• Мәдениет
  • 31 Мамыр, 2018

Сабатой

Уақыттың бейнесі мен мәні түркі танымында тәңірлік даналыққа негізделеді және бұл жайтты түркі мерекелерінен тап басып тани аламыз. Сабатой мерекесі – аса ежелгі баба­түр­кілік тәңірлік танымнан бастау алатын мейрам. «Сабатой» сөзі жылқы терісінен тігілген қымыз құюға арналған ыдыс «саба» атауынан шыққан. Бір сөзбен айтсақ, бұл мереке адамзаттың аттылар қауымының айтулы мерекесі. Алайда бұл мерекені «қымызмұрын­дық» аталатын ғұрыппен шатастыруға да, татар халқына телініп жүрген «сабантой» мейрамына да шендестіруге болмайды. Сабатой мейрамы қазіргі күнтізбе бойынша түн тоқырауына сәйкес 21-22 маусымда мерекеленеді. Бірақ бүгінде жалпытүркілік сипаттан ажырап, ұмытыла бастағанын жасыруға болмайды. Сол себепті көптеген халықтардың этнографиясында бұл атаулас мейрам кездестіру де қиын.

Бұл мерекені бүгінде түркі халық­тарының ішінде тек қана саха жұрты Ысыах атауымен жоғары дәрежеде жаңажылдық мәртебемен атап өтеді. Алайда әлі күнге сібірдегі Көшім хандығында болған көшпелі өмір салтын ұстанған түркі жұрттарында қолданыста. Олар татар-башқұрттар шатастырып, жаздай мерекелейтін сабантой мейрамын «сабатой» деп бекер атамайды. Сабатой – ежелгі тәңірлік танымды меңгерген халықтардың даналық сеніміне негізделген Наурыздан кейінгі жаз маусымындағы екінші ұлы мереке. Түркі халықтары төрт дүлейді Жаратқанның ұлы жаратындысы ретінде қастерлеген, бірақ табыну нысаны етпеген. Ол дүлейлер – су, от, топырақ және ауа. Қытайлар бесінші дүлей ретінде ағашты алады. Бұл да тәңірлік танымнан, бірақ ағаш дүлейге жатпайды, түркілер бәйтеректі төрт дүлейді бойына дарытқан, үш қабатты космологиялық әлемді көктей өтіп байланыстыратын әмбебап өзек, ұлы жол ретінде қастерлеп «йол» атаған. Түркі танымында аталмыш төрт дү­лейге Уақыттың төрт жылдық мау­сымы сәйкес: көктемге – Су дүлейі, жазға – От, күзге – Топырақ, қысқа – Ауа дүлейі. Соған орай кеңістік те төрт күйге түседі: көктем кезінде жер бетін су қаптайды, дүниенің бәрі сумен араласып, ол кезді қазақ «аласапыран» атайды; жаз маусымында жер бетіне шықпайтын өсімдік қалмайды,шөп біткен шүйгінделеді, адам да, жәндік те, жан-жануар да қорекке қарық болып, қоңданады, физика тілімен айтқанда бойларына қуат жинайды. Қазақ шөбі шүйгін маңды «отты» жер атайтыны осыдан. Күз келгенде жазғы «оттың» бәрі қурап, күзеледі, жерге түсіп, топыраққа айналады. Кеңістік топырақ дүлейіне қызмет етеді. Ал қыс түсісімен ауа дүлейінің патшалығы орнап, жер бетіне орныққан тоқсан күн «желтоқсан» аталатыны содан. Көктем маусымы «жылтоқсан» – «жылға – су арнасы» ұғымының түбірі, жаз – «оттоқсан», күз маусымы – «күзтоқсан» атала келе бертініректе ұмытылған. Тек қана «желтоқсан» сөзі қыстың алғашқы айының атауына айналып сақталған. Бұл турасында белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек өз еңбегінде атап кетеді. Сабатой – осындай даналық-тарихи танымға негізделген төрт ұлы мерекенің бірі және ол жазғы маусымның нышаны болып саналатын қымыздың арнайы ыдысының атауымен аталады. Өйткені сабаның толы болуы да Жаратқанның тілекті беруіне қатысты және оттоқсанның берекелі-мерекелі болуын қамтитын нышан. Сабаны қазақ халқы осы себептен аса қадір тұтқан. Сабаның толы болуы От дүлейінің берекесіне қатысты. Сабатой түркі халықтарында түрліше аталады: шұбаш халқында жазғы түн тоқырауына сәйкес мерекеленетін «синсе» мейрамы ежелден бар; сахалар екібастан «ысыах» мейрамын әспеттеп атап өтеді; татар-башқұрттар бұл мерекені «сабантой» атап, күзгі мереке атауын шатастырып алған, ал сібірлік аз санды көшпелі түркілер бұны «сабатой» деп әлі күнге атап жаз маусымында атап өтуді қалдырмай келеді. Тарихи көздерде сақталған бабатүркі­лердің далалық, таулық, субойлық және ормандық төрт алқаптық өмір кеңісін игергендігіне қарап, олардың Табиғатты барынша еркін әрі жан-жақты меңгергендігін аңғарамыз. Әдетте далада мал шаруашылығы, тауда метал өңдеу мен ұсталық, су бойында балықшылық пен егіншілік, ал орман алқабында аңшылық шаруашылықтары адамзатқа төрт түлік кеңісті меңгеру үлгісін сыйға тартты. Алайда бұған қарамастан бұл алуан өмір салты ежелгі түркітекті жұрттардың өзара қатынасына кедергі болған емес. Сол себепті олардың этнографиялық сипатына негіз боларлық ортақ космология, ортақ діни наным мен даналық тұтас конструкция болды. Міне, соның бір пұшпағы ретінде түркітектілерге ортақ ұлы төртмаусымдық төрт түлік мереке де ортақ тойланды деуге негіз бар. Бұл мейрамдар әу баста әлгі төрт өмір салтына сәйкес төрт түрлі аталуы да мүмкін. Соның бір дәйегі жазғы мейрамның далалықтарда «сабатой», ал субойлық отырық жұрттарда «синсе» аталуы. Әрине, өзге өмір салтына орай бұл мейрамдардың мақсаты да сол салттардың ғұрыптары мен дәріптемесі болған. Ал басқа өмір салтында қалай аталғанын зерттеп, зерделеу қажет. Жазғы ұлы мерекенің мәні әрине жоғарыда аталып өткен жазғы маусым дүлейі мен шаруашылықты қолдауға қажетті киелерді қастерлеу мен со­ларға қажетті ғұрыптарды дәріптеуге негізделген. Бұл құндылықтар әдетте қазақ дәстүрінде сақталған, кейбірі ұмытыла бастаған ғұрыптар мен сайыс­тар, жоралғылар арқылы айқындалады. Сабатойдың мәні жазғы түн тоқырауына қатысты Күнді дәріптеу болса, мазмұнын бізге мәлім рәсімдерді келтіре отырып көз жеткіземіз. Көш көрінісі. Көш – жаз жайлауға көшу көрінісі. Сабатой мерекесі осы көш­тің қалқасында қалып ұмытылған. Қазақ көші жазғы ұлы салтанат болып есеп­теледі және ол жаз шығумен байла­нысты Сабатой мерекесінің басты көрінісі. Қымызмұрындық. Бұл алғаш рет желіні керіп, бие сауу науқанын ашар­дағы ғұрып. Оны Саба­тойда да рәсім ретінде атқарған. Бұның «қымызмұрындық» аталу себебі, қымыз ішуден арнайы жарыстыру арқылы мұрынды қымызға батыра ішу жоралғысы болса керек. Бұл жоралғы қымыздың молдығын ырымдау мен паш ету ғұрпынан шыққан. Бастаңғы. Бастаңғы рәсімі «бас таң» тіркесінен құралған. Наурыздағы бас таңды қарсы алу салты болғанымен, жазғы Сабатойда да таңды ұйықтамай қарсы алудың реті бар. «Бас таң» – жылдағы басты мерекелерде таңды қар­сы алуға қатысты ұғым. Өйткені бұл – жазғы түн тоқырауы және күнді паш ету сәті. Сол себепті қарияларға «белкө­терер» дастарқанын жаю да осы түнге тән. Ал жігіттердің селтеткізер сыйлауы да, бойжеткендердің ұйқыашар дәмін әзірлеуі де осындай ерекше Күн күттірген түнге қатысты. Бұл түні қыз-келіншектер оңаша дастарқан жаяды және түн ауа жігіттер тобы келіп қосылады. Бұл – Күн мен Түннің үйлесімін болдырудың ырымы. Жалпы таңды қарсы алу мен Күнге сәлем ету – тәңірлік танымның басты салты. Айтыс. Сабатойдың да Өлі-Тірі, Жаз-Қыс, Қыз-Жігіт айтыстары мерекенің өнерлі рәсімдеріне жатады. Сабатойда да жекпе-жек айтыс өткені ләзім. Айтыс өнерінің басты негізі жырмен шарпысу, тартысу не сайысу емес, басты түрткі – Ай мен Күн, Жарық пен Түнектің идеологиялық тартысы болғандығында. Алтыбақан. Алты бақанды тігінен үш-үштен бастарын байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Алтыбақанымыз – әлемді жаратқан жасампаз алты күн де, сырық санының жетеу болуы – әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан. Көлденең тартылған жетінші сырық – Күннің белгісі. Ал бұларға бекітілген әткеншек Тәңір-Іңір дуализмінің үйлесімін паш етуге арналған қондырғы. Қыз бен жігіттің тербелуі – Күн мен Айдың үйлесімін паш ету, Тәңір мен Іңір таласын болдырмау. Сабатой мерекесін айтпағанда әлемге барынша тараған әрі халықаралық сипатқа ие Наурыз мейрамының өзі талай қудалауға ұшырап тарих шаңын қауып қала жаздады. Бұған Сабатой мейрамын да қосуға болады. Сондықтан ел болып рухани жаңғыруды қолға алған шақта Сабатой секілді танымы мен мазмұны бай, мағынасы терең этноқұндылықты қалпына келтіру мен жаңғырту – бүгінгі күннің қастерлі талабы.

Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы, этнолог

1675 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы