• Қоғам
  • 29 Наурыз, 2018

Жас ұрпақ тәрбиесі – өз қолымызда

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – табысты ел болуымыз­дың, ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі. Ұлттық дамуымыздың негізгі тірегі – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту болып табылады.

Елбасы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгілікке қалуға тиіс» деген болатын. Сондықтан кейінгі ұрпақ бабалар тарихын жадына тоқып өссе, біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпаймыз. Рухани жаңғырудың басты мақсаты да осы. Жаңа жағдайға қарай бейімделу, жаңғыру – уақыт талабы. Бастысы, табиғи болмысымыз бен ұлттық коды­мыз­ды сақтай білсек, болғаны. Ұлт Көшбасшысының бұл игі бас­та­масын қолдап-қорғау барша азаматтардың басты борышы деп білеміз. Қостанай облысының Қарабалық ауданында Наурыз мерекесі қарсаңында Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Ақ бата – асыл мұра» атты отбасылық байқау өтті. Аталмыш іс-шараға 4 отбасы қатысты. Байқау шарты бойынша әр отбасынан атасы, әжесі және немересі қатысуы керек. Іс-шара мақсаттарының бірі – жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жете көңіл бөлу. Өйткені балаларды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен ­туындайды. Отбасы – болашақ жеке тұлғаның негізі қаланатын қоғамның бастауыш құрылым бірлігі, баланың алғашқы ұжымы, оның табиғи даму ортасы екенін көрсете білу. Қатысушылар бірінші кезеңде «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп өз отбасыларын таныстырды. Екінші кезеңде «Ұлағатты ұлттық ұғымдар» тақырыбында сөз өрбітсе, үшінші кезеңіміз «Ақ бата» деп аталды. Қатысушылар әртүрлі жағдайға байланысты берілетін баталар айтып жарысты. Байқаудың соңғы кезеңі терең ойлауды қажет ететін, қадір-қасиеті жойылмаған, тұжырым-түйіндегі сөз мәйегі, асыл мұрамыз, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мақал-мәтелдерге байланысты құрылған «Мақал – сөздің мәйегі» деп аталды. Әділ қазыларымыздың шешімі бойынша әр отбасы белгілі аталымдар бойынша марапатталды: «Ұлттық өнерді ұлықтаған отбасы» аталымын – Хұсаиновтар отбасы иеленді. «Дәстүрді дәріптеген отбасы» аталымын – Сәтбаевтар отбасы жеңіп алса, «Әсемдігімен әрлендірген отбасы» аталымын – Алматовтар отбасы қанжығасына байлады. Сол сияқты «Өнерлілер ордасы» атты аталым – Баймұхановтар отбасына лайық деп табылды.

Балым Рысберген

1702 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы