауымы сол адами ка­питалды қалыптастырушы тұлғалар. Олардың атқарып жүрген еселі еңбектері мемлекетіміздің жарқын келешегіне бағытталған деп нық сеніммен айта аламыз. Осындай ұлағатты ұстаздардың қатарына филология ғылымының кандидаты, доцент, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі Роза Өмірбекованы да қосар едім. 

Роза Қалдыбекқызы – тіл жанашыры. Ал тіл жанашыры болу – өзіңнің бар­лық шығармашылық әлеуетіңді, білім-білігіңді осы жолға арнау деген сөз. Қазақ мемлекеттік универси­тетінде бір курста, бір топта қатар оқыдық. Елімізге белгілі әдебиет­тану­шы ғалымдар – З.Қабдолов, ТКәкішев, Р.Бердібаев, С.Ордалиев, А.Аманжолов, ­З.Бисен­ғали, Ж.Дәдебаев, Ш.Ибраев, Т.Сайрам­баев, Б.Сағындықов, С.Мырзабеков, А.Қыраубаева, М.Серғалиев, Х.Сүйіншәлиев сынды айтулы тұлғалардан дәріс алдық. Розаның бір ерекшелігі ол осы аталған азаматтармен оқу бітірген соң әріптес болды. Себебі жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін ұстаздар оны университет қабырғасында оқы­ту­шылық қызметке қалдырды, яғни білім жолындағы жастардың болашағын сеніп тапсырды. Роза Қалды­бекқызы сол сенім үдесінен шығып, жақсы мамандар даярлауға атсалысып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жемісті еңбек етуде. Ғылымға ден қойып, профессор Т.Сайрамбаевтың жетекшілігімен 1997 жылы «Қазақ тіліндегі есімшелі оралымдар» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ғылыми тақырыбы екінің бірі жүрегі дауалай бермейтін мәселеге арналды. Зерттелетін мәселе күрделі болса да, жас ғалым оны қажырлы қайратымен еңсере білді. Оқытушылық пен ғылым жолын қатар алып жүру де қиынның қиыны. Себебі екі бағыт та адамнан мол жауапкершілікті талап етеді. Ең бастысы тынымсыз ізденіс пен ерен еңбек қажет. Әйтпесе, ойлағандай нәтижеге жету де оңай емес. Осындайда академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың мына бір ұлағатты пікірі ойға оралады: «Қазақ университетінің филология, журналистика факультетінде қырқыншы, елуінші жылдары оқыған адамдар эстетикалық ілім жағынан өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын мамандар... Неге десеңіз, олар әдеби білім жағынан Әуезов мектебінен шыққан адамдар» десе, расында да Әуезов мектебінен шыққан азаматтар өз замандастарынан көш ілгері болды. Бұған олардың қолынан шыққан әдеби және ғылыми еңбектері дәлел. Осындай тұлғалардан тәлім алған Роза Өмірбекова да өзіндік шығармашылық қолтаңбасын қалыптастыра білді. Адамның туа бітті қасиеттері болатыны сияқты, оның жүре келе үйренетін, өмір сүру барысында игеретін қасиеттері де болатыны заңдылық. Бұл тұрғыдан алғанда кейіпкерім ғылыми мектептен өтіп, нағыз ғалымға тән қасиеттерді де бойына сіңірді деп айта аламын. Ол қолға алған жұмысын соңына дейін жеткізетін тиянақтылығымен де ерекшеленеді. Қай істі атқарса да, сапалы әрі нәтижелі болуына баса мән береді. Тіл білімі жолындағы қажырлы еңбегінің нәтижесінде 2011 жылы «Нұр-Принт» баспасынан «Кәсіби қазақ тілі» оқу құралы (тілді үйретудің стандартына сай белгіленген С1 дең­гейі бойынша философия маман­дық­тарына қазақ тілін жете меңгертуге бағытталған), 2014 жылы «Қазақ университеті» баспасынан «Есімшелі конструкциялардың тілдік табиғаты» атты монографиясы, 2016 жылы «Қазақ университеті» баспасынан «Қазақ тілі» атты оқу құралы жарық көрді. Бұл оқу құралдарын қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының студенттері кеңінен қолданып жүр. Роза Қалдыбекқызын әрдайым ізденісте жүретін ғалым деп айта ала­мын. Осы уақытқа дейін жүзге жуық мақалалары жарық көрді. Өз мақалаларында тіл білімінің қаншама ғылыми мәселелерін қозғады. Уақыт пен заман алға тартқан сауал­дарға ­жауап іздеді. Соларды дәйекті­лік­пен, шынайы ғалымдарға тән мазмұн­дылықпен қарастырды. Заман талабына сай жұмыс істеудің ең бір айқын көрінісі – ағымдағы өзекті мәселелер мен қоғам үшін маңызды болып табылатын дүниелерге үн қату – ғалым Роза Қалдыбекқызының басты ерекшелігі. Алғашқы мақала­сы­нан бастап бүгінгі дейінгі жазыл­ған мақалаларынан қазақ тіл білімі ғылымының әр кезеңдегі даму көкжиегін байқауымызға болады. Бұл ретте білікті маман ғылымның аясымен ғана шектеліп қалмай, өмірдің ­саяси, мәдени, рухани тұстарын қамтып, оларды тарихи жағдаймен байланыстыра қарастырады. Ал мұның өзі оны жаңашыл, үнемі алға ұмтылатын, ізденімпаз ғалым екендігін дәлелдеді. Жоғарыда айтқанымыздай, білікті ғалым тіл білімінің күрделі саласы синтаксис мәселелері бойынша, ­сонымен қатар қазақ тілін орыс аудиториясында оқыту, білім беру саласында қолданылатын инновациялық технологиялар жайында үздіксіз ізденіп мақалалар жазып, өзінің ұсыныс пікірлерін айтып келеді. Р.Өмірбекова тек ғылыммен ғана шұғылданып, университетте сабақ берумен шектелмей, қоғамдық өмірге де белсене араласады. Атап айтқанда, ғалым филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетіндегі ­«Триада» филологиялық зерттеулердің ғылыми-инновациялық орталығының мүшесі. Халықаралық «Мевлана» бағдарламасы бойынша Түркияның Гази университетінде академиялық тағлымдамадан өтіп келді. Ғалым еш уақытта болдым-толдым демейді. Оның бақыты да еңбекте, тынымсыз ізденісте. Ол өзінің еңбекқорлығының, ғылыми ізденімпаздығының арқасын­да абыройға бөленді. Қазақ рухания­тына қосқан үлесі үшін 2016 жылы «Ел ардақтысы» медаліне ие болды. 2018 жылы «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі еліміздің өркендеуі жолында қазақ ғылымы мен білімінің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, «Ұлт мақтанышы» медалі және арнайы дипломымен, сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Осылайша кейіпкерім өзінің саналы ғұмырын тіл білімі саласына, қазақ тілін оқытуға арнап, шәкірттеріне дүниедегі ең асыл құндылық – ана тілімізді құрметтеуді үйретіп, ғылым мен білім деп аталатын ізгілік жолына тәрбиелеп келеді.

Бибігүл СҰЛТАНОВА, филология ғылымының кандидаты

2150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы