• Қоғам
  • 29 Наурыз, 2018

Жастарға артар сенім мол

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін заманауи технологиямен жабдықтауға кеңінен тоқталғаны белгілі.

Бұл міндетті жүзеге асыруға толық негіз бар. Өйткені Қазақстанның жері кең-байтақ, топырағы құнарлы, климаты түрлі дақылдарды өсіруге қолайлы. Сондықтан Жолдауда «Қазақстанда жасалған» деген брендті тез арада қалыптастыру үшін не істеу керектігі де нақты міндеттермен көрсетілді. Алматы облысы Жамбыл ауданында соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мал басын асылдандыру, төрт түлік өнімдерін өңдеу қолға алынды. Инвесторлардың бастамасымен біршама тың жұмыстар жүйеленгені қуантады. Әлі де дәнді-дақылдарды қайта өңдеу кешенін дамытып, сапалы өнім ұсынатын ­зауыттар салу кү тәртібінде тұр. Бұл қадамды бастау үшін аграрлық салаға білікті мамандар даярлау қажет. Елді мекендерде шаруаларын шалқытқан еңбек адамдары аз емес. Олар төрт түлікке қажетті жем-шөп дайындап, жаз бойы тер төгеді. Ал күз бен қыста мал бордақылап, тұтынушыны сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етеді. Көктемде дала төсін думанды еңбекке бөлейтіні тағы бар. Олар еңбекпен тапқан дүниенің қадірін біледі. Бұған Қазақстанның Еңбек Ері, кәсіпкер жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіровтің қол жеткізген жетістігі куә. Олимпиада және әлем чемпио­ны Ж.Үшкемпіров қазір Мыңбаев ауылында тұрады. Оның ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін тыңғылықты жұмыстар атқарып келе жатқаны баршамызға мәлім. Кәсіпкердің басшылығымен Мыңбаев ауылында жасөспірімдердің саламатты өмір салтын ұстанып, спорттың самбо, дзюдо, бокс, футбол сияқты бірнеше түрлерімен айналысуына мүмкіндік беретін спорт мектебі, үй-күйсіз жүрген отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету үшін 38 бөлмелі «Жақсылық» жатақханасы, ауыл бүлдіршіндерінің мектепке дейінгі даярлығын жетілдіруге арналған «Жақсылық» балабақшасы салынып, көпшілік пайдалануына берілді. Бұл да атпал азаматтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, патриоттық асқақ сезімін көрсетеді. Ж.Үшкемпіровтің «Жақсылық» атты шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған болатын. Иелігіндегі 20 мың гектар жері, 8000 бас ірі қара малы бар, сондай-ақ егін шаруашылығын да дөңгелетіп отырған кәсіпкердің алға қойған мақсаттары биік. Елбасы Жолдауын қолдаудың нағыз үлгісі де осы ғой. Енді кәсіпкер азаматтың жолын қуатын жастар қатары көбейсе нұр үстіне нұр болмақ.

Майра Алдабергенова

1567 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы