• Қоғам
  • 24 Мамыр, 2018

«КЕЛ, КЕЛІНІМ» жастарға қандай тәрбие береді?

Біз әдетте «Отан – отбасынан басталады» деген сөзді жиі айтамыз. Мұндағы негізгі мәселе отбасылық құндылықтардың дұрыс қалыптасуынан мемлекеттің де іргетасы берік болып, ойдағыдай дамуына қатысты. Ашығын айтқанда, қазір отбасылық құндылықтарды қайта қарап, оған ерекше назар аударатын кез келгендей. Олай дейтін себебіміз, отбасылық құндылықтар жайдан жай немесе өздігінен қалыптаспайды. Ол міндетті түрде халықтың салт-дәстүрінен, дүниетанымынан, тарихынан, мінезінен, ақыл-ой парасатынан, т.б. қасиеттерінен бастау алады. Осылардың ішіндегі әлдебір құндылық көмескі тартса яки қадірін жоғалтса, өз кезегінде ол да отбасылық құндылықтардың мән-маңызынан айырылуына әкеліп соғады. 

Қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылық­тарының бүгінгі күнге дейінгі даму жағдайына зер салатын болсақ, әттеген-ай дейтін тұстарымыз аз емес. Ең алдымен, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген ізеті, құрметі, ағайындығы, туыстық қарым-қатынастарындағы өзгерістерді айтар едік. Бұл орайда өзіміз жиі тілге тиек ететін «жаһанданудың» әсерінен дейміз бе, әйтеуір, бүгінгі отбасыларда әке мен баланың, ене мен келіннің, аға мен інінің арасындағы сыйластық, бірін-бірі қадірлеп, құрметтей білу азайып бара жатқаны рас. Отбасылық құндылықтарды әңгіме арқауы етіп отырған соң қазіргі таңда «КТК» телеарнасынан көрсетіліп жүрген «Кел, келінім» бағдарламасын айналып өте алмасымыз анық. Аталған бағдарлама батыстың «реалити-шоу» үлгісімен жасалғаны көрініп тұр. Бағдарламаның алға қойған мақсаты бойынша, төрт жігіттің аналары өздеріне лайықты келін таңдайды. Ұлдарына келін атануға лайықпыз деп келген оншақты қыз аналардың берген тапсырмаларын орындайды, әйтеуір, не керек, олардың көңілінен шығуға тырысып бағады. Келін таңдауда төрт жігіттің де көзқарасы ескеріледі. Әрине, бағдарламаның бағыт-бағдары көрерменге «шоу» сыйлауға негізделгені көрініп-ақ тұр. Бірақ осындай «шоулар» бізге керек пе? Осындай шоулар арқылы біз жас ұрпақтың отбасылық құндылықтарға деген талғамын бұзып алмаймыз ба? Оның тәлім-тәрбиелік мәні қандай? Бұрын-соңды қазақтың қай қызы жігіттің анасының алдына барып, мені таңдаңыз, мен келін болуға лайықпын деп еді? Жастардың арасындағы махаббат қайда? Шын жүрекпен, шын көңілмен ұнату сезімі қайда? Ал сол келін таңдауға білек сыбана кірісіп отырған аналар өздері келіндік міндеттерін қалай атқарды екен? Ата-енелерін бағып-қақты ма? Ақ баталарын алып, ризашылықтарына бөленді ме? Ал қыздардың арасынан лайықты жар іздеген жігіттердің өздері күйеу болуға лайық па? Қысқасы, бағдарламаның аясында туындайтын сауалдар көп. Жалпы осындай шоулар арқылы бүгінгі жастардың психологиясы, олардың не ойлайтыны, қандай мұрат-мақсатты көздейтіні туралы білуге де болады. Әлгі келін болуды арман етіп келген қыздар бағдарламаның кезекті бір көрсетілімінде бүгінгі жігіттердің қандай екеніне оңдырмай баға беріп, олардың бойындағы бүкіл жағымсыз қасиеттерді жіпке тізгендей санамалап шықты. Қыздар кейде өздерінің болашақ енелерімен де салғыласып, өз пікірлерін қорғаумен болды. Күйеу боламыз деген жігіт азаматтар да басында сайдың тасындай іріктелгендей көрінгенімен, бағдарламаның барысында өздерінің осал тұстарын көрсетіп қойды. Ұят болса да, айтайық, олар «Үш жүздің басын қосқан тау?», «Абай жолы» романын кім жазды?» дегендей әр қазақ баласы білуі тиіс қарапайым сауалдарға жауап бере алмады. Құлын мен бөлтірікті білмегенін не дейміз? Сұрақты естігенде басқа планетадан келгендей аң-таң болып отыратындарын қайтерсіз. Сонда мектепте, жоғары оқу орындарында не оқыған деп қайран қаласыз. Мектеп қабырғасында «Абай жолы» туралы, оның авторы туралы ешқандай мәлімет берілмеді дегенге қалай сенуге болады? Демек, олар ұлтының мұндай дүниелерін білуге ынтызар емес деген сөз. Ең қорқыныштысы да осы емес пе? Қалай болғанда да, өз ұлтыңның, халқыңның ең асыл құндылықтарынан мүлде хабарсыз болу кез келген қазақтың жігітіне жараспайтын тірлік. Болашақ енелер де қыздардың қылық­тарын сөз еткенде аянып қалмады. Өздерінің қалауына сай келмейтін қыздарды таңдауға қарсылық танытты. Сонда бағдарламаның өзінде-ақ ене мен келіннің арасында өзара ұрыс-керіс, дау-жанжал туып жатса, ертең шынайы отбасылық өмірлері қандай болмақ деген ой да келеді? Жігіттер біресе қыздарға жалтақтап, біресе аналарының көңілдерін қимай, екі оттың арасында қалғандай, өздері бір шешімге келе алмай тұрған кездерін көргенде «Бұл қазақ жігітіне тән мінез бе еді?» деп таңғаласыз. Осындай бағдарламаға қарап бүгінгі жастардың беталысын да бағамдай беруге болатын шығар. Қыздар да, жігіттер де бір-бірінің бойларынан мін іздеуге дайын тұрады. Жақтырмаған дүниелерін бетке айтып, өздерін барынша еркін ұстайды. Енелер де болашақ келіндердің әрбір басқан қадамына сын көзімен қарап, бойларынан қандай мін тапсам екен дегендей көзқараста отырады. Мұндай ұстаным қазақ отбасыларына тән емес еді ғой деген ойға келесің. Енелері келіндерін тәрбиелеп, білгенін асырып, білмегенін жасырып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, тәлімін, ұлағатын көрсетпейтін бе еді? Келіндер болса, ең алдымен ізетті, инабатты болып, өзінің сыпайылығымен, қарапайымдылығымен отбасының ғана емес, барша ағайындардың құрметіне бөленбейтін бе еді? Ене ене болмай жатып, келін келін болмай жатып, олардың бір-бірлерімен шапылдап ұрысқандарын кім көріпті? Көріп тұрып тіпті өзің де ыңғайсыз күй кешесің. Сонда былайғы жұрт біз туралы не ойлайды? Қазақтар бір-бірімен ұрысудан көз ашпайды екен демей ме? Қалың елдің назарына ұсынылып отырған жоба болған соң да ар мен әдеп, иба сақталу керек емес пе еді? Қазақтың «Жүре берсең, көре бересің» деген мақалы дәл осы «Кел, келінім» бағдарламасына сай кеп тұрғанына қайран қаласың. Әр бағдарлама сайын үш тараптың бір-бірімен сыйыспай, бірінің атына небір сөздерді жаудырып жатқанын байқағанда жағаңды ұстайсың. Осылар ертең қазақ отбасы атанып, қандай құндылықтарды насихаттамақ? «Абай жолы» романын кім жазғанын білмей отырған жігіт ертең өз баласына қандай әке болады? Қандай әкелік тәлім-тәрбие береді? Ал қыздардың «Төлеген мен Қыз Жібектің» ортасына түскен кім?» деген сияқты қарапайым сауалдарға жауап бере алмауы да алаңдатпай қоймады. Сонда олар күні ертең өз балаларына қандай тәрбие бермек? Қандай тәрбие берсе де, оның мазмұны ұлттық бағытта болмайтыны белгілі. Жалпы ұлттық болмысымызға сай келмейтін бағдарламалардың қандай қажеті бар? Батыстың үлгісіндегі мұндай реалити шоулар біздің дәстүрлі, қазақи отбасылық құндылықтарды сақтап, әрі қарай дамытады дегенге сену қиын. Қайта олар экранның арғы жағында отырған мыңдаған көрерменге, әсіресе жеткіншектерге теріс ықпал етпей ме деген қорқыныш тудырады. Себебі өскелең ұрпақ оларға қарап ене деген осындай болу керек екен, келін деген осындай болу керек деген ойға қалып, өздері де ұлттығымызға жат әртүрлі құндылықтарды бойларына оп-оңай сіңіріп алмасына кім кепіл? Өзіміздің ұлттық дүниетанымымызға, ғасырлардан жалғасып келе жатқан отба­сылық құндылықтарға зер салатын болсақ, оларды өзіміз бірте-бірте бұзып жатқан жоқпыз ба деген ой келеді. Жаһандану дейміз, мәдениеттер алмасуы дейміз, жаңа заман талаптары дейміз, әйтеуір, әлемдегі адами қарым-қатынастардың өзгеріске түсуі бүгінгі қазақ отбасыларын да айналып өтіп жатқан жоқ. Қазір үйленген жастардың ажырасуы неліктен көп? Оның жауабын осындай бағдарламаға қарап-ақ біле беруге болады. Мәселен, бағдарламадан көріп жүргеніміздей, енелер болашақ келіндеріне тым жоғары талап қояды, көңілдерінен шықпаса, жақтырмай қалады. Сынап, мінеп тастайды. Ұлдарын керемет санап, қыздарды лайықсыз көреді. Келіндер болса, өздерін қорғап әлек. Жігіт пен қыз да жанжалдасып, бастары бір қазанға сыймайды... Үлкенді сыйлау жоқ, құрмет, ізет, сыпайылықты да іздеп табу қиын. Міне, осындай қарым-қатынастар қазіргі қазақ отбасыларында жоқ деп айта алмайтынымыз анық. Бағдарламадағы жастардың психологиясынан байқайтының, олар отбасылық өмірге қадам басуға соншалықты бір жауапкершілікпен қарамайтындықтары аңғарылады. «Болса болар, болмаса болмас» деген көзқараста жүргендей. Отбасылық өмірге бұлайша жеңіл-желпі қарау, бір сәттік жанжалға бола бір-бірін көрместей, қазақшалап айтқанда «ат-құйрығын үзісіп кету» мұндай жастар үшін түкке де тұрмайды. Мәселен, бүгінгі жастар ажырасу мәселесінде ата-анасын да ойламай, ағайын-туыстарды да ойламай, жеке бастың эгоизміне салынып шешім қабылдайтынын көріп жүрміз. Немесе ене мен келін сыйыспай, соңы осындай жағдайларға әкеліп жатады. Осындай бағдарламаларға қарап қазақтың болмысы қатты өзгеріске ұшырағанын байқау қиын емес. Заманның, уақыттың ағымына жаба салуға болады, бірақ одан да күрделі мәселе – әрқайсымыздың өз ұлтымыздың шынайы патриоты болуға ұмтылмай келе жатқандығымызда. Қалай болғанда да, біз қазақтың бұрыннан келе жатқан отбасылық құндылықтарын сақтауымыз керек. Басқа жол жоқ. Одан айырылсақ, қазақтығымыздан айырыламыз. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Адам болған соң әртүрлі мінез болады, әртүрлі тәрбие болады. Бірақ, сонда да, негізгі бағытымызды, бағдарымызды есімізден шығармай тіршілік кешсек, ұтылмасымыз анық. Осындай бағдарламаларға қарап, бүгінгі жастарға ұлттық тәрбие жетпей жатқанын байқадық. Демек, бұл ендігі кезекте әрбір отбасы мән беруі керек мәселеге айналғалы тұр. Кешегі аумалы-төкпелі кезеңдерде ұлттық тәрбиеден біршама көз жазып қалғанымыз да рас. Ұлттық тәрбие алмаған ұл немесе қыз ол өз ұлтының тарихын білмейді, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан хабарсыз болады. Ол «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», «ата тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген қағидаларды елеп-ескермейді. Мұндай жерде көше тәрбиесі басым түсіп жатады. Яғни көшеден көргенін бойына сіңіріп, өз қалауынша өмір сүріп, отбасылық құндылықтарды керек етпейді. Ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп жалынды өлеңін жазғанда елінің туын көкке көтеретін, білімді, ақылды, тәрбиелі де өнегелі жастарды айтқан болар. Демек, өзге жастар осындай бағдарламаны көргеннен кейін бір сәт ойланулары керек. Біз қайда барамыз? Қандай құндылықтарды үйреніп жүрміз? Ұлттық тәрбиеміз қалай? Бабалар аманатына адалмыз ба? Шынтуайтына келгенде, жастардың өздеріне деген жауапкершіліктері төмендеп кеткен сияқты сезіледі. Барлығы демейміз, әрине. Бірақ басым көпшілігі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өмір сүруге құмбыл. Олар болашақ әке, болашақ ана ретінде отбасы және мемлекет алдындағы жауапкершіліктерін толыққанды сезбесе, қалай болғаны? Қорыта айтқанда, «Кел, келінім» бағдар­ламасын көргенде осындай ой түйдік. Бұл бір жағынан қазіргі жастар өкілдерінің ой-өрісін танып, білуге, оларды не қызықтырып, не жирендіретінін, қай бағытта кетіп бара жатқанын білуге мүмкіндік берді. Бірақ жасыратыны жоқ, өкіндіретін тұстары аз емес. Қарап тұрсаң, бәрі де есейіп, ержеткен, бойжеткен азаматтар. Олардың, әсіресе ұлттық тәлім-тәрбие, әдеп пен иба, ұлттық діл, дүниетаным, білім және т.б. құндылықтарға келгенде қара жаяу екендіктерін байқадық. Демек, бұл еліміздегі жастар идеологиясында атқарылар шаруалардың аз емес екенін аңғартады...

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

3559 рет

көрсетілді

79

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы