• Қоғам
  • 29 Наурыз, 2018

Көркемдік кеңес елегі көңілге қарамас...

Елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызға ерекше мән беріліп жатыр. Ұлттық құндылықтарымыздың бірі де бірегейі – өнер саласы екені белгілі. Өнерді өзегім деп түсінетін халықпыз. Өнердің киесі сонда – ол ұлтты тәрбиелейтін құрал. Сезімге, жүрекке, санаға тікелей әсер етіп, ұлттық кодымызды да айқындайды. Егер біз өнердің дамуына дұрыс мән бермесек, жас ұрпақ тәрбиесін де уысымыздан шығарып алуымыз мүмкін. Себебі өнер өнер үшін емес, ол ұлт үшін, ұлттың тәрбие мектебі үшін қажет. 

Осы орайда мақаламызға арқау еткелі отырған тақырыбымыз – Көркемдік кеңес мәселесіне бағыт­тал­ғалы отыр. Елімізде көркемдік кеңестерді жаңғыртуды қайта қолға алмасақ болмайды. Оның бір­неше маңызды себептері бар. Көркемдік деген сөздің аты айтып тұрғандай, кез келген дүниеде, мейлі ол өнер туындысы болсын, ән немесе күй болсын, кинофильм болсын, суретші мен қаламгер шы­ғар­масы болсын, көркемдік дең­гейі төмен болса, ол тыңдарманға да, көрерменге де, оқырманға да соншалықты бір пайда бермейді. Қайта көрерменнің эстетикалық талғамын бұзып, адамның бойына жат құндылықтарды насихаттайды. Содан келіп талғам бұзылады. Сана уланады. Дүниетаным өзгереді. Ұлттық код көмескіленеді. Ал мұндай рухани дүниелерді қалпына келтіру оңай тимейді. Әсіресе жаңа дүниені тез қабылдап алатын жастар қауымы шын өнер осы екен деп, асыл мен жасықты ажырата алмай қалады. Демек, бүгінде кө­рермен назарына ұсынылып жүрген әрбір туынды, бағдарлама, концерттер мен мәдени кештер құр әншейін даңғаза шоуға емес, ұлтымыздың табиғатына сай келетін мазмұнға ие болса, құба-құп. Ал осылардың бәрін реттеп, жөнге келтіріп отыратын кім? Өкінішке қарай, бүгінде жүгенсіз кеткен эстрадалық әндер, сахна мәдениетінен жұрдай әншілер, өздерін шоу-бизнес өкіліміз деп санайтын өнер жұлдыздары қаптап кетті. Тіпті санынан жаңы­ла­тын күйге жеттік. Қай арнаны қоссаң да, сол баяғы эстрада жұл­дыздарының концерттері, даңғаза-дабыраға толы шоулар, арзан күлкіге құрылған әзілдер, өресіз әңгі­мелер, т.т. Тұшымды дүние аз. «Қазақстан ұлттық арнасы» өз­дерінің мерейтойларына орай қазір бұрынғы бағдарламаларының бейнежазба­ла­­рын көрермен қауымға қайталап көр­сетіп жүр. Сол кездегі бағдарламалар қандай керемет! Салмақты сөз, ­пайымды пікірлер. Жаның сүйсінеді. Рақаттанып тыңдайсың. Тіпті сахнадан шырқалып жатқан әндер, ол әндерді орындаған әншілердің өзінде өнерге деген құрмет менмұндалап тұрады. Жүріс-тұрыстары, киген киімдері, өздерін ұстауы – бәрі-бәрі мәдениеттің айнасындай. Мұның барлығы сол кездегі өнерпаздардың биік талғамын көрсетсе, екіншіден Көркемдік кеңес­тер қызметінің жемісті еңбегін де байқатып тұрғаны анық.

Кеңес Одағында көркемдік кеңестер жақсы жұмыс істеді. Оның құрамында мәдениет қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері болды. Олардың мақсаттары кез келген жанрдағы туын­дының көркемдік құндылығы мен идеологиялық нормаларға сәйкестігін қарап, жалпықоғамдық көрсетілімге шығаруға бола ма, болмай ма деген мәселені анықтады. Бұқара халыққа арналған музыкалық бағдарламалар, туындылар көркемдік кеңестің мақұлдауынан өтуі тиіс болды. Көркемдік кеңестің мүшелері артистерге өздерінің сыни пікірлерін айтып, талапқа сай келмейтін туындыны түзеттіріп отырды. Қоғамдық ар-намысқа, идеологияға қайшы келетін немесе сапасы төмен туындылар іріктеуден өткізілмейтін. Көркемдік кеңестің мақұлдауынсыз кинотуындылар да эфирге жіберілмеді. Өйткені эфирдің көрерменге беретін әсері өте күшті. Өкінішке қарай, бүгінде өнердің дәрежесі һәм сапасы рейтинг арқылы бағаланатын болып кетті. Сол рейтингіңіз өнердің бәсін төмендетпесе, ұшпаққа шығарып жатқаны шамалы. Осынау ұғым бізге қайдан, қалай келгені белгісіз, әйтеуір шетелден ауып келгені анық. Мағынасына бойласақ, ағылшын тілінің «rating» деген сөзінен бастау алады екен. Нақтылай айтқанда, белгілі бір нысан немесе құбылыстың маңыздылығын байқататын көрсеткіш. Олардың арасында «Топ N» деген жіктеуі де бар. Яғни ең үздік деп бағалайтын дүниелеріңіз осыған саяды. Рейтинг қуған әнші ­немесе композитор ең жоғарғы деңгейден орын алу үшін барын салады. Бірақ олар сонысымен ұлттық өнеріміздің қоржынын асыл қазынаға толтыра ала ма? Мәселе сонда. Бұл жағы көп ескеріле бермейді. Содан келіп сапа да нашарлайды. Салдары тыңдарман талғамын бұзуға дейін алып барады. Көздегендері дәл сол сәтте көрерменнің ықыласына бөленсе, шығарған әні «хитқа» айналып, рейтингілердің бас бәйгесін бермей тұрса болғаны. Бүгінгі көзқараспен қарайтын болсақ, халық әндеріңіз де заманауи рейтингтердің кәдесіне жарамай қалуы әбден мүмкін. Себебі тыңдарман талғамы өзгеріп кетті. Оны өзгерткен талғамсыз әндер, өресіз туындылар... Расын айтқанда, ұлттық нақыштағы әндерге деген көзқарас бұрынғыдай емес. Ол әндер қазір өткен заманның ретро әндері саналады. ­Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев және т.б. композиторлардың әндері қандай еді, шіркін. Ол әндердегі мағыналы сөздер өз алдына бөлек әңгіме. Әні мен өлеңі үйлесім тауып, санаңа бірден жатталып, жүрегіңнен орын алатын. Қазір аты аталған тұлғаларымыздың қазақтың ән өнеріндегі орындары ойсырап тұр. Бүгінде екінің бір ән жазатын болып алды. Екі жүз, үш жүз әні бар композиторлар шықты. Таңғаласыз. Ән бизнес көзіне айналды. Ақша табу мақсатында жазылатын болды. Осындай мәселелерге ой жібергенде, жалпы біздің ұлттық өнерімізге идеология ауадай қажет екенін пайымдайсың. Бағытымыз қандай, неден үйреніп, ­неден жиренуіміз керек? Темірқазығымыз не? Өнерімізді ұлттық негізде жаңғырту үшін не істеуіміз керек? Осындай өзекті мәселелерді сараптайтын кез келді. Қашанғы жаһандық құндылықтарға иек арта береміз? Өзіміздің төлтума өнерімізге бет бұратын уақыт болды емес пе?! Жақында отандық телеарналардың бірінен «Сағындырған әндер-ай» концерті берілді. Сонда шырқалған әндерді ықылас қойып тыңдадық. Неге? Өйткені ол әндер­дің өресі биік, мазмұны терең. Сөз де, әуен де тамаша. Бұл да сол замандағы Көркемдік кеңестердің атқарған еселі еңбек­терінен деп білуіміз керек. Себебі ол кезде эфирге, сахнаға жеңіл-желпі, татымсыз әндер өте алған жоқ. Талап күшті болды. Ал қазір ше? Ондай талап бар деп айта ал­маймыз. Сөздің ашығына келгенде, біз өне­рі­міздегі тереңдікті жоғалтып бара жатырмыз. Қазақтың өзіне тән ұлттық өнері бар. Ондағы мазмұнды, қасиетті, дара­лықты бізге әсте жоғалтуға болмай­ды. Өнер қашанда халықтық сипатымен бағалы. Халық­тық сипатынан, ұлттық нақышынан айырылса, мазмұн да жоғалады. Жаппай үрдіске айналған нәрсе ме, қазіргі жас әншілер тез танылғысы келеді. Жүйрік уақыттың жалына жармасып, атағын жылдам шығаруға құмар. Тіпті өнер әлеміне келгендеріне 2-3 жыл өтпей жатып, кешегі ұлылардың табанының ізі қалған Алматыдағы Республика сарайында дүркіретіп жеке концерттерін өткізеді. Ал кезінде сол Республика сарайының сах­насына бір рет шығу «мен» деген талай ән­шілердің өздеріне қол жетпес арман болмап па еді? Міне, өнердің өресі дегеніміз осы. Жасыратыны жоқ, қазір отандық арналардың көбі жекеменшіктің қолында. Олар қандай әншіні, қандай әнді ­насихаттап, қандай концертті ұсынамын десе де «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Өткенде телеарналардың бірінен көрсетіліп жатқан бір концертті көзіміз шалып қалды. Сахнаға бір әнші қыз тізеден жоғары қысқа көйлекпен шығып ән айтты. Залда үлкен аталар мен әжелер отырды. Тіпті көрер көзге ұят. Сахнаның киесі дейтін ұғым қайда? Көрерменді құрметтеу қайда? Өкінішке қарай, соңғы жылдары ұлттық тәрбиеге кереғар келетін осындай арзанқол дүниелер көбейіп кетті. Бұл ненің белгісі? Бұл, ең алдымен, өнердегі жауапсыздықтың белгісі. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді. Шынымен де, өнерде асылды жасығынан айыратын сүзгі болмаса, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан айырыламыз. Өнер – қасиетті. Ол ұлтты қалыптас­тырады, ұлттың мәдениетін жаңа деңгейге көтереді. Демек, оның бүгіні мен келешегіне бейжай қарауға болмайды. Бүгінгі сахнадан шырқалып жатқан ән, эфирден беріліп жатқан туынды мыңдаған жас ұрпақтың санасына тікелей әсер етеді. «Ақшаң болса қалтаңда...» дейтін ұғым-түсінік өнерге де келді. Қазір ақшасы бар адам бір күнде ән жаздырып, екінші күні клип түсіріп, үшінші күні эфирге шығады. Продюсер дегендер шықты. Олар жас әншіні қамқорлығына алып, атын шығарғанша дамыл таппайды. Сол баяғы ақшаның күшімен ғой. Әйтпесе, талантты әншілер продюсердің көмегіне мұқтаж бола бермейтіні белгілі. Кезінде қалай еді. Қандай әнші болса да, ең алдымен, елдің ішінен шығатын. Алдымен ауылында, содан кейін ауданында мойындалып, орталыққа келетін. Өнердің барлық бас­палдағынан өтіп, биікке көтерілетін. Ал қазір бір күнде жұлдызға айналады. Жұл­дыздық ауруға (звездная болезнь) шалдығады. Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі жас әншілер танымалдылыққа тез жеткісі келеді. Қалай болғанда да, танымал болу керек, рейтінгісі жоғары әншілердің қатарынан ойып орын алу керек. Хитқа айналып, танымалдыққа ие болып жүрген әндердің жартысынан көбі плагиат, яғни ұрланған әндер екені бесенеден белгілі.

Көркемдік кеңесті өнердің барлық салалары мен бағыттарына ендірген жөн. Себебі бұл тек әнге ғана қатысты емес. Әншінің киім киісіне, сахнадағы жүріс-тұрысына да қатысты. Кейбір әншілер сахнаға шығып алып ән айтудың орнына әңгіме айтып кетеді. Немесе кейбіреулер өздерін телеарналар арқылы насихаттауда алдына жан салмайды. Қайткен күнде көрермен көзіне бір көрініп қалуды қалап тұрады. 

Көпшіліктің тарапынан сынға ұшырап жүрген «Ninеty one» дейтін топ бар. Сол топтың құрамындағы әншілерге қара­саңыз корейдің әншілеріне еліктеуден пайда болған топ па дерсіз. Шаштарын, қасы-көздерін бояған... бір сөзбен айтқанда ұлттық болмыстан жұрдай. Қазір осы топқа еліктеген топтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Қазақтың эстрадалық ән өнері қатты өзгеріске түсті. Ендігі бағыт ұлтымызға мүлдем жат басқа арнаға ойысып барады. Мұндай ән топтарының атауына қарасақ, қазақылықтың иісі де шықпайды. Ылғи бір шетелше атаулар: «Ayba», «Kaia», «Mezzo», «Molto Loud», «AsSun», «Moonlight», «V.I.A. Negry», «Alem Band», «Vox Acapella», «Newton», «Ninety One», т.т. Осындай ән топтары телеарналардан көрсетіліп, насихатталуда. Шырқап жүрген әндерін тыңдасаңыздар басында қай ұлттың тілімен айтып тұр деп түсінбей қаласыз. Өйткені дауыстарын құбылтып, өлең жолдарын сағызша созып айтқаннан кейін сәбидің былдырындай ұғынықсыз естіледі. Бірақ соларын артықшылық санайды. «Ninety One» тобының ән мәтініне зер салайық: «Аш есікті, келдім ескертпей! Жандырамын, дереу былай кет деймін! Енді дайын бол! Енді дайын бол! Мен баяу уақыттан озамын Енді дайын бол! Енді дайын бол! Таптаурындарыңды бұзамын Шекарадан ассын миың!» десе, «Newton» тобы: «Тарылады демім кейде, Сені ойлаған кезде. Түсем түсініксіз күйге, Босат мені лезде. Қаншама бос сөз, Арада болмайды олсыз. Эй! Baby! Ғашықпын саған ес түзcіз» деп шырқайды. «Әндеткенде осылай Қимылда бос тұрмай Өнерім расында, Әліде таусылмайды. Дәметкенде осылай Қимылда бос тұрмай, Әуен әлемінде көмексіз оп-оңай» дейді «AsSun» тобының әншілері. Қазақтың танымал эстрада әншісі Мейрамбек Беспаев өзінің бір сұхбатында бүгіндегі әншілер туралы «Есегі қайсы, тұлпары қайсы, ел білмей кетті. Біз ғасырдан ғасырға кететін әндерді ойламай кеттік. Композиторлардан ­бастап. Бізге қазір бір күндік, бес күндік, той-домалақта шырқалып тұрса болды. Бұл қашан реттеледі, (сапасыз әндер туралы айтып отыр – Д.Т.), реттеле ме, бір Құдай біледі. Мен шетелдік стильдегі әндерді де тыңдай аламын. Бірақ мынадай масқараларды тыңдай алмаймын» деген болатын. Біздің өнер саласына Көркемдік кеңес міндетті түрде керек. Талапты күшейтіп, татымсыз дүниелерді эфирден, сахнадан алыстату керек. Басқа жол жоқ. Өйтпесек, өнердің, әннің қадірін қашырамыз. Көркемдік кеңестің құрамына өнердің ұлттық бағыттарын жақсы білетін тұл­ғалардың енгені дұрыс. Сонымен қатар көркемдік кеңестің жұмысы тәуелсіз болғаны абзал. Әйтпесе, «бармақ басты, көз қыстылықпен» де талай дүниелер эфирге кетіп қалуы ғажап емес. Қазір көп телеарналар, радиолар жекеменшіктің қолында. Дегенмен, өнер мен музыка саласындағы мемлекеттік идеология талаптары айқындалып, ол телеарналар да соған бағынуы керек. Әйтпесе, бір арнадан өтпей қалған әндер екінші арнадан оп-оңай өтіп кетеді. Сондықтан идеологиялық тұрғыдан жалпыға ортақ талаптар белгіленіп, жұмыстардың негізгі бағыттары сол арқылы өрбісе құба-құп. Көркемдік кеңес мәселесі былтыр Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру тұрғысында» тақырыбында өткен Үкімет сағатында да тілге тиек етілген болатын. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Көркемдік кеңестердің мәдениет және өнер саласын дамытудағы маңыздылығын атап өткен еді. Көркемдік кеңесті өнердің барлық салалары мен бағыттарына ендірген жөн. Себебі бұл тек әнге ғана қатысты емес. Әншінің киім киісіне, сахнадағы жүріс-тұрысына да қатысты. Кейбір әншілер сахнаға шығып алып ән айтудың орнына әңгіме айтып кетеді. Немесе кейбіреулер өздерін телеарналар арқылы насихаттауда алдына жан салмайды. Қайткен күнде көрермен көзіне бір көрініп қалуды қалап тұрады. Тыңдарманын жоғалтқысы келмейді. Қайта күн сайын арттыра түскісі келеді. Сахналық мәдениет, сахналық этика дегеннен жұрдай әншілерді де көріп жүрміз. Концертке футболка, джинсымен шығып жүрген әншілер де жетерлік. Халыққа деген құрмет, сахна алдындағы жауапкершілік деңгейі төмендеп барады. Көркемдік кеңес керек деп отырғанымыздың бір мәнісі осында. Өнерді, сахнаны өнерсіздіктен, өресіздіктен тазарту қажет.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

1916 рет

көрсетілді

39

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы