• Әдебиет
  • 27 Қыркүйек, 2018

НАМЫСЫҢ ҚАЙДА, ШЕНЕУНІК?!

Осы аптаның дүйсенбісінде Парламент Мәжілісінде «Қазақстанның туристік саласын дамыту туралы» Үкімет сағаты өтті. Жиынның соңына таман Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары Айдарбек Байжанов пен Дәурен Жандарбекке сөз берілді. Бір таңғаларлығы, Қазақ елінің – өзіміздің Парламентке келген бұл екі қазақ қазақша бір ауыз да ләм деместен айтар сөздерін орысша заулатып шықты. Бұл шамға тиетін жағдай еді. 

Екі шенеуніктің әлгі әрекеттеріне шыдай алмаған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл қатты айтса да, дұрыс сөзді жеткізді: «...Екі облыс әкімі орын­басарының мемлекеттік тілде сөй­лемегені ұят нәрсе. Олар сонда мем­лекеттік тілді менсінбей ме, әлде Елбасының мақсат-мұраттарын құлақ­та­рына ілмегендері ме? Түсінбей отырмын. Ұят нәрсе. Сіздер Парламентке келіп отырсыздар. Бір ауыз қазақша амандасу да жоқ. Ұят емес пе? Намыс қайда?» деді ол. Әрине, ұят. Олар Ресейдің Парла­ментіне келіп отырған жоқ. Оның үстіне басқа ұлттың өкілі болса кешірімді болар. Өзіміздің қара көз қандастарымыз. Қайта бұл намысшылдықты, азамат­тық­ты, патриоттықты көрсететін жер емес пе? Б.Смағұл: «Елбасының мақсат-мұраттарын құлақтарына ілмеген­дері ме?» деген сөзді жайдан-жай айта салмады. Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екендігін айтудай-ақ айтып келеді. Президент биылғы жылдың наурыз айының басында республиканың Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдағанда: «Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деді. Еліміздің жоғары билігіне осындай талап қойылып отырғанда бұл төмендегілерге де қатысты екендігі әбден түсінікті. Әлде олар Президенттің «Әкімдіктердің жұмысы да мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деген тапсырмасын күтіп отыр ма екен?! Елбасының сөзін ең алдымен жүзеге асы­ратын, халыққа жеткізетін – мем­ле­кеттік қызметшілер. Олар басқаларға үлгі көрсетулері тиіс. Ал үлгінің түрі жаңа­ғыдай болып тұрғаны өзекті өртейді. Елбасын да түсіну керек. Мемлекет басшысы құдайдың құтты күні «Қазақ тілін біліңдер. Қазақ тілінде сөй­леңдер» деп айтып отыра алмайды. Ол кісінің әрбір сөзі – назарда, қада­ға­лауда. Тіл – нәзік нәрсе. Одан ши шы­ғып кетсе, жан-жағын жалынға орайды. Сондықтан ымның өзін түсініп, қаре­кет­ке барған абзал. Бұған негіз де бар. Қан­дастарымыздың саны республикамыз­да жетпіс пайыздан асып отырғанда мем­ле­кеттік мәртебесі бар ана тіліміздің өз елін­де, өз топырағында өгейлік күйін ке­шіп отырғандығы кешірілместік жағдай. Парламентке қайта оралайық. Бақытбек Смағұл айтарын айтып болғаннан кейін сөз алған жиынды жүргізуші Гүлмира Исимбаева үштілділік саясатын алға тартып, екі орынбасардың қылығын ақтауға тырысты. «Қазір әрқайсымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқымыз бар. Қанша тіл білеміз, сонша тілде. Енді келген азаматтардың барлығы қазақ тілін білмейді деп айта алмаймыз, бәрі біледі. Тек өз ойларын жеткізу үшін біздің аудармаға кішкене сеніңкіремей, орыс тілінде сөйлегені ғой» дейді Гүлекең. Жөн сөзді айтып тұрған әріптесін қолдаудың орнына Мәжіліс төрағасы­ның орынбасары осылай деді. Осыдан кейін қайтіп тіліміздің бағы жанады? Сөз жоқ, кім кімнің де қай тілде сөйлеймін десе де еркі. Алайда Парламент дегеніңіз – отбасы, адамдар сапырылысып жатқан көше, алаң не алаңқай емес қой. Ата Заңымызды, басқа да іргелі заңдарымызды бекітіп отырған жоғары билік органы. Еліміздің мемлекеттік тілі осы жерде үстемдік етпесе, қай жерде көрініс таппақ? Парламенттегі аудар­маның халі мүшкіл болса, оған кім кінәлі? Неге талаптағыдай орнына қой­масқа. Басқасын тізбегенде, өзіміз, қазақ қазақша сөйлемесе өзгелер бұл тілді қалай үйренбек? Үйренеді деп айта алмаймыз. Тілімізге байланысты өкпе-назды қарапайым халық арасынан жиі естіп қаламыз. Енді осыған байланыс­ты Парламент депутатының намыс­ты қамшылайтын сөз айтқаны өте қолдарлық. Тілге қатысты қонымды, сананы селт еткізер серпінді сөздер жоғары жақтан ауық-ауық естіліп жатса нұр үстіне нұр.

Нұрперзент ДОМБАЙ «Ана тілі»

1124 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы