• Мәдениет
  • 22 Тамыз, 2018

Жарыс қыза түсті

Әлемдегі ең халқы көп мұсылман мемлекеті Индонезия астанасы Джакарта қаласының «Гелора Бунг Карно» стадионында XVIII Жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті. Джакарта мен Суматра аралының ең ірі қаласы Палембангта өтіп жатқан байрақты бәсекеге «Сарықұрлықтың» 45 елінен ең үздік деген 11 000-ға жуық саңлақ спорттың 42 түрі бойынша сынға түсіп жатыр. Мұнда 462 медаль жиынтығы сарапқа салынуда.

Семсерлесуші Дмитрий Алексанин Азия ойындарының чемпионы атанып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Су добынан әйелдер командасы арасындағы бәсекелер аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Соңғы матчта Жапония құрамасын 12:11 есебімен жеңген қазақстандықтар Азия ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Таэквондошы қызымыз Жансель Дениз (67 келі) 2018 жылғы Азия ойындарында күміс медаль иеленді. Бұдан басқа таэквондошы аруымыз Фариза Алдоңғарова Азиаданың қола жүлдегері атанды. Жартылай финалда Фариза тайпейлік спортшы Су Поядан 6:11 есебімен жеңіліп, үздік үштікке енді. Ал ерлер арасында таэквондодан сынға түскен Руслан Жапаров қола медальді еншіледі. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жартылай финал ойындарында ирандық спортшыдан 7:11 есебімен жеңіліп қалды. Дегенмен, Р.Жапаров медальсіз қалмады. Спорттың аталмыш түрінің ережелеріне сәйкес, жартылай финалда жеңілген таэквондошы қола медальға ие болады. Спорттың маутинбайк түрі бойынша сынға түскен Кирилл Казанцев қола медальға ие болды. Бағдарламаның аталмыш түрінен тағы бір отандасымыз Шарик Әділов сынға түскен еді. Спортшы жарысты 8-орынмен тәмамдады. Қазақстандық спортшылар академиялық есуден жартылай финалды сәтті өткізді. Ерлер арасындағы жекелей сында Яковлев жартылай финалды 3-ші орынмен аяқтап, финалдық кезеңге өтті. Әйелдер арасында Александра Опачанова 1-ші орынмен финалдық кезеңге жолдама алды. С.Германович/В.Чепикова жұбы жартылай финалда 2-ші орыннан көрінді. Аталған спортшылар да финалда бақ сынайды. Алайда Е.Васильев/А.Шашков жұбы 5-ші орында. Бұл нәтиже финалға өту үшін жеткілісіз болды. Стенд атудан трап бағдарламасы бойынша бақ сынаған Мария Дмитриенко іріктеу кезеңінде бірінші орынға шықты. Ол 49 ұпай жинаған. Ал Анастасия Давыдова 19-орында. Нысана көздеушілер де Азия ойындарын бастап кетті. 10 метрге винтовкамен атудан сынға түскен Клейменов/Староситан жұбы 11-орын иеленіп, келесі кезеңге өте алмады. Қазақстандық гимнаст қыздар 135.950 ұпаймен іріктеуден аса алмады. Еркін күрестен 74 келі салмақ дәрежесі бойынша күрескен Данияр Қайсанов Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол финалда өзбекстандық Бекзод Абдрохмонов­тан жеңілді. Өзбекстан балуаны 2014 жылғы Азия ойындарында да чемпион болған. Саятбек Оқасов (65 келі) алдымен палестиналық қарсыласы Мұса Жоуда мен оңтүстік кореялық Ли Сун Чолға бірде-бір әдіс жасатпай, таза жеңді. Кейін Қытай құрамасындағы этникалық қазақ Ерланбиеке Кәтейұлын жарыстан шығарды. Ал жартылай финалда жапониялық Даичи Такатанимен 4:4 есебімен тең түскен. Бірақ соңғы әдісті жапон балуаны жасағандықтан, финалға Такатани шықты. Қолаға таласта С.Оқасов түркіменстандық Батыр Боржаковтан басым болды. 87 келі салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық Әділет Давлумбаев қола медаль иеленді. Ол жартылай финалда ливандық Доминик Абунадерден жеңілді. Ал үшінші орынға таласта қырғызстандық Алигаджи Гамидгаджиевті жеңді. Грек-рим күресінен 60 келіде сынға түскен Мейрамбек Айнағұлов Азиаданың қола жүлдегері атанды. Қола медаль үшін күресте Айнағұлов Солтүстік Корея спортшысын 13:5 есебімен жеңді. Осылайша Мейрамбек Қазақстан қоржынына Азия ойындарындағы 12-медальді салды. 67 келі салмақта Азия ойындарының финалында белдескен Алмат Кебіспаев күміс жүлдегер атанды. Балуанымыз финалда Оңтүстік Корея өкілі Хансю Рюдан бір ұпай айырмашылығымен жеңілді. Есеп – 5:4. А.Кебіспаев финалға дейін қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген болатын. Өкінішке қарай, ақтық сында біздің балуанға аздаған сәттілік жетіспей қалды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

1101 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы