• Мәдениет
  • 24 Мамыр, 2018

Қамшы өруді білеміз бе?

Қазақ халқы өзінің сан ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінде еш ұлысқа, ұлтқа ұқсамайтын өзіне ғана тән жылқы мәдениетін қалыптастырды. Осынау сан-саладан кұралатын жылқы мәдениетінде қамшының рөлі ерекше. Қамшы сәндік бұйым ретінде, қарапайым да қасиетті зат ретінде аса бағалы. Ата-баба дәстүрінде әрбір отбасында ұл-қыздары ес біле бастағаннан-ақ алғаш атқа мінер алдында ер-тұрман секілді ат әбзелдерімен қоса қамшыны қолдарына ұстататын болған.

Жиын-тойларға, ас мәзірлерге барғанда, ұзақ жолға аттанғанда, әркім өз камшысын алып жүруі міндет етілген. Мұндайда атқа мінген адамның қамшысыз жүруі әбестік, тіпті ұят саналған. Қамшысыз «атқамінерді» «ат мініп, ирек қамшылаған» деп те сынаған. Мейлі, қандай жорға жүйрік болса да мінген атын сипай, қамшылай жүріп отырудың өзін мәртебе, бір ғанибет дей отырып, бүгінгі сөзбен айтқанда, мәдениет деп білген. Қазақ баласы қамшының сыртқы көрінісін барынша көз жауын аларлықтай етіп қаптап, саптап, тіпті алтындап-күмістеп алуан түрлі етіп әшекейлеп ұстаған. Қазақ қамшылары сабы мен өріміне қапталуына безендіруліне (дизайн) қарай күмістелген, алтындалған, сарала қамшылар делініп, сондай-ақ барқыт қап қамшы, күдері, алты таспалық, он екі таспалық, алты қырлы жезсапты, тобылғы сапты, мүйіз сапты, елікбақай, орамасапты қамшы, ырғай сапты, жыланбауыр, өзекті, шашақты, шолақ және бала қамшылар болып жеке-жеке бөлінеді. Және әр қамшының өзіне ғана тән жасалу, өрілу технологиясының бейнелеу ерекшеліктері болады. Ұлттық ұғымымызда қамшы тұрған жерге бәле жоламайды. Нәрестені бесікке саларда да қамшының өзіндік рөлі мен атқаратын қызметі болған. Әсіресе қазақ халқында ұл баланы бесікке саларда «ат ұстайтын азамат, ел қорғайтын батыр болсын» деп бесікке жапқан кебенекпен бірге басына қамшы қойған және есіктің үстінен қамшыны үйіріп, тілек тілеген. Ана мен қыз баланы айрықша қадірлейтін халқымыз ерлерге қарағанда әйелдердің ат әбзелдерін, соның ішінде қолға ұстайтын қамшысын ғажап етіп әшекейлеген. Ұзатылатын қыздардың ер-тұрмандары мен қамшыларын міндетті түрде алтындап-күмістеп безендірген. Қамшының сабын жезбен қаптап, алтын, күміс шыбықтарды шырмауықтай орап жақұт, лағыл тастардан көз орнатып шашақтарына дейін алтын-күмістеген. Мұндай қамшыларды сән қамшысы, алтындағы қамшы, күмістелген қамшы және сарала қамшы деп атаған. Қазақ қамшысы — сап, өрім, алақан, бас, дүм, кежеге, тұтандық, айдар, мойнақ, тұтақ, бір кешік, шырмауық, шашақ, бауыр, тығырық, шығыршак, түйін, бүлдіргі секілді бөліктерден құралады. Қамшыгерлік үлкен өнер болуымен бірге, оны ұстауымен сипай қамшылау, үйіру, білеу, жасқау, батырау ру, орап тарту, көските тарту, сабау, бытырлата соғу, салып кету, сілтеп қалу, тартып кету секілді өзіндік айла-тәсілдері (әдістері) бар. Қамшыны екі бүктеп, қымтап қысып ұстаған ата-бабаларымыздың ұрпақтарына мұра болып қалған қамшы мәдениеті бүгінде заттық емес мәдениетке жататын құнды рухани мұра.

Сержан СӘРСЕНБАЙ

1724 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы