• Мәдениет
  • 22 Тамыз, 2018

«Ақтастағы Ахико»

Тағдыр мен оқиғасыз үлкен қойылымның сахналанбасы анық. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театрында қойылатын «Ақтастағы Ахико» – сондай бір сталиндік дүрбелең кезеңнің ақиқатын көрерменнің алдына ақтарып салатын драмалық ­туынды. Осыдан екі жыл бұрын көпшіліктің назарына жол тартқан спектакль күн өткен сайын өзіне адамдарды ынтық етіп келеді. Неге? Мүмкін жапон мен қазақ халқының ұқсастығы елді бейжай қалдырмағандықтан, мүмкін аталмыш драманы тудырушы «халықтың» кәсібилігіне тәнті болғандықтан, мүмкін... 

Сталиндік үлкен террордың қаралы жалыны шарпымаған ешкім жоқ. Кеңес Одағының құрамындағы барлық елді, барша ұлт пен ұлысты, түрлі жастағы азаматтардың бәрін де қамтыған болатын. Ал сол бір қуғын-сүргіннің азалы тарихына айналған, Долинка елді мекенінде орналасқан – КАРЛАГ лагерь басқармасында, ізге белгілі ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан мен Орта Азиядағы өндірістік-шаруашылық, әскери-ведомстволық, жазалау-тәрбиелік пульті де орналасыпты. Лагерьдің аумағы қазіргі Францияның аумағымен пара-пар екен. Ойлаңызшы, Францияның аумағындай! Сол үшін де КарЛаг – «мемлекет ішіндегі мемлекет» атаныпты. Мұнда, статистика бойынша, бір жарым миллион адам азап шеккен. Бұлардың қаншасы өліп, қаншасы өмірлік мүгедек болып қалғанын ешкім тап басып айта да алмайды. Өйткені ондағы тарихи құжаттардың қаншасы өртеліп, көзі жойылып кеткені бізге беймәлім. КарЛаг қасіреті алғаш рет сахналанып отырғандықтан, заңды сұрақ туындайды. Бұндай қойылымның сахналануына, қазақ сахнасына жапондық кейіпкерді арқау етуге не түрткі болды? Шынтуайтына келгенде, адамдар ұлт пен нәсілге бөлінсе де, мейірім – ортақ. Қазақ пен жапон халықтарының көптеген таңғаларлық ұқсастықтары бар, десе де, мәселе ұқсастықта емес сияқты. Себебі спектакльге арқау болған оқиға Ахико Тецуроның тағдыр жолы болғанымен, қойылымнан сталиндік зұлмат жылдарда Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып лагерьлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдырын көруге болады. Аталмыш қойылым Жапонияда да сахналанды. 2016 жылдың 8 қарашасында Жапония парламентінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ахиконың тағдыры туралы былай деді: «Хокайдо тұрғыны 15 жасар Ахико Тецуро әскери тұтқындармен бірге КСРО-ның халық жауы ретінде ешқандай кінәсі болмаса да он жылға жазаға тартылады. Басқа жапондық әскери тұтқындармен бірге жазасын өтеп, Қазақстан жерінде он жылын өткізіп, абақтыдан 24 жасар жігіт болып шығады… 50 жыл өткен соң Ахико тарихи Отанына оралып, туған-туыстарымен кездесті. Туыстары қанша үгіттесе де көнбей, Отаным деп санайтын Қазақстанға қайтып оралды». Расында, Қарлаг түрмесіне 15 жасында түсіп, жан төзгісіз азапты торда 10 жыл отырған кейіпкер лагерьден өлімші халде босап шыққаннан кейін, қазақ анасының қамқорлығының арқасында тірі қалып, өмірге қайта оралады. Заман оңалғанда өз Отанына шақыру алып барғанымен, тұрақтай алмай, Қазақстанға кері қайтқан. Қойылымның авторы – жас драматург Мәдина Омарова арнайы Қарағандыға барып, кейіпкер Ахико Тецуромен сұхбаттасқанын жеткізді. Басында жүрексінгенімен, автордың көрерменге оқиғаны өтімді жеткізе білгендігі көрінеді. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров. Басты рөл өте сәтті таңдалған. Ахико Тецуроның бейнесінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр саңлағы Дулыға Ақмолда. «Көзі тірі адамды сахнаға алып шығу өте қиын. Оқиғаны тек Ахиконың басынан өткен деп емес, жалпы сол кездегі адамзаттың басынан өткен қасірет деп қарауымыз керек». Қойылымның алғашқы тұсаукесерінен кейін Д.Ақмолда осылай деген болатын. Ана бейнесіндегі Данагүл Темірсұлтанованы бұл рөлі бұрынғы образдарынан ерекше етті. Себебі аналық мейірім мен дарқан көңілді әдемі жеткізді. Ал асыл текті ақсақал Ақайдың Қасенін кемеліне келтіре орындаған – «Дарын» жастар сыйлығының иегері, талантты актер Бекжан Тұрыс. Ақан Ахметтің образын Абзалбек Максим, Степан бейнесін Қуандық Қыстықбаев сомдап, өз деңгейінде жинақы алып шықты. Халықтың жүрегіне жеткен туындыда ойнаған актерлерді қалай мақтасаң да лайықты. Образдар ашылған, декорация өз нақышында, режиссерлік жұмыс айқын көрінді, автордың жеткізгісі келген ойын ел түсінді... Спектакль көп, ал «Ақтастағы Ахико» – кәсіби биік қойылым!

Жалпы алғанда, Ахико Тецуро – өмірде болған және бар адам. Оның басынан өткен оқиға – шындық. Ол – сол кездегі миллион азап шегушілердің жиынтық образы іспеттес. Автор М.Омарованың «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатындағы ­Ахико Тецуроның мына сөзі жоғарыдағы атап өткен қазақтың дарқандығы мен мейірімінің шексіздігін көрсетсе керек: «Жапония – менің отаным. Бірақ қайта барып тұрғанда үйрене алмадым. Адамдар өте жұмысбасты. Бір-бірімен біз сияқты жақын араласпайды, барлығы асығыс. Ақтастағыдай есіктің алдына шығып шемішке шағып, әңгіме-дүкен құру деген атымен жоқ. Мен түсінгеніммен, Елена тіл түсінбейді, бәрібір тосырқадым, содан кейін бұлай болмайды екен деп, Ақтасқа қайта оралдық». Қазақстандық жапон Жапонияға тоғыз рет барыпты. Алайда, біржола қалып қоймай Қазақстанға оралып отырған. Қызық. Әрқайсысы жылға бергісіз, тасбақадай тырмысқан, ұзақ айларды есептесең, 120 ай (10 жыл!) КарЛагта тұтқында болса да, Қазақстанды таңдады. Ат айналып, қазығын табар дегендей, қазақтың мейірімін көрген жапонның «қазығы» біздің елде шығар... Шәкәрім: «Көңілі жұмсақ адамның күрмеуін тағдыр шешеді» дейді. Ахико Тецуро адам адал жүрсе, өмір де өз жеңілдігін беретініне көзімізді тағы бір мәрте жеткізді. Қазақты дарқан халық дейміз ғой. Оның дарқандығы, өз басынан қандай қиян-кесті заман өткізсе де, ел ауып, жер ауып келген барлық ұлт өкілдерін бауырына басқанында көрінсе керек. Біз сөз етіп отырған қойылым қазақтың мейірімін, өткен заманның қасіретін анық көрсетеді. Өткенді танымай болашаққа алшаңдап бару – қауіпті. Себебі ағаштың биіктеген сайын тамыры тереңдейтіні секілді, адамзат баласының да араға жылдар салған сайын тарихы тереңдей түседі. «Ақтастағы Ахико» туралы орамды ойларын ортаға салып, көлемді материал дайындаған Күлтегін Аспанұлы былай дейді: «Әкемтеатр «Ақтастағы Ахиконың» қазақпен-адамзатпен жапсарлас тағдырын танытты. Үлкен шаруа. ...Бүгінгі сөз «Ақтастағы Ахиконың» ақжарма жан әлеміне арнаулы әңгіме. Жан азығы тірек қазығына айналған, ойкөзі сезгіш көрушіні күйінішке бөктіріп, көңілін көбіктеткен қойылымды пессимизмге балап, еңсені езгіш деу қате тұжырым. Жоғарыда айтқандай, көрген құқай-қорлығы мол, қаскөй үлбі үріп томпайтқан дәуір дорбасын арқалаған арқалы халықтың трагедиясын басқы сапқа түзу заңды. Адалдың арқаны ұзын. Ахиконың сенімі – ішкі күші». «Театр – жанды кітап. Кітаптан театрдың өрісі кең. Кітап – жалғыз хат танушылардың қаруы, театр – көпшіліктің қаруы» деген Алаш қайраткері С.Сәдуақасов. Қоғамның тынысы іспеттес театрдың бұл қойылымы мына тотыдай түрленіп, түлкідей бұлаң қаққан заманда өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамға өткен күннің белгісін көрсетіп қана қоймай, тарихи кезеңнің тынысын айқын сездірді... Біздің тарихымыздың тұңғиығында жатқан құпиялар әлі талай туындыға арқау болары сөзсіз. Ал, сіз «Ақтастағы Ахиконы» көрдіңіз бе?..

Гүлім РЫСҚҰЛ

2390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы