• Тарих
  • 13 Қазан, 2010

Ұстаз еңбегі

d183d181d182d0b0d0b7Сонау 1989 жылы мектеп салынады деген жер теліміне алғаш қадам басқан ұстаздар қауымының аңтарыла таңғалғаны ақиқат. Себебі мұнда қоқысқа толы аула мен қазылған ордан басқа түк жоқ еді. Міне, бар ғұмырын ұстаздыққа сарп еткен Владимир Борисенко осы сәттен бастап мектеп ғимараты бой түзегенше еңбек етті. Күн-түн демей құрылыс аяқталғанша бірге жүрді. Мектептің ауласын гүлдендіруге де көп күш салды. Ақыры еңбегі жанып, қаладағы алдыңғы қатарлы оқу ордаларының біріне айналды. Табалдырығын тәй-тәй басқан бүлдіршіндер аттаған күннен бастап директор болып келе жатқан Владимир Борисенконың көрегендігі мен әділ басшы екендігі мұндағы барша ұстаздарға үлгі.

Гүлстан-мектеп №158 мектеп – 903 қазақ, орыс балаларының басын бір ортада ұстап отырған білім ордасы. Әртүрлі ұлттың баласын бағып отырған берекелі де мерекелі, бірлігі жарасқан бір отбасы сынды. Әсіресе, солардың бәрінің татулығы мен ұйымшылдығы, мектепке деген құрметі, тәрбиелілігі тәнті етеді. Мектеп директорының орынбасары, оқу ісі жөніндегі меңгеруші Әсия Жанғалиқызы: «Біздің басты мақсатымыз – үлгілі де білімді шәкірт тәрбиелеу. Бұл тұрғыдан біз мақтана аламыз. Өйткені мектептегі әр оқушы қоршаған табиғи ортаны аялай біледі. Бала болып ауланы ластау да, гүл жұлып, ағаш сындыру да біздің оқушыларымызға жат дүние», – деп өз шәкірттеріне ризашылығын білдіріп отыр. Рас, мұның бәрі тәрбиеге тікелей байланысты. Мектеп жыл сайынғы көгалдандыруға арналған сайыстардың алдын беріп көрген емес өзгелерге. Тіпті осының нәтижесінде мектеп ұстаздары 2005 жылы Антальяға жолдамамен ба­рып келген. 2007 жылы да қомақты сыйлықтар алды. Ал 2009 жылғы сайыстан соң да үздіктер қатарынан табылған мектепке жоғары жақтан «Өзін-өзі тану» бөлмесін жабдықтап бермекші. Білімнің де биігінешыққан Мектептегі 39 сыныптың 20-сы – қазақ сыныбы. Қалғаны орыс сыныптары екен. Мұнда тіпті қала жанындағы Қа­расай ауданынан да 250-ге тарта оқушы қатынап оқиды. Оларды «қаладан емес» деп жатырқап жатқан мектеп ұжымы да жоқ. Қайта құрақ ұшып қарсы алады. Қуанады. Мұны да мектеп үшін мәртебе санайды. Оларға бар білгендерін үйретіп, білімге баулиды. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Қайбір дүниенің болмасын мықты болуы іргетасына байланысты екені рас. Ендеше, алғашқы білім берген ұстазға артылар жүк ауыр. Бұл білім ошағының ұстаздарының қай-қайсысы болмасын шәкіртке үйретуге құштар. Өздері де әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Мұндағы 64 ұстаздың 22-сінің жоғары санатты маман екенінен-ақ осыны аңғаруға болады. 22 ұстаз бірінші санатты болса, 12-сі – екінші санаттағы мұғалімдер. Мұндағы 6 жас маманның осындай білімді де білікті мамандардан алары өте көп. Мектепте білім беретін ұстаздардың ішінде жасы үлкені – Клавдия Ивановна. 53 жылын шәкірт тәрбиелеуге сарп еткен ұлағатты ұстаз 75 жасына қарамастан өзінен жасы үлкендерден де жылдам әрі ширақ қимылдайды екен. Міне, мамандыққа деген нағыз адалдық. Ал жас та болса 19 жыл бойы ұстаздық жолды ұстанған, бастауыш сыныптарға дәріс оқушы Сандуғаш Несбайқызы да: «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, ұстаз болу менің мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімнен бастап арман болды. Міне, арманыма да жеттім. Енді бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған анам сынды ардақты ұстаз болсам деймін. Барым да, бағым да осы шәкірттерім болып кеткен. Тіпті үйдегі балаларды да ұмытып кететін сәттер болады», – деп езу тартты. Осы сынды тағылымы мол жандардан білім алған оқушылар да жаман болмасы анық. Бұған дәлел – бастауыш сыныпты аяқтаған кіл қаймақтарының дарынды балаларға арналған гимназияларға кетуі. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларымыз жақын маңдағы тереңдетіліп оқытылатын мек­теп-гимназияларға кетеді. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Себебі бізден қа­наттанған шәкірттер болғандықтан біздің туымыз жығылмақ емес. Қайта мақтанамыз. Оның үстіне дарындардың бағын байлап отыра алмаймыз ғой», – деп ағынан жарылды Әсия Жанғалиқызы. Таланттарымыз тарап кетті деп тауы шағылып отырған мектеп ұжымы жоқ. Оқушылар да, ұстаздар да жыл сайынғы сайыстарда алдыңғы орындардан көрініп келеді. Мәселен, 2009 жылғы пәнаралық олимпиадада 15 жүлделі орын осы мектеп оқушыларының қанжы­ғасында кетті. Абай оқулары мен Шәкәрім оқуларында жүзден жүйрік болғандар да бар. Осы жылғы бірыңғай ұлттық тестің қорытындысы бойынша орташа көрсеткіш 69,7 баллға тең болды. Айтарлықтай жоғары нәтиже. Бұл мектептің төрт қабырғасында тарих тұнып тұр. Компьютерлік сыныпта сонау 1838 жылдардағы шоттан бастап бүгінгі күнге дейінгі техника құралдары сақталған. Кішігірім техникалық мұражай дерсің. Кірген адамның бұл аядай бөлмеден алар әсері мол. Кез келген мұражайдан да табылмайтын ғасырдан астам уақыт бұрынғы құрылғылар бейне бір ертегілер еліне ертіп әкеткендей болады. Жалпы, мектептің ауласы да ғажайып ертегілердегі хан сарайларының ауласындай гүлмен көмкерілген. Шәкірт­терінің жүзінде ибалылық, ал ұстаздар ұғынған жандарға ұлы тұлғадай көрінеді. А.ҚАБИ

4048 рет

көрсетілді

47

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы