• Қоғам
  • 29 Наурыз, 2018

Бәсекеге қабілетті болудың негізі

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімді екенін атап өтіп сол үшін кезектегі он міндетті шешуге жұмылуымыз керек деп көрсетті. Сол он міндеттің жетіншісі тікелей адам капиталымен байланысты.

Адам капиталы – негізгі байлық. Себебі ғылыми прогрессті, тілді, ғылымды дамытатын – адам баласы. Адамның интеллекті, ақыл-ойы, білімі болса ғана дамиды. Дүниежүзілік банк мамандары әлемнің барлық елдерінің экономикасын зерделеуді негізге ала отырып, экономикалық өсудің тек 16 пайызына физикалық капитал, 20 пайызына табиғи, 64 пайызына адам капиталы септігін тигізетінін есептеп шығарған. Адам капиталын – шеберліктер мен дағдылар, кәсіптік білім мен тәжірибе құрайды, ол адамға инвестициялар салу жолымен арттырылады. Инновациялар арқылы адам капиталын дамыту, адам капиталын инвестициялаудың маңыздылығын түсінген мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2010 жылғы Жолдауында 2020 Стратегиялық жоспарының басты бағыты, үшінші тармағы ретінде адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестициялауды ерекше атады. Кезінде Елбасы: «Жаңа формациядағы қазақстандықтарды тәрбиелеу және Қазақстанды әлемдегi ең әлеуеттi, бәсекеге қабiлеттi адами капиталға ие елге айналдыруға» қол жеткізетіндігімізді де баса көрсеткен еді. ҚР Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақ мерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік» дегенді айтты. Президент кезекті Жолдауында білім берудің жаңа сапасына өту мәселесін алға қойды. Оның ішінде: мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі мәселесі; орта білім беру саласында басталған жаңартылған мазмұнға көшуді 2021 жылы аяқтау; педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау және т.б. мәселелер. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз алынған білім – адамзаттың қас жауы» деген даналығын естен шығармау керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын осы адам капиталы туралы әңгімесінде медицина және педагогика ғылымдарының докторы Советхан Ғаббасов ағамыз: «Жастардан «Адам деген не?», «Адамның жаны не?» деп сұрасаң, жауап бере алмайды… Алайда олар кінәлі емес. Өйткені біздің бүкіл білім саласы адам тәрбиесіне мән бермейді… Адам тәрбиесін жөндемей, оның негізін ұқпай, еш уақытта қоғамда жақсылық болмақ емес. «Адамның жаны – оның рухы» деген мәселені орта мектепте де, жоғары оқу орындарында да оқытпайды. Жанның, рухтың не екенін білмеген адам, оның тәрбиесін қайдан біледі?» деген екен. Бүгінде Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік орталық музейі қорында сақталған ­немесе музей экспозициясында көрсетілген талай экспонаттың тәрбиелік мәні зор өзіндік тарихы бар. Ресей және шетел әлеуметтанушыларының зерттеулері бойынша, бүгінгі әрбір музейге келушінің негізгі мақсаты экспозицияға қойылған музейлік заттармен танысу ғана емес, оған қажетті музейлік материалды саналы түрде толық қабылдау болуы керек. Демек, оның іздегені тарихи-мәдени мұрада қамтылған руханилық дүниесі. Оған қажеті – жан-жақты мәдени танымдық бағдарлама. Музейлік зат немесе жәдігер өткен сәтті өз бойында сақтау арқылы оны бүгінгі күннің құндылығы етеді де, өмірдің үздіксіз процесс екендігін еш нәрсенің құрдымға кетпейтінін меңзейді. Ал музейде өтіп жататын түрлі мәдени шаралардың маңызы өз алдына ерекше. Мысалы жоспарланып отырған Орта Азия қолөнер шеберлерінің «Жібек жолы» атты қолөнер көрмесі, «Қан сонарда» атты ҚР МОМ қорындағы аңшылық құралдар көрмесі, «Ұлы Дала: көшпелілердің мәдениеті мен тұрмысы» атты халықаралық қөрме, А.Байтұрсыновтың туғанына 145 жыл, М.Жұмабаевтың туғанына 125 жыл, Х.Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толуына орай ҚР МОМ қоры материалдары негізінде дайындалатын «Алаш көсемдері» атты көрмелердің жастар үшін танымдық та тәрбиелік маңызы зор. Президент сөзімен айтсақ өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.

Марван ХАМИТОВА, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің жетекші ғылыми қызметкері

2485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы